Жинап жатып Еркінбек
Жерге түскен бұтақты,
Көріп қалды еңкілдеп,
Жылап тұрған кітапты.

Қалдырған мол ұлағат,
Бар білімнің шырағы –
Әліппеден жылаған
Не болғанын сұрады.
– Бар баланың серігі,
Ақылшысы мен едім.
Бәрі менен жеріді,
Болмай қалды керегім.

Талайды әнге бөлегем,
Қорлауға енді бола ма?
Суырды да сөреден,
Тастай салды далаға.

Өксік бітеп көмейін,
Ағыл-тегіл жылады.
Кімге барып, не дейін,
Кімдер бұған кінәлі?

– Жасын сүртші көзіңнің,
Әлі-ақ әйбат боласың.
Мен өскенде өзіңнің
Құтты орныңа қонасың!

Деп Еркінбек жұбатты,
Кім естіген мұндайды.
Дүниеде кітапты
Жылатқандар оңбайды!

Серікбол ХАСАН
«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз