Достар, біз бəріміз Қазақстанның мұнайға бай екенін, оның жанғыш пайдалы қазба екенін, бағасы қымбат екенін білеміз. Ал мұнай қайдан, қалай пайда болған? Оның бағасы неге байланысты өседі? Мұнайдың экономикаға əсері қандай? Мұндай сұраққа тосылып қаларымыз анық. Тосылатындай бар, бұл саланың өзіне тəн ерекшелігі көп-ақ.

Жақында «Ұлан» газетінің тілшілері «Салалық журналистика: Мұнай жəне газ тақырыбына тəн ерекшеліктер» деп аталатын семинар-тренингке қатысты. Оны«Шеврон» компаниясы мен «Деловой Казахстан» экономикалық газеті ұйымдастырды. Мұнай-газ саласын жазып жүрген журналист, медиатренер Əсия Акишеваның ашық ақпарат көздерінен дайындаған материалдары біздің назарымызды аудартты. Сендерге де қызық болар деген оймен бөлісуді жөн көрдік.

Мұнай әліппесі

Қазақстан – пайдалы қазбаларға бай мемлекет. Əдетте ғалымдар пайдалы қазбаларды жанғыш, кенді жəне кенге жатпайтын деп үш топқа бөліп қарастырады. Мұнай, газ – жанғыш қазбалардың қатарында. Кенді деп алтын, күміс, темір, қорғасын, мыс, алюминий металдарын, ал кенге жатпайтын қазбалар деп мəрмəр, əктас, гранит, саз, құм жəне тұзды атауға болады.

Химиялық тұрғыдан алып қарағанда, мұнай мен газ көмірсутектер класына жатады. Көмірсутектер дегеніміз – молекулалары көміртегі мен сутегі атомдарынан тұратын органикалық қоспа. Олар жеңіл өнеркəсіпте, тамақ өнеркəсібінде, ауыл шаруашылығында, экономиканың басқа да өнеркəсіптік салаларында қолданысқа түскен. Əдетте өңделген түрде болып келеді.

Жалпы, ұңғымадан шыққан шикі мұнайды қолдану аясы шектеулі, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Яғни, мұнай толықтай өңдеуге жіберіледі. Одан, ең алдымен, жанармай, дизель отыны, авиакеросин жəне өзге де өнеркəсіптік отын түрлері алынады. Сол сияқты, адам баласының тұрмыстық қажетін қанағаттандырып отырған өзге де көптеген заттар осы мұнайдың өңделген өнімі. Оның ішінде, мысалы, аспиринді айтуға болады, сол сияқты, майшам, қарындаш, тіс щеткасы, резеңке доп пен хулахуп (обруч), вазелин, пластик пакеттер, нейлон жəне полиэстерден жасалған киімдер бар.

Мұнай қалай пайда болды?

Шикі мұнай жер қыртысының терең қабаттарында, теңіз түбінде қалыптасады, əсіресе, жағажай шөгінділерінде көптеп кездеседі. Мұнайдың қалыптасу кезеңі 50 миллионнан 350 миллион жылға дейінгі мерзімді қамтиды жəне ол бірнеше кезеңнен өтуі тиіс.

Əр нəрсенің бастапқы пайда болу уақыты мен себебі болады. Ал мұнай қалай пайда болды деп ойлайсыңдар? Бұл сұраққа көптеген ғалымдар жауап іздеп көрген. Зерттеулердің нəтижесінде екі түрлі теория қалыптасқан. Биогендік теорияға сəйкес, мұнай – миллиондаған жылдар бұрын тіршілік еткен микроорганизмдердің, жанды ағзалардың қалдықтарынан түзілген делінеді. Кейде динозаврлардың қалдықтары мысал етіп көрсетіледі. Жалпы, биогендік теорияны ұстанатын ғалымдар:

«Мұнай – органикалық заттардың, яғни жер үстіндегі өсімдіктер мен теңізде мекендеген микроскопиялық планктондардың қалдықтары, олар теңіз-көлдердің түбінде жапсарланып, шөгіп қалған», – деп түсіндіреді өз теориясын. Ал теңіздің үстіңгі қабаттарындағы «қысым мен температураның жоғарылауы салдарында», осынау органикалық заттар – «құрамында көміртегі мен сутегі атомдары көп болғандықтан, көмірқышқылға, яғни мұнай мен табиғи газға айналған» дейді ғалымдар. Олар, сондай-ақ, аталған қор, яғни табиғи энергоресурстар қоры күндердің күнінде сарқылуы ықтимал екенін де ескертеді.

Мұнайдың пайда болуын түсіндіруде абиогендік теорияны ұстанатын ғалымдар бар. Олар «мұнай Жердің қалыптасу барысында жер қойнауында жүріп жатқан  жоғары температурадағы геологиялық процестердің, яғни химиялық реакциялардың нәтижесінде пайда болған, сұйық көмірсутегілердің пайда болуына органикалық объектілердің еш қатысы жоқ» деген пікір айтады. Сондықтан да «ақылмен игерген жағдайда, мұнай және газ кен орындарын қалыпқа келтіруге болады». Абиогендік теорияны ұстанатын ғалымдар осылай деп, теориясына дәлел ретінде метеорит құрамында көмірсутегілер табылғаны туралы деректерді де алға тартады.

Мұнай қандай болады?

Мұнайдың түсі қызылдау, қызыл-қоңыр, қою жасыл, қошқыл, әлсіз сары, кейде қара түске жақын болады. Түссіз түрі де кездеседі. Қоюлық дәрежесі – су секілді аққыш қасиеті бар, бірақ қоймалжың, баяу қозғалады. Өзіндік иісі бар, мысалға,  эфир иісті; скипидар, камфора иісі де бар, күкіртті қоспа әсерінен жағымсыз иісі де жоқ емес.

 

Қазақстан неге мұнайды қазір игеруі керек?

«Мұнай жер қыртысының өнім беретін қабаттарының басым бөлігінде 1 – 6 шақырым аралығындағы тереңдікте қалыптасады. Ең маңызды мұнайлы аймақтар қатарында: Мексика және Парсы шығанағын, Каспий теңізі мен Қара, Қызыл теңіздерді, Солтүстік теңізді айтуға болады. Бүгінде әлем бойынша мұнай игеріп жатқан белді-белді кен орындары осы төңіректерде шоғырланған», – дейді Әсия Акишева.

Тренингтен түйгеніміз: Соңғы жылдары Қазақстан мұнай өндірісі және оны экспорттау бойынша алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылды. Осы орайда халық арасында «Жердің астындағы мұнай таусылып қалуы мүмкін» деген үрей пайда болды. Әсіресе, шетелдік компаниялардың Қазақстанмен серіктес болуы халықтың көңілінде алаңдаушылық туғызғаны жасырын емес. Алайда, ғалымдардың зерттеулері бойынша, мұнай бір орында тұрмай, үнемі қозғалыста болады. Сондықтан Қазақстан дәл қазір жердің астындағы мұнайды өндірмесе, қолда бар қара алтыннан айырылып қалуымыз мүмкін.

Ертеректе мұнайды жер астынан өндіріп алу оңай болатын. Ол кезде мұнай жердің беткі қабатына жақын орналасқан. Ал қазір Жердің беткі қабатына жақын орналасқан мұнай қоры таусылды. Демек, жердің терең қабатында орналасқан мұнайды жер бетіне шығару, оны өндіру көп күш-қуат пен инновациялық тиімді технологияларды қажет етеді. Сондықтан, Қазақстан шетел нарығындағы мықты компаниялармен серіктес болып отыр.

P.S. Шынымды айтсам, тренингтен соң мұнай туралы мыңдаған мифтерге сеніп жүргенім үшін ұялып кеттім. Егер қазақ журналистері осы салада сауатты болса, халыққа анық ақпарат жеткізсе, мұндай мифтер халық арасында ғарыштық жылдамдықпен тарамас еді деген ойға қалдым.

Өзім Шығыс Қазақстан облысынан болғандықтан, мұнай дегеннің атын естігенім болмаса, ол туралы тек теледидардан көріп, кітаптан оқып өстім. Көзімізді ашқалы көргеніміз қара көмір болды. Біз үшін жылудың көзі, отынның төресі сол көмір болатын. Өкінішке қарай, әлі солай. Тренингте «Аймақтардың газбен қамтылу деңгейі» туралы айтылды. Статистикалық мәліметтер бойынша, Маңғыстау облысының 99 пайызы газбен қамтылса, Шығыс Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайызға да жетпейді екен. Семинарда отырып осы деректерді естігенде пешке от жағып отырған әжемді сағынып кеттім…

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз