Əскери бөлімімізде еңбектері елеулі, тату əрі ұйымшыл ұжым бар. Ол – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы, №5513 əскери бөлімінің оркестрі. Құрамында 15 адам бар оркестрге сарбаз боп келгеннен бастап назарым түсті. Жолығудың сəтін қаншама рет күттім десеңші… Жылы амандасып, үйлеріне кетіп бара жатқан музыканттарды талай мəрте көзбен шығарып салғам. Бірде əскери бөлім командирінің Тəрбие жəне əлеуметтік қоғамдық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Төрехан Төртбаев мырза кабинетіне шақырып, əскери бөлім өмірінен кез келген тақырыпта жақсы мақала жазуды тапсырды. Бірден өзіміздің оркестр туралы жазамын деген шешімге келдім. Қоятын сұрақтарымды ойша жұптап, қағаз-қаламымды алып, бөлімнің фотоаппаратын иығыма асынып, оркестрдің дайындалатын жеріне келдім. Қызу дайындық үстінде екен. Бір сəтке аспаптарын тартуды тоқтатып, назарларын маған аударды. Келген себебімді айттым. Қарсы болмады. Дирижер аға лейтенант Ялкун Санатұлы мырза оркестрдің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Одан кейін оркестр құрамындағы музыканттармен əңгімелестім.

Оркестр – адамның дене мүшелері секілді…

«Бұл жерге 1999 жылы мамыр айында келдім. Сол кезден бері осы жерде қызмет атқарып келемін. Басында дайындалатын орынның жағдайы қазіргідей болған жоқ. Аспаптар да тапшы еді. Қазір жағдайымыз біршама түзеліп қалды. Астана мен Алматыда əскери оркестрлер арасында тұрақты түрде өтетін жарыстардан қалмаймыз. Жеткен жетістіктеріміз көңілге қуаныш, шабыт сыйлайды. Жетістігіміз өте көп. Тіпті санынан жаңылыстық. Соңғы жетістігімізді ғана айтып өтейін. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бірлескен оркестрі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан Бас Қолбасшысының жүлдесі үшін əскери оркестрлердің «Əскери керней» VIІ байқау-конкурсында «Гран-При» иегері болды. Төккен тер, еткен еңбектің жемісі деп білемін. Оркестр дегеніміз адамның дене мүшелері секілді. Біреуі болмаса бірдеңе жетіспей тұрады. Бəріміз бір отбасы сияқтымыз. Кішілер «аға» деп сыйлайды, біз өзімізден кейінгі буынға ізеттілік танытамыз. Білгенімізді үйретеміз. Соның арқасында талай жерге барып өзімізді мойындатып, əскери бөлімнің абыройын асқақтатып келеміз. Əскери оркестр – бөлімнің ажырамас бөлшегі деуге болады», – деп ағынан жарылды Бас аспабында ойнайтын Бауыржан Есмұратұлы мырза. Шағын əңгімеден кейін ағамыз орнына жайғасып, дайындыққа кірісіп кетті. Менің көзім оркестрдің жеке құрамында. Бəрінің алдында нота таңбаланған кітапшалар орналасқан. Əлсін-əлсін беттерін аударып қояды. Бас-аяғы жарты сағаттың ішінде біраз əндерді орындап тастады. «Үш Қоңыр», «Атамекен», «Сыған серенадасы», «Қайықта», «Ұлан сарбаздары», «Япурай» сынды əндерді жазбай таныдым. Дирижердің қолына тыным жоқ. Əрлі-берлі сермейді. Арасында жымиып қояды. Оркестр орындаушыларына білдірген ризашылығы деп түсіндім. Екі қолын қыранның қос қанатындай жайып жібергенде барлық аспап сілтідей тына қалды. Бұл «тоқтатамыз» деген белгі екен. Музыка пəнінен сабақ берген апайымды дəл сол сəтте анық түсіндім. Ол кісі үнемі: «Көп нəрсе дирижерге байланысты. Мықты дирижер музыканттарды шебер басқарады», – деуші еді. Рас сөз екен. Өзінің қоластындағыларды шебер басқаратын əскери дирижерді алғаш көруім.

Ноталарды сөйлетеміз

Үзіліс кезінде аға маман, концертмейстер Мəулен Медетұлын əңгімеге тарттым.

«Мен де Бауыржан ағаң секілді көп жылдан бері қызмет атқарып келемін. Оркестрдің осы кезге дейінгі жүріп өткен жолы көз алдымда. Оркестрде əрбірінің үлесі бар. Мен кіші жəне үлкен барабандарды басқарамын. Қай жерде қатты соғу керек, қай жерде жəй ұру керек, осылардың бəрін нотаға сай істеймін. Оркестр құрамында қызмет атқарған ұнайды. Сол себепті бір қызметте келе жатқан жайым бар. Қасымдағылардың бəрі өзімнің аға-інілерім сияқты боп кетті. Біздің əр күніміз қызықты өтеді. Бір-біріне ұқсамайды. Ерте келіп, кеш қайтамыз. Əр адамның сүйікті жұмысы болуы керек қой. Мен өз жұмысымнан лəззат аламын», – дейді барабаншы ағамыз.

Көрермен бізді жылы қабылдайды

…Ортаңғы бөлмеге қарай шықтым. Қарсы алдымда «Кларнет» аспабын əдемі тартатын музыкант тұр. Сырттай танимын. Сұрақ қоямын деп оқтала бергенде əңгімені бастай жөнелді. Маған да керегі сол болатын.

«Е-е-е, бауырым, қош келдің! Өзің көріп тұрсың ғой. Жұмыс қауырт. Нағыз дайындықтың ортасында келдің. Үзіліс уақыты болғасын аздап əңгіме айтуға мүмкіндік табылып жатыр. Əйтпесе, бізде бос уақыт көп бола бермейді. Өзімді таныстырып өтсем, есімім – Нұрлыбек. Əскери шенім – кіші сержант. Аға музыкантпын. Кларнеттен бөлек саксофонда ойнай аламын. 4 жыл шекара қызметінің оркестрінде болдым. Содан кейін осы жаққа ауыстым. Айтпақшы, өзіңнің есімің кім?» – деп қолын созды.

Қолын қысып, есімімді айттым. Нұрлыбек Жорабекұлы əңгімесін əрі қарай жалғай түсті.

«Əскерге бармай тұрып үйленген едім. Əскерден оралғанда жан жарым мен балам қарсы алды. Қазір үш баланың əкесімін. 1992 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келгем. Əскерден соң келісімшарт бойынша қызметші боп қалдым. Қызылорда қаласында орналасқан Қазанғап атындағы музыкалық колледждің «кларнет аспабының мұғалімі» мамандығын бітірдім. Əскери оркестр қатарында 6 жылдан бері істеп келемін. Қазір біздің оркестр облыстық кітапханаларда, мектептерде, колледждерде, университеттерде шағын концерттер беру еді. Көрермен өте жылы қабылдайды. Ыстық ықыластарын ұзақ қошемет арқылы білдіреді. Дайын əуенді қосып қойып, халықты алдайтын əншілерден тыңдарман да жалыққан. Бізде бəрі шынайы. Импровизация үнемі боп тұрады. Түрлі аспапта ойнап отырған ағаларыңның бəрі өнерден құралақан емес. Нұржалғас Қанатұлы – Тараздағы мықты асабалардың бірі əрі əнші. Ал ефрейтор Қанат Маратұлы корнетте тамаша ойнағаны өз алдына, эстрадалық əндерді керемет шырқайды. Саят Тұрдалыұлы болса – мықты тенор. Дауысына талай адам тамсанған», – деп оркестр құрамын қысқаша таныстырып өтті. Студент кезімде Жарқынбек есімді ғажап бауыр тапқам. Ол да Қызылордадан еді. Негізі «Қызылорданың адамдары əңгімені майын тамызып айта ма?» деген ойға қалдым. Кіші сержант Нұрлыбек мырзаның мына əңгімесі оркестрге деген қызығушылығымды одан əрі арттыра түсті.

Туған жер және жыл құстары

Дирижер келгесін попурри ойнап берулерін өтіндім. Ол кісі құп алды. Екі қолын сермей жөнелгенде барлығы өз істеріне кірісіп кетті. Оркестр студиясы əсем əуендерге көмкерілді. Сағынып жүрген əндерімді тыңдап бір жасап қалдым. «МузАрт», «Заман» тобы, Төреғали Төреəлі, Ерке Есмахан, «Жігіттер» квартеті, Айқын Төлепберген, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар сынды əншілердің танымал əндерін ойнағанда, сөзін айтып, қосыла шырқадым. Оркестр орналасқан шағын ғимарат адамды өзіне баурап алады екен. Дайындық сыныбындағы таулы табиғат бейнеленген қабырғадағы үлкен сурет ерекше ұнады. Оны кезінде Тұралы Қартабаев есімді трамбонда ойнаған кісі салыпты. Қазір құрметті еңбек демалысында екен. Бұл туралы əңгіме барысында Мəулен аға айтқан болатын. Əскери оркестрде күн тəртібі қатаң сақталады. Таңертеңгі сағат 07:30-да бəрі жиналады. Содан түскі 1-ге дейін жұмыс істейді, дайындалады. Екі сағат түскі асқа барып келеді. Сосын кешкі сағат 19:00-ге дейін жұмыста болады. Тек жексенбі күні ғана демалатын оркестр ұжымына қандай мақтау айтсаңыз да жарасатындай. Бір қызығы, бұл ұжым еңбек демалысына бір уақытта кетіп, бір уақытта қайтып оралады екен. Құдды бір жыл құстары секілді.

Мені де анам жыл құстарын күткендей сарғайып күтіп жүрген шығар. Анашым, құлыныңыз əлі-ақ құлдыраңдап жетіп барады! Біздің жақтың құстары да туған жерді тастап, жылы жаққа ұшып кеткен шығар. Бірақ, туған жер, сен мені күт, жарай ма?! Бұйырса, өзекке теппейтін өз ұлың бір жылдық сапарынан оралады…

Қатардағы жауынгер
Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ.
Тараз қаласы

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз