35687689Жазғы демалыс басталғалы бері Ернар мен Махаттың ойыннан қолдары босамады. Суға шомылады, асық ойнайды. Одан қалса, ауыл сыртындағы өзенге барып қармақпен балық аулайды.
Міне, бүгін де солай қарай беттеп келеді. Күн көтеріле үйлерінен шыққан. Өзенге әне-міне таяп қалды. «Ерте бармасақ балық аз түседі. Кейде тіпті қармақты қаппай қояды»,– деген Ернар асықтырып.
Ернардың әкесі – Тастөбеде сиыр бағатын бақташы. Кішкентайынан әкесімен сиыр жая жүріп, ол «Тастыарал» орманының ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай біліп алған.
Баратын жерлері – Қаратал өзені тақау. Жол бойы күндегідей шалғын шөптің иісі мұрындарын қытықтап, арагідік құлақтарына көлбақаның құрылы мен шегірткенің шырылы шалынып келеді. Осы бақа мен шегірткенің әуенінсіз жазды елестету мүмкін емес шығар.
Қалың жусан түбінен бір-екі рет пыр-пыр етіп бозторғай ұшты. Ол да бір әнші құс. Күн жер бетін алтын шұғыласына толық бояп үлгерместен-ақ ол да тынымсыз тіршілігін бастайды.
Өзен әлі тыныштық құшағында екен. Айнала көк жасыл, түндегі өткінші жаңбыр¬дан құлпырып, жайнап кетіпті. Жағалаудан жалбыз иісі бұрқырайды.
Екі дос ойқастап жүрген балықтардың біразын ұстамаққа ниет қылып, қармақ¬тарын суға лақтырысты.
Махаттың қармағының қалтқысы батып-шығып тұр. Бұл – балықтың қауып жатқанының белгісі. Қалтқы қалтылдауын қояр емес. Қапса болғаны сәл тартады да, қайта қоя береді. Сөйтіп балық не қармаққа ілінбей, не кетпей кісінің әбден зықысын шығарды.
Әрі- беріден соң Махат осында келгеніне өкіне бастады. Қарны ашты, іші де пысты. «Мана Ернардың «Тастыаралда» балық дегенің жыртылып айырылады дегені қайда? Әлі соқыр балық та ұстамадық қой», – деп іштей кейіді.
86697Ернар қармаққа түзу сап іздеп әлек. Әрбір шоқ талдың арасына кіріп, керегін таба алмай жүрген сияқты.
Осы сәт Махаттың басына бір ой келді де, қалың талдың ішіне жасырынды. Артынша дауысын өзгертіп:
– Әй, бала, бермен кел, жаныңның барында тез кел! – деп айқайды салды. Іле: – Қасыңдағы баланы жеп алдым, ендігі кезек сенікі. Нәйім-нәйім, қарным әбден ашты. Мен – адам жегіш жезтырнақпын. Жаныңның барында бермен кел! Тез! – деді.
Әшейінде сужүрек Ернардың бойын үрей алғанға ұқсайды. Бір қолында бәкісі, қайда қашарын білмей, дағдарып тұрып қалды. Ол Махаттан әлдеқайда ірі болатын. Енді лезде шөгіп, кішірейіп кеткен секілді. Қозғала бере жерге оңбай құлады. Айқайлайын десе дауысы шықпайды.
Махат досын аяп кетті.
– Ернар, қорықпа, бұл мен ғой, – деді сәлден соң. Сол-ақ мұң екен:
– Ах, сен бе едің? Сен екенсің ғой баға¬надан бері қорқытқан. Тоқта, бәлем, сені! – деп тұра ұмтылды.
Ұстататын Махат па, ауылды бетке алды да оқтай зулап, безіп берді.

Мұрат БАЙДІЛДАҰЛЫ,
Талдықорған қаласы.
(«Балдырған», №6. 2014 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз