Пиноккио синдромы, өтірік айтуАлмас ағайлары балалардан отбасынан сүйіспеншілікті қалай сезінетінін сұрап алды. «Шын ата-ана махаббатын сезінетіндер қол көтеріңдерші!» дегенде, залдың жартысынан көбі оң қолдарын көтерді. Балалар жамырай жауап беріп жатыр. Бірі əке-шешесінің өзіне сенетінін байқайтынын, енді бірі бұзықтық жасағанда кешіретінін айтып жатты. Жетінші сынып оқитын Əсия бір нəрсені бүлдіріп қойғанда, ылғи ата-анасынан кешірім сұрайды екен. «Олар кешіргенде көңілденіп кетеді, сол кезде жүгіріп барып, құшақтап аламын», – дейді. Алмастың айтуынша, балалар ата-анасының бұлжымас тəртібінен қорқып, қате істерін жасырып қалады. Өзі де оқушы болғанда күнделіктегі үштігін бестікке түзетіп қойыпты. Апта соңында ғана «əкемді алдағаннан не таптым?» деп ойланып, кінəсін мойындайды. Содан бері əр адам өз-өзіне шынайы болу керектігін түсінеді.

Бұл жөнінде психолог былай дейді: – Өтірік айтқан сайын бойыңдағы энергия азаяды. Ең алдымен жағымсыз əдетіңді мойындап үйрен. Сонда ғана оларды түзету үшін əрекет ете аласың. Мəселен, нашар баға алып қалсаң, мұғалімді кінəлай кетпеу керек. Мүмкін бір сағат уақытыңды алатын математикаға тек отыз минутыңды қиған боларсың. Қалған жарты сағатында компьютер ойындарына кіріп кеткен шығарсың. Абай атамыз да: «Мықты болсаң, өзіңді жеңіп көр», – деп айтып кеткен.

ӘКЕ-ШЕШЕГЕ ДЕ ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК

«Отбасының бір мүшесіне қатты ашуланғанда, ренжігенде не істейсің?» деген психолог сауалына балалар əртүрлі жауап берді. «Сабыр сақтаймын», «футболға кетіп қалам», «есікті тарс жауып, шығып кетем», «отыра қап жылаймын» деген жауаптар айтылды. Ол əрекеттің дұрыс-бұрыстығын айтып, үкім шығара алмайды екенбіз. Алмас ол сол сəттегі қысымға қайтарылған риза емес екеніңді білдіретін жауап қана деп есептейді.

Ата-ана

– Балалар, ата-анамыз бəріміздің жақсы болғанымызды, өздері жіберген қателікті қайталамауды қалайды. Сол себепті де ұрсады. Бірақ, кейде оларға да қамқорлық керек. Дəл қазір бəріміз тегіс көзімізді жұмып, əке-шешемізді елестетейік. Ақыл айтқаны мен ұрысқанын, риза болғанын, қуанғанын, бетімізден сүйгенін, бəрін еске түсірейік. Ал енді осы бар болмысымен оларды қабылдауымыз керек. Өйткені, қандай болса да, ата-ана баланың ең бірінші жанашыры, – дейді Алмас.

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА ҚИНАЛСАҢ…

Сабақ соңында оныншы сынып оқушысы Аңсар Сона мамандық таңдауда қиналып жүргенін айтты. Қай сала өзіңе жақын екенін қалай білуге болады?

– Алдымен қолыңыздан не келетінін тізіп жазып шығыңыз. Соның ішінде не ұнайтынын бөліп алыңыз. Тізімнің жартысы сызылды делік. Қалған істің ішінде қайсысын өте жақсы істей алатыныңызды бөлектеп шығыңыз. Соңында үш-төрт таңдау ғана қалады. Енді ары қарай ойланып, шешім қабылдау жеңілдеді. Ата-анаңызбен ақылдасыңыз, əрине. Бірақ, соңғы шешімді өзіңіз қабылдайсыз.

Мамандық таңдауАлмас Ақын балаларға адамның сырт келбетіне қарап, ол жайында нақты бір шешім қабылдамау керектігін де айтып өтті. Сырт киімі, жүріс-тұрысы мен аты-жөні арқылы оның бар болмысының тек он пайызын ғана тани алады екенбіз. Қалған тоқсан пайызы оның уайымы, қорқынышы мен қуанышынан, жеке тұлғасынан тұрады. Сыртына қарап тон пішу досыңмен ара қатынасыңды алыстатады. Мұның барлығы балаларға кəдімгідей ой салды.

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №49
5.12.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз