«Мен сол күні мектеп формасын киіп жүрдім. Үстімде ұзындығы тіземнен төмен қою көк сарафан, ақ кофта болды, сыртынан күртеше кигенмін. Ол кезде мен 12 жаста едім. Екінші ауысымда оқыдым. Сол күні 6 сабақ болды. Біз сабақтан шыққанда дала қараңғы болып кетіпті. Үйге құрбыммен бірге қайтып келе жаттым. Құрбымның үйіне жеткенде екеуміз қоштастық та, маған тағы 200 метрдей жерді жалғыз жүруге тура келді. Мені осы аралықта зорлады. Қазір мен қараңғыда жалғыз жүруден қатты қорқамын… Болған оқиғаға бəрі мені кінəлады. Барлығының алғашқы қойған сауалы: «Сен не киген едің?» Бұл соншалықты маңызды ма еді?»

Алматылық үш студент ұйымдастырған «Киімді кінəлама» көрмесінде осындай мазмұндағы 13 қазақстандық қыздың оқиғасы баяндалады. Көрмеге қыздардың зорланған күні киген киімдері қойылған. Көрме де, киімдер де қарапайым. Алғаш көрген адам мұны дизайнердің киім көрмесі деп ойлап қалуы да мүмкін. Алайда əрбір киім экспонаттарының жанында жазылған оқиғаны оқыған адам бұл көрмеге басқаша көзқараспен қарайтыны анық.

Қазақ қоғамында көп нəрсе «ұят боладымен» шешіледі. Зорлық көрген қыздар көрген қорлығын, ашу-ызасын, қарсылығын айтып, ешкімнен көмек сұрай алмайды. Себебі, қоршаған орта зорлық көрсеткен адамды емес, қыздың өзін кінəлайтын қате түсінік қалыптасқалы қашан? «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді», «өзі ашық-шашық киініп алған ғой» деген сөзге қалып, абыройдан айырылмау үшін қыздар қауымы бəріне көнеді. Баласын қоқысқа қалдырып кету, əжетханада туу, некесіз балалардың көбеюі, қыздардың өз-өзіне қол жұмсауы да осыдан келіп шығады. Біз бұл оқиғалардың бəріне қыздардың өзін кінəлаймыз. Оқиғаның астарына үңілуге тырысатындар сирек кездеседі. Себебі – қорқынышты. Себебі – ұят болады.

«Киімді кінəлама» көрмесі зорлық көрген қыздардың жанайқайы іспеттес. Олар «Сен не киген едің?» деген сауалға жауап беруден шаршағандықтан, қыздарды зорлағанда олардың не кигені маңызды емес екенін түсіндіргісі келеді. Жаңа арт-жоба Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жоба идеясы 2013 жылы сексуалды қылмыстың алдын алу орталығының басшысы, АҚШ-тағы Канзас университетінің қызметкері Джен Брокмэн жəне Арканзас университетіндегі зорлыққа қарсы инициативалық бағдарламалар орталығының дəрігері Мэри А.Вьяндт-Йебер бастамасымен жасалған. Мұндай мазмұндағы көрмелер 2013 жылдан бастап Американың оқу орындарында қойыла бастаған. Ал Қазақстандағы көрмені алғаш рет Инесса Ишакву, Алтынай Мусалимова жəне Фариза Оспан есімді қоғамдық белсенді қыздар өткізіп отыр. Көрменің мақсаты – зорлық-зомбылықтың құрбандары тек қана ашық киініп, өзіне назар аудартатын қыздар деген мифті жою. Көрменің басты экспонаттары – 13 қазақстандық қыздың зорланғанда киген киімдері. Көрме 23 қаңтар – 1 ақпан аралығында Алматы қаласындағы SmArt.point ғимаратында өтті. Бір апта бойы көрмеге келушілерге арналған «Балалар жəне зорлық-зомбылық», «Баланың зорлық көргенін қалай түсінуге болады?», «Егер жақындарың зорлық көрсе, не істеу керек?», «Зорлық көрсету жəне оның жазасы» деген тақырыптарда тегін дəрістер өткі-зілді. Мұнда отбасылық психолог жəне психотерапевт Жанар Жолдыбаева, адвокат Айман Умарова, Алматыдағы «Аналар үйінің» координаторы Аманат Жаппуева спикер болды.

Жабылу салтанатында «Ұланның» редакциясы «Киімдікінəлама» көрмесін ұйымдастырған үш қызбен əңгімелесіп қайтқан еді.

Ұлан: Қыздар, көрме өте ерекше жəне əсерлі екен. Мұндай көрме ұйымдастыру туралы ой қалай туындады?

Алтынай Мусалимова: Негізі осы мазмұндағы көрме алғаш рет Канзас университетінде «Сен не киген едің?» деген атпен өткен болатын. Бірде Инесса Ишакву есімді студенттің осындай көрме жасауға бастамашы болып жатқанын Facebook əлеуметтік желісінен көріп қалдым. Қоғам белсендісі ретінде мені осы тақырып қызықтырды. Фариза бізге оқиғалар мен контактілерді табуға көмектесті. Үшеумізді əлеуметтік жобалар бір командаға біріктірді.

Ұлан: Қазақ коғамында мұндай нəрселерді жарияға жар салып айтуға қысылады. 13 қыздың оқиғасы туралы қайдан білдіңіздер? Бұл оқиғалар шынайы ма?

Фариза Оспан: Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар Қазақстанда өте көп. Бірақ олар туралы ешкім білмейді. Кейбір оқиғалар туралы біз дағдарыс орталығынан, «Аналар үйінен» білдік. Қалғандарын таныстарымыз айтып берді. Жоба аноним жүргізілетіндіктен кейіпкерлер бізге бар шындығын айтып беруге келісті. Алғашында көрмеде 15 адамның тағдыры мен оқиғасы баяндалады деп жоспарлағанбыз. Алайда дəл көрме болатын күні екі кейіпкер оқиғасы туралы көрмеге қоюдан бас тартты. Біз жинаған оқиғалардың барлығында дерлік құрбандар өзіне зорлық көрсеткен адамды жақын танитын болып шыққан. 13 оқиғаның 4-еуінде ғана қыздарды бейтаныс адам зорлаған. Сондықтан біз қыздарды жəне олардың ата-анасын сақ болуға шақырғымыз келеді.

Ұлан: Білуімізше, үшеуіңіз де қоғам белендісі, ерікті тұлғасыздар. Көрмені ұйымдастыруға кім көмектесті?

Инесса Ишакву: Мұндай көрме ұйымдастырудың ешқандай қиындығы жоқ. Тек ниет болса болғаны. Оқиғаларды, киімдерді, спикерлер мен көрме өткізетін орынды өзіміз іздеп таптық. Қоғамға пайдалы іс атқаруға қоғамның барлық мүшесі қолдау көрсетуі керек деп ойлаймын. «Киімді кінəлама» көрмесін өткізу туралы ұсыныс пен өтінішімізге алдына барып көмек сұраған барлық мекемелер бей-жай қараған жоқ. Келушілер өз қалаларында осындай шара өткізгісі келетіндерін айтты. Біз əрдайым көмектесуге, қолұшын беруге дайынбыз.

Ұлан: Көрме адамдарға қалай əсер етті? Осы шара арқылы қоғамдық көзқарас қаншалықты өзгерді деп ойлайсыздар?

Алтынай Мусалимова: Тегін болғандықтан келушілер саны көп болды. Көрме ұйымдастырылған орын көпшілікке өте ыңғайлы болды. Тамақтануға, кино көруге, жұмысқа, театрға кетіп бара жатқан адамдар «Almaty Towers» ғимаратынан «Киімді кінəлама» көрмесін көріп қалып та келіп жатты. Адамдардың көзқарасы əртүрлі ғой. Соған сəйкес, пікір де сан түрлі болды. Кейбіреулердің көңілі босап, көзіне жас алып жатты. Кей келушілер қоғамда мұндай бассыздықтардың болып жатқанын енді біліп, қорқынышы мен жиіркенішін жасыра алмады. Бастысы, адамдар зорлық көрсетуде киімнің ешқандай кінəсі жоқ екенін түсінгендей болды. Қазір, тіпті, полиция қызметкерлерінің өзі зардап шегіп отырған қыздардан: «Сен не киген едің?» деп сұрайды. Біз көрме ұйымдастырып жатқанда «Мұндай жағымсыз нəрселерді адамдарға көрсетіп не керек? Қазір жағдайымыз жақсы» дегендер де кездесті. Иə, былтырғы жылғы статистика бойынша зорлық көрген қыздардың үлесі 30 пайызға азайған. Бірақ, мұндай оқиғалар əлі де болсын қоғамда кездеседі. Көрме арқылы біз қалыптасқан стереотипті жоюға тырыстық.

Ұлан: Алдағы уақытта осы бағытта тағы да іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар ма?

Алтынай Мусалимова: Инесса, Фариза үшеуміз бұрын ортақ əлеуметтік жобаларда бірге жұмыс істегенбіз. Ал «Киімді кінəлама» – үшеуміздің алғашқы жобамыз. Алдағы уақытта осы іспеттес көрмені Қазақстанның басқа қалаларында да өткізбекпіз. Қыздар айтып өткендей, бізге бұл үшін ешкім ақша төлемейді, бəрін ерікті түрде жүзеге асырамыз. Біздің артымызда ешқандай ұйым мен мекеме тұрған жоқ. Жақсы иделар туындап жатса, жақсы жобалар да дүниеге келеді деп күтеміз.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №6
06.02.2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз