«Отырар таланттары» атты фестивальдің көркем сөз оқу бөлімі басталып жатыр. Кезегімді күтіп сахна сыртында тұрмын. Сахнада біздің мектепті бітірген ақын қыз өлеңін оқып жатыр:

«…Сыйлағанын Алланың!
Не берсе де көтердім.
Таудай биік арманға,
Еңбектеп, өрлеп жетермін.
Мен бақытты екенмін!»

Көмейіме өксік тығылып, жылауға шақ тұрдым. Тұрсынай Қайратқызының мүмкіндігі шектеулі бола тұра өзін шектемейтініне, əр күніне шүкір дейтініне риза болдым. Байқаудан екінші орын алды. Өлеңдерін естіп жүргеніммен ісмер екенінен хабарсыз болатынмын. Жігерлі бойжеткенмен сұқбат құрғым келіп, үйіне іздеп бардым.

Жақында ауылымыздың шетіне көпқабатты үйлер түскен. Соның бірінен Тұрсынайға пəтер беріліпті. Лифт те жоқ, көтіріліп-түсу қиын болар деп ойладым. Анасы Қалдықыз апай подъезд алдынан күтіп алды. Пəтердің бірінші қабаттан берілгеніне қуандық. Тұрсынай бізді қуана қарсы алды.

Ол 1993 жылы 2 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Қоғам ауылында дүниеге келген. Сыныптастарымен партаға қатар отырмаса да үйінде жатып С.Əшіров атындағы мектептің ұстаздарынан сабақ алған. Ал оның өлең шығаратынын бүкіл аудан біледі.

Ұлан: Өлеңмен қай кезден бастап достастыңыз?

Тұрсынай Қайратқызы: Өлеңді бесінші сыныптан бері жазамын. Кейін оқығанымда өлеңге ұқсамайтындай көрінді. Кей жерлері көзге түрпідей тиерлік ұйқассыз жазылған сияқты. Қазір ол кезде жазған бірде-бір өлеңім жоқ. Бəрін өртеп тастадым. Өзімді жарқ еткен бір сəуледей сезінемін. Мысалы, жарықтың сəулесі бір адамда жарқ етеді. Бірақ ұзаққа бармай өшіп қалады. Ал поэзия секілді жарық əлемде жарқ еткен сəулені ұстап қалу керек деп ойлаймын. Өлең де бір сəуле. Өлең келген уақытта телефонымды ала қоямын. Телефон мен ноутбук жоқ кезде əркімге бір «қағазға жазып берші» деп жүретін едім. Қазір смартфоным бар, ешкімге өтініш жасамаймын.

Осы кезде əңгімемізге əжесі араласты. «Түннің бір уағында тұрып алып телефонына бірнəрселер жазып отырады. Жарты түнде шошисың ғой, балам-ау, ұйықтасаңшы деймін. Өлең жазып отырмын, қазір жатамын деген соң қоя салам», – деді.

Ұлан: Сол сəулені ұстап қалдым дейсіз ғой.

Тұрсынай Қайратқызы: Иə, ұстай алдым жəне ол менің қолымда деп ойлаймын (күлді).

Ұлан: Моншақтардан ойыншық жасайтыныңызды естідік. Терезенің алдындағы əппақ күшік əдемі тоқылыпты. Бұл іспен айналысқаныңызға біраз болды ма? Кім көмектеседі?

Тұрсынай Қайратқызы: Үш жылдан бері айналысып келемін. Моншақтан зат жасауды Шымкент қаласындағы оңалтуорталығында жүргенде үйрендім. Онда біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түрлі үйірме бар. Басында моншақтан ойыншықтар тоқып, үйге келген кісілерге сыйлыққа беріп жүргенмін. Бір күні бір ағайымыз еңбегіме деп ақша берді. Сонан соң барып ойыншықтарымды неге сатылымға шығармасқа деген ой келді. Анам екеуміз моншақтың бағасын, жасауға кеткен уақытты жобалап, əрқайсына баға қоямыз. 2015 жылдан бері жұрт сатып алып жүр. Мəселен, ақ күшіктің көлемі мен қиындығын ескеріп, бес мың теңгеге сатуға болады.

Шəй құйып отырған Қалдықыз апай ойыншықтарды Арыстан бабқа барып өткізетінін айтып қалды. «Қарап отырсақ моншаққа да біраз қаржы кетеді екен. Сатып көрелік деп шештік. Балабақшаларға өткіземін. Қазір адамдар өздері хабарласып, ұнатқанын алып кететін болды. Арнайы тапсырыс беретіндері де бар», – деді.

Ұлан: Жасауға кететін уақыт деп қалдыңыз. Бір затты қанша уақытта бітіресіз?

Тұрсынай Қайратқызы: Қолмен істейтін адамдарға бір күнде бітіретін нəрсе. Ал мен аяқпен тоқитын болған соң үш-төрт күннен бастап он күнге дейін кетеді. Бір жақсысы, адамды есепке баулиды. Жіпке тізетін əр моншағыңды дұрыс есептемесең, жұмысыңның белортасына келгенде барып қатеңді көресің. Ондай жағдайда бəрін сөгіп, қайта тоқуға тура келеді. Мен саусақтары нашар қимылдайтын, инсульт алған адамдарға осы іспен айналысуға кеңес берер едім. Өйткені ол қолға жақсы жаттығу болады əрі есте сақтау қабілетін жақсартады.

Ұлан: Қандай жоғары оқу орнына түскіңіз келеді?

Тұрсынай Қайратқызы: Мектеп бағдарламасын үйде оқыдым. Бəрібір мектепте оқығанға жетпейді. Сендер күніне бес-алты сабақ өтсеңдер, менікі үш сабақтан аспайтын. Бірақ қазіргі күніме Аллаға шүкір етемін. Əзір оқуға түсе алмай жатырмын. Əлі де үмітім бар. Таңдап жүрген мамандығым – журналистика. Бұл əзірге арман ғана. «Арман адастырмайды» дейді ғой. Арман мақсатқа айналады. Ал мақсатың жүзеге асқанда жап-жарық жұлдызды ұстап алғандай боласың.

Ұлан: Тағы қандай арманыңыз бар? Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

Тұрсынай Қайратқызы: Өзімді ғарыш əлемінде Айға теңеймін. Ай басында білінер-білінбес сəуле болып туылады. Күн өткен сайын сəулесі молайып, толысқанда адамдарға жол сілтейтіндей жарық болады. Қараңғы əлемге жарық нұрын шашады. Мен де бір күні дүйім жұрт алдында жарқыраймын деп ойлаймын. Əлемді де аралағым келеді. Париждегі Эйфель мұна-расын көру – арманым. Қара теңіз бен Жерорта теңізін өз көзіммен көріп қайтсам деймін. Алайда бұл жерлерге жай қыдырып емес, өз жетістігімнің арқасында барғым келді. Алла тағала адамға ой-сана, ақыл берген соң оны дұрыс пайдалана білу керек деген ұстанымдамын.

Ұлан: Батылдығыңызға сүйсініп отырмын. Дегенмен, фобияңыз да бар шығар?

Тұрсынай Қайратқызы: Мен жалғыздықтан қорқамын. Негізі ақын адам жалғыз дейді ғой. Бірақ, жапан далада бір өзім қалып кетуден шошимын. Сондықтан əр адам мейірімді, бауырмал болса, ешкім жалғыз қалмайды деп ойлаймын. Екінші қорқатыным – қараңғылық. Қараңғы түнде Айды, тұманды күнде Күнді іздеймін.

Ұлан: Ақын қыз кітапты көп оқитын шығар?..

Тұрсынай Қайратқызы: Иə, өлең оқыған ұнайды. Қалқаман Сарин мен Ерлан Жүністің өлеңдерін жиі оқып тұрам. Қалқаман ағайдың өлеңі сондай нəзік, жүрекке жетеді. Өмірде кездесіп, сұқбаттаса алсам ғой. Қазір Əзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын» жəне Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» шығармасын оқып жатырмын. Өзіме Бауыржан Момышұлы жайындағы ақиқат пен аңыз ұнап жатыр.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет! Арманыңыз орындалсын!

Қоштасып бара жатқанымызда кейіпкеріміз өтініші бар екенін айтты.  «Айтыңыз» деп ишара еттік. «Мені аянышты етіп шығармаңыздаршы. Өз ісіммен айналысып отырмын, өлеңнен де кенде емеспін. Арманым көп. Тілшілердің мен туралы жазғанын оқып, мұңайып қаламын», – деді. Ал біз жігерлі кейіпкерімізді олай жазуға себеп жоқтығын түсіндірдік. Он екі мүшесі сау бола тұра қол қусырып жатқан адамдарды аяйық одан да.

МЕН БАҚЫТТЫ ЕКЕНМІН!

Көрерге жарық көзім бар,
Көкейде өткір сөзім бар
Тəңірден келген өлшеулі,
Темірдей мықты төзім бар.
Мен бақытты екенмін!

Жылытар жанды нұрлы күн,
Жан жарамды пайымдар.
Жол таппайтын түндерде,
Жарық сəулелі Айым бар.
Мен бақытты екенмін!

Сыйлағанын Алланың!
Не берсе де көтердім.
Таудай биік арманға,
Еңбектеп, өрлеп жетермін.
Мен бақытты екенмін!

Жаңыл БЕГАЛЫҚЫЗЫ,
С.Əшіров атындағы жалпы орта мектептің
10-сынып оқушысы.
Қоғам ауылы,
Отырар ауданы,
Оңтүстік Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №3
16 қаңтар 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз