Әлемнің қатесінен бұрын әркім өз қателігін түзесе…

0
221
Мақсат Өнербаев

Мақсат ӨНЕРБАЕВ, жас əнші:

Әкем бастапқыда күмәнмен қарады…

− Мақсат, сізге көпшілік бірінші кезекте əнші деп емес, талантты əнші Нұрлан Өнербаевтың ұлы деп қарайтын болар. Əншінің баласы қандай əн тыңдап өсті екен?

Нұрлан Өнербаевтың отбасы

− Балалық балдəуренім Оңтүстік Қазақстан облысында өтті. Ата-əжемнің тұңғыш немересі болғандықтан, қазақтың салтымен сол кісілердің баласы болдым. Мектеп жасына келгенде сүйікті ауылымнан алысқа кеттім. Ауылдағы кеңістікке, еркіндікке əбден үйреніп алған баламын, демалыс сайын сол жаққа аңсарым ауатын да тұратын. Ес білгелі халық əндерін сүйіп тыңдаймын. Ондағы ұлттық бояу, ерекше иірімдер жаныма жақын. Сонымен қоса, əкемнің барлық əні ұнайды. Əкемнің: «Менің əрбір əнімде поэзия бар. Өрнекті өлеңі жоқ əн айту мүмкін емес шығар», – деген сөзін жадымнан шығарған емеспін.

− Шығармашылығыңызға əкеңіздің ықпалы болды ма? Əнші боламын дегеніңізге Нұрлан ағамыз қарсы болмады ма?

– Əнді жүрекпен сүюіме, нағыз өнердің қадірін білуіме əкемнің септігі мол. «Етікшінің баласы етікші болады» деп əзілдейтіні бар еді, рас болды. Рухани тұрғыдан өзімді дамытып, жолымды адаспай табуыма əкемнің үлесі зор. Осы жолды таңдауыма қарсы болмаса да, бастапқыда сəл күмəнмен қараған секілді. Алайда, бүгінде талабым мен талғамымды танығасын зор сеніммен қарайды. Қазір менің əн əлеміме, шығармашылығыма жəрдемін беріп, талантты ақындармен таныстырып, деңгейі жоғары əндерді ұсынып отырады. Əкем мен үшін – мəңгілік идеал.

− Дегенмен, кəсіп бойынша экономика саласының маманысыз ғой?

− Иə, есейген соң заңгер, экономист ретінде білім алып, өзімді сынап көрдім. Алайда, қанда бар өнер маза бермеді. Қазір əкеммен бірге концерттерге қатысып жүрмін. Өз репертуарым да қалыптасып қалды.

− Өнер адамы уақытының көп бөлігін шығармашылығына арнайды, ел аралап жүреді. Бұл балаларына зиян емес пе? Олардың тəрбиесіне дегендей…

− Үнемі сапарда жүремін, концерттен қолым босамайды деп айта алмаймын. Балаларыма барынша көңіл бөлуге тырысамын. Шығармашылыққа да уақыт табуға болады. Өнер адамының ұлы ретінде айтар болсам, өзімізге əкеміздің кей сəттерде жанымызда болмағаны білінген жоқ. Əкем бар өмірін өнеріне арнады. Осы уақытқа дейін талмай ізденіп келеді. Гастрольдік сапарларға кеткен кезде анамның қамқорлығында болдық. Əкеміз үйде жоқ болса да, анам арқылы оның тəрбиесін сезінетінбіз. Бір тəулікте 24 сағат бар ғой. Сондықтан өнер адамының баласына көңіл бөлуге уақыты табылады деп ойлаймын.

− Сіздіңше, адам мен қоғамның арасындағы байланыс қандай? Адам қоғамның айнасы ма?

– Негізі, кез келген адам – өмір жолында қарсы алдынан кездескен адамның айнасы. Тек біз бұл құбылысты байқамаймыз. Қоғамға қандай мағынадағы сауал қойсақ, сол дəрежедегі жауапты ғана естиміз. Меніңше, адам өзі қандай болса, оның айналасындағылар да өзі тектес жандар болады. Сондықтан, əлемнің қатесін түзеткіміз келсе, алдымен өзіміздің мінсіз екенімізге көз жеткізуіміз керек секілді.

– Эстрада жаққа ойыссақ…

Мақсат Өнербаев– Қазақ халқы қашаннан əнге құмар халық. Əн бұрын да болған, қазір де бар жəне болашаққа да мұра болып жететіні ақиқат. Өткеніміз өшпей, бізге жетті емес пе? Дегенмен, қазіргі эстрада мүлде басқаша. Мұны заманның өзгеруімен байланыстыруға да болатын шығар. Өзім жастардан гөрі, аға буынның əндерін тыңдағанды жөн көремін. Ол кездің өнерпаздары нағыз майталмандар.

– Əншілік талғам қалай қалыптасады?

– Талғам дейсіз бе? Талғам əркімде түрлі кезеңде, түрлі уақытта қалыптасатын сыңайлы. Кейбіреулер талғам жайлы мүлдем ойланбайды да. Өмір бойы ненің не екенін білмей өтуі мүмкін. Өз басым лирикалық əндерді орындағанды, тыңдағанды жақсы көремін. Өйткені, сондайды тыңдап өстім. Əншілік талғам өзіңе керектіні таңдай алғанда қалыптасады. Демек, өз жүрегіңнің қалауын тауып, өнерге өрелі дүниелерді əкелген сəтте талғамың да биіктей түседі.

− Принципшілсіз бе?

− Принципшіл болу – əрдайым бірсөзді болу деген сөз. Екіжүзділік, екі сөйлеу секілді қасиеттер адал адамға жат қасиеттер. Қара қылды қақ жарып, шындықты бетке айтқанды ешкім жақтырмайды. «Тура биде туған жоқ» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Өзіңнің көздеген нысанаңа түзу жолмен жетіп, кей-кейде ойыңды, көзқарасыңды өзгертуге де болады. Бұл өмірде мызғымай бір орнында тұратын ешнəрсе жоқ. Бəрі өзгереді. Біз де өзгереміз. Сондықтан, қыруар қағидаға бойұсына бергенше, уақыттың ырғағына ілесе білген де жөн.

− Мақсат Өнербаев қандай əндердің тыңдарманы?

− Əні мен сөзі үйлесім тапқан кез келген туындының тыңдарманымын. Мейлі қазақша əн болсын, мейлі өзге тілде болсын. Бастысы – үйлесім. Əнде ғана емес, өмірде де үйлесім маңызды деп ойлаймын.

− Өнерге əр адам өзінше анықтама береді. Сіздіңше, өнер деген не өзі?

– Өнер дегеніміз − өзіңнің жандүниеңде болып жатқан құбылыстарды қандай да бір тəсілмен, яғни көркем сурет арқылы, əсем əуен арқылы, сырлы сөздер арқылы жеткізу. Өнердің ауқымы сіз бен біз ойлағаннан да кең. Түптеп келгенде, əнді нақышына келтіріп орындау да өнер, мал соя білу де өнер. Əркім əр саланың өнерпазы. Өнерліге өріс кең болғандықтан, оған ұқсағысы келетін, еліктейтін ізбасарлары болуы да шартты нəрсе.

− Əр тұлға өзін ешкіммен де салыстырмауы тиіс секілді… Қалай ойлайсыз, сол арқылы адам өзін дамытады емес пе?

− Бұл өмірде ешкімді ешкіммен салыстыруға болмайтын сияқты. Бұл ақылға сыймайтын дүние. Əркімнің өз жолы, алар асуы, қиындықтары мен қуанышы болады. Жақсымен өткен əр сəтім құнды. Жанымдағы жақсыларға, үлгілі жандарға ұқсап бағуға тырысамын. Қолыңнан келіп жатса, олардан да мықты болғанға не жетсін?! Сондықтан, алдағы уақытта өзімді шыңдап, əнқоржыныма салатын сапалы əндердің санын арттырғым келеді.

− Лайым солай болсын!

Əңгімелескен Əлия ІҢКƏРБЕК

«Ұлан» газеті, №46

14.11.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз