Жақында Артюр Рембоның кітабын оқыдым. Сырты былғары секілді қоңыр қағазбен қапталған кітап тек Рембоға тиесілі емес. 1994 жылы Петербургтен жарық көрген кітаптың twinbook, яғни «егіз кітап» форматында жасалғанына таңданғаным рас. Рембоның əйгілі «Мас кеме» өлеңі кітап атауына арқау болған. Ал егіз кітаптың сыңары − М.Карренің «А.Рембоның қызықты оқиғалары» топтамасы. Əдетте қаламгерлер қолайлы кабинетінде, жазу үстелінде отырып жазуды жөн көреді ғой. Ал Рембо шартарапқа шарықтаған көңілі үшін бар өмірін арнаған ақын. Маған оның осы даралығы, еркіндігі, қазаққа ұқсас дархандығы ұнайды!

 ПАЙҒАМБАРЛЫҚҚА ҰМТЫЛУ

Ол үшінші мүшелінде қайтыс болды. Көп таланттылар секілді тағдырынан теперіш көрді, мұз кешіп, жалын құшты. Əрдайым қалағаныңа қол жеткізе алмай аңсау мен армандаудың арасында шарқ ұру «өмір» деп аталатын шығар, бəлкім?! Олай болмаса, «Сұраушының сүйген асын кім берер?!» деп Мұқағали күңіренбес еді…

Жастыққа ғана тəн ессіздік оның басын тауға да, тасқа да соғып, тапқанын жоғалтып, жоғалтқанын іздеуге мəжбүр еткен секілді. Оған дəлел – Артурдың 15-19 жас аралығында жазған өлеңдерінен символизм мен футуризм нышандарының анық байқалуы. Поэзияның уы мен балынан қатар дəм татқан романтик ақын көктегі қолжетпес бұлттарға арзу айтып, жеті қат жер астындағы тылсым үндерге құлақ түретініне сеніп, 17 жасында «ақын-пайғамбар» боламын деп мақсат қояды. Бір қарағанда бозбала қиялының көрінісі болуы мүмкін, бірақ Рембо осы мақсатына жетуге шындап кіріскен.

Шарлевиль – Францияның ең қарапайым қалаларының бірі болатын. Енді Артюр Рембо дүниеге келген қала əдебиет тарихында алтын əріппен жазылатыны сөзсіз. Артюрдың анасы балаларын «əскери тəртіппен» тəрбиелеген. Тəртіп бұзылған жағдайда қатаң жазалайтын (үйқамақ жəне нан мен судан шеттету). Сенім – ұлы күш. Əсіресе, ананың перзентіне сенім артуы қашанда керемет. Барлық пəннен əрқашан үздік болатын Артюр оқушы кезінен-ақ дарынды екенін айналасындағыларға дəлелдеп үлгерді. Анасы да оған ерекше мейірімін төккен. Бірақ, анасы сызған шеңберден, шектен шығуға болмайтындықтан, Рембо көп армандайтын. Армандауға, қолжетпесті қиялдауға ешкім де тыйым сала алмайды емес пе?! Ол саяхатшылардың жол үстінде болған қызықты оқиғалары жайлы көп оқитын. Еркіндік билік құрған аймаққа барып, өлең жазып, өмір бойы əлемді аралауды аңсау оған күш-қуат, шабыт сыйлады.

ЖАНАРДАҒЫ ЖЫРЛАР немесе ЖАРТЫ ЖЕҢІС

Жан əлемінде болып жатқан алай-дүлей сезімдерді өзге ақындар айлап-жылдап өткерсе, Артюр үшін бұл күй бірнеше күннің еншісінде ғана еді. Тіпті, ол 16 жасында-ақ сол кезеңнің қарт ақыны Теодор де Банвилльге:

«Мен жердегі бүкіл ақынды сүйемін. Себебі, ақынның бəрі сұлулыққа құштар. Бір-екі жылдан соң мен Парижде боламын. Муза мен Еркіндік атты екі құдайды өмір бойы қастерлеуге ант еттім», – деп хат жолдайды. Сөйтіп, Рембо анасының тірлікке қатысты қысымынан, жер телімін көбейтуді ғана мақсат тұтқан отбасы өмірінен баз кешеді. Қалайда арманының асқарына шығуды көздеген ол бағалы сағаты мен құнды кітаптарын сатып, ақыры Парижге қашып кетеді. Қорғансыз баланың пайымдауынша, өзіне қараған адамдардың жүзінде əрқашан «үйсіз-күйсіз қаңғыбаспысың?» деген сауал тұратын. Үлкен қала адамдарының жанарынан жыр оқыған Артюр нағыз өлеңдерін сол шақта жаза бастайды.

Рембоның құдай туралы өлеңі «Жамандық» деп аталады. «Құдай қалай жаман болуы мүмкін?» дейтініңіз анық. Ол христиандықты өлердей жек көрген, əр жексенбі сайын анасының соңынан еріп, амалсыз шіркеуге барған кезін есіне алғысы келмейтін. Ақшасы жоқ бозбала Парижде екі аптадан астам уақыт қалай өмір сүрді екен? Аштан өлмей, сотқарлардың соққысына жығылмай аман қалғанына қарағанда, Құдай «жаман» емес секілді. Рембо Парижден Шарлевильге жаяу қайтты. Үміті сөнген, тауы шағылған арманшыл ақын қашып барып, көшелерінде өлең оқуды, өлең жазуды аңсаған Парижі сыртқа тепкеніне сене алмады. Бірақ, ол барам деген Парижіне барды. Мұның өзі жарты жеңіс!Өзіндік пікірі, көзқарасы қалыптасқан, өлеңі мығым Рембо араға екі жыл салып, Поль Верленге бірнеше өлеңін қосып, екі хат жолдайды. Парижге баруға еш мүмкіндігі де, қаржысы да болмай тұрғанын жазуды да ұмытпайды. Өлеңдерін оқып, оның талантына бас иген П.Верлен: «Тезірек келіңіз, қымбатты досым! Ақжүрек қала сізді шақырып тұр. Сізді күтеміз», – деп жауап берген соң, Рембо əйгілі «Мас кеме» өлеңімен Парижге екінші рет жолға шығады. Бұл жолы бұрынғыдай күдік жоқ, үміт басым.

РЕМБОНЫҢ  «ТОЗАҚТАҒЫ БІР ЖАЗЫ»

Қоғамда болып жатқан құбылыстар адамға əсер ететіні белгілі. Рембо өз-өзін «азаптауды» қолға алады. Ол бірде тамақтан мүлде бас тартса, бірде алкогольмен, есірткімен ағзасының төзімділігін сынап көреді. Мақсатты түрде ұйықтамайтындықтан, ұйқысыздық ауруын қолдан жасайды. Мұның бəрі Рембоға «Тозақтағы бір жаз» туындысын жазып шығуға ықпал еткен сыңайлы. «Сонда осындай ауыр тақырыптағы туындыны жазу үшін сондай азапты күйді бастан өткеру қажет болды ма?!» деген сауал еріксіз қойылады. Жаңашылдығы айқын көрінетін «Тозақтағы бір жаз» поэтикалық прозасында Рембо енді ақын болғысы келмейтінін ашып айтады. Бұл қалай? Бала Артюрдың «пайғамбар-ақын» болғысы келгені қайда? Бұған өзі: «Мен ерекше гүлдердің хош иісін сезіндім, жарық жұлдыздарды көрдім, жаңа тілдерді үйрендім. Өзімнің ешкімде жоқ таңғажайып қасиетке ие екеніме сенетінмін. Сөйтіп жүріп, барлық моральды ұмыттым, бас тарттым. Енді міне, күнкөріс үшін жұмыс істеуім үшін, ұнатпайтын адамдарыма күле қарауым үшін мені Жерге қайтадан лақтырып жіберді», – деп түсініксіздеу жауап береді. Осыдан соң Рембо ұлы ақын немесе революционер болуына жол бермейтін Францияда өмір сүру мүмкін емес екенін ұғып, көз алдында жатқан көп жолдан өз жолын таңдайды. Мүлде басқа қадамдар, өзге шақырымдар оны еліктіреді. Көп ұзамай аудармашы ретінде циркпен бірге Германия, Дания, Швецияға өнер сапарына шығады. Келесі жылы жаяу Альпіні кесіп өтіп, Генуяға жетеді. 1885-1887 жылдары Эфиопияға дейін салынып жатқан темір жолдан бұрын Рембо жаяу жетеді. Тіпті, жиырма бір ай бойы шөл далада керуенмен жүріп, бұлақ іздеген ол өмірдің мəнін іздеп жүрген данышпанға ұқсайды. Ақынын іздеген Париж оның кітабын шығарып, өлеңін баспасөз беттерінде жариялай бастайды. Тек бұл оқиғалар «бұрынғы ақынға» еш əсер етпейді. Артюр енді өлең емес, өзінің географиялық зерттеулері жайлы мақалалар жазғысы келетін.

Өмірінің 10 жылдан астамын Африкада өткізген Рембо 1891 жылдың көктемінде оң тізесінен қатерлі ісікке шалдығып, елге оралуға мəжбүр болады. Ауру дендеген ақынды əпкесі Изабелла қамқорлығына алған. Ол өле-өлгенше саяхат жайлы ойлайды. Тіпті, əпкесіне Эфиопияға кеткісі келетінін айтып, пароход билетіне тапсырыс беруін өтінеді. Өмірмен айқасып өткен таланттың ақырғы сөзі «Аллах керим» болыпты-мыс. Ол сапарлап жүріп Құдайдың «Жамандық» емес екенін шын түсінген екен.

Өз кезеңінен кеш немесе ерте туған адамдар болады. Не ары емес, не бері емес, көкте де, Жерде де жоқ екіұдай күй кешіп, сезіммен сенделген ұлы ақын өзіне қажеттіні бұл жалғаннан таба алмағаны себепті саяхатты жаны сүйген болар деген тұжырымға келдім. Артюр Рембо ешкімге ұқсамайтын тағдырымен болашаққа қолынан келгенше жол ашты. Оның шығармалары бір ғасырдан келесі мыңжылдыққа еш кедергісіз,  еркін өтіп, оқырманын ойға батыруда!

 

Əлия ІҢКƏРБЕК
«Ұлан» газеті, №31
01.08.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз