Ізінен аңыз ерген

Шынайылыққа шөлдеген қоғамның жалғызы

«Талантты адамның басты міндеті – өзінің болмысымен жан-жағындағы адамдарға өмірдің мағынасы мен бағасын түсіндіру», – депті баяғыда бір данышпан. Жан-жағына нұр шашып жүрген адамды көрген сайын нұрланасың, ерекше бір күйге бөленесің. Өкінішке қарай, қазір ондай адамдарды сирек кездестіреміз. Керісінше, сөзімен ісі бірікпейтін, ақылына парасаты сай емес тұлғалардың кісілігінен бұрын, кісәпірлігі жиі көрініп қалып жатады. Осындайда табиғатынан тазалығын сақтап қалған, адалдықты, шыншылдықты сүйетін Тұрсынжан Шапай секілді талантты азаматтардың тұлғалық қасиетін үлгі етудің еш артығы жоқ-ау деп ойладық.

Тұрсынжан аға туралы осы мақаланы жазарда: «Ол керемет классик», – деген сияқты жаттанды сөзді аз естіген жоқпыз. Бірақ, біздің мақсатымыз мақтауға малтығып қалатын бөспеліктен бөлек еді. Керісінше таланттың пендауи жаратылысына, болмысына үңілгіміз келген.

Қазір, әсіресе өнер саласындағы талант иелері өмірде жолы болған, жаратқанның ерекше нұрына бөленген жандардай елестейді. Тұрсынжан аға тура сондай демесек те, біз сенген, біз елестеткен талантты адамның қазіргі замандағы болмысы бар еді оның бойында. Жақын танитындардың айтуындағы Тұрсынжан Шапай қатарынан асқан ақылды, парасатты азамат. Сонымен қатар қатал да принципшіл кісі. Кейде көңілі баладай аңғал. Бір-біріне қарама-қайшы мінез-құлықтың иесі деуге де болады. Басынан өткен анекдотқа бергісіз оқиғалар да ол кісінің жаратылысының бөлекше қызық екенінен хабар берсе керек.

Бірге тумаса да, бірге туғандай болып кеткен Рамазан Стамғазиевтің аузынан мынандай бір қызық жайтты естідік. Бірде Түркияда Алматы күндері өтіп жатады. Қазақстанның «мен» деген академиктері, профессорлары және Халық әртістері мен жай әртістері чартерлі рейспен Түркияға ұшыпты. Алдыңғы қатарда отырған вип-персондар ешкіммен сөйлеспей, амандаспай, айсберг сияқты қатып қалған қашанғыдағыдай. Қалғандары ырду-дырду, барғанша әңгіме айтып барады. Содан не керек, Түркияға 5 сағат ұшады. Әуежайда ұшақтан түскеннен кейін, Тұрсынжан аға ұшаққа ұза-а-ақ қарап тұрып:

– Апыр-ай, мына ұшақ соншама көкіректі қалай көтеріп келді? – деп, жан-жағындағыларды күлкіге қарық қылыпты.

Әзілге сүйеп айтқан сөзінің өзі тіліп түсіп жатады екен. «Дәл тауып айтады, жеткізе алмай тұрған ойыңды, сөзіңді жалғап жібергенде рахаттанып қаласың», – дейді «Түкемсалдап» жүрген ақын қарындасы Гүлнәр Салықбай. Шашына қатты мән береді екен. Егер шашы дұрыс болмай тұрса, баратын жеріне де бармай қалуға бар. Тіпті балаларының шашы дұрыстап қиылмай қалған күні Тұрсынжан аға қатты уайымға салынады екен. «Шашым жаман болып тұрса жаныма қатты батып кетеді», – дейтін көрінеді. «Бір күні шашымды сарыала (мелирование) жасап, үйіне бардым», – дейді Гүлнәр Салықбай. Мен есіктен кірген бойда ол кісінің түрі бұзылып кетті. «Өзіңді өзің құртып, мынауың не? Немен күйдірген шашыңды? Түрің қандай жаман болып кеткен?», – деп әбден ұрысты. Есім шығып кеткені сондай, жедел барып, шашымды жөндеттім.

Тұрсынжан Шапайдың кітаптарын парақтап отырып, жалпы оқырман үшін ғана (егер солай айтуға болса) жазылған кітап емес екенін сезесің. Қоғамға деген көзқарастары өз көңілін қанағаттандыру үшін жазылғандай сезіледі. Жанының қажеттілігіне, өзі үшін жазатынына қайрансың, бәлкім кіршіксіз тазалығы да содан шығар. «Мен жазып жатырмын», «Мен осындай істеп жатырмын» деп есік тоздырып, пайда көргісі келетіндердің қатарынан емес екенін де кітаптарынан анық байқайсың. Ешкімге ұқсамайтын, ешкіммен бөліспейтін (тағы да солай айтуға болатын болса) пікірін, көзқарасын «Қазақтың жаны» мен «Бір жүрек – шын жүректен» табасың.

Тілеулестері ол кісіні денсаулығына алаңдап, «таза ауа керек оған, таза ауада тұрса екен» дейтінін естіп қалатынбыз. Жазда Тұрсынжан аға Талғар жаққа жаңа үйге көшіпті деген әңгіме шықты. Сонда жиған-терген кітаптарын соңынан көшіріпті. «Тиіспеңдер, өзім жинаймын» деген Түкемсал кітаптарын әлі жинап жүр», – дейді Гүлнәр Салықбай. Жалпы кітапқа сараң адам екенін өзі де жасырмайтын көрінеді. Өмірі ештеңеге кейіп сөйлемейтін Тұрсынжан аға кітапқа келгенде кәдімгідей сөйлеп қалады екен. Айтпақшы, Тұрсынжан ағаны көбі кезінде Бекболат Тілеухан қойған есіммен Түкемсал деп атап кеткен.

Кез кез келген тақырыпқа ағып тұрған ағамызды жастардың көп жағалайтыны жайдан жай емес. Кім болса ол болсын, адамға адам деп қарайтыны да айтылып қалып жатады. Жыға танымаса да, білмесе де ренжітіп алмасам екен деп, ебелектеп көңіліне қарап тұрады екен. Өзін де өзгені де алдай алмайтын адам, қысқасы. Өзі адал адамның жүрген ортасы да адал, оны достарына қарап біліп жүреміз. Шығармашылығына деген адалдығына әнін тыңдаған сайын көзің жетеді. Бір әнді жазу үшін әншіні де, ақынды да қинаудай-ақ қинайтын көрінеді. «Мамыр дала» әнін жазатын кезде Несіпбек Айтұлы Алматыдан Астанаға көшіп кетіпті. Рамазан Стамғазиев екеуі Мұқағалиды ақтарып, Қадырды қарап, сөз іздеп әбден әбігерге түскен екен. Рамазан ағаның Астанаға, «Шабыт» халықаралық фестиваліне кетіп бара жатқанын естіген Тұрсекең, үнтаспа арқылы Несіпбек Айтұлына сәлемдеме жолдапты. Сонда айтқаны: «Әй, Несаға, алыста жүрсің ғой. Мына әнді жақсылап тыңда. Егер дұрыстап сөз жазбасаң, қаныңды ішемін», – деп, базынасын қалжыңға сүйеп жеткізіпті. Сәлемдемені алған бойда Несіпбек ақын сөз жазуға кіріседі. Телефон арқылы Тұрсынжан ағадан: «Бола ма?», – деп сұрайды екен. Ол кісі бір ғана сөзін қалдырып, қалған шумақтарын алдырып тастайтын көрінеді. Екі ортада Рамазан ағамыз ақ тер, көк тер болады. Әннің жетінші рет жазылған нұсқасына тоқтайды ақыры. Несіпбек Айтұлы сол үнтаспа арқылы: «Әй, Тұрсынжан, мынау жетінші рет жазғаным. Енді қанымды ішпек түгіл, етімді жеп қойсаң да осы», – деп жауап беріп, мәтінді беріп жібереді. Кейіннен ол нұсқасы да жарамай қалып, Несіпбек ақын Алматыдағы, ауруханада кардиология бөлімінде жатқанда кешке келіп Рамазан аға ұрлап алып кетіп жүріп, Несіпбек ақын қайта жазып шыққан екен. Шығармашылығына жауапкершілікпен қарағаны сондай, әннің бір сөзі дұрыс айтылмай қалса ауырып қалады екен. Әр сөзі, әр мелодиясы өзі үшін аса қымбат. Әндерінің тұсауы кесіліп, сахнада өмір сүріп кеткенше уайымдап жүретіні бар.

Көңілін қалдырған адамдар да аз болмаған. Өзін ренжіткен адамдар туралы оқта-текте айтылып қалса, үндемеуге, ол туралы сөз қозғамауға тырысады екен. «Бірақ ешкімге өкпелемейді, кешіріммен қарағысы бар. Философиялық тұрғыда қарайды», – дейді білетіндердің бірі. Ал жақсы көрген адамдарына қатал. «Ренжітіп аламын-ау» деген жалтақтық жалпы қанында жоқ. Кемшілігін былш еткізіп айта салмайды, әрине, керісінше мысалдармен, алыстан орағытып, үлкен дайындықпен келіп, сын айтатын адамына «қадам» жасайды екен. Сөз түсінетін адамға одан асқан сын жоқ болса керек.

Жоғарыда айтқанымыздай, бала сияқты аңғалдығы да жоқ емес. «Өзіңе ғана сен» деген қағиданы күнде санамызға құйып алып, жалпы адамзат атауына күдік-күмәнмен қарап тұратынымыз бар емес пе? Ал Тұрсынжан аға адамға Құдайындай сенеді екен. Адамға адам сияқты қарайтын қасиетті қазір көп ешкімнен кездестіре бермейсіз. Үлкен ағаларымызға ісіміз түскенде «бәленбай күні кел» деп жауапсыздықпен қарай салатын бар. Ал Тұрсынжан аға уәде бермейді, уәде берсе, айтқанын орындауға асығып отырады екен. Ән жазып беріңіз деп сұрай келген адаммен ұзақ сөйлесіп, арғы жағында не бар, не жоқ, бәрін аралап шыққаннан кейін қоржынына қол салатын көрінеді.

«Денсаулығы ұятқа қалдырмағанда біраз шедеврлер жазатын еді». Бұл да Тұрсынжан ағаның айналасында жүргендердің сөзі. Қытайға барып жылына екі рет ем қабылдап тұратын көрінеді. Қазір бұрынғысына қарағанда анағұрлым жақсарған. Бірақ суық ауамен тыныстауға, суық жерде көп отыруға болмайды. Әсіресе түрлі аурулардың қозатын кезінде көпшіліктің ортасына мүлдем баруға болмайды екен. Екі операцияны бастан өткізгеннен кейін иммунитеті нашарлаған. Соның әсерінен көп кештерден, көп жақсылықтардан қалып қоятын көрінеді. «Наркоз ала беріп, ұмытшақ болып қалғанмын», – дейді екен өзі әзілдеп. Бірақ есте сақтау, жұмыс істеу қабілеті бәрібір таңдандырарлықтай. «Бір жағынан батыр адам. Анандай денсаулығымен керемет, қайталанбас шығарма жазып жүр ғой. Оның орнында басқа біреу болса, баяғыда ауруға беріліп, жатып қалар ма еді?», – дейді Гүлнәр Салықбай.

Қарап отырсақ, ол кісінің ұмытшақтығы да қызық. Республикалық физика-математика мектебінде оқып жүргенінде Нарынқолдан Мұқан ақсақал баласының халін білмек болып, Тұрсынжан аға оқып жатқан мектепке келіпті. Кездесіп, жолыққаннан кейін, әкесін шығарып салмақ болып, жатақханадан шыға бергенде, алдынан досы кездесе қалыпты. «Әке, аялдамаға бара беріңіз, қазір артыңыздан қуып жетемін», – деген Тұрсынжан әкесін жібере салып, дос баласымен кешкі думанның қамын ойлап кетсе керек. Одан шыққаннан кейін, шашына көңілі толмай, шашын жуып, кептіреді. «Әлі уақыт бар екен ғой, ұйықтап алсам қалай болады?», – деп ойланып тұрғанда, әкесі аялдамада күтіп тұрғаны есіне сарт ете қалыпты. Жүгіріп аялдамаға келсе, шыжыған күннің астында: «Балам-ау, қайда жүрсің?», – деп әкесі күтіп отыр дейді. Ал бұны ұмытшақтық деп айтуға бола ма? Тұрсынжан аға сол кезде-ақ көп нәрсені ойлап жүргеніне еш шүбәміз жоқ. Ол кісінің көп ойланатыны сондай, тіпті айналасында қандай жаңалықтар болып жатқанын да ұмытып кетеді екен. Бірде ақшаның ауысып кеткенін де білмей қалып, саудагерлерді безілдеткені бір хикая. «Сондай сұңғыла бола тұра, аңғалдығы бар және ол табиғатынан», – дейді журналист Қасым Аманжол. Тұрсынжан ағаның бар болмысы осы бір-ақ ауыз сөзге сыйып тұрғандай көрінді бізге.

Тұрсынжан ағаның сыншылдығы өз алдына бөлек әңгіме. Республикалық физика-математика мектебінде оқығанын ескерсек, әдебиетті есеп шығарғандай дәлдікпен шағып, талдап бергенде тапжылтпайды екен. «Жадым нашарлап барады» – деп қойып, формулаларды жатқа айтып отырады»,– дейді Рамазан Стамғазиев.

Әр тұлға Тұрсынжан Шапайдай болса ғой деп армандайсың. Бірақ «ыстық эмоциясын салқын ақылмен жеңе білетіндер» (Г.Салықбайдың сөзі) сирек. Мінезі, болмысы, жаратылысы, адамгершілігі бәрі-бәрі шынайы… Шынайылыққа шөлдеген қоғамда ол жалғыз болып көрінді бізге.

Қасым АМАНЖОЛҰЛЫ:

ЖАСТАРДЫ ТАРТЫП АЛАТЫН МАГНИТТІК КҮШІ БАР

Мен Тұрсынжан Шапайды шамамен он үш-он төрт жылдан бері білемін. «Қазақстан – Заман» газетінде Жұмабай Шаштайұлы бас редактор болып тұрғанда, сол кісінің кабинетінде кездескен едім. Содан кейін барып, айтқан әңгімесіне қызығып, жазғандарын тауып алып оқи бастадым. Жалпы шығармашылығын былай қойғанда, ол өмір-тіршілікке де шығармашылығы тәрізді эстетикалық тұрғыдан таза да, биік талғаммен қарайтын аса дегдар адам.

Мінезі бір қарағанда жұмсақ болып көрінеді. Бірақ ол кісінің ішкі принциптері өте қатты, діні берік, өте шыншыл және сонысына қарай, ерекше сирек кездесетін адам. Оны бір ауыз сөзбен сипаттау қиын…

Бір жағынан адамның сыртқа білінер мінезі ішкі рухани байлығынан туындайды. Ал ол кісі білімді, білімі академиялық жүйеде, өте терең. Ғылыми тұрғыда көп ізденістерден өткен адам. Сондықтан ол кісіде нағыз ғалымға тән шығармашылық ізденушілік те бар, сонымен қатар ән жазады емес пе, өнерпаздық тапқырлық та молынан.

Өте сыншыл, өмірдегі кез келген құбылысқа сын көзбен қарап, өз ойын бөліскен кезде бұлтартпас дәлелдермен ғана сөйлейді. Кейде әсерлі, әдемі болып тұрған дүниені талдап, өтіріктерін, фальштарын, дарақылықтарын ашқан сәтте «осыны мен неге ойламадым» деген сезімге қалдырады. Оның осы сыншылдығы туа біткен, табиғатынан бірге жаралғандай. Абайды сүюі мен Абайды түйсінуі ерекше нәзік.

Сонымен қатар, соншалықты сұңғыла бола тұрып, қатарлас достары әзілге сүйейтіндей аңғалдықтары да бар. Өмірде жайдары. Әзілдері сұмдық әдемі болады. Сосын әзілдеу мәдениеті де терең, әзілдері өткір бола тұра ешқашан шекарадан аспайды. Өзін өзі шебер мысқылдап отырады. Онысы өнер дәрежесіне жеткен.

Шын талант қандай да бір шекараларды мойындамайды. Бұл кісі де сондай. Қандайда бір ұстанымдарға, қағидаларға, сондай-ақ өнердегі, әдебиеттегі заңдылықтарға шартты түрде қарайды. Ең бастысы туынды адамның жүрегіне жетуі керек дейді. Қатып қалған қағидалары бар деп айта алмаймын. Бірақ түпкі дүниесі дәстүршіл.

Әдебиетте проза жағынан да, публицистика жағынан да, әдеби сын жағынан да, зерттеуші ғалым ретінде де осы заманымыздың көзі тірі құбылысы. Мұндай дәрежедегі өз стилімен замандастарымыздың ішінде халықты баурап алып кеткен қаламгер жоқтың қасы. Ол кісіге жазуы еліктеп кеткендер де көп…

Өте талғампаз. Жайдақ көпшілдік, дарақы топшылдық мінездер ол кісіде жоқ. Білгішсінбейді. Досқа да, адамдарға да талғампаз. Бірақ жастарға жақын, жаны жас. Жастарды тартып алатын магниттік күші бар. Рухани аясы зор адам. Абай атамыздың «топ жиып ең бір бөлек» деп айтатынындай, өзінің маңына бөлекше топ жинай алған адам. Рухани аясымен, рухани саясымен жастардың шоғырын жинай білді. Оны мақсатты түрде жасаған емес, шығармашылығына қатты ілтипатпен қараған жастар өздерінен өздері тартылып маңына топтасты деуге болады. Және ол кісі досқа өз басы ерекше адал болғандықтан да дос. Дос болып, кейін ол кісіден көңілі қалып, суып кеткен адамды өз басым көрген жоқпын.

Қоғамдағы жағымпаздықты, жалғандықты жүрегімен қабылдайды. Ішкі рухани дүниесі бай, онысын өзгеден қызғанбайтын үлкен шығармашылық тұлға. Ол кісіден «ананы, мынаны алдым» деп айту қиын, дүкен емес қой, бірақ көп дүниені үйренуге тырыстым…

Қоғамдағы әділетсіздіктерді, дарақылықтарды, талғамсыздықты, өтірікті, жалпы қоғамдағы адам жанын ауыртатын дүниелердің бәрін айтып отырады. Оны өте терең талдай алады. Бір қарағанда қарапайым, томаға тұйық өмір сүріп жатқан сияқты. Есмұхан Обаевтың: «Түкең деген князь ғой, князь», – деп айтқаны ойымда қалыпты… Қазақтың асыл текті, ақсүйектік ғұрыптарын, сондай эстетикалық биіктіктерді, шынымен қабылдап және сонымен өмір сүріп келе жатқан дара мінезді ағам ол.

Ол кісінің жасаған еңбектері халықты шынымен тамсандырған және халықты қатты ұмтылдыртқан дүниелер. Қазақ өнерінде өз стилі мен өрнегін қалдырып және өте таза, кіршіксіз өмір сүріп келе жатқан Тұрсынжан ағаммен замандас, замандас қана емес, іні-дос болғанымды мақтан етем.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз