Қазақ әнін тұңғыш әлемге танытқан Әміре Қашаубаев. Ол 1925 жылы Париждегі EXPO көрмесіне қатысып, әлемдік додада ән шырқап, күміс медаль иеленіп қайтқан. Екі жыл бұрын әнші жайында америкалық режиссер фильм түсіріп бастағанын естідік. Қаржы өзіміздің бюджеттен бөлініп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен түсірілген. Күткен күніміз жетті. Баспасөз қызметкерлеріне арналған «Әміре Қашаубаев» фильмінің алдын ала көрсетіліміне бардық. Фильм толықтай ағылшын тілінде түсіріліп, кейін қазақша және орысша дубляж жасалған. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясының бірлескен өнімі. Әншінің туғанына 130 жыл толуына орай экранға шығып отыр.

Әміре Қашаубаев 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданында дүниеге келген. Әкесі Қашаубай өте кедей өмір сүреді. Он екі жасқа толғанында әкесі жұмысқа жарамай, отбасы тауқыметі Әміренің мойнына артылған. 1990 жылы Исабек есімді байдың көлік жүргізушісі болып Семейге отбасымен көшеді. Ыңылдап ән салып жүргенін байқаған бай оны той-жиындарда «әнші жалшысы бар» деген атақ үшін ертіп жүрген. Сөйткен Әміре 1921 жылы қазақ жастарының «Ес-аймақ» ағарту ұйымына мүше болып, әншілік өнерін шыңдайды. Ал 1924 жылы Семейде өткен халық өнерпаздарының байқауында бас бәйгеге ие болады. Келер жылы 36 жасында Парижде өткен EXPO Халықаралық көрмесіне барып, әлемді мойындатқан әншілердің бәйгесінде күміс жүлде алады.

Бұл қазақ ән өнерінің әлем сахнасына алғаш шығуы және алғаш аса жоғары бағалануы еді. Сол кезде кері саясат кесірінен шетте жүрген Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Әміретанушы Жарқын Шәкәрімнің айтуынша, Мұстафа Әміренің жанынан бір елі қалмай, оған тілмаш болған. Сықитып су жаңа кәстөм кигізген. Ал біз көрген «Әміре Қашаубаев» фильмінде ол кәстөмді шетелдік достары алып береді. Өзі Мұстафа Шоқайға жолаудан ылғи қорқақтап, мүмкіндігінше алыста жүруге тырысады. Шоқай сахнаға Әміре шығарда ғана концерт залына кіреді. Алдымен жан-жағына алақ-жұлақ қарап алады да, шеткі орынға жайғаса салады. Тағы бір деректе екі қазақ Парижде бір-бірін көргенде бауырымдап құшақтасып амандасқаны жазылған. Біздің көргеніміз – орындықтың бір шетінде газет оқып отырған Мұстафа, екінші шетіне барып жайғасқан Әміре. Салқын амандасу. Айтқанымыздай әнші өте кедей тұрған әрі он екі жасынан бастап Семей қаласында өмір сүрген. Ал фильмде оны Еуропаға ауылдан, онда да іші-сырты бақуатты киіз үйден ертіп әкетеді.

ФИЛЬМДІ ТҮСІРГЕН АМЕРИКАЛЫҚ РЕЖИССЕР КІМ?

«Әміре Қашаубаев» фильмінің режиссері – америкалық Джефф Веспа. Кинокартинаның бояуы қанық. Маманы болмасақ та жарық, камералар саны сынды кей техникалық артықшылықтарға көңіліміз тойып отырды. Джефф Веспа 1970 жылы Американың Мэриленд штатында дүниеге келген. Фотограф. Ағылшын тіліндегі variety.com сайтының мәліметінше бұл фильм оның режиссер ретіндегі дебюті. 1996 жылдан бері кино саласында жұмыс істейді. Өзі қатысқан негізгі оншақты кинокартинасы бар. 1998 жылғы «Салт-жоралғылар» фильмінде продюсер, 2010 жылғы «Өрмекші балалар» фильмінде продюсер, сценарий авторы және режиссер болған. Әзірге су жаңа фильмі біздің «Әміре» екен. Әміре Қашаубаевтың Парижде он бір концертке қатысқаны анық. Сонда шамамен 12-15 күндей болған. Ол кезде Оразке есімді жары, Күлән есімді кішкентай қызы бар. Біз көрген Әміре Парижге барып, өзі әнші, өзі фотограф қызға ғашық болады. Тіпті ашық сцена да көрсетілген. Мұстафамен кездесуге барғанда да «сүйіктісін» ерте барып, қолынан ұстайды да отырады. Айналып келіп сүйе беретіні сондай таңсық болды біз үшін.

Баспасөз конференциясында режиссер Джефф Веспадан қазақ ерлері әйелін не сүйіктісін жұрттың көзінше сүймейтінін, қала берді қолынан да ұстамайтынын айттық. Бұл әдетті оған ескерткен жан болған-болмағанын сұрадық. Режиссер Әміренің батысқа келгенін айтты. «Жаңа нәрсенің дәмін татып көруге болады ғой» дегенді де қосты. Отбасылы әнші он күнде өзгере қалыпты сөйтіп. Жақсы, бұл – көркем фильм. Ол қыз, Санжар Мәдиев айтпақшы, мотивациялық бейне болсын. Әрі әнші адамның серілігін көрсеткені болар деп жұбанайық.

БАСТЫ РӨЛГЕ АКТЕР ҚАЛАЙ ТАҢДАЛҒАН?

Ағылшын тілін білетіні үшін. Бұл жөнінде фильмнің продюсері Әлидар Өтемұратов Фейсбук парақшасында жазды. Фильм ағылшынша түсірілгендіктен қазақша түсінетін, ағылшынша сөйлей алатын адам керек болыпты. Санжар Мәдиев – әр рөліне аса ұқыптылықпен дайындалатын өте талантты, жауапты актер. «Сказ о розовом зайце», «Елім-ай», «Аманат», «Құстар әні», «Алтын орда», «Защитники» киноларында жанын салып ойнайды. Фильм үшін сағаттап жүріп домбыра тартуды үйренген. Тек бұл рөл Санжарға оң жамбасқа дөп келмепті.

Күміс медаль тапсырып жатқанда көзіне жас алды. Біз де қолымызды бетімізге апардық. Рухтанып, тамағымызға өксік тығылғаннан емес. Әміренің өтірік қобалжығанынан ыңғайсыздандық. Санжар – кәсіби актер. Алайда қаланың баласы 36 жасына дейін ауыл, ары кетсе Семей көрген қазақ образына кіре алмады. Үлбіреген, әппақ жігіттен күнге әбден қақталған, қараторы қазақты тани алмадық. Күміс алқа алатын соңғы сайыста ұлттық шапанмен шығады. Оған дейін еуропаша киінетін. Сонда театрдың гардеробынан қазір ғана таңдап алынып, актердің иығына іле салғандай әсерде қалдық. Санжардың келбеті рөлге келмегені өкінішті.

ӘНШІНІҢ ӨМІРІ ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ?

Жарқын Шәкәрімнің айтуынша, Әміренің Күлән, Күләш есімді екі қызы, Әміржан есімді ұлы болған. Күләш әкесіне тартып, өнерге беттеген. Қостанайдағы филормонияда жұмыс істеп жүргенінде көзі қайтқанша Жарқын ағамен хат алмасып тұрыпты. Әкесінің іздеушісі барына риза екенін жазады екен. Осы қызынан Әміренің жиен немерелері бары анық. Алайда әміретанушының өзі оларды әлі таппай жүр. Біреулер әлі де сол Қостанай маңында десе, екіншілер Қырғызстанға  қоныс аударыпты дейді. Әміржан болса әкесі дүниеден өтіп, қырқы өткізіліп жатқанда туылыпты. Есімін Серке Қожамқұлов қойған. Өкініштісі сол, жалғыз ұл бір айдан соң шетінеп кетіпті. Әміренің бағы жанғаны да, өлімінің себебі де Париждегі ән байқауы еді. Сонда Мұстафа Шоқаймен кездескені үшін өмірінің соңына дейін КГБ өкілдерінің таяғы мен тергеуінің астында болды. Ақыры 1934 жылы 6 қарашада аңыз Әміре Қашаубаевтың денесі Алматының бір көшесінен табылды. Екі ай бұрын пластинкаға ән жаздыру жұмысы басталған еді. Оған Әміре, Жүсіпбек, Манарбек секілді әншілер шақырылады. Ол жайында Ахмет Жұбанов былай дейді: «Ең артынан бүкшиіп қана жұпыны киімде отырған Әміре басын көтерді. Екі ұрты бір томпайып, бір қусырылып, алдыңғы отырысынан тікеріңкіреп алды да айғайға басты. Оның әні Наркомпростың аласа кабинетін көтеріп тастай жаздады. Соңғы әнінің аяғында маңдайдан аққан терімен бірге, жұртқа білдірмей ғана көзінен шыққан ызалы жасын сүртті де, ар жағындағы оқиғаның не болатынында жұмысы болмай, кабинеттен жылдам басып шығып кетті». Бұл – Әміре Қашаубаевтың сахнадағы соңғы әні еді.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург:

ФИЛЬМНҢ ЖАНРЫН АНЫҚТАЙ АЛМАДЫМ

– Бұл – еуропалықтарға арналған фильм. Америкалық, еуропалық өмір сүру стилін көрсетуге басымдық берген. Алғашқы сценарий бойынша Мұрат Бидосов түсіретін болған. Менің күйеубалам. Жанашырлық танытып сценарийді оқып шықтым да, көп өзгерттім. Алғашқы сценарий бойынша Әміреге ғашық болатын әйел еуропалық емес, татар қызы болатын. Кейін Алматыға іздеп келетінін қосқанбыз. Әміренің басына іс түседі де, фильм аса мұңлы аяқталатын. Ол сценарий қазаққа жақын еді. Көрген киномызға оралайық. Фильм басында Әміренің кім екенін аздап оқиғалы етіп, қысқаша суреттеп жіберу керек еді. Әміренің рөліне Еуропамен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын болмысы бар, қараторы адамды таңдаса бір жөн. Аздап анайылығын да қосқанда деймін. Әміре әнді созып айтқанда демі екі адамға жететіндей деген аңыз бар. Жұрт оның екі өкпесі бар шығар деседі екен. Сол дауыс қайда? Әсіресе финалда айтқан әнінің диапазоны тарлау, ырғағы шолақ шықты. Ондай әнге бола француз жұрты, дүниежүзінен келген көрермен атып тұрып қол соқпайды. Әміреге ғашық болған еуропалық арудың оны неге жақсы көргені жеткіліксіз болып тұр. Шындап келгенде, «Әміре» фильмі қандай жанр? Мюзиклге келмейді, драмаға жатпайды. Мүмкін музыкалық драмаға ұқсатармыз. Алайда оған да толық жауап бере алмай тұр. КГБ өкілдері Әміре елден шықпай жатып соңында жүр. Жүре берсін делік, жақсы. КГБ елге келген соң сыйлығын алғаннан кейін тиісіп, тергеу жүргізуші еді. Шетелде олар ізін де көрсетпейтін. КСРО-ның атын шығарайын деп тұрған адамды байқау барысында таяқтаса, бастары кететінін біледі ғой. Алайда олар ертең халықаралық аренаға шығатын өз елінің адамын аямай соғып, аузынан қара қан ағызады. Мынадай күйдегі Әміре ертеңіне сахнада ән салып тұр. Мұнысы нанымсыз шықты. Кинодраматургияда әр эпизодтың алдыңғы оқиғасы болады. Әр әрекеттің логикалық дамуы, кішігірім тақырып деген терминдері бар. Фильмнен бұлардың әлсіздігін байқадық. «Көшпенділер» фильмін бірінші басқа режиссер түсіретін болған. Кейін ол фильмді аяқтамай еліне қайтып кетті. Біз туралы мақала жазып, соңында «әр елдің ханын сол ұлттың адамы түсіруі керек екен» деп түйіндепті. Мәселен, Англияда менің қойылымым қойылғанда Зейнептің рөлін ойнаған актрисадан «саған не қиын болды?» деп сұрадым. Сонда ол сөйлесіп отырғанда, кесе ұсынғанда ерінің көзіне тіке қарамаудың қиын болғанын айтады. Осындай кішігірім детальдар ұлттың психологиясын ашып тұр. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлт болмысын фильмнен көре алмадық. Дегенмен фильмнің түсірілуі, атмосфераны бере білуі өте сапалы. Үлкен пландары қандай жақсы! Техникалық жағынан мін жоқ. Әміренің мейрамханадағы импровизациясы өте сәтті шығыпты. Сондай-ақ продюсер Әлидар Өтемұратов секілді қалталы азаматтардың қазақтың фильміне қаржы салып, көңіл бөле бастағанына қуандым.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

“Ұлан” (№15, 10 cәуір 2018).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз