Әмір Ілияс 9-сыныпта оқиды. Ол №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі. Әмір әлемнің 28 елінен үш мың адам қатысқан марафонда 70 шақырымды 11 сағат 58 минут 38 секундта жүгіріп өтіп, мәреге бірінші жетіпті.

Батыр жігітті іздеп, балалар үйіне бардық. Туысын көргендей, бізді жылы қарсы алды. Алдымен тәрбиешісі Хафиза апайымен таныстырды.

–  Балалар үйінде жұмыс істегеніме 25 жыл. Балалардың тәтті шағы осы үйде өтіп жатыр. Олар жылдың төрт мезгілінде осында, бәрі бірге жүреді. Жылына бір рет лагерьге барып келетін шығар. Әмірдің мінезі тұйық, көп сөйлемейді. Болмысы өзгеше. Бізге келген күніне дейін жатқа білемін. 17 сәуірде Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдық мерейтойын өткізіп жатқанбыз. «Екі бала келді, қабылдап алыңыз», – деді. 4-сыныптың оқушылары Диоржан мен Әмір екен. Қазақша түсінбейтін. Кішкентай топта бір бала жылап отыр екен. «Апай, менің інім ғой. Жанына барып, жұбатсам бола ма?» – деді Әмір. Күні бойы інісінің жанында жүрді. Сол көрініс көз алдымда қалып қойды. Інілеріне қамқор. Балалар таласып жатса, араға түсіп, татуластырып жүреді. Қайда барсақ та, қолына түскен тәттіні өзі жемей, інілеріне алып келеді. Сабаққа бірге барып, үй тапсырмасын орындауға көмектеседі. Інісі Өмір ағасын қатты сыйлайды. Түскі асқа барғанда бір дастарқанда отырады. Інісі ағасының тамағын, қасығына дейін бәрін әкеліп береді, – деді.

Әңгімемізді балалардың дауыстары бөліп жіберді.«Ағай, жүріңіз, «Ұлан» газетінің тілшісі келді» деп, балалар жүгіріп келді.

– Сізбен танысуға келдік, – деді Ерсін ағай. Бұрын балаларды жарысқа дайындаған екен. Қазір қызметі ауысып, уақыты болмай жүргенін айтты.

– Балалар үйіндегі әрбір бала ерекше. Әкелік қамқорлық көрсетіп, жақсы тәрбие алса екен дейміз. Әмір – ерекше бала. Спортқа бала күнінен бейім болды. Еркін күрестен чемпион. Былтыр 16 келі кір тасын 114 рет көтеріп, жұрт таңдайын қақты. Биыл қазақша күрестен екі рет чемпион болды. Альпинисттік те қыры бар. 3-4 метр биіктіктегі тауға шығып, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр. Әскери мектептің оқушылары арасында өтетін жарыстарға жиі қатысады. Жүлдесіз қайтқан күні жоқ. Болашақта еліне адал қызмет ететін азаматтардың бірі болады деп үміттенеміз. Илья Фроловты еркелетіп, «маңдайында жұлдызы бар» дейміз. Ұлты орыс болса да, қазақы тәрбиеде өскен. Илья – бокстан республикалық біріншіліктің чемпионы. Барлық үйірмеге қатысады. Шахматты да жақсы ойнайды. Аманқос Нұрбайұлы деген оқушымыз бар. Ол футболды жақсы ойнайды.

Ерсін ағайдың сөзіне шын сендік. Балалар бір үйдің баласындай, бір-бірінің қас-қабағына қарап, әдеппен сөйлейді. Әмір әңгімесін былай бастады:

– Әскери патриоттық клубқа қатысамын. Жаттықтырушым – Бақытжан Перімбетов. Марафонға қатысуға ағай көмектесті. Осы күнге дейін жеті марафонға қатыстым. Алматы қаласына жақын маңдағы Таңбалы тас деген жерде өтті. Негізі марафон ересектерге арналған. Жас жағынан ең кішкентайы мен болдым. Жүгіруге арналған арнайы жол бар. Бұл жарысты экстремал атлетика дейді екен. Яғни тау-тасты, кедір-бұдыр жерлерді жүріп өтесің. Жарыс жолына таңғы сағат 6-да шықтық. Асығыстық жасадым ба, бой жазып үлгермедім. Бірінші жүгіріп кетіп, тынысым да дұрыс ашылмады. Кейін бәрі қалпына келді. Жолда су ішіп, жеміс жеп, күш жинап алдым. Жиырма шақырым жүгірген соң аяғымның сіңірі тартылып қалды. Массаж жасап, жолға қайта шықтым. Сөйтіп, 120 шақырымдық марафонға жолдаманы жеңіп алдым. Егер он екі сағатта жүгірсем, маған бұл жолдама берілмес еді. Алда әлі талай марафон бар. Сәуір айында Алматыда өткен марафонға жарақатыма байланысты қатыса алмадым. Футбол ойнап жүріп аяғымды ауыртып алған едім.

–Ағайың жақсы күресетініңді айтты…

– Балалар үйіне келгенімде балаларды жинап жатыр екен. Кызығып, мен де бардым. Күресті естігенім болмаса, ережесін білмеймін. Балалар бой сергітуге шыққанда мен де қызығып, сапқа қосылып кеттім. Еркін күрес қатты ұнады. Балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында күрестен жарыс жиі өтеді. 2014 жылы өткен жарыста бәрін жеңіп, сыйлық алдым. Қолыма қорап ұстатты. Ойыншық немесе тәтті нан деп ойладым. Сөйтсем, телефон екен. Қатты қуанғаным есімде. Бақытжан ағаймен тауға шығуға кез келген бала шыдай бермейді. Тау жақта күн суық. Тауға дейін ұзақ жаяу жүреміз. Шатыр құрып, ұйықтаймыз. Ертеңіне тауға шығып кетеміз. Аманкелді, Пионер, Мәншүк Мәметова тауларына шықтық.

Бірінші рет 8 келі кір тасын 93 рет, кейін 240 рет көтердім. Жасым өскен сайын ауыр салмақты көтере бастадым. 16 келі кір тасын 40-тан бастап, 100-ге дейін көтердім. Наурыз мерекесінде 16 келі кірді 110 рет көтеріп, 1-орын алдым. Аяқ-қолым ауырып, қатты шаршап қалдым. Кірді көтерген соң күрес басталып кетті де, төрт адаммен күнш сынастым. 9-сыныпты бітірген соң Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық әскери мектеп-интернатына түсемін. Демалыс күндері бауырларыма келіп тұрамын. Дене шынықтыру, қазақ әдебиеті мен химия пәндерін жақсы көремін. Болашақта Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегім келеді.

Кеудемді жерден 40 рет көтердім

Әңгімені Әмірдің інісі Өмір жалғастырды. Жасы – 11-де, 5-сыныпты аяқтапты. Спорттың барлық түрімен айналысуға тырысады. Жанына бокс жақын. Таяуда бокстан республикалық жарыс өтеді екен. Бұған дейін ұстаздары «жасы жетпейді» деп рұқсат бермепті. Осы додада «өзімді көрсетемін» деп белсеніп жүр.

– Ең бірінші Талғар қаласында өткен жарысқа қатыстым. Бірінші раундта қарсыласымның соққысынан есеңгіреп қалдым (күліп). Басым ауырды сосын. 31 келі салмақта басты қарсыласым деп сол баланы білемін. Дәл қазір атын ұмытып қалғаным. Бокстан әлі жеңіске жеткен жоқпын. Бірақ күрестен әрдайым топ жарып жүрмін. Өткенде 1-орын алып, телефон ұтып алдым. Қазақша күрестің ережесін жақсы білемін.

Көп ақшаң болса, не алатын едің?

– Үй алып, әкеме көмектесіп, бақытты отбасы болғым келеді.

Інің Демир қандай бала?

– Тыныш, өзіміз сияқты. Апайларын тыңдайды. Ағам екеумізге еліктейді.

Інің туған күнінде сыйлық алып бер дей ме?

– Ол әлі кішкентай. Бірақ ойыншық машинам болса дейді. Мен секілді футболға, боксқа қатысқысы келеді. Оны апай жібермейді. Жарысқа барғанда сыйлық алсам, ағама, ініме міндетті түрде бөліп беремін.

Кеше ауызашарға бардық. Ұйымдастырушы ағалар ойын өткізді. «Мұхаммед Пайғамбар неше жасында анасынан айырылды?», «Пайғамбар (с.ғ.с) қай соғыста қайтыс болды?» және «Адам өскен сайын не қысқарады?» деген логикалық сұрақ қойды. «Адам өскен сайын өмірі қысқарады» деп жауап бердім. Сыйлыққа сабын, намаз уақыттары мен шаш бояуға арналған қына берді. Сабынды ағам екеуміз қолданып жүрміз. Намаз уақыттарын досым Ильяға бердім. Қынаны апайға сыйладым. Сосын спорттан жарыс болды. Кеудені жерден 40 рет көтеріп, 2-орын алдым. Үлкен кісі кеудесін жерден 48 рет көтерді. Бір аяқпен 14 рет отырып-тұрып, жеңіске жеттім. Молекула деген ойында да жеңімпаз болдым.

Ұнататын қызың бар ма?

– Бар (күліп). Есімі – Аяулым. Жігіт болғасын отбасын құрсам деген арманым бар.

Өмірлік мақсатың қандай?

– Өмір деп атам қойыпты. Мақсатым – бақытты отбасы болу. Өмірден өз орнымды табу.

Кітап оқығанды жақсы көресің бе?

–Иә, әрине. Ертегі оқимын. Абай атамызды, Махамбет Өтемісұлын оқимын.

Достарың көп пе?

Илья, Лұқпан, Никита деген достарым бар. Ильяны ерекше жақсы көремін, ол ешкіммен ұрыспайды, төбелеспейді. Сабақты жақсы оқиды. Дарынды бала.

Арманым – Эйфель мұнарасын көру

Әмірмен бірге Аманқос Нұрбайұлы 35 шақырымға жүгіріп, жартылай финалға дейін жетіпті. Бойы ұзын жігітті достары еркелетіп «Аман» дейді екен.

Ағылшын тілінде жақсы сөйлеймін. Қазақтан шыққан атақты футболшы болғым келеді. Баскетбол, волейболды да керемет ойнаймын. Өскенде ел тыныштығын күзететін әскери адам болғым келеді.

«Бауыржан» қоры балалар үйінің спортшылары арасында футболдан турнир өткізеді. Жеңіске жеткен команда шетелге саяхатқа шығады. Біз биылғы турнирде жартылай финалға өттік. Егер жеңіске жетсек, Парижге барамыз. Арманым – Эйфель мұнарасын көру. Қазір қызу дайындық үстіндеміз. 2014 жылы осы турнирде біздің балалар үйінің футболшылары жеңіске жетіп, Италияға саяхатқа барып келді.

Ильяның кумирі – Головкин

Илья, қазақ тілін қалай үйрендің?

– Балалар үйіне 3 жасымда түстім. Қазақ тілін сол кезде үйрендім. Кішкентай кезіңде тез жаттап аласың ғой. Тіл үйрену қиын болған жоқ.

– Бокстан республикалық біріншілікте 1-орын алыпсың. Жеңіске жететініңе сенімді болдың ба?

Үш баламен күш сынастым. Шымкенттен келген баланы нокаутқа жібердім. Адам алдымен өз күшіне сенуі керек. Болашақты болжап, уайымдағанды аса ұнатпаймын. Өзімді келешекте Геннадий Головкин секілді елестетемін. Ол жолы болғыш боксшы емес, еңбекқор, батыр дер едім. Шаршы алаңда өзін салмақты, еркін ұстайды. Ашуланып, қарсыласының жүйкесіне тимейді. Екі қолымды еркін сермеймін. Жаттықтырушым «ерекшелігің осы» деп айтып отырады.

 Мықты боксшыға не керек?

  Жаттығудан қалмай, бар ойын жеңіске арнау керек. Жақында бокстан үлкен жарыс өтеді. Жеңіске жетемін деген ойдамын. Бокстан аптасына 5 рет, джиу-джитсуден 4 рет жаттығуға барамын.

 Мәнерлеп оқу жарыстарына қатысып, жеңімпаз болыпсың.

«Атадан мұра» байқауына қатысып, 1 орын алдым. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еріншек» деген өлеңін оқыдым. Қобалжып, асығып, өлеңді дұрыс оқи алмадым. Жеңімпаз боламын деп мүлдем ойлаған жоқпын. «Орыс бала қазақша сөйлеп тұр» деп жүлделі орын берді. Асығып, өзімді дұрыс көрсете алмадым. Маған басқа ұлт өкілдері қазақша сөйлесе, соған қуанып, риза болатындары ұнамайды. Қазақ елінде туып, өмір сүргеннен кейін тілін, дінін құрметтеу парыз. Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа оқимын.

 Болашақта қандай маман иесі боласың?

Боксшы немесе журналист. Адамдар «Сенің тіл байлығың күшті, журналист болуың керек» деп жиі айтады. Кейде осылай армандайтыным бар.

 Бауырларың бар ма?

Үш әпкем, бір ағам бар. Екі әпкем оқуды бітіріп, бірі есепші, енді бірі каратэден жаттықтырушы. Отбасымызбен спортқа жақынбыз. Әпкелерім жиі келіп тұрады. Ағам ережесіз жекпе-жекпен айналысады.

Сөзімізге ұлты өзбек Диоржан қосылды:

Мен де боксты жақсы көремін. Қарсыластарым өте көп. Әсіресе, Жәнібек деген бала мықты. Балалар үйінде бауырларым жоқ, жалғыз өзіммін. Сабақты жақсы оқып, өмірде биік шыңға жетсем деймін.

Балалар үйінде өсіп жатқан әр баланың өзіндік өмір жолы бар. Мысалы, Әмір мен екі інісінің қызыққа толы балалық шағы балалар үйінде өтіп жатыр. «Анам қайтыс болғасын, бізді қарайтын адам болмады. Әкем жұмысқа кетеді. Туыстарымыздың өздерінің балалары бар», – деп жанарын төмен салды Әмір.

Әңгіме соңында балалардан бұйымтай сұрадық: «Апай, ниетіңізге рақмет! Бізде бәрі бар. Тек біз қатысатын жарыстарға келіп, жанкүйер болсаңыз болды», – деді…

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан», №24
12 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз