Елімізде 2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы енгізілген болатын. Мақсат – қағазбастылықтан құтылу, бәрін қолма-қол атқарудан электронды жүйеге көшу. Соның бір бастамасы Алматыда автобустарда кондукторларды алып тастап, жолақысын картамен төлеп жүргенімізге екі жылдай болды. Халық «Оңай» жолақысын төлеу картасына түгел көшсін деп, картамен төлесе 80 тг, қолма-қол төлесе 150 тг етіп қымбаттатып қойған. Ал қазір автобустағы айғай-шу да ылғи 150 теңгенің айналасында болады. Жоқ, халық автобусқа бір мінгеніне сондай ақша төлемейміз де отырған жоқ. Төлейді. Бірақ жүргізушілер төлегенін растайтын билет беруге қиналады. «Қалтамызда қалса» деген есекдәмесі бар. Менің де билет үшін бірнеше рет автобус жүргізушілерімен, олардың заңсыз алып алған кондукторларымен дауласуыма тура келді.

   Астанада Astra Bus жолақысын төлеу картасы бар. Ол да былтыр ене бастаған. Он рет жүруге толатын ақшасы бар картаны сатып алсаң, он бірінші рет автобусқа мінгенің тегін. Әрі бір сағат ішінде автобус ауыстырып отырсаң, екінші автобусыңа төлемейсің. Астаналықтар картаға түгел көшсін деп қолма-қол төлеу ақысын 180 теңгеге көтермекші. Ал картамен төлесең, бұрынғы баға – 90 теңге. Оңай деуге «Оңай» картасы емес, Astra Bus лайық-ақ. Сонан соң елордада кондукторлар арнайы форма киіп жүреді. Басыңды созып «қайда екен» деп іздеп жатпайсың. Міндетті түрде билет береді. Алматыдағыдай алдын-ала «билет бересіз бе?» деп сұрап алмайсың. Астанада заң қатал. Әйтпесе, кешқұрым кондукторлардың «билет жоқ» деген сылтаумен 90 теңгемізді қалтасына сүңгіткенін талай көргенбіз. Алматымызға оралайық. Басқа-басқа «Оңайымда» ақша бар-жоғын жиі тексеремін. Болмай қалып, 150 теңге төлеуге қиналғаннан емес, қайта-қайта кондуктор мен жүргізушіден билет сұрап, жұрттың көзінше дауласып тұрғым келмейді.

   Бір жолы №7 автобусқа міндім. «Оңайымды» бассам, ішінде ақша таусылып қалыпты. 150 теңге төлеуге тура келді. Кондукторға ақшаны ұстаттым. Билет беретін сыңайы жоқ. Тіпті «сіз төледіңіз-ау, билет күтіп тұрсыз-ау» деген ой жоқ. «Маған билет бермедіңіз», – дедім. «Билет қатты керек боп тұр ма? Жолда тексерушілер келсе, өзім жауап беремін. Тұра беріңіз», – дейді. Маған тексерушілердің автобусқа кірген, кірмегені маңызды емес. «Жоқ, мен жолақысын төлегенім рас па? Рас. Енді неге билетімді бермейсіз?» – деймін. «Түскі асқа осылай ақша жинау керек қой. Төлегіңіз келмесе де бәрібір ақша алам ғой. Мен алам деймін бе, аламын. Билет жоқ. Айтатын жеріңе айт, жазатын жеріңе жаз», – деп салонның соңына қарай өте берді. Келесі аялдамадан түсетін едім. Ақысын төлеп қойған билетімді бермеген соң автобуста жазылып тұрған 1424 call-орталыққа үш рет хабарластым. Алғашқы екі қоңырауды бір жігіт алып, дұрыс жауап бермеді. Үшіншісінде бір қыз бұл сыбайлас жемқорлыққа жатпайтынын айтып, әкімдікке бару керегімді түсіндірді. Ешқайсысымыз 150 теңгенің билеті үшін әкімнің күту залында кезекте тұрмаймыз ғой. Әлеуметтік желілерде Алматы қаласының әкімдігіне қарата, болған оқиғаны жаздым. Менің ғана емес, қоғамдық көлікпен жүретін əр екінші алматылықтың басындағы жағдай бұл. WhatsApp желілерде «әкімдікке хат жазатын болсаң айт, бәріміз қол қоямыз. Баратын болсаң айт, бірге барамыз» деген сынды көп хабарлама алдым. Олардың «барамыз, жазамыз» деп отырғаны осы мәселемен неше рет кезігіп, əбден зəрезап болғандығынан. Бірақ сол тұста жазбама Алматы қаласының Инстаграм аккаунтынан (almaty_akimat) «назарға алынды» деген пікір жазылды. Бір хабарын берер деп күтуге бел байладым. Тұп-тура он төрт күн өтті. Дайректте қылқылдап жұмыстың нәтижесін сұрай берген соң, мынадай хабарлама келді: «Алматы қаласының жолаушылар көлігі және автомобильді жолдары басқармасының мәліметі бойынша сіздің №57 маршруттағы болған оқиға бойынша шағымыңыз осы маршруттың қызметін жүргізетін «Талап Т» ЖШС-на жеткізілді. Автобус паркінің басшылығы жүргізушімен түсіндірме жұмысын жүргізіп, оған қатаң сөгіс жариялады. Шағымдар қайталанған жағдайда жұмыстан шығарылатыны туралы түсіндірілді», – деген хабарлама келді. Негізі ол №7 автобус болатын. Акт сұрап едім, сол күйі жауапсыз қалды.

Көктемде Еуропаға барғанбыз. Венгриядан Астанаға келе жатқанда жаныма мадияр жігіті отырды. Танысып, біліскен соң, біраз әңгімелестік. Әңгіме ауаны жемқорлық турасына ауысты. Ол: «Біздің елде жемқорлық көп. Венгрияда ең үлкен бес жол торабы бар. Ол жол тегіс, қатты жүруге болады. Сондықтан да ақылы. Біз сол жолды қазіргіден де жақсартып, жөндесін деп ақы төлейміз. Ал онда өзгеретін нәрсе шамалы. Яғни біздің төлеген ақшамыз біреудің қалтасына кетіп жатыр деген сөз. Одан бөлек біз автобусқа, метроға билет сатып алып кіреміз. Біз берген ақшаға олар метроны да, автобус жолын да жақсартып, жаңартып отыру керек. Алайда ондай өзгерістер өте сирек», – деді. Мен жолақысын төлегенде осы ақшама жолды не осы көлікті жақсартуы керек деп ешқашан ойламаппын. Дамыған елдерде азаматтар «ақшам қайда кетіп жатыр?» деп ойлайды. Сапарластың бұл әңгімесінен соң Венгриядағы жемқорлық түсінігі бізден мүлдем бөлек екенін ұқтым. Үкіметке төлеген ақшаңыз халыққа, өзіңізге бәрібір қайтады.

Біз жемқор басшыларды сөз еткенді жақсы көреміз. Бірақ ешқашан олардың қалай жемқорға айналып кеткенін ойланбайды екенбіз. Доллармен жасалынатын жемқорлық майда тиыннан басталады. Оларға біреудің ақысын жеуді тым болмағанда, 150 теңге төлеген билетімізді сұрамай жүріп үйреттік. Өзіміз үйреттік. Қалтасына ақшаны сала бердік. Олар да «ала берсе болады екен. Мына халық билетін сұрамайды екен» деді. Көбіміз қарап қана тұрған өзге жолаушылардан қысылып, билетті қоя саламыз негізі. Ондай жағдайға кезіксеңіз жүргізушіден билетін ала алмай тұрған жолаушыға болысыңыз. Билетіңізді алыңыз. Сіз азамат ретіндегі құқыңызды қорғап жатсыз. Ақшаңыздың өзіңізге қайтып келуін талап етіп отырсыз. Сонда жемқор əкім мен министр туралы əңгіме де азаяды.

Мақсатымыз дауласу, сөз қуу емес. Бар болғаны ақысын өз қалтамыздан төлеген бір жапырақ билетімізді алғымыз келеді.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз