Шара Жиенқұловадан бастау алатын қазақ би өнерінің бертінде Шұғыла болып, Перизат болып жалғасқаны мәлім.  Мың бұралған бишілердің ізін жалғап жүргендердің тағы бірі – Мәлика Мұқтарова. Қостанай өңірінің тумасы. Мәлика қоларбада отырып-ақ әлем билерін мың бұрала билейді. Он сегіз жастағы биші қыздың бағындырған биігі де осал емес. Халықаралық би жарыстарында топ жарып, көк туды иығына бірнеше мәрте ілген дарын иесі. Мәликаның өнері мен өмірі туралы аз-кем әңгімелестік. Болашақта кәсіби биші болғысы келетін бойжеткеннің әр сөзінің жаны бар.

Отбасымда ата-анам, сіңлім және інім бар. Барлық жетістігімнің қолдаушысы да, демеушісі де – отбасым. Әкемнің есімі – Болат, анамның аты – Айман. Сіңлім Мөлдір сөйлей алмағандықтан, түзету кабинетінде білім алады. Інім мектепте оқиды. Барлығымыз әжеміздің балаларымыз. Облыстық отбасылық байқауда біздің отбасы жүлделі бірінші орын алды. Бұл жеңіске достығымыз бен ауызбіршілігіміздің арқасында жеттік. Кішкентай кезімде вокал мен биге жазылдым. Бимен тұрақты айналысқаныма төрт жыл толады. Билегенді бала күннен ұнатамын. Өңірімізде дамуында бұзылысы бар жандарды би өнеріне баулу үйірмесінің ашылғанына алты жыл толды. Алғаш рет «Билейтін қоларба» деп басталған аймақтық жоба кейіннен республикалық, халықаралық чемпионаттарға ұласты. Бұл өнерді игерем деген ынталы жандар көбейді. Билегенде бөлек әлемге кіресің. Денсаулық түзеліп, дене қимылы белсенді болады. Турнирлерге қатысып, жеңіске жеткен кездегі әсер де ерекше. Болашақта хореграфия саласында еңбек еткім келеді. Мақсатым – бидің техникасы мен психологиясын терең меңгеру.

Мәлика сымбаты мен сұлулығы жарасқан өнерпаз. «Би қимылдарыма қоларбам кедергі емес», дейді өзі. Жеке-дара да, жұп болып та билегенде алдына жан салмайды. Биші қыздың өнерін шет жұрттағылар да жоғары бағалапты.

– Бойымдағы өнерімнің арқасында бірнеше мемлекетке бардым. Тайваньда арбада отырып би билеуден өткен Азия чемпионатында жүлдегер болдым. Ең алғаш  қалалық жарысқа шықтым. Кейіннен шет елдерде бақ сынадым. Орындаушы бишінің басқалардан ерекшелігі – би талғамауында. Оларды әу бас­тан әмбебап болуға тәрбиелейді әрі биді тез қабылдап алуға дағдыландырады. Сондықтан әр ұлттың биін билей береміз. Әрине, үйренуге қиынға соғатын қимыл-әрекеттер болады. Тіпті, жылдап меңгеретін тәсілдер де кездеседі. Бірақ кәсіби биші болғаннан кейін бәріне дайынбыз. Халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын алдым. Санкт-Петербургта өткен арбадағы спорттық биден әлем кубогында қола жүлдені иелендім. «Фристайл» аталымы бойынша өнер көрсеттім. «Чемпиондар шоуы» финалдық гала концертінде қонақ болып, билеп бердім. Турнирге Қазақстан, Ресей, Австрия, Бельгия, Беларусь, Гонконг, Италия, Корея, Словения, Финляндия, Жапониядан келген 200-ден астам спортшы қатысты. Біз намысты қолдан бермеуге тырыстық. Көрермендердің көзайымына айналдық десек те болады.

Би – өмір сүру символы

– Біз спортшылар секілдіміз. Би де спорт сияқты денсаулыққа өте пайдалы. Бірақ кәсіби түрде айналысатындарға зиянын да тигізбей қоймайды. Аяқтың орнына қолды көбірек қимылдатамыз. Салмақты қолға көбірек түсіреміз. Бас пен иық, мойынды да жиі қозғалтып тұру керек. Әр буын мен сүйекке түскен салмақ сыр береді. Жаттығу кезінде кейде сахнада да бишілер жарақат алып жатады. Жаттығу жасап, дене шынықтыруға қызықсаңыз, би би­леуді де әдетке айналдыру қиын­ға соқпайды. Қазіргі таңда би билеп үйренуге мүмкіндік мол. Ол үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Тек ынтаңыз болса, жетіп жатыр. Бидің түр-түрін үйреніп алуға болады. Есесіне бидің түрлі жаттығуларын жасау арқылы тәніңізбен қоса жаныңызды да шынықтырасыз. Спортқа онша қызықпайтын қатарластарыма бимен айналысуға кеңес беремін. Бұл өнер жанры барлығымен байланысты. Би өнері – тілсіз өнер, оның айтар мағынасы болуы шарт. Философиялық мағынаға бай болуы тиіс. Театрдағы қойылымға әртістер қалай дайындалса, біз де солар секілді дайындаламыз. Көрермендерге би қимылдары арқылы көрініс көрсетеміз. Жүректегі, ойдағы жазуды би тілімен, жеткізу, халықты бұған сендіру – басты мәселе. Осы жағынан келгенде, қолдың, саусақтың, буынның, дененің әр қимылы маңызды. Аруна Жақсығұлова ұстазымның орны ерекше. «Үміт – надежда» қоғамдық қорының негізін салушы. Мүгедектігі бар жандардың көңілін табу үшін тынбай еңбек етіп жүр. «Кем дегенде бес еуропалық және латынамерикалық биді үйренулерің керек» дегенді жиі айтады. Жеңісіміздің барлығына балаша қуанады, – дейді мың бұралған бойжеткен.

P.S. Би – адамдардың мінез-құлқын, ішкі жандүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі, себебі би қимылдары туар кезде ырғақтық сурет әдетте оны туғызған сезім күйіне сәйкес келеді» деген Аристотельдің сөзі би әлеміндегілердің ұранына айналып кеткен. Қанша уақыт өтсе де, адамзаттың өнерге деген сүйіспеншілігі арта беретіні анық. Біз аяқ орнына арбаны дөңгелеткен  бишілердің көрермені таусылмайтынына кәміл сендік.

Жазып алған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан газеті», №37
11 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз