(Саяхат толғау)

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

(Орталығы – Қызылорда)

 

Сағындырған Cыр елі,
Қызылорда – жыр елі.
Ақмешіттен қазақтың
Көп мықтысы түледі.

Көк түріктің көсемі
Баба Қорқыт деседі.
Тұр шақырып абыздың
Мемориалды кешені.
Қалашығы бір абат,
Шірік-Рабат, Сығанақ,
Жент, Жанкент, бәрі де –
Біздер үшін ұлағат.
Сыр елінің сыры бар,
Келген адам жылынар.
Бегім ана, Оқшы ата…
Мазардың сан түрі бар.
Сырдария, Аралы
Санаға ой салады.
Ақ күріші жайқалған
Сүйемін бұл даланы.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ
(Орталығы – Ақтау)
Қарт Каспийдің жағасын
Жайлап, тапқан жарасым.
Мешіттердің сан түрін
Маңғыстаудан табасың.
Сәуле құйған санаңа,
Бай әулие, данаға.
Жер астынан қазылған
Мешіт көп бұл далада.
Дертті жандар құсалы,
Маңғыстауға «ұшады».
Бекет, Шақпақ аталар –
Әулиелік нышаны.
Отпан тауым – жер төрі,
Адай ата – ел мөрі.
Отпан таудың басында
От тұтатқан ерлерім.
Жаудың қайтып меселі,
Ту тікті ерлер кешегі.
Масат, Шопан аталар
Батыр болған деседі.
Маңғыстауым – мақтаным,
Көріскенше, Ақтауым.
Сенен алған әсерді
Жүрегімде сақтадым!
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ
(Орталығы – Атырау)
Еділ-Жайық арасы –
Кең Атырау даласы.
Анау жатқан Сарайшық –
Алтын Орда қаласы.
Сақтаған мол мұраны,
Өнер-білім шырағы,
Сарайшықты көрген жан
Өз тарихын ұғады.
Бөкей жайлап мәнді еткен,
Еділ бойын сәнді еткен
Құрманғазы күй төгіп,
Мұхит талай әндеткен.
Мұнда талай ер өсті,
Айдарынан жел есті.
Исатай мен Махамбет
Елдік үшін егесті.
Достан болған ажалы
Ақындардың, ғажабы.
Қалқайып тұр Қаройда
Махамбеттің мазары.
Еділ-Жайық жағасы –
Елдің болған панасы.
Құшақ жаяр баршаға
Кең Атырау даласы.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
(Орталығы – Орал)
Ақ Жайықтың етегі,
Орал – қазақ мекені.
Бұл шаһардың көне аты –
Жайық, яки Теке еді.
Жатыр қала дарасы,
Ақ Жайықпен жарасып.
Оң жағында Оралдың
Теке деген қалашық.
Бөкей орда жайлаған,
Тарихқа Орал – бай қалам.
Осы өңірде Хан Жәңгір
Елдің қамын ойлаған.
Өркениет, нұр келді,
Хан Ордасы гүлденді.
Дәріхана ашылып,
Алғашқы егіс жүрген-ді.
Баулып ілім-тәлімге,
Шашты білім дәнін де,
Банк, музей, мектептер –
Жәңгір ашты бәрін де.
Мектептердің үнемі
Жәңгір еді тірегі.
Дәулеткерей, Салықтар
Сол мектептен түледі.
Жауын тұтқан досындай,
Топтан озған тосылмай
Тұлғаларды түлеткен
Біздің Орал осындай!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз