Ел арасында «100 оқулық» деп аталып жүрген жоба бұдан дәл бір жыл бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан бастау алғаны белгілі. Елбасы алдағы жылдары «гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз» дегенді айтқан болатын. Жобаны жүзеге асыру жаңадан құрылған Ұлттық аударма бюросына жүктелген. Ал 12 сәуір күні, арада дәл бір жыл өткенде Аударма бюросының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы алғашқы 18 оқулықты Елбасының қатысуымен өткен жиында таныстырды.

Одан бері де бір айға таяу уақыт өтті. Алғашқы 18 оқулық еліміздің жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізіле бастады. Бір айта кетерлігі, бұл оқулықтар сатылмайды, жоғары оқу орындарының кітапханаларына тегін беріледі. Кітапты қолына алғандардың алды пікірін де білдіріп үлгерді. Дегенмен, ел арасында әлі де болса бұл жобаның маңызын онша түсінбей отырғандар бар екенін байқадық. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа әлемнің рухани қазынасына негізінен орыс тілі арқылы қол жеткіздік. «Әлемдік классика» сериясымен шыққан кітаптардың дені түпнұсқа тілден емес, орыс тілінен аударылды. «Мәдени мұраға» қатысты да осы жағдай. Ал бұл «100 оқулықтың» ең басты ерекшелігі – олар түпнұсқа тілден аударылды. Әрі олардың кейбірі әлі күнге дейін орыс тіліне де аударылмағанын баса айтқан жөн. Аударылғандары болса да, ескі басылымдары ғана. Ал тізімдегі кітаптар ең соңғы басылымнан аударылды. Олардың барлығы дерлік толықтырылған, осы күні оқытылып жатқан оқулықтар. Психология, философия, лингвистика, менеджмент, әлеуметтану, дінтану, тарих салаларындағы әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары оқитын оқулықтар енді қазақ тілінде де қолжетімді болмақ.

Рауан Кенжеханұлы «100 оқулық» деген атаудың шартты екенін, ол әлдеқайда көп болуы да мүмкін екенін айтады. Ал Елбасы өз сөзінде жарыққа шыққан кітаптардың АҚШ, Ұлыбритания, Франция елдеріндегі үздік ғылыми еңбектер екеніне тоқталды.

Оқулықтарды іріктеген уақытта алдымен еліміздегі жоғары оқу орындарының қажеттілігі ескерілді. Іріктеу университеттерден басталды. Оқулықтардың кемінде үш рет басылып шыққан болуы да басты назарға алынды. Сонымен бірге ол әлемдегі алдыңғы қатарлы 100 университеттің бағдарламасында болуы міндеттелді. Биыл басылған 18 оқулық бұған дейін әлемнің 42 елінде 47 миллион данамен тарағанын да айта кеткен жөн.

Ұлттық аударма бюросы биыл тағы да 30 оқулықты аударып, жарыққа шығармақ. Бүгінде қызу жұмыс басталып та кетті.

Алғашқы 18 оқулық

Алғашқылардың қатарында аударылған 18 оқулыққа жеке-жеке тоқталсақ…

«Батыс философиясының жаңа тарихы». Төрт бөлімнен тұратын оқулық авторларының бірі – Оксфорд университетінің вице-канцлері, Британ академиясының президенті болған Сэр Энтони Джон Патрик Кенни. Кітап ағылшын тілінен аударылды.

«Философиянық қысқаша тарихы». Авторы – Дерек Джонстон. Бұл да ағылшын тілінен аударылды.

«Философияның таңдаулы 25 кітабы». Авторы – Реми Хесс. Оқулық француз тілінен аударылды. Батыстың аса көрнекті ойшылдары және олардың шығармалары топтастырылған жинақ философия тарихын да қамтиды.

«Әлеуметтану негіздері». Ағылшын тілінен аударылды. Дэвид Бринкерхоф бастаған авторлар әлеуметтану ғылымының теориясы мен зерттеу әдісі туралы баяндайды.

«Әлеуметтану теориясы». Авторлары – Джордж Ритцер мен Джеффри Степницки. Ағылшын тілінен аударылды.

«Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе». Атауының өзі ерекше бұл оқулықтың авторы – Эллиот Аронсон. Ағылшын тілінен аударылды.

«Қазіргі психология тарихы». Авторлары – Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульц. Ағылшын тілінен аударылды.

«Әлеуметтік психология». Авторлары – Дэвид Г.Майерс пен Жан М.Туенж. Бұған дейін 12 рет басылған бұл оқулық та ағылшын тілінен аударылды.

«Экономикс». Авторлары – Н.Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлор. Саясат пен экономиканың теориясы, қаржы нарығы туралы әйгілі оқулық та тікелей ағылшын тілінен аударылды.

«Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» оқулығы да ағылшын тілінен аударылды.

«Менеджмент». Авторы – Рикки У.Гриффин. Бұл да ағылшын тілінен аударылды.

«Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны». Авторы – философ әрі дінтанушы Карен Армстронг. Дін тарихы туралы оқулық та ағылшын тілінен аударылды.

«Медиа этика». Оқулық авторы – осы саланы зерттеп жүрген жас ғалымдар.

«Тіл біліміне кіріспе». Авторлары – Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамс. Бұл оқулық та ағылшын тілінен аударылды.

«Тіл және мәдениетаралық коммуникация». Авторы – Светлана Тер-Минасова. Бұл – орыс тілінен аударылған, яғни түпнұсқасы орыс тіліндегі жалғыз кітап.

«Антропология тарихы мен теориясы». Авторы – профессор Алан Барнард. Бұл да ағылшын тілінен аударылды.

«Төртінші индустриялық революция». Авторы – Клаус Шваб. Дүниежүзілік Давос форумының негізін қалаушы және тұрақты президенті Швабтың бұл еңбегін енді қазақ тілінде оқи аласыздар.

Жұлдыз Әбділда

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз