Елімізде сырнайшылар домбырашылардай көп емес, десе де əлемді мойындатып жүр. Жақында ғана Францияда өткен байқауда Ғалымжан Нарымбетовке тең келер сырнайшы болмады. Сырнайшылар таласқа түскен екі бірдей бас жүлдені бір өзі қанжығасына байлап қайтты. Осыдан оншақты жыл бұрын-ақ танымал музыканттар Ғалымжанды үздіктер қатарында атайтын. Ол кезде жас музыкант əлі студент еді. Бүгінде 30-дан жаңа асқан сырнайшы жігіт өзі де шəкірт тəрбиелеп жүр. Фортепиано мен гитараны да еркін меңгерген.

«ҰЛАННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:

Аты-жөні: Ғалымжан НАРЫМБЕТОВ

Туған жылы: 7 тамыз, 1985 жылы

Туған жері: Ақтау қаласы

Мамандығы: Сырнайшы

Байқауларға шәкірттеріме үлгі болу үшін қатысамын

Ғ.Нарымбетов: Мұндай халықаралық байқауларға өз шеберлігімізді арттырып отыру үшін, кішкентай шəкірттерімізге үлгі болу үшін қатысамыз. Иə, жақында Францияның Ле-Мон-Дор қаласында өткен байқауға екі түрлі номинация бойынша қатыстым. Бірі – классикалық əуендер жанры, екіншісі – эстра- далық варьете. Эстрадалық жанр номинациясында бас жүлдеге ие болдым. Классика жанры бойынша 1-орын алдым, ол номинацияда бас жүлде болған жоқ. Байқауға Ресей, Польша, Болгария, Италия, Франциядан мықты музыканттар қатысты. Қазылар алқасының мүшелері де – Еуропа елдерінің танымал музыканттары.

Ұлан: Бəрекелді! Бұған дейін де талай халықаралық байқауларда топ жарып жүргеніңізді білеміз…

Ғ.Нарымбетов: Иə, бұған дейін де талай халықаралық байқауларға қатыстым. Қызығы, осы күнге дейін тек екінші орын ғана алатынмын (күліп). 2006 жылы студент кезімде Құрманғазы атындағы республикалық байқауда 2-орын, сол жылы Италияның Ланчано қаласында өткен байқау- да да 2-орын иеленгенмін. Магистратурада оқып жүрген кезімде «Шабыт» фестиваліне қатысып, ол сəтте де 2-орын алғанмын.

Ұлан: Сырнай дегенде ойымызға алдымен үрмелі аспаптар келеді. Мəселен, сазсырнай деген секілді. Қазақ халқы бұл аспаптың құрылысындағы ерекшеліктерге орай осылай атайтын болар?

Ғ.Нарымбетов: Иə, бұл аспап та үрмелі аспапқа жатады. Сырнайға ұқсас аспаптар көптеген халықтарда кездеседі. Құры- лысындағы ерекшеліктерге байланысты оны аккордеон, баян, гармонь, сырнай деп аталады.

Қазақта бұл аспаптың дыбыстық ерекшеліктері мен жасалу тəсіліне байланысты «сырнай» деп атайды. Сырнайдың сол жақ бөлігінің ерек- шелігі бар: ашқанда желді ішіне қарай алып, жапқанда сыртқа шығарады. Сырнайды несиеге сатып алғанбыз

Ұлан: Бұл аспапты үйренуге қанша жылыңызды арнадыңыз?

Ғ.Нарымбетов: Əке-шешем де сырнайда ойнайды. Анам – Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыка колледжінде мұғалім, əкем – Қорқыт ата атын- дағы мемлекеттік университеттің музыка факультетінде оқытушы. Қысқасы, көзімді ашқалы көргенім осы аспап қой. 1-2-сыныпта музыка мектебінде фортепиано сыныбында оқыдым. Ал 3-сыныпта əке-шешем: «Ғалымжан, Алматыға сырнайды оқуға барасың ба?» − деді. Мен сырнайдан бұрын Алматы дегенге қуанып, «барамын» дедім. Кейін Құрманғазы атындағы консерваторияны аяқтадым. Қазір Алматыдағы өзім оқыған А.Жұбанов атындағы музыка мектеп-интернатында қызмет етемін.

Ұлан: Сырнайды жаңа үйрене бастаған жылдар есіңізде ме?

Ғ.Нарымбетов: Ол 90-жылдардың орта кезі ғой. Ол заманда əр баланың өз аспабы бола бермейтін. Тапшылық еді. Соған қарамастан, əке-шешем жиған-тергеніне маған сырнай əпермек болды. Қаражаттары толық жетпей, сырнайды несиеге алғанбыз. Оған дейін əркімнен уақытша сұрап жүретінмін.

Ұлан: Осы сырнай аспабын орыс халқы ұлттық аспабындай қолданады. Ал шығу тарихын қарасақ, немістер ойлап тапқан дейді… Қай елдің сырнайшылары мықтырақ, қалай ойлайсыз?

Ғ.Нарымбетов: Тарихына үңілсек, орыстар да, немістер де өздеріне қарай тартады. Бір деректерде алғаш рет француздар ойлап тапқан дейді. Шын мəнінде, осы аталған халықтардың əрқай- сысының өздері ойлап шығарған сырнайлары бар. Бір анығы – бұл аспап тек ХІХ ғасырдан бері қарай қолданылып келеді. Оған дейін шаңқобызға ұқсас аспаптар кездеседі. Бүгінгі таңда сырнайдың түрі көп. Француздар да, немістер де, қытайлар да жасайды. Ал біздің мамандар көбіне ресейлік «Юпитер» фабрикасының сырнайларын қолданады.

Ұлан: Сонда Қазақстанда сырнай мүлде жасалмай ма?

Ғ.Нарымбетов: Жөндеу жұмыстарын жасауы мүмкін, бірақ өзімізде шығарылмайды.

Ұлан: Қазір өзіңіз де оқушы балаларға дəріс бересіз. Қазақ балалары арасында сырнай аспа- бына қызығушылық қандай?

Ғ.Нарымбетов: Сырнай аспабы қазақтар арасында да үлкен сұранысқа ие. Қызығушылық жоғары деуге болады. Өйткені, ең алдымен бұл аспаптың тілін білетін музыканттарға сұраныс көп. Қазақта той көп қой. Сондай сəттерде бір ғана сырнайшы жеткілікті болуы мүмкін. Бұрынғы кездері де арнайы музыкалық аппаратуралар болмаса, осы сырнай көмекке келетін. Сол үшін де ата-аналар баласының осы аспапты үйренгенін қалайды. Бұл аспапты меңгерсе, ертең əйтеуір нансыз қалмасын біледі. Əнді де, күйді де, биді де сүйемелдеуге ыңғайлы «оркестр» аспап қой, қысқасы. «Буэнос- Айресте» өнер көрсетеді

Ұлан: «Сазген сазы» ұлттық ансамблінің музыкантын енді «Buenos-Aires» атты топтың құрамынан да байқап жүрміз. Қызық контраст…

Ғ.Нарымбетов: Иə, сондай да топ құрдық. «Сазген сазының» жөні бөлек. Ол жерде ұлттық киіммен өнер көрсетеміз. Халықтық ансамбль ғой. Ал «BuenosAires» тобын «танго-оркестр» деуге болады. Бұл топта скрипка, альт, виолончель, ұрмалы аспап – кахон жəне мен баянда ойнаймын. Тек қана аргентиналық композицияларды орындаймыз. Сол үшін де атауы аргентиналық қаланың атымен аталады. Мұндай топ құрамыз деген ойда жоқ еді. Бірде осы əріптестеріммен бір концертте аргентиналық композицияны орындағанбыз. Сол кезде бізді аргентиналық бимен шұғылданатын кəсіпкерлер Ерлан мен Гүлшат Нұрпейісовтер байқап қалыпты. Осындай топ құру туралы ұсыныс айтты. Əлі де топ- тың болашағы туралы ой үстіндеміз. Десе де, бұл топқа деген сұраныс пен қызығушылық зор екенін байқап жүрміз. Біздің орындауымыздағы Пьяц-цолла, Гаде, Гардель, Коллатти, Вильельдо сынды композиторлардың туындыларын көпшілік жақсы қабылдайды.

Ұлан: Еліміздегі сырнайшы- лардан кімдердің атын ерекше атап өтер едіңіз?

 Ғ.Нарымбетов: Ұстаздарым Анатолий Гайсин, Зəуре Смақова, Сұлтан Қожахметов, Оқан Абдуллаев сынды аға-апайларымыз əлі күнге дəріс те оқып, сахнаның да сəні болып жүр. Ортаңғы лектен Дамир Сұлтанов, Алексей мен Галина Ефременколарды, қатарластарымнан Сапар Күмісқалиев, Нартай Бекмолдиев деген талантты азаматтар бар.

Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан», №21

23.05.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз