Қазіргі күннің елең еткізерлік жаңалықтарының бірі – универсиада, енді бірі – Димаш Құдайберген. Жас əншінің қытайлық байқауда айтар əнін тыңдаймыз деп, əр апта сайын шарқ ұратын болдық. Димаш туралы əр жаңалықты асыға күтетін болғанбыз. Біз де Димаштың жанкүйерлері үшін арнайы материал дайындауды жөн көрдік. Қазір 22 жастағы əнші музыкамен 5 жасынан айналыса бастаған екен. Ал, алғаш рет қандай байқауға қатысты? Алғаш қандай марапатқа ие болды? Басқа қандай қызығушылықтары бар? Бала Димаштың қызықтары жайлы əншінің анасы мен əжесі сұхбат берді.

 

Миуа НИЗАМУТДИНОВА, Димаштың əжесі:

6 ЖАСЫНДА МЫҢ ТЕҢГЕСІМЕН ҚУАНТҚАН

Ұлан: Димаш қандай бала болды, апа?

Əжесі: Ол баланы қырқына жетер-жетпестен өз қарауыма алғанмын. Шешесі жас болған соң, балаға дұрыс қарамай ма деп, бір жағы сенбейтін едім. Өзім 47 жаста едім. Содан ертерек зейнетке шықтым. Он жасқа дейін атасы екеуміздің ортамызға жататын. Ол кезде кассета, дискі деген бар еді ғой. 3-4 жасында сол кассеталарды бір пакетке салып алып, арқалап жүретін. Ұйықтаса да, қолына алып жататын. Ұйықтап кеткенінде алып қояйын десең, оянып кетіп, қайтадан əлгі дүниелерін құшақтап алып жататын. Атасы екеуміз əн қоссақ, ол соған мəз болып билейтін. Музыкаға деген қабілетін сезіп, 5 жасында музыкалық мектепке ертіп бардық. 6 жасында фортепиано номинациясы бойынша байқауға қатысты. Сонда 1-орын алған балаға 100 доллар берді де, Димашты «Көрермен көзайымы» деп атап, қолына 1000 теңге берді. Əлгі ақшаны маған əкеп беріп: «Мама, мың деген жүзден көп қой, иə?» деген еді. Музыка, спорт деп жүріп, арасында ағылшын тілі курсына баратын. Əйтеуір бір сəт дамыл таппайды ғой.

Ұлан: Атасы екеуіңіз де əн айтасыздар ма?

Əжесі: Реті келсе, əнді біз де айтамыз. Мен өзім география-биология пəндерінен мұғалім, əдіскер болдым. Димаш дүниеге келгелі басқа жұмыстың бəрін ысырып қойып, тек осы баланың тəрбиесімен айналыстым. «Жас қанат» байқауында жеңімпаз атанған соң, Димашты жан жақтағы өнер орындары өздеріне оқуға шақырды. Мен оны əлі жас бала санап, алысқа кеткенін қаламадым. Ақтөбедегі колледжін əуелі бітіріп алсыншы, есейсінші деп ойлағам. Бір күні атасы екеуіміз шипажайға кетіп қалсақ, ол Астанаға барып, 121 ұпай жинап, оқуға түсіп кетіпті. «Балам тым жақсы оқыған екен ғой» деп күліп алып, «бара ғой» дестік. Өзі бара салып жатақханаға орналасып алыпты. Алыста жүрген баламызды əбден уайымдайтынмын. Содан 5-6 айдан соң Астанадан пəтер алды да, атасы екеуміз қасына көшіп барып алдық. Əйтпесе, жас жігіт мезгілсіз, мекенсіз қайда жүр екен деп, уайымдаймыз ғой.

Ұлан: Сізді «мама» дейді екен…

Əжесі: Иə, бірде қызық болған. 2-сынып оқып жүрген кезінде мектептегі жиналысына шешесі барды. Сынып жетекшісі «Димаштың анасы келді» деп таныстырған ғой. Сөйтсе, Димаш орнынан тұрып, мұғалімінің қасына барып: «Апай, бұл кісі менің апатайым ғой, мені өз анам 47 жасында туған», − деп қатырыпты. Əке-шешесін кішкентайынан «апатай, ағатай» деп атап кеткен.

Ұлан: Димашқа ұрсатын кездеріңіз бола ма?

Əжесі: Осыдан біраз жыл бұрын-ақ өзінше автобуспен жүрмей, таксимен жүретін. «Таксиге ақша жұмсағанша, автобусқа отыра салсаңшы» деймін ғой. Сөйтсем, «ой, мама, жұрттар танып, тыныш жүргізбейді» дейтін (күліп). Бірде түн жарымда келді үйге. Сөйтсек, бір кісінің сөмкесін көтерісемін деп, танымаса да, алыстағы үйіне дейін заттарын жеткізіп беріпті. Мейірімді мінезіне қуансақ та, ар жағынан кейде алаңдап қалатынымыз бар. «Қазір заман қорқынышты ғой, байқап жүрсеңші, бəріне сене бересің» деймін кейде. Өзі аңқаулау ғой. Қолындағы телефонын, заттарын қайда қойғанын білмей, жоғалтып жүреді.

Света АЙТБАЕВА, Димаштың анасы:

КӨРШІНІҢ БАЛАЛАРЫМЕН ФУТБОЛ ОЙНАЙДЫ

 С.Айтбаева: Димаштың бала кезінен-ақ артық бос уақыты болмайтын. Бес жасынан музыка мектебінде оқыды. Домбыраны да жақсы тартады, барабанда да ойнайды. Спортқа да жақын. Таэквондомен шұғылданды. Футбол ойнағанды жақсы көреді. Ақтөбеде жер үйде тұрамыз. Үйге келген сайын көршінің кішкентай балаларымен бірге футбол ойнайды. Оған бала біткен мəз болады.

Ұлан: Кішкентайынан ата-əжесінің қолында өскенін білеміз…

С.Айтбаева: Иə, мен Димаш дүниеге келгенде əлі студент едім. Таңнан кеш сабақтамын. Содан менің балаға алаңдамасым үшін əжесі өз қарауына алды. Біз ата-əжесін «мама», «папа» деп атаған соң, ол да солай атап кетті. Раушан қарындасы Димаштан жеті жас кіші, ал інісі Əбілмансұр 10 жаста.

Ұлан: Бауырлары да əнге құмар ма?

С.Айтбаева: Раушан қазір Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. 7-сыныпқа дейін дəстүрлі əн мектебінде оқыды, домбырамен жап-жақсы əн айта алады. Бірақ, соңғы кездері музыкадан гөрі биология пəніне қызығушылығы артып кетті. Əбілмансұр музыка мектебінде домбыра сыныбында оқиды.

Ұлан: Димаш мектепте қалай оқыды?

С.Айтбаева: Үздік оқушы болды. Бұзықтығы болмайтын. Техниканың, компьютердің тілін жақсы біледі.

Ұлан: Көпшіл адамға ұқсайды?

С.Айтбаева: Иə, өте ақкөңіл ғой. Қайда жүрсе де, бір топ досын ертіп жүреді. Оқушы кезінде де қолында 5-10 тиыны болса, қасындағы достарына асханадан тамақ алып бергенді жақсы көретін. Қазір Астанада тұрады ғой, Ақтөбеге келсе, бір топ достарын бірге ертіп келеді. Сөйтіп, кері қайтқанынша достары үйде қонып жатады. Жалғыз жүре алмайды (күліп).

Ұлан: Өзіңіз де кəсіби əншісіз ғой, Димаштың дауыс ерекшелігін айтып беріңізші?

С.Айтбаева: Жақсы дайындалған кəсіби əншілердің жоғарғыдиапазоны екі октава болады. Ал Димаш одан екі есе кең диапазонмен орындай алады. Ең жоғарғы əйел дауысын коло-ратуралық сопрано деп атайды. Мəселен, Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева апаларымызды айтсақ болады. Ал ер адамдарда мұндай дауыс түрі кездесе бермейді. Менің дауысым – сопрано, əкесінікі – тенор, мысалы. Мамандар Димаштың дауысын контратенор деп атап жүр. Бұл – операдағы ер адамдардың ең жоғарғы дауыс түрі. Димаштың дауыс ерекшелігін əлі де зерттеу керек.

Ұлан: Қытайдағы байқауға дайындықты қашан бастады?

С.Айтбаева: Бұл байқауға 2016 жылдың күз айларында өтініш берді. Арнайы кастингтен өтті. Сөйтіп, шақырту алды. Бұл байқауда Димаштан өзге де шетелдік əншілер бар дейді. Мəселен, Канада, Гонконгтың өнерпаздары бар екен…

Ұлан: Соңғы үш апта көлемінде Димаштың танымалдылығы артты. Сіздерге əсері қалай болып жатыр?

С.Айтбаева: Танымайтын адамдар да хабарласып, құттықтап, тілектерін айтып жатыр. Əлеуметтік желілерде, əсіресе, тыным жоқ. Арасында керағар пікірдегі бірлі-екілі адамдар да бар. Оларға да арасында жауап беріп жүрмін. Себебі, ол адамдар Димаштың далада жалғыз жүрген бала емес екенін білсін деймін. Оның қасында үлкен командасы бар. Ақтөбеде жеке студиясы жұмыс істеп жатыр. Өз атында шығармашылық орталығы бар. Арнайы киім желісін де шығарып жатырмыз. Əзірге тек əйел адамдарға арналған киімдер. Бұл кəсіпті былтырғы шілде айында бастағанбыз. Бұл киімдердің ерекшелігі – қазақы ұлттық нақыштағы, бағасы қолжетімді киімдер.

Ұлан: Қытайлықтар да Димаштың атындағы киім үлгілерін шығарып жатыр деп естідік қой…

С.Айтбаева: Тек қана киім ғана емес, шыныаяқтарға, тіпті, жай пакеттердің өзіне Димаштың суретін салып, атын жазып шығарып жатыр екен.

Ұлан: Витастың əнін орындауына байланысты біраз дау туындады. Ол мəселеге Димаштың өзі не дейді?

С.Айтбаева: Ол əнді коммерциялық бағыттағы концертте орындаған жоқ. Димаштың айыбы жоқ. Сол үшін бұл мəселеге «Хунан» телеарнасы өзі жауап береді. Димаш біздің бұл мəселеге уайымдамауымызды өтінді.

 Сұхбаттарды жүргізген

Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан», №6

7 ақпан, 2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз