Еуразия Ұлттық университетінің 1-курс студенті Айдана Ибраева ағылшынтілін өздігінен үйренген. Қазір ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Біз Айдананың тіл үйренудегі тәжірибесімен бөліскен едік. Ендеше, екеуміздің әңгімемізге назар салыңдар!

– Айдана, екеуміз бір топта оқығандықтан сенің ағылшын тілін қаншалықты жетік меңгергенің маған  белгілі. Тіл үйренуді қашан бастадың?

 6-сынып оқып жүрген кезімде барлық сабағым тек «бестік» еді. Бір күні маған ағылшын тілі мұғалімі «3» деген баға қойды. Бұл мен үшін күтпеген жайт болды. Себебі бұған дейін мұндай баға алып көрмеген едім. Сол кезде шынында ағылшыным нашар болатын. Осыдан кейін «ағылшын тілін қайтсем де үйренемін» деп шештім. Бірақ маған бастапқыда барлығы қиын болды. Бірден бастап кете алған жоқпын. Бір күні бастасам, ол келесі күні қалып қойып, ұмытылып кетеді. 7-сыныпта ғана нақтырақ кітаппен дайындала бастадым.

–Бұл жайттан бөлек, тіл үйренуіңе жаныңдағы адамдар, ортаң әсер етті ме?

–Әкем мен әпкем қытай, неміс, ағылшын тілдерін жетік білетін. Бұл маған жаңа тілді үйренуіме  үлкен себеп болды. Сонымен қатар, әкем мен үшін ерекше мотиватор және барлық мәселеде көмек беретін ақылшым. Ол бізге «сенде үздік оқуларың керек» деп ешқашан талап қойған емес.  Мысалы, әкем қазір ғылым докторы. Бірақ оның аттестатын ашып қарасаң, бір «үштік» бар. Әкем «Үш те – баға. Ең бастысы, бағаға емес, білімге оқыңдар», – деп үнемі айтып отыратын. Сондай-ақ Іңкәр, Анелья деген екі құрбым болды. Іңкәр ағылшын тілін жақсы білетін. Тіпті, олимпиадаларға да қатысып жүрді. Ал Анелья екеуміз ағылшын тілін үйренуді бірге бастадық. Бұл да маған өз әсерін тигізді.

Жаңа тілді жетік білу үшін қандай әрекеттер жасадың?

Кітаптардың пайдасы көп тиді. Біздің үйде ағылшын тіліндегі кітаптар өте көп. Алғашында Oxford кітабын оқып бастадым. Онда барлығы суретпен берілген. Яғни, суреттегі заттардың атауы жазылып тұратын. Бұл кітап маған аса көп көмектеспеді. Себебі біріншіден ол қиынырақ болды, екіншіден онда сөздердің қалай оқылу керектігі болмады. Сосын мен Hot spot кітабын оқыдым. Жаңа бастаушылар үшін өте жеңіл кітап. Кітаптың артында сен жаттау керек сөздер көрсетілген. Олар аударылмаған сөздер, сен оны өзің аударуың керек. Бұл маған жақсы көмегін тигізді. Менің жаттау қабілетім өте төмен болатын. Сол үшін ағылшын тіліндегі бір сөйлемдлі алып, соны аудару арқылы көп сөзді есімде сақтап қалдым. Одан кейінгі оқыған кітабым Inspiration болды.

Музыка тыңдадым. Маған Майкл Джексонның әндері көмектесті. Оның бейнебаянын көріп сөздерін есту арқылы әнінің мағынасын бірден түсінесің. Сөздері жеңіл.

Ғаламтордан жаңа достар таптым. Менің ғаламтор арқылы тілдесетін түрік досым болды. Ол менімен қатарлас бала болатын. Біз бір-бірімізбен ағылшынша сөйлестік. Мен ол кезде ағылшын тілін жақсы білмейтінмін. Бірақ сонда да алға қойған мақсатыма жету үшін ол баламен жиі сөйлестім. Пайдасы көп тиді.

Ғаламтордағы YouTube желіcіндегі дәрістерді пайдаландың ба?

–Шыны керек, мен оны пайдаланбадым. Бұл әдіс басқаларға жеңіл болар. Бірақ мен оны көріп отырып ұйықтап қалуым мүмкін. Бұл мені қатты қызықтырмады. Тек қана тыңдалымды пайдаландым.

– Күніне неше сөзден жаттап отырдың?

–Күніне 100-ге жуық сөз жаттадым. Әрине, ең басында 20-30 сөзден бастау керек. Сосын соны күн сайын өсіріп отырасың. Бірақ шын мәнінде 100 сөзден жаттайсың. Мысалы, Hot spot кітабын оқысаңыз, оның артында жаңа сөздерге құрылған сөйлемдер болады. Сіз ол сөйлемді аударып отырып түсінесіз.  Мүмкін байқамайтын боларсыз, бірақ осы арқылы күніне 100 сөзден білесің. Осыдан кейін бәрі жеңілдей түседі. Бұл бір жағынан сөздік қорыңды көбейтсе, бір жағынан сөздердің қойылу ретін, яғни грамматиканы қоса үйренесің.

Ағылшын тілін үйрену үшін курсқа баратын болсаң саған грамматиканы көбірек үйретеді. Ал сөйлесу жағы қалып қояды. Бұған көзқарасың қандай? Жалпы курсқа бардың ба?

–Қазіргі кезде көпшілік курсқа барып, ақшасын текке құртады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бүгінгі күні адамдар барлығын дерлік өзі жасай алады. Ағылшын тілін  сен өзің де меңгере аласың. Ол үшін көп тәжірибе керек. Ал тәжірибе үшін сенің ортаң болу керек. Бірақ менде ондай мүмкіндік болмады. Мысалы, мен Англияға ұшып барып, ағылшын тілін үйреніп келе алмаймын ғой.  Өзімді ЕХРО-да ерікті болып қызмет атқару арқылы жетілдірдім. ЕХРО-да шетелдіктер көп болды. Олар келіп саған сұрақ қойғанда, ештеңе ойламай бірден жауап  бересің. Тіпті орысша да ойланып үлгермейсің. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды десем қателеспеймін. Бір жылдары ата-анам мені де курсқа жаздырған болатын. Онда тек грамматиканы үйрендім. Сын есім, етістік сияқты ережелер ғана. Ал сөйлескенде бәрібір ағылшын тілінде сөйлеспейтінмін. Қазір бір нәрсені түсіндім. Шын мәнінде, ағылшынтілділер граммматикаға аса мән бермейді. Олар осы шақ, келер шақ, өткен шақ бойынша ғана сөйлеседі. Әрине, грамматиканы үйренем десең, өз қалауың. Тек сол үйренгеніңді өмірде көбірек қолдана біл. Ең болмағанда құрбыңмен болсын сөйлесіп, тәжірибе жасау қажет.

Ағылшын тілі арқылы сен не үйрендің?

Үш тілді бірдей білу өте қызық. Мысалы, орыс тілінде эссе жазып отырсаң, сен мұны ағылшын тілінде де жаза алатыныңды білесің. Сондай-ақ сен өзге елдің адамын көрсең, онымен де тілдесе аласың. Бірде мен аялдамада тұрғанда шетелдік азамат сондағы адамдардан «Жолақысы қанша тұрады?» деп сұрап тұр екен. Бірақ оған ешкім жауап бере алған жоқ. Сол кезде мен тіл білудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Тіл үйрену арқылы сол тілде жазылған кітаптарды оқи аласың, жаңа ақпарат білесің, сол ақпаратқа деген көзқарасың да ерекше болады, ойлау жүйең де дамиды. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл» деген сөз де бекер айтылмаған ғой. Сөз соңында оқырмандарға «Өз тіліміздің қадірін ұмытып кетпеңіздер!» дегім келеді. Жаңа тіл білу қазіргі заманның талабы екені анық. Дегенмен, біз Мағжан сенген жастармыз. Өзге тілді біліп, өз тілімізді құрметтеуіміз керек.  Тіл ұлттың асыл қазынасы.

Сұқбатыңа рақмет!

Айым БЕКТЕГЕНОВА

Еуразия Ұлттық университетінің 1-курс студенті

“Ұлан” (№14, 3 сәуір 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз