Қазір кітап оқушылардың қатары сирек. Кітап оқығаннан гөрі фильм көре салғанымыз оңайырақ секілді. Əлеуметтік желілерде Марфуға Шапиян, Назерке Сұлтанбек жəне «Ұланның» №49 санына сұқбат берген Айна Досмахамбетқызының кітап жайлы жазбаларын оқып жүрдім. Марфуға апайдың Телеграм каналындағы электронды кітаптарды жүктеп алатынмын. Содан неге бір жылда 100 кітап оқымасқа деген ой туды . 3-сыныптан бастап кітаппен доспын. Бағыт-бағдар болмағандықтан, қолыма түскен кітап т а рды оқыппын. Қазақ əдебиетінің біршама туындысымен таныс болғанмен, шетел əдебиетінен бір де бір кітаптың бетін ашпаппын. Лезде қалам мен қойын дəптерімді а лып, тізім құрастыра бастадым. Ең қиын іс кітап таңдау болды. Тізімге өзіме таныс емес қазақ əдебиетінің шығармалары ғана емес, шетел əдебиетінің туындыларын, қазіргі қазақ прозасының кітаптарын да қостым. Арасында тізім өзгеріп тұрды. Көбіне іздеген кітабымның кітапхана түгілі, электронды нұсқасын таба алмаймын.

Мақтаншақтық емес, өзгелерге үлгі болсын деп Инстаграмдағы парақшама оқыған кітабымды әдемілеп суретке түсіріп, жазып қоятын болдым. Бастапқыда достарым бұл әрекетіме күле қарап, көбі парақшамнан шығып кетті. Оған ренжімедім. Керісінше, парақшама өзімдей кітап оқитын достарымның жазылғанын көріп қуандым. Жансая Сексенбай, Назым Рахмет есімді жастардың парақшасына жазылып, электронды нұсқадағы кітаптарды осы қыздардан сұрадым. Назымның «КітапШам» атты оқырмандар клубы бар. Қарасам, көрші Ресейде букстаграм құрдастарған менен де кішкентай қыздарды көріп мотивация алдым. Кейбіреулерімен жап-жақсы дос боп кеттім.

Электронды нұсқадағы кітаптарды оқу қолжетімді!

Бұрын тек қағаз нұсқадағы кітаптарды алып оқушы едім. Қазір шәкіртақымнан кітап сатып алуды әдетке айналдырдым. Кейбір кітаптарға қалта көтермесе, кейбірін таба алмайсың. Ал телефоннан оқу өзіме қияметтей көрінетін. Бірақ бүгінде электронды нұсқадағы кітаптарды оқимын. Өте ыңғайлы әрі артық шығын жоқ. Сіздерге электронды кітап оқу үшін қолданатын бағдарламаларды ұсынамын. Егер iPhone-мен оқитын болсаңыз, iOS-тың өзінде iBooks бағдарламасы бар. Кітапты оқып жатып, арасында тоқтатып, қайта кіріп кітабыңызды жалғастыра бересіз. Ал Android болса, еВоох-ты қолданған ыңғайлы, бұл iOS-та да бар. Қалаған жерін «дәйексөз» батырмасы арқылы сақтап, қажетіңізге жаратасыз. Бұл бағдарлама кез келген құжатты аша алады. Сосын Bookmate бағдарламасын да қолдануға болады. Тек ол кейбір құжаттарды аша алмайды. Ал Oyan бағдарламасында қазақ әдебиетінің туындыларын оқи аласыз. Бұл бағдарламалардың барлығында да жарықты, қаріпті өзгертуге болады. Электронды нұсқасы табылмай жатса, кітаптарды Qamba.info мен Kazneb.kz сайттарынан табуға болады. Қазіргі қазақ прозасының туындыларынан хабардар болғыңыз келсе, Adebiportal.kz-тен оқыңыз. Жиі қолданатын сайтым kitap.kz, сайттың аудиокітаптарды тыңдауға болатын iOS және Android-қа арналған бағдарламалары бар. Жұмысыңызды тыңдырып немесе көлікте жүргенде тыңдауға болады.

Кітапқа рецензия жазу оңай емес

Кітапты оқығаннан оны санаға тоқу қиынырақ. Белгілі бір шығарманы оқып, одан тəжірибе, үлгі алмасаңыз, уақытты босқа өткізгеніңіз. Кітап адамның өмірге көзқарасын өзгертеді. Адам өзіне қажетті 10 кітабын табу үшін мыңдаған кітапты оқуға тырысады. Сонымен кітапқа қалай рецензия жазамыз?

Әлеуметтік желідегі Инстаграм парақшамдағы кітаптарға жазған рецензияма қарасам, қатеден көзімді аша алмаймын. Алдымен кітапты әдемілеп тұрып суретке түсіру қажет. Барынша локациясы ашық, кітаптың мазмұнына шамалас жерлерді іздейсіз. Одан кейін безендіруге сан түрлі әшекей-бұйымдар, кәдесыйларды талғаммен орналастырып, суретке түсіру қажет. Тәжірибеме сүйенсек, кітапты оқып болған соң, шығарманы талдаған әдебиет сыншыларын оқимын. Әлеуметтік желіде кітап жайлы жазбаларды іздеймін. Рецензия жазу үшін алдымен кітаптың атауын, авторын жазамыз. Шығарманың сюжетін, автордың не айтқысы келгенін, сізге қалай әсер еткенін жазамыз. Барынша кейіпкерлердің миссиясын, ұнамды және ұнамсыз мінездерін сараптаймыз. Кітап оқығанда, қажет сөз тіркестерін, поэтикалық ойларды дәптерге түртіп алған абзал. Бұл шығарма, мақала, тіпті күнделікті сөйлегенде де кәдеңізге жарайды. Рецензияда шығармаға баға беріңіз. Соңында хэштег қоюды ұмытпаңыз. Кітап жайлы жазба іздеген адам хэштег арқылы сіздің жазбаңызды әп-сәтте тауып алады. Қазіргі таңда telegram каналыма да жазба жариялап, электронды нұсқасын жүктеуді қолға алдым.

Маған әсер еткен 3 кітап

  • Дэниел Киз, «Цветы для Элджернона»

 

Адам санасын өзгертететін құдіретті медициналық күш барына сенесіз бе? Дэниел Киздің «Цветы для Элджернона» шығармасында Чарли Гордон есімді жасы 32-ге толған ақыл-есі кем, наубайxанада жұмыс істейтін адамға xирургиялық жолмен ота жасайды. Элджернон атты тышқанға бұл экспериментті ғалымдар жасап көргенде, Чарли де зерттеу нысанының басты факторы еді. Тышқанмен лабиринт арқылы жарысқандықтан, Чарлидің бірте-бірте ақыл-есі кіре бастайды. Сонда ол айналасында болып жатқан оқиғаларды аңғарып, бұрын наубайxанада жұмыс істегенде жұрттың мазақ етіп күлгеніне, еріккеннің ермегі болғанына ашуы келеді. Ақыл-санасы кем болғандықтан, әрі Чарлиден кейін саналы қыз туғаннан кейін өз ұлын балалар үйіне апарып тастайды. Анасыз балаға қаншалықты қиын болса, ауру кезінде ешқандай жақынның болмауы орасан зор қасірет. Кітап тіліне келер болсам, Чарли бұл кітапты күнделік ретінде жазғандықтан, алғашқы беттері тыныс белгілерінсіз, орфографиялық қателерге толы. Бір адамның тағдыры соншалықты ауыр екенін шығарманы оқу барысында түсінесіз. Бірақ біз әлі күнге дейін ақыл-есі кем адамдарды «адам» құрлы көрмейтінімізге ашуым келеді. Олар ауырып туғанына кінәлі емес қой. Ақыл-есінде кемістігі бар адамдарға құрметпен қарайықшы.

  • Джон Бойн, «Мальчик в полосатой пижаме»

Тоғыз жасар Бруно есімді неміс бала Берлинде ата-анасымен тату-тәтті өмір сүреді. Күндердің бір күні мектептен келген балаға Мария есімді үй қызметкерінің шабадандарды жинауы оғаш көрінді. Бұл Бруноға мүлде ұнамайды. Анасының айтуы бойынша, олар «Аж-Высь» деген қалашыққа көшеді екен.  Бастапқыда Бруно қарсылық танытып, балалық шағы өткен туған жерімен қоштасқысы келмейді. Алайда әскери адам әкесіне қарсы шыға алмайды. Қоныс аударған жеріне үйренісе алмаған бала өзіне Шмуэль есімді жаңа дос табады. Бірақ екеуі тек шыңжырлы тордың ар жағынан ғана сөйлесе алады. Екеуі бір-біріне бауыр басып қалады. Шмуэль ала киімде болғанына Бруно таңданып, бұл істің мәнісін түсіне алмайды. Досымен бірге Бруно да қатігез жағдайда опат болады. Автор бұл шығармада әкесінің баласын қатігездігімен өлтіреді. Кітап көлемді емес, бірақ әсері керемет. Сонымен  қатар, экранизаициясын да көруге кеңес беремін.

  • Ілияс Есенберлин, «Алтын құс»

Бір күні менің қарт әжем алтын құс жайында аңыз шертті.
– Ерте заманда бір алтын құс болыпты, – деді ол мені жанына алып жатып, – Құдай оған көрікті де, ерікті де беріпті.
– Әже, ол шын алтын болып па?
– Жоқ, құлыным. Оны құдай жез етіп жаратыпты. Бірақ сырт бейнесі алтыннан айнымайды екен.Күндердің күнінде сен шын алтын құсқа айналасың, егерде саған қоятын екі шартымның бірін орындасаң.
– Құдай оған қандай шарт қойыпты?
– Бірі: өзге жұрт сені алтын екен деп ұқса да, сен өзіңнің жезден жаралғаныңды өмір бақи ұмытпа. Шын алтынға айналуды арман ет депті.
– Екіншісі?
– Екіншісі: сені жұрт алтын көрсе, сен оларға жез екеніңді жасырма. Адам баласы жаратылысынан ақкөңіл, сенің шыныңды білсе, тезірек алтын құсқа айналуыңа өзіңмен бірге тілейді. Көп тілегін біз де еске аламыз, – депті.
– Иә, сосын, әже?
Жезден жаралған құс бұл екі шарттың екеуін де орындамапты. Алтын құсқа айналғанда да бар табарым осы адамзат қой деп ойлапты ол, егер адамзаттың өзі жезді алтын санаса, алтын болуды арман етіп несіне сау басыма сақина тілеймін! Және жездігімнен зиян көрмесем, несіне өзімді жезбін деп әшкерелеймін, – деген тұжырымға келіпті ол.
– Сосын не бопты, әже?
– Алтын құстың екі шарттың біреуін де орындағысы келмейтініне көзі жеткен Алла тағала бір күні оны жұртқа жез екенін көрсетіпті.
– Қалай көрсетіпті?
– Сыртқы алтын секілді алдамшы түрінен айырып жез қалпына түсіріпті. Кешегі алтын құс боп жалт-жұлт етіп жүрген сорлының енді үстін тот баса бастапты. Жұрт алтын құс деп жүргендері құр ғана мыс екенін көріп одан бірден безіпті. Жезге айналған алтын құс үсті-басын әбден тот басып,бір күні қорадағы қоқым-соқымның арасынан бір-ақ шығыпты.

Кітап оқу ауыз толтырып айтатындай қиын іс емес. Кітап оқу барысында ұйқыңыз келсе, кофе ішіңіз немесе шәй ішуге болады. Көбіне табиғат аясында кітап оқығанды жақсы көремін. Сонымен қатар, жағдайы жасалған кітап дүкендері мен кітапханалар да таптырмас орын. Жаңбырлы күні ыстық кофе және жылы көрпені жамылып кітап оқыған сондай күшті. Алайда кітап оқуға ниеті бар адамға кез келген жер ыңғайлы.

Назым Сапарова,

«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №32
7 тамыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз