Бүгінгі күні халқымыздың ғасырлар бойғы өмір салты мен мәдениетінен сыр шертетін материалдық жәдігерлеріміз баға жетпес асыл қазынаға айналып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі музейлердің төрінде тұр. Сонымен қатар, жеке адамдар қолында жинақталған құнды заттарымыз да аз емес екені белгілі. Осы ретте  өткен уақыт пен көшкен кеңістікті зат бейнесінде жеткізіп, жан дүниеңмен сезіндіретін мәдени-рухани құбылыс – музейлік заттардың жеке тұлғалар қолындағы жай-күйі қандай? Жалпы жеке коллекциялар қалай жинақталады? Оларды келешек ұрпаққа аман-есен табыстай аламыз ба? Міне, осы мәселелер жөнінде белгілі коллекционер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, меценат Азат Әкімбектің «ANTIQUES» салонына бас сұғып, әңгімелескен едік.

– Азат мырза, галереяңыздағы көздің жауын алатын тамаша  экспонаттарды көріп, осыншама қазынаның жиналу тарихын білсек деген қызығушылық туғанын жасыра алмаймыз. Көне дәуір сырын бойына бүккен құнды жәдігерлерді жинау қалай басталған еді?

– Иә, бұл жеке коллекция. Жалпы батыс елдерінде бұрыннан бар құндызаттарды жинау мәдениеті Ресейде Кеңес өкіметіне дейін қалыптасқан болатын. Ол кезде тарихи жәдігерлерді жинаумен патшалар, корольдер, ауқатты адамда айналысқаны белгілі. Мәселен, Ресей патшайымы Екатерина  қазынадан арнайы ақша бөлгізіп, шетелдегі елшілеріне жақсы дүниелерді сатып алып келіңдер деген тапсырма  берген. Соның арқасында әйгілі Эрмитаж құрылды. Третьяков галереясы да жеке коллекционердің еңбегімен дүниеге келді.

Ал Кеңес билігі орнаған соң коллекционерлер жасырын жұмыс істеуге көшті. Олардың көпшілігі кейіннен Израильге кеткен еврейлер еді. Олардың қолында әлемдік деңгейдегі шедеврлер болды – Пабло Пикассо, Марк Шагал, еуропалық живопись. Ал Қазақстанда саусақпен санарлықтай  коллекционерлер болған, олар  көбінесе орден, фалера, кітап жинайтындар. Соның ішінде  талантты актер Меңтай Өтепбергеновті айтуға болады. Ол кино тарихымен айналысты, атақты фильмдердің афишаларын, плакаттарды, киноға арналған маркаларды жинады. Бірнеше рет көрме ұйымдастырды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ еліне келетін болсақ, мұнда көне жәдігерлерді жинаумен шұғылданушылар арасында генерал-губернаторлар Г.Гасфортты, Г.Колпаковскийді айта аламыз. Олар жергілікті қолөнерге де көңіл бөлген.

1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдығы тойланғаны белгілі. Содан Семей, Жетісу және басқа губерниялардың әкімшіліктеріне жергілікті тұрғындардың тұрмысын, мәдениетін көрсететін көрме ұйымдастырыңдар деген бұйрық келеді. Алматы ол тұста шағын қала. Қазіргі Көк базар «Хлебный базар» деп аталады. Ал Панфиловшылар паркінің орнында үлкен алаң мен зират болған. Губернатор Г.Колпаковскийдің бұйрығымен көрмеге «Хлебный базардан» қазіргі Республика сарайының орнындағы диірменге дейінгі орын бөлінеді.

Көрмеге Санкт-Петербургтен үлкен делегация келеді. Қазақтың ірі байларымен қатар атақты көпестерден Н.Пугасов, менің үлкен атам Уәлиахун Юлдашев бар, барлығы көрмеге барын салады. Сонда ең үлкен орынды жаркенттік көпес Уәлиахун алған екен. Қазақтар 8-12 қанат ақ үйлерді сән-салтанатымен тігіп тастайды. Іші толған зергерлік бұйымдар, күмістен жасалған ат әбзелдері, түрлі-түсті түскиіздер. Уәлибай Хотаннан, Құлжадан ұйғырдың кілемдерін әкелтеді. Ал Пугасов питерліктерді сыра зауытының өнімдерімен таңғалдырады. Міне, осы көрмені өткізуге қосқан үлесі үшін Н.Пугасов пен У.Юлдашев алтын медальмен марапатталады және екеуі де Петербордағы патша тойына шақырылады.

Бірақ, көрмеге қойылған ең үздік жәдігерлерді Петербордағы Романовтардың тойына арналған көрмеге алып кетіп, кейін қайтармаған. «Қазақ деген неткен талантты ел?!» деп таңғалдырған атышулы көрме осылай аяқталды. Кейіннен төңкеріс орнап, бәрін астаң-кестең уақыт жоқ етті.

1980-90 жылдары мен ресейлік этнограф-ғалымдармен жиі аралас-құралас болдым. Ол кезде Алматыға Мәскеудегі І Петр атындағы этнография және антропология институтынан, Ленинградтағы Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология институтынан зерттеушілер көп келетін. Сонда олар «сендердегі музей экспонаттарына қарағанда біздің қордағы қазақтың зергерлік әшекейлері мен ат әбзелдері анағұрлым бай» дейтін. Меніңше, соның бәрі Романовтар тойының көрмесіне апарылған заттар. Түркістандағы тайқазан да солай кеткен ғой.

Ұлы Отан соғысы кезінде немістер де басып алған елдердегі музейлердің, кітапханалардың құнды заттарының бәрін Германияға алып кеткен болатын. Кейін соғыс біткен соң реституцияны пайдаланып мәдени құндылықтарды біртіндеп қайтарған. Біз де отаршылдық, ұжымдастыру, ашаршылық жылдары көп байлықтан айрылып қалдық. Көне шеберлер жасаған бұйымдардың көбі кетті. Енді қазір біздің көрші елмен қарым-қатынасымыз жақсы, тарихи мәдени құндылықтарымызды қайтару жөнінде сөз қозғалса дұрыс болар еді.

Өзімнің жеке еңбек жолыма келетін болсам, 1972 жылы Алматыда Қазақ халық өнерінің музейі ашылды. Ол Фурманов көшесіндегі қазіргі жасөспірімдер кітапханасының орнында болатын. Мен алғаш сол жерде реставратор болып бастадым. Шағын музей, қоры да көп емес. Содан Мәдениет министрі Ж.Еркімбеков бізді – белгілі өнертанушы Камилла Ли, қолөнер зерттеушісі Баян Алдабергенова, Шайзада Тоқтабаева бар, бәрімізді алғашқы экспедицияға шығарды.

Ол кезде ауыл-аймақта көне жәдігерлер көптеп кездеседі. Жаңадан желім ыдыс-аяқ, тұрмыс заттары шығып, жастар көне заттарды көзге ілмейтін. Бірақ, түсті металл жинау деген пайда болып, қариялар «ой, балам-ай, күміс құманым бар еді, металға кетті. Бесік бар еді, отынға шауып тастады» деп отырады. Өкінішке қарай, сол жылдары қазақтың көптеген көне заттары – төсек ағаштар, кебеже, сандықтар жойылып кетті. Жастар жаңаға бет бұрды, құнды заттың қадірін білмеді. Бұның бәрін ауыл-ауылды аралағанда өз көзіммен көрдім.

1970 жылдары қазақ мәдениетінде жағымды үрдістер басталды. Қазақстан суретшілер одағы құрылды. Музейлер ашылды. 1978  жылы Жаркенттегі музейді қайта қалпына келтіруге қаржы бөлінді. Мұның бәрі Өзбекәлі Жәнібеков есімімен тығыз байланысты. Керемет дана адам еді. Өзағаның бастамасымен Суретшілер  одағында халықтың қолданбалы өнері секциясы ашылды. Оның құрамына ұлттық гобеленнің негізін қалаушылар Құрасбек Тыныбеков пен Бәтима Зәуірбекова,  ағаш пен тері шебері Дәркембай Шоқпарұлы және мен бәріміз кірдік. Осылайша, қазақтың ұлттық қолөнерін жаңғыртуға біртіндеп кірісіп кеттік.

– Көне заттарды жаңғырту кезінде сіздер сол заттарды жасаған ұсталардың әдіс-тәсілдерімен жұмыс істедіңіздер ме? Жоқ әлде бұл өнер сол ұсталармен, жойылып кеткен көне жәдігерлермен бірге келмеске кетті ме?

– Ол кездегі шеберлердің жұмыстары қазіргілерге мүлде ұқсамайтын. Нағыз ұлттық өнер еді. Дәркембай жасаған заттарды музейлер арнайы сатып алатын. Мен өзім қазақ эпостарының, Әлішер Науаидың кітабының мұқабаларын күміс пен жезден әшекейлеп жасадым. Бәрі музейде тұр. Ол кезде жұмыстарымыз алдымен көрмеге қойылады, сол жерде комиссия арнайы келіп көріп, құнды заттарды музей қоры үшін сатып алатын.

Ал қазіргі қолөнер бұрынғы шеберлердің өнерінен мүлде бөлек. Мен бұларды қазақтың ұлттық қолөнері деп айта алмаймын. Сапасы да, техникасы да мүлде басқа.

Рас, қазір де талантты жастар бар, бірақ, нарық заманында ақша бірінші орында тұратын болды. Жастар соған бейім. Мәселен, қазақтың дәстүрлі металы – күміс. Қазақ «ақ күміс» деп бұл  металды ерекше қасиеттеген, қадірлеген. Қазақ шебері күмісті басқа металға айырбастамайды, тіпті, алтынға да қызықпаған. Мына мельхиор, нейвезер дегендер кейін шықты ғой, біз оны жалған күміс дейміз. Таза күміс қазір нарықта жоқ, бағасы да қымбат. Қазір ұлттық өнер кәдесыйлық деңгейге түсті. Сувенирдің аты сувенир. Жиі өтетін түрлі көрмелерден де таңғалдыратындай бірде бір зат көре алмай жүрмін. Бәрі – кәдесый.

– Бүгінгі күні өнер туындыларын жинауға қызығатындар бар ма және олар кімдер? 

– Соңғы жылдары ауқатты адамдар құнды заттарды жинауға бет бұрды. Бірақ олар коллекционер емес, инвестиция салушылар. Біз өзіміз кезінде коллекция жинағанда кейін ақшаға сатамыз деген ой болған да емес. Ал қазіргі жастар ақылды, келешекті ойлайды. Бүгінгі 100 доллары ертең 200 доллар болып қайтса дейді. Бұл енді қазіргі нарық заманында дұрыс көзқарас. Бүгінгі күні олар негізінен Ә.Қастеев, Ж.Шәрденов, С.Айтбаев, Н.Хлудов сияқты суретшілердің жұмыстарын сатып алуда.

Жалпы, мен  коллекционерлерді екіге бөлем. Біріншісі – нағыз коллекционер, ол ақша жағын ойламайды. Біз солай бастағанбыз. Демалыс күндері ауылдарды аралап, көне заттарды жинаймын. Тіпті, маған «Ескілік жинаушы» деп лақап ат қойғаны да бар. Сонда да мойымай, жинай бердім. Қазіргі коллекциям осылай құралды. Бірақ Кеңес кезінде жеке меншік деген жоқ, көрме ашқанымда Қастеев атындағы музейдің құрамындағы ұйғыр халқының қолөнер коллекциясы деп атады.

– Ұлттық құндылықтарды сақтауға қатысты тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдай қалай болды?

Бір өкініштісі, біз 1990 жылдары көптеген құнды жәдігерлерімізден айрылып қалдық. Егемендіктің алғашқы жылдары Алматыда шет елдердің дипломатиялық миссиялары ашылды. Шетелдік елшілер дипломатиялық поштаны пайдаланып, қазақтың көне ұлттық бұйымдарын, құнды заттарды контейнерге тиеп алып кетті. Әрине, ол кезде экономикалық дағдарыс, қиын жылдар, 50 доллар бергенге мәз болып қолына ұстата салатындар аз болған жоқ. Мен сол кезде бұл мәселені қозғадым да. Бірақ, заң солай болғандықтан ештеңе істей алмадық. Әрине, кейін кеден рәсімдері күшейді, бұл мәселе шешімін тапты.

Өркениетті елдер өз елінің мәдени қазынасын шетелге шығаруға қатаң тыйым салады. Мәселен, біздің елімізде орналасқан кез келген құндылық Қазақстан Республикасының қазынасы болып есептеледі. Мейлі, ол В.Верещагиннің картинасы болсын, шетелге  шығаруға болмайды. Ал  кәдесыйлық өнімдер бұл тізімге кірмейді. Егер шымкенттік немесе қызылордалық ісмерлер өзі тоқыған кілемін шетелге сатамын десе, әрине, рұқсат. Ал халықтық өнер – ең алдымен осы жердің ұлттық байлығы.

Жыл сайын Кристи мен Сотбис аукциондары күзгі және көктемгі сауда-саттық жүргізеді. Міне, осы аукциондар кезінде ауқатты адамдар елден шығарылып кеткен ұлттық қазыналарын сатып алып, еліне қайтара алады. Мысалы, Ресейдің жаңа байлары өз елінің мәдениеті бай елге айналуына осылай үлес қосып жүр. Миллионер В.Вексельберг Фаберженің зергерлік 9 жұмыртқасын аукционда 102 миллион долларға сатып алып, Ресейге алып келді. Өзбек миллионері А.Усманов шетелге сатылып кетейін деп тұрған жерінен Г.Вишневская мен В.Ростроповичтің коллекциясын сатып алды. Әрине, олар мемлекетке берген жоқ, бірақ, елге қайтарды.Бізді елімізде де төңкеріске дейін Қазақстаннан алып кеткен құндылықтарымызды қайтарып алу үдерісін бастайтын кез келді. Бірақ, бұл бір адам айналысатын іс емес. Осы бағытта мемлекет деңгейінде арнайы комиссия құрып, жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс деп санаймын.

– Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғыртуға және дамытуға үлкен серпін бергені белгілі. Осы ретте ұлттық құндылықтарды елге қайтаруда мемлекеттік деңгейде қандай шаралар атқарылуы тиіс деп санайсыз? 

– Иә, «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында қазақ тарихына, мәдениетіне қатысты көптеген шетелдік деректер, қолжазбалар елге әкелінді. Бірақ, ешбір ел өзіндегі құнды құжаттың, заттың түпнұсқасын бере қоймайды, тек көшіруге рұқсат береді. Ал көшірме ұлттық құндылық қатарына жатпайды. Шетелден көшірмені сатып алу мемлекет қаржысын желге шашумен бірдей. Тіпті, ол Абылай ханның хаты  болса да, түпнұсқаға қол жеткізуге тырысу керек. Мәселен, біздегі  музейдің қорында парсы шахының хаты жатыр делік. Міне, сол елдің музейімен келісімге келіп, олардағы қазақ тарихына қатысты құнды құжатқа айырбастауға әбден болады. Бізге ол шахтың хаты кездейсоқ келіп қалған, қазақтар туралы бір ауыз сөз жоқ. Мұндай айырбас әлемдік тәжірибеде де бар.   Елу жылдан бері құнды заттар жинаумен айналысып келе жатқандықтан бұл саланы жақсы білемін. Меніңше, қазақтың ұлттық жәдігерлерін батыс елдерінен көптеп табуға болады. Париждегі антикварлық салондардан ондай заттарды кездестіргенім бар. Бірақ, оларды кеденнен өткізбейтіндіктен, сатып ала алмайсың. Сондықтан, мемлекет мәдени құндылықтарды қайтару, жеке қорлардан сатып алу жөнінде арнайы жарлық шығаруы тиіс. Шетелдердегі елшіліктердің бір міндеті осы болуы тиіс. Яғни, мәдениет жөніндегі атташе ұлттық қазынаны іздеуге атсалысуы керек. Мемлекет бұл істен қаржы аямаса деймін. Алып келетін зат немесе дерек тек түпнұсқа болуы тиіс.

Қазақстан бүгінгі күні дүниежүзіне танымал, қарқынды дамып келе жатқан ел. Өзгелер бізді сыйлауы үшін өз елімізге көзқарасымыз дұрыс болуы керек. Оған әрқайсымыз үлес қоса аламыз.

– Осы ретте сіздің жеке коллекцияңыздың ерекшелігі неде, осы жөнінде айтып берсеңіз.

– Мен әлемде 65 көрме өткізген бірден-бір коллекционермін. Олардың әрқайсының қоғамдық, мәдени маңызы зор. Мен оларды пайда табу үшін емес, жас ұрпақ тарихты білсін, тамырын ұмытпасын, қарттарымыз мақтансын деп жинадым.

Менің коллекциямда музей қорында жоқ құнды жәдігерлер бар. Қазақ қолөнерін 21 жыл бойы жинадым. Мұндағы бірегей, қайталанбайтын өнер туындыларын көргенде көрермендер де, өнертанушылар да таңғалады.

– Сіздің қорыңыздағы заттардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігіне сай ұстау, сақтау шарттары болатыны белгілі. Мамандардың айтуынша, ағаштан, матадан, теріден, қағаздан жасалған заттар ылғалдылыққа аса сезімтал, фотосуреттер жарыққа төзімсіз келсе, майлы бояумен салынған суреттердің күн сәулесінен бояуы түсіп қалады екен. Ал металл бұйымдар тиісті ережелер орындалмаса жылдам таттанады. Бұдан кейін ол бұйым мүлдем жарамсыз болып қалмақ. Сондықтан осыншама құнды заттардың ескіруіне, жойылуына жол бермеуге қалай көңіл бөлесіз?

– Міне, сондықтан да дәл қазір мені осы коллекцияның болашақ тағдыры ойландырады. Салонға сыймағандықтан, 46 жыл бойы жинаған көне жәдігерлерімнің басым бөлігі қала сыртындағы қоймада тұр.

Меніңше, жеке меншік коллекционерлерге қолындағы құнды жәдігерлер дұрыс сақталып, келешек ұрпақтарға жетуі үшін мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы тиіс. Мәселен, көптеген батыс елдерінде жеке коллекционерлерге ерекше көзқарас қалыптасқан. Өйткені, олар елдің рухани байлығын ұстап отыр. Әрине, менің жеке өзімді  қорғамай-ақ қойсын, экспонаттарды сақтауға көңіл бөлсе деген ұсынысым бар. Сондықтан, осы мәселені заңнама негізінде қарастыру керек деп есептеймін.

Кез келген жеке меншік коллекционердің қолындағы құнды заттар ерте ме, кеш пе, мемлекетке тиесілі болары сөзсіз. Мысалы, мен өз қорымдағы құнды заттардың тізімін жасап, сақтауға тапсырамын және оларды шетелге сатпау жөнінде міндеттеме аламын. Олар – Қазақстанның рухани-мәдени байлығы.

Ертеректе ұлыбританиялық Хэнс Слоун деген бір дәрігер о дүниелік болар алдында корольге хат жазып, екі қызын қамқорлыққа алуды өтінеді. Ал өзінің орасан бай коллекциясын мемлекетке беретінін айтады. Король оны қолдап, тез арада өтінішін қанағаттандыруды тапсырады. Міне, дүниежүзіндегі ең ірі бес музейдің бірі – Британ музейі осы коллекция негізінде пайда болған екен.

– Қазіргі таңда еліміздегі музейлердің көпшілігінде реставратор мамандарға мұқтаждық байқалады. Сіздіңше, бұның себебі неде?

– Кеңес кезінде білімге баса көңіл бөлінгенін мойындау керек.Еліміздің көрнекті өнертанушылары Мәскеуде білім алды. Баян Барманқұлова, Баян Алдабергенова, Шайзада Тоқтабаева нағыз білікті мамандар болатын. Қазіргі атағы дардай академиялардан сол кездегі көркемсует училищесінің мәртебесі де, білімі де жоғары  еді. Бүгінгі күні неге талантты суретшілер жоқ? Тәуелсіздіктің 25 жылында осы салада бір де бір есім жарқ етіп шықты ма? Жоқ. Бұған кім кінәлі?

Әрине, дарынды жастар бар. Бірақ оларды баулитын талантты педагогтар жоқ. Жалпы, Кеңес кезінің білімін мансұқтауға болмайды деп санаймын. Шәрденовтер мен Айтбаевтар үлкен мектептен өтті. Қазір сол «алпысыншы жылғылардың» туындыларын бүкіл әлем біледі. Олардың күні туады әлі. Сол кезде олар атақты Кристи, Сотбис аукциондарында сатылатынына сенімдімін.

Кеңестік кезеңде «Қазреставрация» дейтін ұйым бар еді. Міне, соны жаңғырту, жастарды үйрету  керек. Әрбір музейде білікті мамандардан құралған шеберхана болуы тиіс. Біз, Дәркембай Шоқпарұлы бәріміз солай біртіндеп үйрендік, маман болып қалыптастық. Музейлердегі бүкіл күміс бұйымдар біздің қолымыздан өтті. Бәрін бұрынғы әдіс-тәсілдермен қолмен жасадық. Ал қазір электр моторымен, неше түрлі шуруптармен бәрін бүлдіруде. Оларды мен қалпына келтірушілер емес, бүлдірушілер деп есептеймін. Ал нағыз көркемөнер туындысы ешқашан құнын жоғалтпайды, керісінше, уақыт өткен сайын бағасы өсе береді. Тек оларды дұрыс сақтау керек.

– Сізге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыз жөнінде айтсаңыз.

– Мен қазақ өнері мен мәдениетіне Өзбекәлі Жәнібековтей еңбек сіңірген тұлға көп емес екенін айтқым келеді. Ондай адам қазір кемде кем. Ол кісінің жақсылығын көп көрдім, осы салаға келуіме тікелей ықпал етті. «Еліңнің көне заттарын жина, ертең көміліп кетеді» дейтін. Сондықтан, менің жеткен жетістіктерімде Ө.Жәнібековтің орны айрықша.

Осы ретте министр Ж.Еркімбековтің де қазақ өнерінің дамуына көп үлес қосқанын айтқан жөн. Ол біздің шеберханаға жиі бас сұғатын.

– Мемлекеттік музейлермен қатар, жекелеген адамдардың, қолөнер шеберлерінің қолындағы құнды заттар да отандық мәдениет пен тарих ескерткiштеріне жататыны анық. Ал осынау бірегей туындыларды жинап, сақтап, насихаттап отырған жеке коллекционерлерге мемлекет тарапынан көзқарас қандай? 

– Мен жеке коллекционерлердің өзін де мемлекеттің қазынасы деп есептеймін. Иә, қазына жинаушы адамның өзі де – тұнып тұрған қазына. Жеке өзіме келетін болсам, белсенді қоғамдық қызметім, мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесім үшін Елбасы Н.Назарбаев 2011 жылы өзінің жеке Жарлығымен ең жоғары марапат – ІІ дәрежелі Барыс орденін кеудеме тақты. Тарихи-мәдени құнды заттардың білгірі, сарапшысы ретінде ақыл-кеңес сұрап келетіндер аз емес. Оларға қал-қадерімше көмек көрсетуден аянған емеспін.

Менің Отаным – Қазақстан, осы жердің суын ішем, нанын жеймін. Қазақ «Су ішкен құдығыңа түкірме» дейді. Марқұм әжем осылай үйретіп кетті. Қазақ халқына алғысымды сөзбен емес, іс-әрекетіммен көрсетуге тырысып келемін.

– Әңгімеңізге рахмет! Өскелең ұрпақ үшін өнегелі өмір жолыңыз ұзақ болуына тілектеспіз.

Әңгімелескен
Дина иМАМБАЕВА
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз