Жиһангез

100 доллармен 17 елді шарлай алар ма едіңіз? Біздің кейіпкеріміз Нұрсұлтан Балғанов жақында бұл ақшаға Еуропаның көрікті жерлерін аралап, өзі армандаған Исландияда болып қайтты. Бір қаладан екінші қалаға немесе бір мемлекеттен екінші мемлекетке тегін жету, саяхаттау Avtostop деп аталады. Шетелде осылай ел аралайтын туристер көп. Соңғы жылдары біздің елімізде де бұл үрдіс белең алып, жастар арасында автостоперлер көбейіп келеді. Нұрсұлтан да сол жалынды жастардың бірі. Мамандығы – бағдарламашы. Жасы 25-те. Қалтаны қақпай, көп қаржы шығындамай саяхат жасаудың қыр-сырын меңгерген Нұрсұлтанды əңгімеге тарттық.

– Шымкенттің тумасымын. Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде білім алдым. Банкте жəне жекеменшік компанияларда жұмыс істедім. Кеңсе қызметі көңілімнен шыға қоймады. Таңнан кешке дейін бір жерде байланып отырудан қажи бастадым. Алғашында жұмыс істеп, ақша табу керек деген мақсатпен жүре бересің. Уақыт өте келе бұл жұмыс жаныма жайлы еместігін түсіне бастадым. Өзіме ұнайтын, жаныма жақын іспен айналысу туралы көп ойландым. Не ұнайтын, не ұнамайтынын түсініп, адамдармен байланыс орнатуды көздедім. Саяхаттау нақты шешімім болды. Ал автостоп əртүрлі адамдармен танысып, қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Басқа елде адамдар қалай өмір сүріп жатыр, олардан не үйренуге болады деген сұрақтарға жауап іздедім.

– Саяхаттауға құмарлық қалай пайда болды?

– Бір күнде саяхатқа шығып кеткен жоқпын. Жұмыс істеп, ақша жинап жүрдім. Іссапар шығындарынан үнемдеген 100 долларды саяхаттауға жұмсаймын деп шештім. Үйде үш баламыз. Ағам мен əпкем бар. Үйдің кенжесімін. Əке-шешем де, достарым да менің жоспарыма қарсы болды. Ата-анам уайымдап, маған бұның не үшін керек екенін түсінбей əуреге түсті. Ол кісілерді көндіру үшін біраз сөйлесіп, ақыры дегеніме жеттім. Бұл саяхаттың мен үшін маңызы зор болды. 15 мамырда жолға шықтым. Алғашқы сапарым Атыраудан басталды. Қазақстанда автостопты көбі білмейді, əлі дами қойған жоқ. Оған Атыраудан Астраханға беттегенде көзім жетті. Бес сағаттай тас жолдың бойында көлік тоқтатып тұрдым. Бəрі өтіп кете береді. Ешкім алмады. Кейін ғана адамдардың мені алудан қорыққандарын білдім, арқамдағы үлкен сөмкеден қорқыпты (күлді). Еуропаға жеткен соң автостоппен саяхаттау оңай. Ол жақта бұл қалыпты жағдай.

– Автостоп дегеніміз не?

– Автостоп деген – тегін саяхаттаудың амалы. Тас жолдың бойына шығып, жол-жөнекей жүріп жатқан көліктерді тоқтатып, көздеген жеріңе жетіп отырасың. Оның өзіндік белгісі бар. Бас бармағыңды жоғары көтеріп, қолыңызды алға қарай созып тоқтатасыз. Білетін адамға ақшаңыздың жоқтығы, діттеген жерге тегін жеткіңіз келетіні бірден түсінікті. Үнемі барғыңыз келген жерге жеткізіп тастай бермейді, жақындатып түсіріп кетеді. Кейде бірнеше көлік ауыстырып барасыз. Абхазия мен Грузия арасындағы саяси шиеленіске байланысты шекарада біраз қиындық туындады.

Автостоппен саяхаттау екінің бірінің қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Қыздарға аса қауіпті. Қандай адам жолығатыны белгісіз. Мен сияқты аз ақшамен жолға шығуға кеңес бермеймін. Көмектесетін адам жолықпай қалуы да əбден мүмкін екенін ескеру керек.

– Сізге қандай адамдар кездесті?

– Астраханға бара жатқанда жүргізуші тегін апармайтынын айтқанда, Ресейде тұратын қазақ мен үшін ақша төледі. Осылайша, маған алғаш рет мүлдем бейтаныс адам көмек берді. Сапарым жайлы айта бастағанда, көлік ішіндегілердің барлығы ұйып тыңдады, соңында тамақтануға 500 рубль берді. Осы ақшаға жүрек жалғап жүрдім. Өз ақшама тиіспедім. Жолда кездескен адамдардың біреуі ақша, біреуі тамақ беріп жүрді. Ешкім көмектеспеген кездер де болды. Екі-үш күн бойы асқазанымды тəтті тоқашпен алдап, су іше берген күндерді де бастан өткіздім. Осы саяхат барысында он келідей салмақ тастадым. Далада түнеп жүрдім. Көшедегі орындықтарда ұйықтап, саяжайда, вокзалда қондым. Кейде жолда кездескен адамдар үйіне шақырып тұрды. Шет елдегі достарым, таныстарым қонақ қылды. Инстаграм желісінде жүргізетін блогымның септігі тиді.

Ешкімнен көмек сұраған жоқпын. Ұстанымым сондай болды. Көмектесіп жатса, бас тартпадым, көмектеспесе сұрамадым. Францияның оңтүстігінде ешкім тоқтамаған кезде бəрін доғарғым келді. Моральдық тұрғыда шаршап кеттім. Францияда сквотта түнедім. Сквот – иесіз қалған, қаңғыбас адамдар мекендеп алған үйлер. Эстониялық бір жігітпен таныстым, орысша сөйлей алады екен. Менің оқиғамды естіген соң үйіне шақырды. Ойымда ештеңе жоқ, бірге бара жатқанда, ол жерде үйсіз адамдар тұратынын айтып берді. Кіріп барғанда жағымсыз иіс болмаса, үй біршама үлкен екен. Шамамен 20 адам тату-тəтті тұрып жатыр. Олардың жағдайын көргенде таңғалдым. Ыстық су мен суық су, екі тоңазытқыш толған тамақ, төсектеріне дейін бар. Еуропада жарамдылық мерзімі бір күн өтіп кетсе де, тамақты сатылымға шығармайды, қоқысқа лақтырады. Соны жинап əкеліп жейді. Біздегі кезбелер ішімдікке салынып, үсті-басы кір-қожалақ болып жүреді ғой.  Ол жақта киімі таза, кейбіреулері заңсыз болса да жұмыс істейді.

– Армандаған Исландияны көру бақыты қалай бұйырды?

– Кез келген адамды алға жетелейтін нəрсе – мақсат. Студент кезде Sigur Ros деген исландиялық рок тобын сүйіп тыңдайтынмын. Сол елге қызығушылығым оянды. Ол жақтың табиғаты, мəдениеті маған қатты ұнады. Саяхатқа шығуға бел байлағанда, сол елді барып көргім келді. Еуропа, Скан-динавияны шарлап, Исландияға ұшақпен бардым. Үш аптадай тұрақтадым. Осылайша, үш айдан астам уақыт жүріп, арманыма жеттім деуге болады. Ол жерден Финляндияға, əрі қарай Питерге дейін автостоппен келдім. Осы жерде күш-қуатым сарқылып, автостопты тоқтаттым. Оның үстіне ата-анамның «дегеніңе жеттің, шаршамай қайт» дегені əсер етіп, Санкт-Петербургтен Мəскеуге пойызға, Мəскеуден бері Астанаға дейін ұшақпен жеттім.

– Еуропа мен посткеңестік елдерді салыстыратын болсақ…

– Менталитет пен адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы басқаша. Байқағаным, Ресейде жəне бізде адамдар өте тұйық. Автобуста, дүкенде  қабақтары түйіліп жүреді. Еуропада бəрі күліп жүреді. Кез келген адамнан көмек сұрасаң, аянбай қолұшын созады. Алғашында бəрі жасанды, бетіңе қарап күле салғандары екіжүзділік сияқты көрінетін. Бірақ, кейін адамның бетіңе қарап жымиғанының өзі қабақ шытып тұрғаннан жақсы екенін ұқтым.

Еуропада бəрі өркениетті дамыған. Қоғамдық көлікті біздегі сияқты ешкім тексермейді. Бəрі  ақысын өздері төлейді. Мүмкіндігің болмаса, тегін жүресің. Мысалы, Еуропаны метромен тегін шарладым. Осы саяхат менің сыртқы келбет, киім, ақша деген нəрселерге көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Осы уақытқа дейін ұсақ-түйек нəрселер үшін уайымдаған екенмін. Ал қазір маған бəрібір. Ақша тауып жатырмын деп керексіз заттарға есепсіз қаражат жұмсайтынымды ұқтым. Қалаған затымды ала беретінмін. Осы «комфорт зона» адамды рухани тоздырады екен. Ол ақшаны ақылмен əлдеқайда тиімді жұмсауға болады.

– Сіздіңше, саяхат деген не?

– Саяхат дегеніміз – шытырман оқиғалар. Алда не күтіп тұрғанын білмейсіз. Ресейден Абхазия мен Грузияға өте алмай үш күн жүріп, Мəскеуге қайта келдім. Дəл сол күні ағам да Мəскеуге келіпті, кездейсоқ кездесіп қалдық. Бір-біріміздің сол жерде болатынымызды білмедік. Брюссельде қазақ отбасы қонақ қылды. Парижге кетуім керек екенін айтып ем, олар маған екі күннен соң сонда болатынын айтып, сəл күтуімді сұрады. Күтпей кетіп қалсам да, Брюссельде тағы да екі күн бөгеліп қалдым. Енді ғана жолға шығып, қол көтере бергенде, сол адамдар келіп тоқтады. Бұл да бір қызық сəйкестік болды. Еуропада қазақтар көп екен. Олар маған жиі-жиі хат жазып, көмектесіп отырды. Польша, Франция, Германия, Чехияда, Лион, Марсель, Брюссель, Амстердам қалаларында қазақ отбасылары көмектесті. Тағы да осылай саяхатқа шығудан бас тартпаймын. Тек аздап тынығып алғым келеді. Шығыс Азия ма, Америка ма, Оңтүстік Америка ма?.. Қайсысынан бастарымды білмеймін. Барлық жерді көргім келеді.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №52
26.12.2017

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз