Өзгелердің жаны мен тəнін емдеген дəрігерлердің көпке беймəлім қасиеттері өте көп. Өзінің түпсанасын еркін басқара алатын ерекше қабілет иелерінің əлемі жұмбақ. Ол ойлылық пен тереңдікті талап етеді…

Əлемге əйгілі дəрігерлердің өмірі медицина факультеттерінде оқитын студенттерге ғана емес, жалпы оқырманға қызық деп ойлаймыз.

АВИЦЕННА ӨРТЕМЕГЕН КІТАПХАНА

Авиценнаның қолы шипалы екені 17 жасында-ақ жарты əлемге жария болған. Бозбала дəрігерді сол кезеңдегі сөзі өтімді, ел билеуші əмірдің науқас ұлын емдеуге шақырады. Мұны естігендер сенер-сенбесін білмей: «Бұл шипагерсымақ жай адамдардың түкке тұрғысыз, қарапайым ауруларын емдесе емдеген болар. Бірақ, ұлы əмірдің ұлын емдейтін адамның өзі де мықты болуы керек»,− деп оны жоққа шығара бастайды. Дегенмен, Авиценнаның бойға жиған білім-білігінің, ерекше қабілетінің, шипагерлігінің арқасында кіші əмір аяққа тұрады. Билеуші Авиценнаға қандай құрмет көрсетіп, сый-сияпатқа лайық екенін сұрағанда, ол сарайдың кітапханасын пайдалануға рұқсат беруін ғана өтінеді. Əмір оның қанағатшыл əрі білімпаздығына дəн риза болады. Алайда, бірер айдан соң үлкен кітапхана белгісіз себептермен өртке оранады. Қарапайым халық бұған Авиценнаны кінəлайды. «Өзінен өзгелер ежелгі кітаптардың құпиясын ашпасын, өзі білген даналыққа қолы жетпесін деп Авиценна кітапхананы өртеді»,− деп айыптайды. Мұндай əрекетке баратындай Авиценна пасық, іштар адам емес еді. Керісінше, ол өмір бойы өзгелерге шапағатын төккен шипагер.

ФРЕЙДТІҢ ҚҰПИЯСЫ

Əлемге əйгілі З.Фрейдтің көпшілік білмейтін қызықтары да, өміріндегі көлеңкелі сəттері де өте көп. Өзгелердің жан дертін емдей білген психоаналитик, неге екені беймəлім, 62 санынан қатты қорыққан екен. Тіпті, ол қандай жағдай болса да, 62-ден астам бөлмесі бар қонақүйге қонбайтын болған. Фрейд музыканы жек көрген. Иə, бұл рас. Əдетте, психологтар науқасын əуенмен емдейтіні бар. Ал Фрейд дауысы ырғаққа келмегендіктен музыкадан жерініп, сол кездегі бүкіл мейрамханаларда өнер көрсететін оркестрлерді ұнатпапты-мыс. Жасөспірім шағында пианинодан сабақ алып жүрген қарындасына «не мен, не пианино» деп шарт қоятыны да қызық. Əрине, қарындасы ағасын таңдайды. Жалпы, Фрейд өте эгоист адам болған. Жұбайына үйлену жайлы ұсыныс айтқан соң, алдағы өмірде төркінімен байланысын үзуі керегін ескертеді.  Науқасын кереуетке жатқызып, оған арқасын беріп отырып, бақылау – доктор Фрейдтің негізгі əдісі. Шындығында бұл əдістің ешбір астары да, құпиясы да жоқ екен, Зигмунд Фрейд адамның көзіне тура қарай алмайды екен. Сондықтан осы əдісті қолданған.

ӨЗГЕЛЕР ҮШІН СӨНГЕН ЖҰЛДЫЗ

Николай Склифосовский – тарихтағы ең мықты хирург. Ол ғұмырында өлімге бетпе-бет барып, əрқашан «жеңіске» жете білген жан. Яғни, өмірінде қауіп пен қатерге толы сəттер өте көп болған. Талай науқасын ажалдан арашалап қалғанымен, өз ұлына қайта өмір сыйлай алмаған көрінеді. Осы үшін де өмір бойы өкініп өткен. Николай Склифосовский қайтыс болғаннан соң, 1919 жылы большевиктер сапындағы казактар оның əйелі мен қызын аяусыз өлтіреді. «Өзі жоқтың – көзі жоқ» демекші, ұлы тұлғаның ұрпағына да ешкімнің жаны ашымаған көрінеді. Тіпті, кеңестік теріс билік Н.Склифосовскийді халық жауы деп танып, туыстарының рұқсатынсыз көрін қайта қаздырады. 1970 жылдары ғана əділеттің ақ туы жел-біреп, сүйегі жатқан жерге жұлдызы бар ескерткіш тақта орнатылып, оған дəрігердің: «Өзгелерді алаулату үшін өзім сөнемін!» – деген даналық сөзі жазылған. Қолда бар алтынның қадірі болмайтыны секілді, көзі тірісінде құрметке ие болмаған біртуарлардың қарасы көп.

ҚҰТЫДАҒЫ ӨЛІМ МЕН ӨМІР

Луи Пастер – медицина саласында белгілі зерттеуші,ғалым ретінде қолтаңбасын қалдырған. Оның сараптамалық жұмыстарына, түрлі тəжірибелеріне кететін барлық шығынды сыра зауытының иесі төлеген екен. Демеушілері халықаралық конгреске де жолдама беріп отырған. Талантты дəрігер бактерияларды жан-жақты зерттеп жүрген кезде «ашық дуэльге» шығып кете жаздапты. Күтпеген жерден оған бейтаныс жас жігіт жолайрықта кездесіп қалады. Жолын кескені үшін айыптаған ол Луиден кешірім сұрауы керегін ескертеді. Мұндай қорлыққа шыдамаған дəрігер: «Қолымдағы екі қарудың бірін көзіңді жұмып тұрып таңдауға хақың бар. Міне, екі құты. Біреуінде бактерия, ал екіншісінде су бар. Егер таңдағаныңды ішер болсаң, мен де қолымда қалған екінші құтыдағы сұйықтықты ішем»,− деп кесіп айтады. Əрине, дуэль болмайды. Сөзден ұтылған жолаушы кешірім сұрайды. Өзгеге оңайлықпен бас имейтіндер ғана жаңалық аша алатынына тағы бір дəлел осы болса керек!

ДӘРІГЕР − ЖАЗУШЫ

Михаил Булгаков есімі əдебиетпен тығыз байланысты. Оның туындылары осы күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Михаил жазушылыққа ден қоймас бұрын дəрігер болғанын білесіз бе? 1916 жылы Булгаков білім алған медицина университетінің барлық студенттерін аймақтардағы медицина орталықтарына тəжірибе алмасуға жібереді. Сонда Михаил Афанасьевич пен жұбайы Татьяна Смоленскіге аттанады. Жас дəрігерді барған күні-ақ сол аймақта айы-күні жеткен əйел «күтіп отыр» екен. Бұған дейін мұндай тəжірибесі жоқ Булгаков пен оның жұбайы жүкті əйелді кітаптағы нұсқаулықтың көмегімен босандырады. Оның дəрігерлік жолы осылай сəтті басталған.

ТАБАННЫҢ ТАБЫ

Ортағасырлық дəрігер – Филипп Ауреол Теофраст Бомбаст фон Гогенгейм өзін-өзі қадірлей білген. Тіпті, ол өзін ең мықты шипагер əрі медицина саласының данышпаны санап, өзін-өзі Парацельс деп атайды. Бұл «Цельсийге тең» деген мағынаны білдіреді. Антика кезеңіндегі философтар Парацельсті өзінен өзге дəрігерлердің əдісін мойындамаған деп сипаттайды. Аңызы мен ақиқаты белгісіз, бірде Парацельс Авиценна мен Гиппократтың еңбектерін таптап тұрып: «Медицинада мына дəрігерлерден гөрі, менің табанымның табы қалсын», – депті-мыс. Парацельс − медицинада химияны, химиялық элементтерді қолдануға болатынын алғаш  дəлелдеген дəрігер. Оның осы жаңалығы күні бүгінге дейін қолданыста.

АЛОЭ ЖӘНЕ ГИППОКРАТ

Медицинаның атасы Гиппократ кез келген аурудың қайнар көзі май деп есептеген. Сондықтан науқастарына құрамында майы бар өнімдерді мүлде тұтынбауды ұсынып, қатаң тыйым салған. Ал өкпе ауруынан зардап шеккен сырқаттарды Везувиядағы «өзгеше» аймаққа, таза ауамен тыныстап емделуге жіберетін болған. Гиппократ үшін ең керемет əрі шипалы өсімдік алоэ екен. Ол Үндістандағы Сокотр аралында өсетін алоэ өсімдігін үнемі пайдалану үшін сол елді жаулап алу керек деп өмір бойы армандаған екен. Тірісінде Үндістанды жауламаса да əлемнің əр елінен ағылған сырқаттар оның шипалы қолынан дауа тауып, өмірін ұзартқаны мəлім.

Əлия ІҢКƏРБЕК

«Ұлан» газеті, №44
31.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз