Жер бетінде қанша мамандық бар деп ойлайсың? Статистика бойынша сарапшылар екі мыңнан астам мамандық түрі бар деп көрсетеді. Бірақ, заман талабына сай сол мамандықтардың кейбірі жойылып, кейбірі маңызын жоғалтып, кейбірі жаңадан пайда болып жатыр. Уақыт пен нарықтың сұранысы көз ілеспес жылдамдықпен дамыған сайын болашағыңды елестету, өзіңе лайық мамандық таңдау қиынға соғады. Айналдырған 20 жылдың көлемінде Аспан әлемін шарлау күнделікті қолжетімді кәсіп болып, адам атқарып жүрген барлық қызмет түрлерін роботтар меңгеріп алуы мүмкін. Демек, адам баласы жасайтын әрекетті одан өнімдірек атқаратын функция пайда болады да, кейбір маңызды мамандықтар мәнін жоғалтады. Сонда қайтпек керек? Жауабы – жалғыз. «Өлмейтін» мамандық таңдау керек. Мамандық та «өле» ме деп сұрауларың бек мүмкін. Егер адамның қызметіне деген сұраныс болмаса, жойылып кетпей қайтсін?

Ал «өлмейтін» мамандықты қалай таңдау керек? Бір кәсіптің болашағын қалай болжап білуге болады? Жақында Қазақстанда #100мамандық дейтін жаңа жоба пайда болды. Бұл жоба балалар мен жасөспірімдердің уақытын, қаражатын, жүйкесін үнемдеуге арналған. Статистикалық деректер бойынша, жоғары оқу орнын аяқтап, мамандық алып шыққан түлектердің 60 пайызы өз саласында қызмет етпейді екен. Себебі мамандықтың аты мен міндеті және шынайы өмірдегі табысы мен қызметі бір-бірімен мүлде сәйкеспейді.

Бала күнімізде бәріміз үйдің немесе бір ойыншықтың макетін сызып алып, «құрылысына» кіріскен кезде оның дәл сол макеттегідей әдемі немесе зәулім болып шықпағанына қынжылатын едік қой. Мамандық та сол сияқты. Сен ойлағандай әсер қалдырмауы мүмкін. Оның үстіне, әлі кәмелеттік жасқа толмаған, тұлға ретінде қалыптасып үлгермеген, мектепті жаңа бітірген талапкерлер 18 жасында өзіне не керек екенін, қоғамға не керек екенін жете түсінбеуі мүмкін. Сондықтан олар ересектердің көмегіне зәру. Алайда, жасыратыны жоқ, дәстүрлі қазақ қоғамында ата-ана қауымы балаларына жеке тұлға ретінде емес, өз өмірінің жалғасы ретінде қарап, өздерінің орындалмай қалған мақсат-мұраттарына балаларының жеткенін қалайды. Осындай қате түсініктің кесірінен елімізде сапалы кадрлардың жетіспеушілігі мен жұмыссыздық жиі кездеседі. #100мамандық жобасы осы олқылықтың орнын толтыру үшін өмірге келген. Оны қарапайым ерікті жастар ұйымдастырған. Осыған дейін олар балаларды автопилот, аспаз, биші сияқты мамандықтармен таныстырған.

Жоба 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге өздерін түрлі мамандық иесі ретінде сынап көруге мүмкіндік береді. Бәріміз киім сөресіндегі әдемі киімді алғымыз келеді, солай емес пе? Бірақ, ол киім біреуге жарасады, ал кейбіреулерге үйлеспеуі мүмкін. Кейбір адамдарға тек өзіне арнап тігілген, құйып қойғандай киім болады.  #100мамандық жобасы арқылы кез келген мамандықты киім өлшеген сияқты өлшеп көріп, өз болмысыңа үйлесіп-үйлеспейтінін анықтай аласың. Бұл өзіңнің болашақ өміріңе саяхат жасап көргенмен бірдей. «Ұлан» газетінің тілшісі де жобадағы кезекті мамандықтардың бірін «өлшеп», бағын сынап көрді.

Түнгі клубтан театрға дейін немесе бала арманнан кәсібилікке дейін

Есейген соң маған «Армандар орындалады» деген тіркес пафосқа толы сөздер сияқты боп көрінетін. Бірақ, #100мамандықтың кезекті кездесуінен соң бұл сөздердің салмағы анағұрлым басым екенін түсіндім.

Бала күнінде әртіс болуды, әнші немесе биші болуды армандамаған адам жоқ шығар? Бірақ, олардың барлығы бірдей арманына жетті ме? Ойланып қарасам, олай емес сияқты. Бірақ, арманын мақсатқа, мақсатын әрекетке, әрекетін жетістікке айналдырған танымал тұлғаларды көріп, олардың өмір тарихымен танысқан сайын мотивация аламыз. Тағы да пафосқа, ұранға толы тіркес жазып отырсам, айып етпессің. Бірақ, бұл расымен осындай тізбекпен жүзеге асады. Бұл деп отырғаным – киелі сахна өнері.

Киелі сахнаның киесімен танысу үшін біз «АРТиШок» театрына қонаққа бардық. Журналист ретінде емес, өзінің актерлық қабілетін сынап көргісі келетін актер ретінде бардық.

«AРТиШок» театры – Қазақстандағы тұңғыш тәуелсіз театр компаниясы. Оны 2001 жылы Алматыда кәсіби әртістер мен режиссерлер, сондай-ақ арт-менеджерлер құрған. Театрдың кіші сахнасы 2017 жылға дейін 65 адамға арналған жертөледе орналасқан. Ал былтыр көктемнен бастап театр ұжымы кішкентай театрдың үлкен сахнасын жасау үшін бұрын түнгі клуб болған ғимаратты жалға алған. Ойлап қараңызшы, түнгі клуб пен театр ғимаратының арасы жер мен көктей емес пе? Бір қарағанда, тіпті мүмкін еместей көрінеді. Бірақ, артишоктықтар үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Олар мұны дәлелдей білді. Алты айдың ішінде түнгі клубты таңғаларлық театрға айналдырды. Алматы қаласындағы Панфиловшылар саябағында орналасқан «АРТиШок» театрының үлкен сахнасын бұрын түнгі клуб болды деуге қимайсың. Барлық реквизит ретпен, тәртіппен орналасқан. Айтпақшы, театр ұжымы әрбір қойылымды өздері жазып, өздері ойнап, тіпті, қойылымға қажет реквизиттерді де қолжетімді материалдардан өздері жасайды екен.

Театрға адамдар тек қойылым көру үшін емес, кофе ішіп, әңгіме-дүкен құру үшін, әдемі картиналар мен өнер туындыларын көру үшін, кейде театр ұжымына көмектесу үшін келеді екен. Мұны жанымда жүрген кішкентай көрермендердің сөзінен аңғардым. Айтпақшы, тоқсандық демалыс кезінде мектеп оқушылары театр зертханасына барып, өздеріне жазған сценарий бойынша қойылым дайындай алады.

#100мамандықтың кезекті мамандығы – актер. Бізді бұл мамандыққа «АРТиШок» театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, актриса Галина Пьянова мен актер, көрермендерге «Аға әлде неке», «Бизнесмендер» фильмдері арқылы танымал болған Чингиз Капин баулыды. Олар жоба қатысушыларына түрлі жаттығу жасатып, жақсы актер болудың сырымен бөлісті. Балалар бір сәтке өздерін актер ретінде сезініп, бір күн бойы актерлықтың қыр-сырына қанықты. Галина Пьянова мен Чингиз Капин көпшіліктің сұрақтарына жауап беріп, бірге билеп, ойнап, білгенімен бөлісті. Кәсіби мамандардың актерлық өнерге қатысты айтқан ақыл-кеңестерін «Ұланның» келесі санынан оқи аласыңдар.

P.S: «Өмірдің өзі пьеса, біз бәріміз актермыз» деген тіркесті жиі естиміз. Алайда, адамдардың сахнадағы актердан ерекшелігі – өзінің рөлін өзі таңдап, миллиондаған көрермен алдында өз бейнесін қалыптастыра алуында. Жағымды кейіпкер боласың ба, жағымсыз кейіпкер боласың ба, бәрі өз қолыңда. Ал сен өмірдегі рөліңді қалай сомдап шыққың келеді? Өмір сахнасында ойнайтын қойылымның сценарийін санаңа жазып қойдың ба?

Дана МАРАТОВА.
Суреттерді түсірген Лола Мадьярова, 17 жаста.

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз