«Мен азды-көпті өмір сүрдім. Өзімді бақытты жандардың қатарынанмын деп есептеймін. Мен бақытты анамын, бақытты қызбын, бақытты актрисамын. Жақында өмірден кететінімді білсем де, осы өмірде болғаным үшін, өмір сүргенім үшін өзімді бақытты сезінемін. Ешкіммен қоштасқым келмейді. Бірақ, кешірім сұрауға мүмкіндігім бар. Айналамдағылардың махаббат пен құштарлыққа құмар болғанын қалаймын. Сүю жауапсыз болуы мүмкін, ал жек көру жауапсыз болмайды. Жамандыққа жамандықпен жауап берілетіні содан. Өмірдегі басты құндылық – махаббат. Махаббат ұғымы ер мен əйел арасында ғана болуы шарт емес. Анам маған өзімнен бұрын өзгелерді ойлап, оларға жанашыр болуды үйретті. Ештеңеге өкінбеймін. Сіздерден өтінерім: бір-біріңізге бей-жай қарамаңыздар, өмір тым қысқа. Көңіл бөліп, жылу сыйлау сіздердің қолдарыңыздан келетініне сенімдімін!»

Бұл – «Өзім баяндаған өмірім» кітабынан үзінді. Баяндаушы – Одри Хепберн. Əдетте, күнделік немесе мемуарлық кітабында автор өмірінің көлеңкелі тұстарын жазатыны бар. Бірақ, Одри Хепберннің кітабында ешбір «өкпе» жоқ. Ешкімді кінəламайтын, өзгені жамандамайтын ақжүрек актрисаның өмірді, өмірдің ішіндегі өнерді, өзін, бүкіл тіршілікті шексіз сүйетінін ғана аңғаруға болады. Бұл сүйген, сүйікті болған ару тұратын армандар шаһарына саяхат секілді. Кітапта Одри өмірбаянын бастан-аяқ жазбаған, яғни жұмбақ жаратылыс иесі өзінің сəулелі сəттерін ғана оқырман жадында қалдырғысы келген секілді. Қолда бар бақыты мен байлығына шүкір ете білген Одри «ғұмырдың қадалған көзінен үркек еліктей қашқақтап өмір сүрген-ау» деген тұжырым жасайсың еріксіз. Періште-жүрек Одридің жүзі өзгелерге ұқсамайтын ерек. Өмірдерегі жайлы  «өзге емес, өзі айтқан» кітабы да жағымды энергияға толы…

КИНО ХАНШАСЫ

Одри Хепберн – кино тарихында есімі алтын əріппен жазылған нəзік те қайсар əйел. Оның талантына табынып өткендер қаншама?! Актрисаның талдырмаш мүсіні мен назды күлкісі əрбір қызға үлгі. Əрине, əр қыз өзінше сұлу! Дегенмен, Одри көптеген қыздар үшін əдемілік пен сұлулықтың символы екені əлемге əйгілі. Сыншылар оны сынаудың орнына ғашықтық хаттар жазған, ал дизайнер Юбер де Живанши Одридің сұлулығының əсерінен шабыттанып, жүздеген көйлек тіккен деген деректер бар. Одридің бейнесі «Римдегі демалыс» фильмінен бастау алып, қайталанбас образдар жасауға жол ашты. Алғашында Одри Хепберн балетке қызығушылық танытып, Амстердамдағы Арнхейм консерваториясында биден дəріс алады. Бимен айналысу көңіліндегі дүние емес екенін түсінгенге дейін балерина, фотомодель болады. Сымбаты көз тартарлық Одридің сұлулығына тəнті болған француз жазушысы Каллет «Жижи» мюзиклінде басты рөлде ойнауға ұсыныс жасайды. Қос ұсыныс қатар келіп, дəл осы 1953 жылы Одри «Римдегі демалыс» фильміне де түседі. Екі түсірілім қатар болғандықтан, Рим мен Американың арасы жас актрисаға жап-жақын көрінеді, себебі осы аралықты ол күнара жүріп өтеді. Мюзикл де, фильм де Одри Хепбернге атақ-абырой сыйлады. Сол жылы  «Үздік актриса» номинациясымен «Оскарды» иеленген Хепбернді көрермендері «Голливуд ханшайымы» деп атап, қошеметін аямаған.

Одри Эдда Кэтлин ван Хеемстра Хэпбёрн. Бұл – «біздің» Одридің толық аты-жөні. Көрермен көңілінен орын алған Одриге əріптестері фамилиясын ауыстыруды ұсынады. Себебі, оны Кэтрин Хепбернмен шатастырып алуы мүмкін екенін алға тартады. Бірақ, бірбеткей Одри осы фамилиясын ауыстырғысы келмейді. Мұнысы дұрыс та. Өнер аспанында əркім өздігінше жарқырауға хақылы емес пе?!

АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕГЕН АЯУЛЫ АНА

Кино ханшайымы 1929 жылы Бельгияда дүниеге келген. Одри үшке толғанда анасы оны Англияға апарады. Фолкстон қалашығында ойнап жүрген бала Одри анасының жанынан сытылып шығып, қашып кетеді. Кішкентай қызын жоғалтып алған ана іздеушілердің жəрдеміне жүгінеді. Олар болашақ сахна жұлдызын қалашықта əрқашан оркестр ойнап, тұрғындардың көңіл-күйін көтеретін шағын ауданнан тауып алады. Онда Одри əсем əуен ырғағымен жанындағы кішкентай қыздармен қосылып билеп тұр екен. Осы оқиғадан соң анасы оның аса сезімтал, өнерге икемі бар бүлдіршін екеніне көз жеткізеді. Біз танитын тұлғалардың көпшілігі аналарының көрегендігі арқасында арман аспанына қол созғаны хақ. Одри Хепберн анасының өнерге баулуымен қатар өзіндегі дарынды жетілдіріп, еңбекқорлық пен табандылық танытып, мақсатына жеткендердің бірі.

Одридің бойы −170 см, ал салмағы өмір бойы 45 кг болған екен. Анасы Одриға бала кезінде: «Қымбаттым, есіңде болсын, нағыз арудың салмағы қырық алты келіден аспауы керек. Мен секілді толық болмауға уəде бер! Мұның пайдасынан зияны көп екенін көріп жүрсің ғой», – дегендіктен, тілалғыш ару сол сəттен бастап өмір бойы артық тамақтанудан бас тартып, тек аз мөлшерде ғана тамақ жеген. Бірақ, актрисаның адам сенгісіз арықтығына анасының сөзі себеп болмауы да мүмкін. Одри екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 11 жаста болғанын жəне тамақ тапшы болғандықтан орамжапырақ, көкөністерді азық еткенін жазады. Оның ағзасында зат алмасу үдерісі бұзылып, өмір бойы қалпына келмеген көрінеді.

МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ЖҮРЕК

Одри өмірінің соңына дейін ЮНИСЕФ елшісі болып, Африкадағы қорғансыз, жағдайы жоқ балаларға қамқорлық көрсетеді. 1992  жылы АҚШ президенті Джордж Буш көптеген елдерді аралап, жарлыларға көмек қолын созған жомарттығы үшін Одри Хепбернді «Еркіндік» медалімен марапаттайды. Сомалиге кезекті сапары барысында Одридің денсаулығы сыр беріп, іші  қатты ауырады. Бірақ, ол ауруы жанына батса да ешкімге айтпайды.  Африкадан келген соң дəрігерге барған Одри асқазанында қатерлі ісік бар екенін жəне санаулы ғана күндері қалғанын естиді. Тым аз ғұмыры қалғанын ұққан ол дəл осы күннен бастап жоғарыда айтқан кітапты жаза бастайды. Бар-жоғы үш айдай уақыты барын естіген Одри дəрігер алдында отырып, «қалайда үлгеруім керек!» дегенді қайталай берген екен. Иə, ол үлгерді. Өзінің өзі жайлы нұрлы кітабын жазып бітірген соң, мақсатына қол жеткізіп барып көз жұмды.

Елуден астам фильмде басты рөлде ойнаған əйгілі актрисаның соңғы басты рөлі «Кездесу» фильміндегі періште образы екен. Расында да, өзінің жан əлемі əппақ, сұлулыққа құштар Одридің ақырғы бейнесі де періште тəрізді. Ол 1993 жылы Толоченаз атты Швейцарияның кішкене қалашығында дүниеден озды. Одри қайтыс болған күні Элизабет Тейлор: «Енді Құдайдың тағы да бір періштесі бар», – деп өз қайғысының батпандай екенін аңғартты. Қош бол, «Періште»!

Əлия ІҢКƏРБЕК
«Ұлан», №28
11 шілде 2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз