Тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Биыл Қазақстан спортында бəрі де болды. Жетістікке жетіп қуанғанымыз да, жеңіліп, жігеріміздің құм болған кезі де аз емес.

Олимпиада мен Азия ойындарындағы сәтсіздік

2018 жыл бірден қысқы Олимпиада ойындарымен басталды. Оңтүстік Кореяның Пеңчаң қаласындағы ақ Олимпиадаға барған отандастарымыз тағы да жалғыз қоламен шектелді. Еліміздегі спорт басшыларының жылы орнын сақтап қалуға фристайлдың могул түрінен қатысқан Юлия Галышева құтқарып қалды. Шығыстың аруы финалда 77,40 ұпай жинады.

Ал спорт мамандары мен жанкүйерлер үлкен үміт артқан Алексей Полторанин, Дмитрий Рейхард және марқұм Денис Тен жүлдеден тыс қалды.

Осымен үшінші қысқы Олимпиада ойындарынан қатарынан бір медальдан аса алмай жүрміз. Бәлкім, біреулер үшін жетістік те болар, бірақ біздің бұл деңгейден асатын кезіміз келді ғой.

Жазғы Азия ойындарындағы нәтижені айту тіптен ұят. 1994 жылдан бері бесінші орыннан түсіп көрмеген отандастарымыз тоғызыншы орынға сырғып түсті. Бокстан тұңғыш рет алтынсыз оралдық. «Классиктеріміз» де дәл солай. Жеңіл атлетикада Ольга Рыпаковадан басқасы қуантпады. Қазақстан құрамасы Индонезиядан 76 медальмен оралды, оның ішінде 15 алтын, 17 күміс және 44 қола бар.

Денис Теннен айырылып қалдық

Мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннен айырылып қалуымызды жалпы қазақ спортының орны толмас өкініші деуге болатын шығар.

Чемпионның қалай қайтыс болғанын тәптіштеп жазудың қажеті жоқ шығар. Қазіргі кезде осы қылмысқа қатысты іс тергеліп жатыр.

«Сүйікті қаламда көп уақыт бола алмайтыным өкінішті. Алматыға әрдайым қуанып келемін. Ал кетерде көзімнің жасын тоқтата алмаймын. Мұнда ерекше адамдар тұрады. Алматылықтар секілді өзгелердің жетістігіне шын жүректен қуана білетіндерді басқа ешқайдан көрген жоқпын», – деген спортшының Алатаудың баурайында кісі қолынан қаза тапқаны, әрине, өкінішті…

Головкин де жеңілді…

Кәсіпқой бокста отандастарымыздың үмітін оятқан, әлемге GGG брендімен танымал болған Геннадий Головкин де алғашқы жеңілістің дәмін татты. Қарағандыда дүниеге келген спортшының кәсіпқой бокста жүргеніне биыл 12 жыл.

Осыншама жыл жанкүйерлерін қуантып келіп, ең басты жекпе-жектерінің бірінде ұпай санымен мексикалық Сауль Альвареске есе жіберуі қазақстандық жанкүйерлерге де соққы болған тәрізді. Ең өкініштісі, осы жылдар ішінде өз күшімен жеңіп алған WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды.

Кездесуде бір төреші тең нәтиже тіркеп, екі төреші мексикалықты жеңіске жетті деп таныды. Есеп: 115-113, 115-113 және 114-114. Головкин 12 жылдық карьерасында алғаш рет жеңіліп, барлық титулынан айырылды. 36 жастағы қазақстандық осымен кәсіпқой бокста 40-рет шаршы алаңға көтерілді. Ол бұған дейін 38-мәрте жеңіске жетіп (34 кездесуде нокаутпен жеңген), бір рет тең түскен.

Мырзағали Айтжанов орнын босатты

Биылғы жыл қазақ боксы үшін сәтсіз маусым болғаны жасырын емес. Жақында ұлттық құраманың бас бапкері ауысты. Қазақстан құрамасының тарихында ұзақ уақытты тізгінді ұстаған Мырзағали Айтжановтың орнын Ғалымбек Кенжебаев басты. Ол бұған дейін жастар құрамасын жаттықтырған.

«Бірнеше жыл бойы тер төккен командадан алыстау маған оңай емес. Жастар жақсы нәтиже көрсетуге тырысуда. Ересектер боксында ең бастысы жекелеген сәттерге көңіл бөлу керек. Олардың әрқайсының өз мәнері, өз көзқарасы бар. Олардың жақсы жақтары мен жақсы қасиеттерін тап басып тауып, дамыту керек. Бірнеше жыл бойы бірге жұмыс істеген Мырзағали Айтжановқа алғыс айтқым келеді. Ол өте керемет жан, қазақ боксының дамуына қосқан үлесі зор. Ол бапкер ретінде бізге аса қажет, ұлттық құрамада шәкірттері бар. Сондықтан онымен жұмысымыз жалғасары сөзсіз», – дейді Ғалымбек Кенжебаев.

Жоспар бойынша, ұлттық құраманың алғашқы жаттығу жиыны қаңтар айында өтеді. Команданың халықаралық жарыстарға қатысу кестесінде өзгеріс жоқ. Бірақ бас бапкер кейбір мәселелердің әлі де қаралатынын жеткізді.

Жастар қуантты

Ересектер арасындағы Олимпиада мен Азия ойындарында сәтсіздікке ұшырағанымызбен, жастарымыз желпінтті. Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиада ойындарында 10 медаль жеңіп алдық (4 алтын, 3 күміс, 3 қола). Жалпы есепте Қазақстан құрамасын 14-орыннан көрінді. Одан бөлек, Роза Абитова көркем гимнастикадан халықаралық аралас команда сапында өнер көрсетіп, күміс медальға ие болды. Дзюдошы Бекарыс Сәдуақас халықаралық аралас сында «Лондон» командасымен бірге қола медаль алды.

Алтыны жоқ ауыр атлетика

Биыл Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Қазақстан үшін сәтсіз өткен чемпионат болды.

Ашхабадқа 20 атлетіміз барған. Оның ішінде 19-ы жарыс жолына шығып, екеуі жүлдегер атанды. Оның ішінде бесеуі Олимпиада ойындарында жүлде алған. Бірақ бесеуі де Түркіменстан астанасынан құралақан қайтты. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рагимов сегізінші орынды қанағат тұтты. Осыдан 2 жыл бұрын Рио төрінде 77 келіде қарсылас шақ келтірмеген Ниджат Ашхабадта жаңа салмақта, яғни 73 келіде құралақан қайтты.

Әлем чемпионатының алғашқы күнінде 55 келіде сынға түскен Арли Чонтей күміс жүлдеге ие болды. Осы чемпионаттағы екінші медальды әйелдер арасында 71 келіде сынға түскен Надежда Лихачева жеңіп алды.

Илья Ильин допингпен ұсталып, екі бірдей Олимпиада ойынының алтынынан айырылса да, әлі күнге көпшілік жақсы көретін спортшылардың бірі. Қызылорда облысының тумасын жамандыққа қимайтындар өте көп. Оның жаза мерзімі аяқталып, спортқа оралғанына қуанған жанкүйерлердің үміті әлем чемпионатының басталуына екі күн қалғанда су сепкендей басылды. 30 жастағы жерлесіміз «Жарақатыма байланысты әлем чемпионатына қатыспаймын» деп мәлімдеді.

«Астана» топтан шыға алмады

Футболдағы жалғыз жұбанышымыз «Астана» клубы биыл да Еуропа лигасының топтық кезеңіне өткен. Бас бапкер Станимир Стоилов болмаса да, украиналық Роман Григорчук бастап, өзіміздің Григорий Бабаян қостап, бесінші рет ел чемпионы атанды. Ал Еуропа лигасында топтағы алғашқы 4 ойында 8 ұпай жинаған. Сосын өз алаңымызда «Динамодан» (Киев), Францияда «Реннен» жеңіліп, плей-оффқа шыға алмадық.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №52
25 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз