1934561_1106309089413526_3712995489331996119_n

Мұхтар Əуезов Мағжан ақын жөнінде «Оның Еуропалылығын, əшекейін сүйем» дегенде, қайсы қырын əшекейге теңеді екен дейсің. Иə, тура мағынасында емесі анық. Бірақ мен соның тура мағынасына үңіліппін. Яки, Еуропалылығы дегенде жаңашылдығын айтып, əшекейі дегенде өлеңдегі ұлттық өрнегін меңзегені шығар деймін. Мүмкін, олай да емес. Бірақ «жүзің бар он төртінші айдай көркем» деген теңеулер Мағжанның ұлт ақыны екенін айғақтай түседі. Бұл – бір.

«Қолөнерді қолдың шеберлігі арқылы жасалатын өнердеп қарамау керек» дейді мамандар. Қолөнер – шығармашылық өнер. Яғни, зергерлік əшекей бұйымның ар жағында үлкен мəн-мағына жататын бекзат өнер екен. Бұл жұмысқа кіріспес бұрын қазақтың тарихымен, салт-дəстүрімен жіті таныс болуың шарт. Тағы не нəрсе керек? Осы жөнінде арнайы маманнан жəне өнер адамынан сыр тартып көрдік…

Ардақ ИСАТАЕВА, дəстүрлі əнші:

10629861_275098369346317_3124595575176412009_n

 Шетелдіктер әшекей  бұйымдарымды сатып алғысы келеді

– Ұлттық əшекейді дəстүрлі əншілер көбірек тағатыны белгілі ғой. Оның ішінде өзіңіз де барсыз. Ал былайғы уақытта тағасыз ба?

– Қазақы əшекейлерге қатты құмармын. Өйткені, сахнаға, халықтың алдына шыққасын да, бір есептен дəстүрлі əн айтып жүрген соң да өз əшекейімізді тағу міндетіміз. Өнер адамы – халықтың айнасы, ұлттық əшекей қазақылығымызды көрсетеді. Тек концерттерде ғана емес, былай да, қонаққа барғанда, əртүрлі кештерде ұлттық білезігімді, сақинамды, сырғамды, алқамды тағып барамын. Əшекейді тек қазақы көйлекпен тағу міндет емес. Былайғы киімге де жарасып-ақ кетеді.

– Сатып аласыз ба, əлде арнайы жасатасыз ба?

– Тінібек деген інім бар, осындай дүниелерді жасаумен айналысады. Жақсы шебер өзі.Соған арнайы жасатқан болатынмын. Əр əншінің өз жеке бұйымы болу керек қой, сол үшін жекелей жасатқанмын. Шеберлердің бір жақсысы, біреуге жасағанды екінші біреуге қайталап жасамайды. Менің таққанымды біреудің тағып жүргені ұнамайды. Əр əншінің өзінің сондай жеке əшекей бұйымы болу керек деп есептеймін.

– Əшекейлеріңіз қандай металдан жасалған?

– Күмістен жасалған. Білезік, сақиналарды таза күмістен жасамаса қарайып кетеді ғой. Екі жыл болды, əлі жарқырап тұр.

– Шеберге өз ойыңызды айтасыз ба? «Былай болса, мынадай жаңа ойым бар» деп пікір ұсынасыз ба?

– Əрине. Əшекейлеріме өз пікірімді білдірдім. Шебер екеуміз бірлесіп жасадық. Сосын бізде əр өңірдің өзіне тəн өрнектері бар. Бұл руға, жерге бөліну емес, қазақтың өрнегі болған соң ол идеяны да айтып көрем. Сосын шебер əшекейге келетін, лайықты идеяны құп көріп, өтінішімізді орындауға тырысады. Əлбетте, əр пікірің келе бермейді.

– Шетелге де көп шығасыздар ғой. Басқа ұлттар əшекейімізге көп қызығатын шығар?

– Əрине. Талай жердің адамдары сырға-сақинамызды көріп, «бізге сатып кетіңізші» деп өтініш білдірген. Басқалар да қазақтың бұйымдарына құмар екенін байқадым. Тіпті, «домбыраңызды сатып кетіңізші» дегендері де болған. Өзіңе арнап жасалған соң əрі жан серігің болған соң домбыраны ешкімге сатпайсың, əрине. Əшекейлерді арнайы апарып немесе өз бұйымдарымды сатып көрген емеспін.

– Қазір əншілердің арасында ұлттық əшекей сəнге айналып бара жатқандай. Əлгінде өзіңіз айтпақшы, шеберлер бір адамға жасағанды екінші біреуге жасамайтыны үшін ұлттық əшекейге қызығады деп ойламайсыз ба?

– Жоқ, ондай оймен тақпау керек. Өз басым қазақы бұйымға құмармын. Ұлттық бұйымдар əдемі көрінеді ғой, негізі. Қазір көбі қолдан жасалған бұйымдарға қызығады. Ал жақұт, қымбат бұйымдар дегенің сəннен түсіп бара жатқан сияқты.

 

Алмас МҰСТАФА, қолөнер шебері:

1613858_897709010273536_7505225832346594506_n

ҰЛТТЫҚ ӘШЕКЕЙ БРЕНДКЕ АЙНАЛУЫ ҮШІН ТУРИЗМ ДАМУЫ КЕРЕК

– «Ұландық» балалардың білгісі келеді, осы өнердің оқуы бар ма бізде? Өзіңіз қайдан үйрендіңіз?

– Қолөнерге, оның ішінде бейнелеу өнеріне бала кездегі қызығушылығым өте күшті болды. Мектепте жүріп-ақ осы бағыттағы жарыстарға қатыстық. Сурет салумен айналысып жүріп Абай атындағы педагогикалық университетке түстік. Көркемсурет факультетінде қолөнер деген мамандық бар, соны бітірдім. Алған дипломымыз – ағаш жəне металдың шебері. Кейін магистратурасын да оқыдым. Оны бітіргесін жеке шеберхана аштық. Əуелі ағаш шеберханасын ашып, былтыр металл шеберханасын қостық. Бірақ осы сала бойынша 10 жылдық тəжірибем бар. Оған дəлел – мына марапаттар. Түрікменстан, Иран, Мəскеу, Үндістан, Қытай, Тайланд, Малайзия  секілді бірқатар елдердегі халықаралық көрме байқауларына қатыстым. О жақтардан керемет дүниелерді көріп, əсерленіп, солардан шабыт алдым. Сосын бізде де неге өз ұлттық өндірісімізді дамытпасқа деген ой келді. Кейін «Дала сазы» деп аталатын кəсіби мамандарға жəне орта мектеп оқушыларына арналған ұлттық саз аспаптар өндіру шеберханасын аштық. Одан бөлек «Алмастер» шеберханам ұлттық стильдегі авторлық зергерлік жұмыстар жасаумен айналысады. Əртүрлі жұмыстар жасаймыз.

– Өзіңіз айтқан шетелдік марапаттар қай еңбегіңіз үшін берілді? Біздің ерекшелігіміз неде екен?

– Біздің елімізде де үлкен конкурстар, көрмелер өтеді. Қазақстан қолөнершілер одағы деген үлкен одағымыз бар. Сол жыл сайын ең үздік шеберлерді анықтап тұрады. Соған бес рет қатысып, үш рет жеңіп алдым. Оның өзі ашылғанына 4-5 жыл болды. Бүкіл əлем қандай шарттарға қарап бағалайды, сол бойынша сынға алады. Ұсынған затың қарапайым əрі əдемі көрінуі керек. Екіншіден, материал табиғи таза, химикатсыз болуы. Үшіншіден, материалдың сапасы халықаралық талаптарға сай болуы шарт. Мысалы, тез сынып қалмайтын, тез бүлініп кетпейтін, ағаш болса шірімеген, тері болса жақсы иленген болуы керек. Сол сияқты металдың да, тастың да талаптары бар. Ал одан бөлек идеяңа баса мəн беріледі. Қай саланың байқауында болсын идея басты есепке алынады ғой. Бұл да – шығармашылық өнер.

– Ұлттық əшекейге қатысты біраз жаңа жобаларыңызды, тың идеяларыңызды байқап жүрміз…

– Əуелі ортекені жасадым. Бұрын ол жай ғана торда тұратын. Соны күрделендірдім. Əдемі шығаруға тырыстық. Былтыр екі бетті домбыра жасадым. Екі жағы да ойнауға келеді. Ол ата-бабаларымызда болған дүние екен. Кейін ұлтсыздандыру кезінде жоғалып кеткен ғой. Одан басқа да дүниелер көп. Жиналмалы бесік деген сияқты… Міне, осылар – авторлық дүниелер. Сол сияқты зергерлік дүниелерде де айтатын ойым бар. Яғни, айтар ойды зергерлік əшекей арқылы да беруге тырысып жүрмін. Амандық болса, көп нəрсені жасаймыз əлі.

– Осындай шеберханалар бізде көп пе?

– Бар. Жетерлік. Бірақ шынын айту керек, төрт-ақ миллион халқы бар Қырғызстанда бізден он есе көп. Олар ұлттық өндірісін бүкіл əлемге шығарып жатыр. Оның себебі, билік, халықаралық қорлар олардың жұмыс істеуіне тыйым салмаған. Ал бізде тыйым салып, қудалап жіберді. Сол үшін Алматыдағы қолдайтын қорлар жабылып қалған болатын…

– Ал біздің əшекейлерді брендке айналдыруға не кедергі?

– Əрбір ұлттық əшекейімізді брендке айналдырып тастауға болады. Қаншалықты жарнамаң жақсы болады, соншалықты брендке айналасың. Бірақ брендке айналдыру үшін туризм дамуы керек. Туризмі жоқ елде ешқандай бренд болмайды. Туризмді дамыту өз қолымызда. Мəдениет министрлігі жақсы жобалар ұсынуы керек. Өндірісі жоқ елді туризмнен басқа немен көтеруге болады?!

– Шеберханаға келушілер, тапсырыс берушілер қай жастағылар?

– Жас талғамайды. Көбіне 30-40 аралығындағы əйел адамдар. Қазір күмістен бұйым тағу сəнде. Алтынның орнын басып бара жатыр. Себебі, бижутерияның сапасы алтынға барып қалды. Алтын сияқты жалтырайды, арнайы маман болмаса ажырата алмайсың.

– Ұлттық əшекейлерді негізінен қандай мақсатта алады?

– Салт-дəстүр, жөн-жоралғыға байланысты алады. Сыйлыққа да жиі алады. Əйелдер өздеріне алады деген секілді… Жаңа, ешкімге ұқсамайтын затты алуға қыз баласы құмар ғой…

 

Дайындаған Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ұлан», №12

(22.03.2016)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз