Еліміздің əр аймағындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің шəкірттері жыл сайын өтетін  «Наурыз кездесулерін» асыға күтеді. Өйткені, осы шара аясында олар өздеріне жаңа дос табады, ғылыми жобаларын қорғайды, пікір алмасады, еліміздің жəне шетелдің ең үздік жас ғалымдарының дəрістерін тыңдайды.  Биыл бұл кездесу Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жиналған 160 оқушы екі күн естен кетпес қызыққа куə болды. «Ғылымның шексіз сырлары» тақырыбында өткен жетінші «Наурыз кездесулері» «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналды.

– «Наурыз кездесулері» – отандық ғылымның болашақ жұлдыздарының басын қосатын заманауи жасампаз алаң. Біз балалардың ғылымға, жаңа технологияға деген қызығу-шылығын арттыруымыз керек. Сол себепті осындай ауқымды кездесулерді жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Шымкенттік ұстаздар мен шəкірттер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған оқушыларды жылы қарсы алды. Бұл кездесу əрбір баланың есінде ұзақ уақыт сақталады жəне оларға өмірлік азық болады деген ойдамын. Біз кездесуге Назарбаев зияткерлік мектептері шəкірттерін ғана емес, Оңтүстіктің аудан-ауылдарында білім алып жатқан балаларды да арнайы шақырттық. Осылайша олардың ғылым-білімге, жаңа технологияға қызығушылығын арттырмақпыз, – дейді «Назарбаев зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күлəш Шəмшидинова.

Ашылу салтанатынан кейін жаңалыққа жаны құмар балалар өз жобаларын таныстыруға кірісті. Айтар ойы салмақты. Бəрі де қазақ ғылымының өсіп-өркендеуіне үлес қосқысы келеді. Заман ағымына сай жаңа технологияны өмірімізге, күнделікті қолданысқа ендіргісі келеді.

Ерасыл Маратов бізге өзінің агророботын көрсетті. Ол Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы екен. Ерасылдың роботы гүлдерді, жасыл желекті суаруға арналған. Былайша айтқанда, бағбанның рөлін атқарады.

«Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, біз көп жерді тиімді пайдалана алмай отырмыз. Бос жатқан жерді суарып, өңдеп, өсімдіктер егетін болсақ, көп ұзамай жемісін береді. Жасыл желектің көбейгені біздің өмірімізді де жақсартады. Əрине, бұл қара жұмыс, көп күшті қажет етеді. Сондықтан осы мəселені шешу үшін агророботты ойлап таптым. Бұл робот планшет арқылы басқарылады. Өзіне жүктелген тапсырма бойынша, қара сызық арқылы бағытпен жүріп, гүлдерді, ағаштарды суарады.  Жəне қай өсімдікке қанша мөлшерде су қажет екенін біледі», – дейді Ерасыл жүзі бал-бұл жанып. Астанадан арнайы келген Қазыбек Тоқтаровтың «Ақылды үй» жобасы да көпшілікті қызықтырды.  Ол ұсынған заманауи киіз үй, əсіресе, шетел-дік туристерге қолайлы болмақ.

«Менің ұсынған киіз үйім эко жəне этнотуризм бағытын жақсартуға мүмкіндік береді. Шетелден келген туристер ыңғайлы, барлық жағдайы жасалған үйдетұрғанды қалайды. Киіз үйдің ішінде өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, заманауи технологияларды қолдандық. Мысалы, едені жылы. Адам кіргенде, автоматты түрде жарық қосылады. Ал есігі жылы ауаны іште сақтап, суық ауаны кіргізбейді. Əзірге бұлардың бəрі күн батареясынан қуат алып, жұмыс істейді. Алдағы уақытта кереге мен уық қиылысқан тұсқа желден қуат алатын құрылғы орнатпақ ниеттемін. Өйткені, күннің көзі жиі көрінбейтін аумақтағылар үшін желді пайдаға асырған тиімді», – дейді Астана қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Қазыбек Тоқтаров. Бұдан бөлек, шəкірттердің бұлттан тегін қуат көзін өндіріп, ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз ететін жобасы, егінді жылдам əрі ысырапсыз орып алуға мүмкіндік беретін ақылды комбайны, қара жорға билеген робот, биотехнологияға байланысты тың жаңалықтар, тағы басқа жобалар таң-тамаша қалдырды. Нəтижесінде Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Абай Алмұ-хамбетов, Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Темірлан Зарымханов, Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Карина Алишева, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Талғат Молдаш ұсынған жоба  ең жоғары бағаға лайық деп танылып, 1-орынды жеңіп алды. Бұдан бөлек, 2, 3-орын жеңімпаздары мен ынталандыру сыйлығының иегерлері арнайы сыйлық пен сертификатқа ие болды. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, NASA ғылыми грантының иегері Дəмел Мектепбаева, биофизика жəне биоматериалдар саласы бойынша PhD, Назарбаев Университетінің қызметкері Дана Ақылбекова, «Дарын» сыйлығының лауреаты, М.Ломоносов атындағы ММУ генетика кафедрасының түлегі Мақсат Жабағин, Назарбаев университеті Инновациялық даму департаментінің директоры Олжас Махамбетов жəне де Оңтүстік Корея, Венгриядан келген ғалымдар оқушыларға екі күн дəріс оқып, тəжірибесімен бөлісті.

«КӨЗДЕРІНДЕ ОТ ОЙНАР, СӨЗДЕРІНДЕ ЖАЛЫН БАР…»

Шара кезінде жүлделі 1-орын алған оқушыларды сөзге тартқан едік. Балалардың арманы – қоғамға пайдасын тигізу, адамның өмір сүру дағдысын жеңілдету. Жаңашыл, оқу-білімге құштар оқушылардың тың жобаларын көріп, көңіл тоғайды. Осы шəкірттердің болашақта елдің дамуына, қазақ ғылымына зор үлес қосатындарына сенім білдірдік.

Талғат МОЛДАШ, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы:

– Мен бұл кездесуде ауадағы иондардан электр энергиясын алу жайлы жобамды ұсындым.  Өйткені, қазір балама энергия көздері сұранысқа ие.

Бұл жобаны біз шын өмірде де жүзеге асырып көрдік. Нəтиже жаман емес. Егер бұл жобам жүзеге асып жатса, қарапайым тұрғындар жарыққатөлейтін ақшасын əлдеқайда үнемдер еді. Болашақта жеке кəсіпкер болғым келеді. Сол себепті Бизнес инкубатор директоры Болат Сұлтанғазиннің «Стартапты қалай құру керек?» деген дəрісін ден қойып тыңдадым. Қажет кеңестерді қойын дəптеріме түртіп алдым.

Темірлан ЗАРЫМХАНОВ, Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы: 

– Менің жобам көзі нашар көретін жандарға арналған. Кедергіні хабарлап отыратын жакет арқылы көз жанарынан айырылған жандардың жағдайын жақсартып, олардың біздің қоғамда тең дəрежеде өмір сүруіне жол аша алсам – менің арманымның орындалғаны. Шымкент қаласына бірінші рет келіп отырмын. Тап-таза. Адамдары да қонақжай. Маған қатты ұнады.

Абай АЛМҰХАМБЕТОВ, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы:

– Бірінші орын алғаныма қуаныштымын. Менің жобам өртті дыбыс толқындары арқылы сөндіруге бағытталған. Біз қазіргі таңда өртпен күресте су, құм жəне құрамында химиялық заттары бар өрт сөндіргішті ғана білеміз. Əлемдегі экологиялық жағдайға назар аударсақ, су ресурсының азайып бара жатқанын байқаймыз. Менің жобам экологиялық, экономикалық жағынан тиімді. Болашағымды инженерия саласымен байланыстырамын. Елімізді дамыған елдердің қатарынан көргім келеді. Сол себепті, қатарластарымды, іні-қарындастарымды сапалы, үздік білім алуға шақырамын.

Карина АЛИШЕВА, Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

– Менің жобам – қабынуға қарсы дəрі-дəрмек ойлап табу. Ол биологиялық белсенді заттардан тұрады. Теректен аламыз. Солтүстік өңірде көптеп өседі. Əсіресе, Петропавл жəне Павлодар қаласында.  Бұл жаңа дəрі-дəрмек біздің ағзамызда пайда болған бактерияларға қарсы тұра алады. Осылайша, арзан шикізаттан қымбат əрі пайдалы дəріге қол жеткізе аламыз.

«Ұлан», №15

11.04.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз