Мен онымен танысқанда «ХХІ ғасырдың жазушылары компьютермен туады екен-ау» деп ойладым. Суреттегі күлімсіреген қыз – АҚШ-та туған əлемдегі ең кішкентай жазушылардың бірі. Ол 3 жасында оқуды, 4-ке толғанда жазуды үйреніп алған.

Ұяда не көрсең…

Адора 1997 жылы 15 қазанда Американың Спрингфилд қаласында туған. Əкесі Джон – инженер-программист, физика ғылымдарының докторы. Анасы Джойс Қытайда кітап жетіспеген Мəдени революция кезінде тəрбиеленген. Сондықтан ол балаларының білім алуына ерекше мəн береді.

Адораның анасы Джойс бір сұқбатта былай дейді:

«Жолдасым Джон өзге ұлттардың мəдениеті туралы оқығанды жақсы көреді. Қытайда тұрғанда мен де Америка жəне басқа да елдер туралы білуге қызығатынмын. Соның бір айғағы – француз тілін оқығаным. Қыздарымыздың сəби кезінен бастап Джон оларға балалар кітаптарын емес, өзіне ұнайтын халықаралық деңгейдегі кітаптарды оқып беретін. Ертегі болғанның өзінде олар əлем əдебиетінің жауһарлары еді. Адора 8 жасына дейін-ақ ересектердің өзі оқуға
ойланатын кітаптарды тауысып тастаған. Оның жазу стилінің ерекше екенінің бір себебі – осы».

Əкесінің тəрбиесі туралы Адора көпшіліктің алдында сөйлеген сөзінде: «Ол бізге дəрігер, заңгер бол деп айтпайтын, есесіне Аристотель жəне микробтарды өлтіретін күрескер туралы кітап оқып беретін», – дейді.

Анасы оның оқу-жазуға ерте əуестенген кезін: «Ол кішкентай кезінен-ақ қаламға құмар болды, жазуды жақсы көретін. Бетін қайтармадым. Қанша қаласа, сонша үйреттім. Бірақ оның саусақтары қаламсапты ұстауға жəне онымен көп жазуға тым кішкентай болды. Сондықтан оған компьютер алып бердік. Көп ұзамай Адораның саусақтары «ұшты» ғой. Бірақ өмірінің сол сəттен бастап өзгеріп кететінін ойламадым», – деп еске алады.

Талаптың мініп тұлпарын…

Ата-анасының еңбегін бағалаған Адора өзінің компьютеріне 300-ге жуық қысқа əңгімесін жазады. 7 жасында ең алғашқы «Ұшқыш саусақтар» («Flying fingers») атты кітабын шығарады. Бұл оқиға сол сəтте үлкен резонанс тудырады. Нəтижесінде жүздеген мектеп арнайы талқылайды.

Жұлдызды шағы туардағы оқиғаны ойға алған Адора: «Бірнеше баспа мені көзге де ілген жоқ. Тіпті бір атақты балалар баспасының өкілі балалармен жұмыс істемейтінін айтты. Қалай сонда балалар баспасы балалармен жұмыс істемейді? Бүйтетін болса, клиентінің
көбін жоғалтып алмай ма? Тек Action Publishing деген баспа ғана маған сенім артып,
кітабымды шығарып берді», – дейді.

7 жасар жазушыны «Қайырлы таң, Америка!» таңғы бағдарламасына шақырады. Студияда оған компьютер беріп, сынап көреді. Аз уақыттың ішінде Адора диалогқа құрылған шағын əңгіме жазып шығады. Тележүргізуші оның бұл туындысын тікелей эфирде барлық көрерменге оқып береді.

Тағы бір тəнті етерлігі, Адора өзінің талантына, қабілетіне ғана сеніп, құр қарап отырмаған. Медиаға шығуға өзі алдымен талпынған. Ол америкалық танымал тележүргізуші Опра
Уинфриге хат жазған:

Құрметті Опра! Мен сіздің хабарға қатысқым келеді. Себебі өзге балаларға оқып-жазуды үйренуге көмектесуді қалаймын. Мен сіз туралы білемін, өйткені маған сіздің хабарды көрген ұнайды. Сіздің білімді бағалай тыныңызды білемін жəне сіз балаларға көмектесіп, ірі істер атқарып жүрсіз. Мен балаларды оқу мен жазуға қызықтырып, ынталандыру үшін өзімнің жазу дағдыларымды көрсеткім келеді. Олар ға оқу мен жазудың мені күтпеген жайттарға кезік- тіргенін, əлем жаңалықтарындағы Питер Дженнингс секілді ешқашан көрем деп ойламаған адамдармен кездескенімді айтсам деймін. Сіздің бағдарламаңыздың періштелеріне кітабымды сыйлап көмектескім келеді.

Құрметпен,
Адора Свитак

Осы хатынан кейін тележүргізуші 8 жасар Адора туралы өзінің бағдарламасында арнайы сюжет береді.

7 жасар мұғалім

Адора Свитак анасымен бірге бастауыш мектепке келді. Бүгінгі сабақ поэзия туралы жəне ол мұны шынымен асыға күтті. Бірақ 11 жасар Адора оқушы емес, оқытушы. 160 жылдан астам тарихы бар, Ұлыбританияның бренді саналатын «The Telegraph» (Телеграф) газетінде 2009 жылы жарияланған «Адора Свитак əлемдегі ең ақылды бала ма?» атты мақала осылай басталады. Алайда ол балаларға сабақ беруді, білгенін үйретуді 7 жасында, яғни алғашқы кітабы шыққаннан бері бастаған. Сонда оны АҚШ ақпарат құралдары «Əлемдегі ең кішкентай мұғалім» деп көрсеткен.

Аталған шығарылымда журналист: «Адора өте жылдам, ол компьютерде минутына 80-112 сөз тереді, күніне 2-3 кітап оқиды жəне жылына 330,000 сөз жазады. Оны 11 жасына дейін əлемдегі, сондай-ақ Қытай, Гонконг, Вьетнам елдеріндегі 300-ден аса мектептер оқу мен жазудағы тəжірибесімен бөлісуге арнайы қаржысын төлеп шақыртқан. Адораның ата-анасы Вашингтон штатының Редмонд қаласындағы үйінің жертөлесін телевизиялық студияға айналдырған. Адора осы студияда балалар мен ересектерге, педагогтарға арналған, 50 минуты 300 доллар тұратын видеосабақтарын өткізеді», –
деп жазады.

АДОРА СВИТАК (Adora Svitak):

• 7 жасында тұңғыш кітабын шығарған;

• 9 жасында алғашқы романын жазуды бастаған;

• 12 жасында миллиондарды тамсандырған «əдеби вундеркинд» атанған.

Адора 7 жыл бұрын берген сол сұқбатында былай дейді: «Мен бала болғанда қолдауды қажет еттім. Балалық күнім туралы өткен шақта айтқанда, 2 жастан 9-ға дейінгі кезімді
меңзеймін. Өзімді ересек сезінгеніммен, əлі де бала екенімді түсінемін. Жақында «Сіздің шынайы жасыңыз қандай?» деген онлайн-тесттен өттім. Менің нəтижем – 50-60 жас. Біздің отбасында мені шын мəнінде кездейсоқ 11 жаста болатын үлкен адам деп əзілдейді».

Анасы сол сəттердегі талабы туралы сөз еткенде, Адораның күн сайын түнгі 11-12-ге дейін ертеңгі презентациясына, сабағына дайындалатынын, оған үзіліс жасап, демалу керектігін есіне салып отыратынын, оның өте еңбекқор жан екенін айтады.

99 пайыз еңбек

Адора еңбекқорлығының арқасында 14 жасында-ақ 3 кітаптың авторы атанған. Тұңғышын жоғарыда сөз еттік. Екінші кітабы «Биші саусақтар» деп аталады. Онда Адораның əпкесі Адрианамен бірге шығарған өлең-тақпақтары топтастырылған. Ал «Бетпердедегі Янг» (Yang in Disguise) деп аталатын алғашқы романын 2006 жылы 9 жасында бастаған. Ғаламдық проблемаларды көтерген бұл романын 2011 жылы кітап қып шығарған. Туындыда патшаның баласы өз елінің түйінді мəселелерін шешудің неғұрлым бейбіт жолын табу үшін əкесінің патшалығын тастап, жолға шығады.

Адора өзінің романы туралы былай дейді: «Əртүрлі жанрларды зерттеуді жалғастырғым келеді. Алғашқы кітабым тарихи фантастика мен қиял-ғажайыпқа құрылған жəне кеңестер жинақталған. Мен жаңалықтарды көп көремін, бұл мені ойлануға мəжбүрлейді. Осы романдағы мақсатым – соғыс пен бейбітшілік туралы өз идеяларымды жеткізген əңгіме желісін құру. Бірақ бəрібір бұл басқа балалар үшін қызықты болды».

Айта кетейік, Адора Редмонд орта мектепті оқып жүріп, қосымша онлайн түрде Вашингтон виртуалды академиясын бітірген. Ол өзіндік білім алуды, танымын кеңейтуді əріп танығаннан бері еш тоқтатпаған. Өзінің блогында оқып жүрген жаңа кітаптары жайлы жиі жазады. «Өскенде кім боласың?» деген сұраққа Адора: «Əдебиет пен тарих саласында Нобель сыйлығының иегері бола мын!» – деп жауап береді.

60 тілде «сөйлеген спикер»

12 жасар əлемдегі ең кішкентай мұғалім əрі жазушыны бүгінде үздік идеялардың алаңына айналып үлгерген TEDtalks сахнасында сөз сөйлеуге шақырады. Ең алғашқы «Ересектер балалардан не үйрене алады?» атты баяндамасы көптің көңілінен шығып, залдағы барлық тыңдарманды қайран қалдырады. Алайда ұйымдастырушылар оны YouTube арнасына салмай тұрғанда, дəл осы кішкентай қыздың өрелі ойы миллиондардың жүрегін жаулап аларын білмеген болар. Оның видеосы 3 миллионға жуық көрермен жинаған, ең ғажабы Адораның сол сөзі субтитр арқылы 60 тілге аударылған. Демек, ол бір мезетте 60 тілде сөйлеп тұр, əлі де талай тілге аударылатыны анық.

Бірінші мүшелге де келіп үлгермеген шағында осы қыз барша ересектерге былай дейді: «Балалар бəрібір өсіп, тура сіздер секілді ересектерге айналады. Тура сіздер секілді. Рас қой? Мəселе – балалардың дəл сіздердей боп өсуінде емес, сіздерден де жақсы болып есеюінде. Сіздің өмірлік ұстанымыңыз немесе орныңыз емес, сізден де асып түсуіміз үшін бізге жасаған мүмкіндіктеріңіз маңызды. Қазір əлем озық идеялар мен жаңа көшбасшыларға мұқтаж. Жол бастау мен биіктерді бағындыру үшін балаларға мүмкіндік беру керек. Сіз соған дайынсыз ба? Себебі ғаламдық проблемалар адамзатқа мұра боп қалмауы қажет».

Мен дайынмын, қазақ баласы, жол бастауға сен дайынсың ба?..

СӨЗ СОҢЫНДА АДОРАНЫҢ АФОРИЗМГЕ АЙНАЛЫП ҮЛГЕРГЕН ОЙЛАРЫН ҰСЫНҒЫМ КЕЛЕДІ:

• Бала ретінде сенің үнің маңызды. Оны пайдалан.

• Меніңше, жақсы жазудың бір кілті – барлық идеяңмен бөлісу жəне қорықпау. Асқақ армандау керек. Бұл сіз білетін əлемдегі ең ғажап роман болуы мүмкін.

• Өз шешімімді жəне қателіктерімді қабылдауға рұқсат етуім керек, орасан көп көмек алмай өрлеп, құлауым қажет. Себебі бұл – өмірімнің соңына дейін істейтін істерім.

• Жасөспірімдерге үнемі «Есейгенде кім боласың?» деген сұрақ қойылады, сонан соң ересек кезде қалай мəнді өмір сүру керектігі туралы кеңес беріледі. Бірақ дəл қазір мəнді өмір сүруге деген мотивация қайда?

• Менің еңбегімнің мақсаты айқын. Ол – барлық жастар «үлкен ғажайыптар» жасай алатынын дəлелдеу.

• Кішкентай күнімде əлемдегі барлық бала оқуды жақсы көреді деп ойлайтынмын, себебі бұл қызық қой. Бірақ кейін бұның соншалықты рас еместігін түсіндім. Дүниежүзіндегі басқа да балалардың көп оқып, жазғанын қалаймын.
Себебі бұл оларға дүниені жақсылап тануға көмектеседі.

• Сіз бізді бүгін тыңдауға тиіссіз. Өйткені біз – ертеңгі көшбасшылармыз.

Адора бүгінде əлемдік көшбасшылар жиналатын шаралардың тұрақты спикері. 5 жыл бұрын, яғни 15 жасында Адора Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пəтерінде өткен жастар форумында сөз сөйледі.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №32
7 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз