Өмір бойы қазақтың қара өлеңінің қамын жеп, көп жылдар бойы Мұқағали жырларының шырақшысы, іздеушісі болған көрнекті  ақын ағамыз Оразақын Асқар да өмірден өтті.

Өзі қалай өмірде  ақырын жүріп, анық басса, ел-жұртына ұсынған әрбір өлеңі де сондай ыждаһатты, ұқыпты, тәрбие мен тәлімге тұнып тұратын еді. Өлең атты киелі өнерге соншалықты адалдықпен, соншалықты   үлкен махаббатпен, кәусар тазалықпан қараған екінің бірі  осы Оразақын ағамыз болатын. Сондай-ақ, ол кісі өмір бойы өзінің жүрегін, бойын да, ойын да, санасын да кір шалдырмай таза ұстады. Соңынан сөз ертпеді. Жанына жау жинамады. Оның балалар әдебиетінің ауылына ат басын бұрып, талай буын ұрпақты тамаша тақпақтарымен тамсандырғаны да сол тазалығынан, періште көңілінен болса керек.

Орағаңның үлкен әдебиетке сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екені сөзсіз ғой. Бірақ, балалар әдебиеті мен балалар басылымдары төңірегінде жүрген біздер ол кісіні тамаша балалар ақыны ретінде танып, жақсы көріп кеткен едік. «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» балалар газет-журналдары арқылы Оразақын ағаны бүкіл қазақ ұландарының жақсы көргенін де біз жақсы білеміз. Балалар әдебиетіне бергені де, еңбегі де зор еді…

Жаныңыз жәннатта болсын, жақсы аға!

Дүйсен Мағлұмов,
«Балдырған» журналының бас редакторы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз