Айгерім – шет елге шығып білім алғысы келетін қазақстандық жастар үшін мықты мотивация болатын кейіпкер. Қарапайым отбасынан шығып, еңбегі мен белсенділігі арқасында әлемнің жиырмадан астам елінде болған. О баста Малайзияға тіл жетілдіру курсына барған. Бүгінде сол жақта ТМД елдері, Украина және Ресей мемлекеттері бойынша аймақтық директор болып қызмет атқарады. Еуропада іссапарда жүрген Айгерім Жұбанышевамен уотсап арқылы әңгімелескен едік.

– 2011 жылы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін екі шет тілі (қытай және ағылшын) мамандығы бойынша бітірдім. Сол жылы Малайзияда үш айлық ағылшын тілі курсын оқу үшін Asia Pacific University of Technology and Innovation университетіне бардым. Осы университетте «Жаһандық маркетингті басқару» мамандығы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Сондай-ақ, университетке жұмысқа тұрдым, – деп бастады Айгерім әңгімесін. – Asia Pacific University of Technology and Innovation университетінде ТМД елдері, Украина және Ресей мемлекеттері бойынша аймақтық директор қызметін атқарамын. Университетте 100-ден аса сұранысқа ие мамандықты оқытады. Бакалаврда оқу үш жыл. Оқуда 70% практика, 30% ғана теория. Студенттер практика арқылы үйренеді. Бізде көп жағдайда 4 жыл бойы теорияны оқытады. Жұмысқа барған кезде оқыған нәрсенің бәрі іске келгенде жарамайды. Жұмыс арқылы басынан бастауға тура келеді.

Орыс тілінен ағылшынға, ағылшыннан орыс тіліне аударма жасау арқылы әртүрлі іс-шаралар мен конференцияларға бардым, ел аралап, жер көрдім. Жұмыс барысында ағылшын тіліндегі жарнамаларды, силлабустарды орыс тіліне аударамын. Жұмысыма интернет, ноутбук, телефон ғана қажет. Мұның бәрін компания береді. Мен тек байланыста боламын. ТМД елдеріне Малайзиядағы білім беру жүйесі, оқу орындарындағы маңызды мамандықтар жайлы презентациялар жасаймын. Мысалы, көрмелерде, конференцияларда таныстырамын. Күні кеше Малайзия білім беру министрлігі ұйымдастырған шараға бардық. Университеттерді шақырды. Қазақстандық студенттермен бірге сол жерде ұлттық киімдерімізді, тағамдарымызды көрсетіп, қазақ мәдениетімен таныстырдық. «Қамажай» биін көрсеттік. Барлығы таңғалды. Осы жақта қазақстандық студенттер бар болғаны үшін, бірігіп қазақ елін таныстырып жатқанымыз үшін өте қатты қуанамын.

– Біраз елге барған сияқтысыз?

– Оңтүстік Азияны түгел араладым. Жұмыс бабымен және жұмыстан тыс Индонезия, Сингапур, Камбоджа, Тайланд, Украина, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияға сапарладым. Испания секілді Еуропаның да бірнеше елінде болдым. Ендігі кезекте Сербия мен Македонияға баруды жоспарлап отырмын. Малайзия орталықта орналасқан соң көп елге жақын. Компанияда жеті жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Жұмысымның артықшылығы – таңғы сағат 8-ден кешкі 6-ға дейін кеңседе отыру міндетті емес. Ең бастысы, керек кезде онлайнда болсам жеткілікті. Осы мамандық бойынша жұмыс істегісі келген адам ағылшын тілін жетік білгені дұрыс. Қандай да бір нәрсені таныстыру барысында мүмкіндігінше адамдармен жақсы араласып, жылы жүзді болу маңызды.

– Малайзия мен Қазақстан… Ұқсастығы, айырмашылығы қандай?

– Екі ел арасында қарым-қатынаста, климатта, тамақта, менталитетте айырмашылық бар. Адамдардың мінезіне климат әсер етеді дегенмен келісемін. Бұл жақтың климаты дымқыл, жылы болғандықтан, адамдар ашық, жұмсақ мінезді, әркез күлімсіреп жүреді. Мысалы, көшеде қарсы келе жатқан адамға қарай қалсаңыз, сізге қарап күле салады. Қоғамдық көлікте де, сауда орындарында да барлық кезде адамдар күлімсіреп жүреді. Күлімсіреу олар үшін адамдармен жақсы қарым-қатынас жасаудағы алғашқы қадам. Қазақстанда кез келген адамға қарап күлімсірей алмайсың. Мүмкін Азияда болған соң климатымызға қарай ма, білмедім.

Ең бірінші үйренгенім – кез келген жағдайда күлімсіреп жүру. Сабырлы болу. Барлық жағдайға байыппен қарау. Содан соң дауыс ырғағым өзгерді. Ол жаққа алғаш барғанымызда біздің қаттырақ сөйлейтінімізге, тіке айта салатынымызға қызық қарайтын. Шет елден келген студенттер оқу жылының бірінші жартысынан бастап, ортаға икемделе бастайды. Басында мен де сондай болған едім. Кейіннен салмақты және сыпайы сөйлеуді үйрендім. Мысалы, «анау папканы алып берші» деу біз үшін қалыпты жағдай. Ал мына жақта ең алдымен кешірім сұрау маңызды. «Кешіріңіз, анау құжатты алып бере аласыз ба?» – деу орынды. Мұндай жылы қарым-қатынасты бізде де орнатуға болады. Барлығы айналаңдағы адамдарға байланысты өзгереді.

– Жастар саяхат жасау үшін ағылшын тілі және ақша маңызды дейді, келісесіз бе?

– Ағылшын тілін білмей-ақ саяхат жасауға болады. Қазіргі күні барлық жағдайды қамтамасыз ететін әртүрлі турагенттіктер бар. Тіл білмеуіңіз проблема емес. Өз тәжірибеме сүйене отырып айтарым, жергілікті халықты толығымен білгіңіз келсе, тіл үйреніңіз. Тіл білмесең, сол елдің мәдениетімен де, тарихымен де таныса алмайсың. Бұл қандай да бір елді жан-жақты білуге кедергі болады. Турагаенттікпен барған кезде гидқа ғана тәуелді болып, айтқан ақпаратты ғана қабылдайсыз. Өз бетіңізбен ақпарат жинай алмайсыз. Ал ақша белгілі бір мөлшерде қажет.

– Малайзиядағы тіл үйрену курсы жайлы айтып берсеңіз…

– Бағдарлама 1-6 ай аралығында өтеді. Қазақстандық студенттерге виза қажет емес. Олар студент сияқты келе алады. 18-ден асқан болса, белгіленген уақыттан да көп бола алады. Аттестат, медициналық құжат, анкета, жеке куәлік, фото керек. Виза үш аптада дайын болады. Студент кез келген уақытта келе алады. Себебі әр ай сайын құрама жиналады. Курсқа келгені үшін тамақ, жататын орын және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіледі.

Мен қалай жұмыс таптым?..

– Студенттеріме әркез белсенді болу керектігін айтамын. Алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Өзім қазіргі жұмысымды белсенділігімнің арқасында таптым. Малайзияда оқып жүргенде қандастарымыз болсын немесе басқа да шет елден келген азаматтар, студенттер үшін аудармашы болып, виза алуға және басқа да шаруаларына көмек беріп жүретінмін. Үш айлық курстан соң Қазақстанға қайта оралдым. Біраз уақыт жұмыс таба алмадым. Бір күні Фейсбук желісінде қазіргі жұмыс орнымнан хат келді. Хатта жақын арада Астана, Алматы қалаларына келетіндерін, аудармашы болып екі апта көлемінде бірге  жүруімді сұраған екен. Барлық мүмкіндікті жасайтын болды. Қазақстанға оқу жайлы, тіл курстары жөнінде айтып беруімді өтінді. Бірнеше ай осы жұмыспен айналыстым. Кейін ресми түрде жұмысқа алды. Малайзияға барған кезде 23 жаста болдым. Шет елге алғаш шығуым еді. Елге оралған кезде қайтадан Малайзияға барамын деп ойлаған жоқпын. Соңғы жеті жылда өзімнің бойымнан өте көп өзгеріс көремін. Қарапайым отбасынан шықтым. Таныстарым болмады. Мен арман мен мақсаттың орындалатынына сенемін.

– Шет елге шығуды қалайтын жастарға айтарыңыз…

– Тіл үйрену өте маңызды. Ағылшын тілін біліп, сол арқылы шет елге шығып, білім алыңыздар. Жаңашылдыққа ұмтылыңыздар. Өзге елдің мәдениетімен танысыңыздар. Мен сіздерге шет елден білім алып, сол жақта қалыңыздар демеймін. Жинаған оқу-тәжірибелеріңізді елге әкеліп жаратыңыздар. Білім беру жүйесінің өзгешелігін көріңіздер. Тілдің маңыздылығын, болашақтың жаңашыл сипатта болатынын түсініңіздер. Бүгінгі күні ғылымға, технологияға байланысты мамандықтарды игерген дұрыс. Оқуды аяқтағаннан кейін тек Қазақстанда ғана емес, әлемде сұранысқа ие мамандықтарды таңдаңыздар. Ата-анамыздың, ұстаздарымыздың айтқанымен жүріп, тар ойлайтынымыздың әсерінен дұрыс мамандық таңдай алмай келеміз. Әлем басқа бағытқа өзгеріп жатыр. Қазірдің өзінде біз осыдан 10 жыл бұрын дәуірі жүріп кеткен мамандықтарды оқуып жатырмыз. Болашақтың мамандығын оқыңыздар. Мысалы жарнама, маркетинг, менеджмент немесе ақпараттық технологиялар.

Алдағы мақсатымның бірі – магистратураны аяқтау. Магистратураны дәл қазір оқып жатқаныма қуанамын. Өйткені осы уақытқа дейін өз саламда мол  тәжірибе жинадым. Осы білгенімді керегіме жаратқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Əңгімелескен
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз