Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен дзюдодан әлем чемпионатында Украинаның 17 жастағы қызы Дарья Белодед 48 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Бұл – рекорд! Әлі күнге ешкім 17 жасында дзюдодан дүниежүзілік чемпионатта топ жармаған.

Дарья – дзюдо әлеміндегі жаңа есім, вундеркинд. Ол осымен екінші рет әлем чемпионатына қатысып отыр. Былтыр Будапештке Еуропа чемпионы ретінде барғанда, үшінші раундта Қазақстан намысын қорғаған Отгонцецег Галбадрахтан ұтылып қалған еді.

Бакуде жарысты екінші кезеңнен бастады. Алдымен Косоводан келген Дистрия Красникиді жеңді. Одан кейін қытайлық Яо Ксион мен біздің Отгонцецег Галбадрахты иппонға түсіріп, былтырғы есесін қайтарды.

Жартылай финалда Рио олимпиадасының чемпионы Паула Паретоның (Аргентина), финалда 2017 жылғы әлем чемпионы жапон қызы Фуна Танакидың осал тұсын тапты. Сөйтіп 17 жасында-ақ әлемді мойындатты.

Дарья дзюдошылардың отбасында дүниеге келген. Әкесі Геннадий Белодед – әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы. Анасы  Светлана Кузнецова – КСРО-ның спорт шебері, КСРО-ның жастар арасындағы чемпионатының жеңімпазы.

– Алғашында ата-анам дзюдомен айналысуға қарсы болған. Анам көркем гимнастикаға барғанымды қалады. Басында гимнастикаға қатысып жүрдім. Алайда кейіннен бапкерім мамандығын ауыстырып, орнына басқа біреу келді. Өзге бапкермен жаттығуға құлқым болған жоқ. Ол кезде анам дзюдодан жаттықтырушы еді. Онымен бірге ілесіп жаттығуларға барып, өзім де кірісіп кеттім. Кейіннен дзюдо менің оң жамбасыма келетін спорт екенін түсіндім.

Ал әкем қарсы болды. Басында, тіпті,  не жаттығуға, не жарысқа келмеді. Ол қызының дзюдомен айналысып жүргенін өз көзімен көруден қорықты. Кейіннен маңызды жарыстарға қатысқанда, менің дзюдомен кәсіби түрде айналысқым келетінін түсінді. Сосын барып келісімін беріп, жаттықтыруды бастады, – деп еске алады балалық шағын.

Белодед 3-4 жасында көркем гинамнастикамен, 6 жасында дзюдомен айналысуды бастаған. Қазіргі кезде Киевтегі Тарас Шевченко атындағы университеттің журналистика факультетінде сырттай бөлімде оқиды. Спортшының айтуынша, таңғы 7-де оянып, 8-де жаттығуға барады екен.

Дарьяның бір ерекшілігі, күресіп жатқанда қобалжығанын байқатпайды. Психологиялық тұрғыда өзіне сенімді көрінді. 17 жастағы қыздың тәжірибелі қарсыластарымен еркін күрескенін көргенде таңғалудан жалыққан жоқпыз.

– Жеребенің қорытындысын естігенде, алғашқы 20 минутта жылайсың, өз-өзіңе келіп жинақталу қиынға соғады. Кейін ойлайсың: «Осы әлем чемпионатына келген екенмін, егер мықты болсам неге үздіктерді жеңбеймін? Менде басқа таңдау жоқ қой». Сосын қорқу, қобалжуды ұмытасың.

Украин қызының қарсыластарынан бір артықшылығы – бойының ұзындығы. 48 келі салмақтағы спортшы үшін 171 сантиметр болу артықшылық екені айтпаса да түсінікті шығар.

– Мен қарсыластарымнан ұзынмын. Бұл маған қолайлы. Қолым да, аяғым да ұзын. Қарсыластарыма менімен күресу қиынға соғады. Яғни белгілі бір қашықтықты ұстауға тырысамын. Сосын оларды ұстап алу жеңіл және әдістерді сапалы жасауға ыңғайлы,дейді өзі.

Бакудегі әлем чемпионатында ол үшін ең қиын қарсылас алғашқысы болыпты. Тіпті Олимпиада чемпионы Паула Парето (Аргентина) мен әлем чемпионы Фуна Танаки (Жапония) емес, Косоводан келген Дистрия Красникиден қатты қаймыққанын жасырмады.

Әлем чемпионатында бірден косоволық спортшымен жолықтым. Мен үнемі одан қорқатынмын. Біріншіден, Дистрия бұрын 52 келіде күрескен. Қазір 48 келіге ауысты. Өйткені ол салмақта оған Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік жоқ. Бұл палуанмен оқу-жаттығу жиындарында бірнеше рет күресіп, ұтылып қалғанмын. Енді, міне, екі айдың ішінде екінші жарыста тағы да сонымен жолым түйісіп тұр. Жеребені көрген кезде жылап жібердім. Олимпиада чемпионы Парето мен әлем чемпионы Танаки қиын қарсылас шығар, бірақ ең ыңғайсызы осы Красники еді. Косоволық палуан физикалық тұрғыдан өте мығым, оңайлықпен ұстата қоймайды,дейді.

Дарьяның қазіргі кезде журналистика факультетінде білім алып жатқанын жаздық. Болашақта спорт журналисі болғысы келеді екен. Өзінің айтуынша, спорт пен журналистиканы байланыстыру оған ұнайтын көрінеді. Бірақ әзірге карьерасын аяқтау ойында жоқ. Арманы – Олимпиада чемпионы болу.

Дзюдодан бөлек, көркем гимнастика, суға секіру, суға жүзу және жеңіл атлетиканы жақсы көреді.

 Дарьяның көркем гимнастикадан атақты чемпион болғанын армандадым. Бірақ ешқашан дзюдодан емес. Ал қазір қызым татамиға шығып әлем чемпионы атағына таласып жатқанда, қатты уайымдаймын. Іштей оның жеңіске жететіне сенімді болатынымды жасырмаймын, дейді анасы Светлана Кузнецова.

Дарья өзге елдің спортшысы болса да, біздің қыздарға үлгі бола алады деп ойлаймыз. Әсіресе, балғын спортшыларға. Спортта жас, кәрі деген болмайды. Жұлдызың жанған уақытта тұғырдың ең жоғары сатысына шығуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, талмай еңбек ету керек. Леонардо да Винчи айтқандай: «Табандылық кез келген кедергіні жеңеді».

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан газеті», №40
2 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз