Тарихшы, ақын-жазушы, əнші-биші туралы мақала жазсаң да, оқысаң да бірден баурап алып кетеді. Табиғатымыз соған жақын. Ал ғалымдар туралы оқитындар да, жазатындар да аз. Олардың өздері де сөзге жоқ.  Əрине, елдің бəрі бірдей Асқар Жұмаділдаев емес қой. Асқар Жұмаділдаев неге сонша қызықты? Өйткені, қарапайым қазаққа жақын. Не айтса да, тіліп айтады, жөн айтады. Иə, болашақтың кілті – технократ жастарда. Бірақ, олардың шамшырағы  Жұмаділдаев сияқты ғылымын да жасап, айтар сөзін білсе ғана жанбақ.

Жақында Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын жас ғалыммен таныстым. 11-сыныпта оқиды. Аты-жөні – Əзиз Талапов. Біраз уақыт сырттай бақыладым. Телефонмен, əлеуметтік желімен сөйлескенде, сөз саптауы бірден сүйсінтті. Таза қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын балалардың жетістігін көрсең, екі есе қуанасың. Бауыр етің болмаса да, жақсы көріп, тілеуін тілеп, сырттай айналып-толғанып отырасың. Əзиздің Ақмоншақ Жұмаева деген апайы бар мектебінде. «Сен жетістікке жетсең, шын қуанатын өз ұлтың. Сондықтан, соларға сыйлы бол. Ұлтыңнан биік болмайсың, ұлтыңмен бірге өсесің», – дегенді жасөкінге жиі айтады екен. Осындай жөні түзу сөзді жастайынан бойға сіңірсе, олар ертең елдің болашағы үшін аянбайтынына бек сенесің. Əзиздің өзі де жəй бала емес. Мұғалімдер отбасынан шыққан. Кішкентайынан білімге құштар боп өсіпті. «Мұғалімдер талапшыл болады ғой. Сондықтан олар менен сабағыма көбірек көңіл бөлуді, бос уақытымды тиімді өткізуді жəне үнемі бауырларыма қамқор болуды айтып етіп отырады.  Екі інім, бір қарындасым бар», – дейді.

Ол «Тұтынушылардың аялдамаларда үздіксіз электр қуатын пайдалану жүйесі» деп аталатын жоба жасады.  Ендеше жобасы туралы Əзиздің өзі айтсын:

– Қазіргі таңда ұялы телефонсыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Ал ол құралдарға басты қажетті нəрсе – қуаттандыру. Тұрғындар үшін кез келген жерде мұндай мүмкіндіктің болғаны қажет. Біздің жобамыздың мақсаты – автобус аялдамаларын осы құрылғыларды қуаттандыруға мүмкіндік беретін энергия жүйесімен қамтамасыз ету. Айта кетейін, менің ғылыми жетекшім мектебімізде дарынды балаларға арналған бағдарлама аясында қызмет етеді, техника ғылымдарының кандидаты, «Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнертапқышы» Петр Харитонов. Біздің ұсынып отырған құрылғыны аялдамаларға жақын, машина көп жүретін жолдардағы жасанды кедергілерге орнатуға болады. Көліктер жүрісінен жасанды кедергілерге түскен күш нəтижесінде, физика тілімен айтсақ ілгермелі-қайтымды қозғалыс пайда болып, ол энергия көзіне айналады. Мəселен, құрылғының үстіне күш бір рет түссе, одан 2 Вт қуатты энергия алуға болады. Осылай жиналатын энергия көзін жақын маңдағы аялдамаларға, оның ішіндегі шағын тақтайшаларға, жаяу жүргіншілер жолына жарық орнатуға тартуға болады. Мектеп бізге кез келген жоба жасау барысында зерттеу, ғылыми теорияларды тəжірибеде көру арқылы білімімізді кеңейтуге мүмкіндік береді. Менің жобамда сондай ізденістің нəтижесі. Ал оның нақты бір жерге орнатылып, өндіріске енуі үшін кешенді техникалық-материалдық жұмыс қажет. Мəселен, жақында «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған Nurintech инновациялық жобалар байқауына қатыстым. Бұл байқаудың көздегені – біз секілдіжастардың жобасын қолдап, мүмкін болған жағдайда тəжірибеге енгізу. Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-ға жуық жас ғалым түрлі сала бойынша жұмыстарын жіберген. Нəтижесінде ең үздік деген 25 жоба ақтық кезеңге жолдама алып, оның 15-і жүлдегер атанды.  Осы байқауда менің жобам «Техностарт» аталымында 3-орынға лайық деп танылды. Бұл мен үшін үлкен жетістік, жаңа ғылыми бастауларыма күш беретін қолдау болды.  Болашақта біз секілді жастардың осындай жобалары тəжірибеге енуі əбден мүмкін.

– Бəрекелді! Əдетте жас ғалымдар бірнеше жобаны қатар алып жүреді. Бұдан басқа қандай жобаларың бар?

– Бұған дейін жетекшім Петр Тихоновичпен бірге «Қолданыстағы жел ағыны концентраторлы зертханалық жел агрегаты макеті» жобасымен айналыстым. Бұл жоба баламалы энергия көзінің бірі – жел агрегаттарының өнімділігін арттыруға бағытталды. Яғни, қолданыста бар жел агрегатының сыртына концентратор орнатып, ауа массаларын көбірек жинауға мүмкіндік беру жəне энергия алу тиімділігін жоғарылату. Осы жобамен 2016 жылдың 29 наурызы мен 1 сəуір аралығында Мəскеу қаласында ХІХ Халықаралық «Архимед-2016» өнертапқыштар мен инновациялық технологиялар Салонына қатыстық. Бұл əлемдегі алдыңғы қатарлы жобалар таныстырылатын ең үлкен көрме алаңы болып саналады. Салон бағдарламасы аясында əлемнің əр түкпірінен өнертабыстар, өндірістік үлгілер, тауар белгілері, пайдалы модельдер көрмесі өтіп, «Өнертапқыш университеті» атты оқу шаралары, конференциялар, венчурлік жəрмеңке, байқаулар,ұлттық жобалар мен технологиялардың таныстырылымы ұйымдастырылады. Мұндағы өнертабыстар ғылым мен техниканың түрлі саласын қамтиды. Атап айтқанда, биотехнология, медицина, робототехника, металлургия, ракета құрылысы, құрылыс, ауыл шаруашылығы жəне басқа да салалар. Осы айтулы шара аясындағы өнертапқыштар байқауында жобамыз күміс жүлдеге лайықты деп танылды. Сондай-ақ жас өнертапқышқа арналған арнайы сыйлықпен марапатталдым. Бұдан бөлекфизика пəні бойынша олимпиадалардың қатысушысымын. Менің бағытым көбіне ғылыми жұмыстармен айналысу.

– Алдағы уақытқа нақты қандай жоспарларың бар?

– Халықаралық жəне мектепті бітіруге арналған емтихандарды жақсы бағаға тапсырып, Назарбаев университетіне түсуді мақсат етіп отырмын. Сондай-ақ ағылшын тілін одан əрі дамыту керек.

– Қанша тіл білесің?

– Үш тіл білемін. Ана тілім – қазақ тілі, сосын орыс жəне ағылшын тілдерін жетік меңгергенмін. Қазір ағылшын тілін одан əрі тереңдетіп оқып жүрмін. Біздің мектебімізде күн тəртібіміз бар. Таңертең сағат 8.30-дан түскі 15.40-қа дейін академиялық бөлім, яғни сабақ оқимыз. Одан кейін əр оқушы  қызығушылығы бойынша элективті курстарға немесе үйірмелерге қатысады. Көбіне жоба жұмыстарымен айналысамын. Сонымен қатар денсаулығымды сақтау үшін спорт үйірмелеріне қатысып тұрамын.

– Жəй мектепте оқитын балалар физика-математикаға қызыға бермейді. Оларға əдебиет, тарих пəндерін оқу қызықты. Өзіңдей жастардың қатарын көбейту үшін не істеу керек? Жаратылыстану пəндерінен қиналып жүрген іні-қарындастарыңа қандай кеңес айтар едің?

– Əр адамның қызығушылығы əртүрлі болады. Оған түрлі факторлар əсер етуі мүмкін. Оны тек мектеппен байланыстыруға болмайды. Əрине, оқушы үшін мұғалімнің өз пəніне қызықтыра білгені маңызды. Сондықтан физика-математика пəндеріне қызығушылықты арттыру үшін мұғалімдер көбірек тəжірибелік жұмыстар көрсетіп, қарапайым өмірдегі құбылыстармен сабақты байланыстырып оқытуы керек секілді. Сол кезде баланың бойында сол пəнге деген ынта пайда болады. Біздің елімізде ғылымның дамуына айтарлықтай көңіл бөлініп отыр. Тек оқушылар арасында инновациялық жобалардың немесе түрлі іс-шаралардың қатарын əлі де көбейту керек секілді. Бұл оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты көзқарасын қалыптастырады деп ойлаймын. Əр оқушы өзіне ұнайтын пəн бойынша жан-жақты білім алуға талпыну керек, өздігінен іздену керек. Қазір интернетте түрлі ресурстар қолжетімді. Солармен жұмыс істеп, өзін сынап көруге болады.

– Сені ғылыммен айналысуға ерекше шабыттандыратын не?

– Жасына, мүмкіндігіне қарамастан жетістікке жеткен адамдар туралы оқу жəне олармен кездесу, олимпиадаларда, ғылыми байқауларда ерекше жобалар жасаған замандастарыммен таны-су, сөйлесу маған шабыт береді.

– Жетістіктеріңе көңілің тола ма?

– Əрине, көңілім толады деп толық айта алмаймын. Дегенмен, таңдаған бағытыма, жанымдағы жетекшілеріме, маған жол сілтейтін адамдардың барына, достарыма көңілім толады. Адам өзіне толық көңілім толады дейтін болса, онда сол сəттен бастап ол өзін дамыта алмайды деп ойлаймын. Əрқашан өзіңе сын көзбен қарау керек.

– Хоббиің не?

– Хоббиім – ағаштан бұйымдар жасау, яғни ұсталық. Мəселен, бос уақытымда ағаштан кесе жасаумен, қамшы өрумен айналысамын.

– Кумирің кім?

– Нақты бір адамды үлгі тұтамын деп айта алмаймын. Бірақ өмірбаяндарын оқу арқылы, іс-əрекеттерін көру арқылы танымал тұлғалардан сабақ аламын. Мəселен, күні кеше «100 жаңа есім» жобасына енген жас ғалым Мəулен Бектұрғановтың жұмысы маған ерекше əсер етті. Осындай  үлгі алатын азаматтар елімізде көп.

– Замандастарыңа қандай кітап оқып, қандай фильмдер көруді ұсынасың?

– Соңғы оқығаным – Бенжамин Франклиннің өмірбаяны. Онда ғалымның өмірі жəне электр энергиясы саласындағы тəжірибелері туралы жазылған. Физика саласына қатысты кітаптарға көбірек көңіл бөлемін. Тағы бір қызығып оқыған кітабым – Теодор Драйзердің «Финансист» деген еңбегі. Бұл кітапта адамдар қандай қиындық болса да жеңіп, өз өмірін өзі қамтамасыз етуге ұмтылу керектігі айтылады. Маған детектив жанрындағы фильмдер ұнайды.

– Əңгімеңе рақмет! Қазақтың атын əлемге əйгілейтін үлкен ғалым бол!

 

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №3
16 қаңтар 2018 жыл

1 ПІКІР

  1. Осындай бала тәрбиелеген ата-анасы мен ұстаздарына мың алғыс! Əр қазақтың баласы осындай болса шіркін…! Ғұмырлы болады жас өркен!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз