Қазақ мультипликациясының атасы Əмен Қайдаров екенін бəріміз білеміз. Ал Əмен атамыздың осы өнерге қызығушылығын оятқан Уолт Диснейдің «Бэмби» атты толықметражды мултьфильмі екенін білеміз бе? «Бэмбиден» қатты əсерленген Əмен Қайдаров кенжелеп қалған өнерді қолға алады.

1965 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильміне кіріседі. Қазақтың алғашқы мультфильмі 1967 жылы жарыққа шығады. Мультфильм алғаш Ленинград қаласында көпшілік назарына ұсынылады. Əлемнің 48 елінде көрсетіледі. 1975 жылы Нью-Йорктегі Халықаралық мультфильмдер кинофестивалінде «Қола праксиноскоп» жүлдегері болады.

Əмен Қайдаровтың екінші сызба фильмі – «Ақсақ құлан». Ол 1968 жылы жарық көреді. Аңызға негізделген фильмнің музыкасын композитор Нұрғиса Тілендиев жазып шығады. Əмен атамыз музыкалық драматургияға қатты көңіл бөлген екен. Одан кейін «Қожанасыр – құрылысшы» мультфильмі дүниеге келеді. Мультфильм ойды бейнелі суреттейтін, өте жылдам мультəрекеттерге толы болды. Əмен ата мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ізденіс нəтижесінде «Қырық өтіріктің» екі бөлімдік сызбалы нұсқасы жасалды. Ертегі желісіндегі фильмнің астарлы мағынасы бар еді. Ертегі сол кездегі  «өтірікті шындай» ететін уəзірлер туралы. Тазша баланың сөзі ханға ұнамаса да, бұл ащы шындық еді. 1980 жылы осы анимациялық фильмдер үшін Əмен Қайдаров Мемлекеттік сыйлықты иеленді.

«Қазақфильм» киностудиясында мультфильм өндірісінің негізі 1965 жылы қаланды. Содан бастап жүзден астам мультфильм түсіріледі. Егемендік алғаннан кейін анимация өнері біраз қиындыққа ұшырады. 1998 жылдары тоқтап қалды десек болады. Бірақ Əмен атамыздың шəкірттері, соның ішінде Қайырғали Қасымов бастаған азаматтар қайта қолға алып, соның арқасында 2002 жылы тырнақалды компьютерлік анимациялық фильм – «Құйыршық» түсіріледі. Осы кезден мультипликация өнері қайта жанданды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл толуына орай «Тағдыр» атты он минуттық мультфильм жасалады. Бұл Əмен Қайдаровтың өмірбаяны іспетті. Музыкасына ол кезде əлі əнұран бола қоймаған Шəмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» əні қолданылады. Бұл мультфильмде сұрапыл соғыс жылдары бейнеленеді. Кішкентай баланың қиялы, ойының ұшқырлығы, Алтын адам бейнесіндегі алып балаға қуат береді. Бұл мультфильм ара-тұра Жеңіс күні қарсаңында көрсетіліп қалады. Егер көрмеген болсақ, енді ойымызда жүрсін. Өйткені, ол Əмен атамыздың «Тағдыры» іспетті. Əмен атамыз 85 жасқа толғанда, мұрағат қызметкерлері құжаттардан құрастырған «Əмен Қайдар» атты кітап шығарады. «Мен туралы баспасөзде жеткілікті жазылып еді, бірақ мұрағаттағы қызметкерлер өткен өміріңіз жайлы өзіңіз жазғаныңыз құнды құжат деген соң, шамам келгенше есте қалған оқиғалардың біразын суреттеуге тырыстым», – дейді бұл жөнінде Əмен атаның өзі. Бұл кітап атамыздың мультфильмдер жинағынан тұратын таспасымен бірге жарық көреді.

Ал 2005 жылдың 4 ақпанында қазақ мультипликациясының атасы Əмен Қайдаров дүниеден озды. Ол кісінің  жеке мұрағатындағы құжаттары Алматы қаласы Орталық мемлекеттік мұрағатына тұрақты сақтауға қабылданған. Тұңғыш мультфильмінің алғашқы сызба нұсқасы да бар. Осы мақалада пайдаланылған суреттердің барлығын біз осы мұрағаттан алдық. Олардың барлығын Əмен атамыз өз қолымен тапсырған екен.

 

 

Əсем АРЗУБЕКОВА,
СДУ-дің студенті.

«Ұлан» газеті, №7
13 ақпан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз