Əйгілі Əбілхан Қастеевтің ізінен ерген мықты суретшілер көп-ақ. Солардың бірі – Тоққожа Қожағұлов. 1962 жылы 1 қаңтарда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданында дүниеге келген. 1979 жылы бүгінгі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетіне оқуға түседі. 1987 жылдан бері осы оқу орнында оқытушы болып істейді. Қырық жылға жуық ғұмырын суретшілікке арнаған Тоққожа Қожағұлов 5 қазан күні Алматыда жеке көрмесін өткізбек. Көрме қарсаңында ағамызбен əңгімелесіп, көрмеге қойылатын туындыларымен танысып қайттық.

Тоққожа аға шеберханасына шақырды. Барсақ, жазушы, публицист Сағат Əшімбаевтың портретін аяқтап жатыр екен. Оның алдында мемлекет жəне қоғам қайраткері Алтынбек Сəрсенбайұлының суретін салыпты. Портреттерге толған кішігірім бөлмеде суретшіні танымал еткен ең алғашқы шығармалары мен əлі бояуы кеппеген туындылары тұр. «Ұланнанбыз» дегенімізге марқайып-ақ қалды. Əңгімені де «Ұланнан» бастады.

– Бала кезімізде қазіргі «Ұлан», ол кездегі «Қазақстан пионері» газетін жата-жастана оқитынбыз. Газеттің келгенін естігеннен-ақ балалар ал кеп таласамыз. Қолымызға ала салысымен аяғына бір-ақ шығып, оқып тастайтынбыз. Газетке мақаласы, өлеңі шыққан қатарластарымызбен хат алмасатынбыз. Жазған хатымызға замандастарымыздан жауап келетін. Кітапқұмар, газет жібермейтін бала болып өседі. 4-сыныптан бастап ғарышкерлер жайында кітап оқыған суретші мектеп пен ауыл кітапханасындағы кітаптарды тегіс бітіреді. 6-сыныпта Ги де Мопассанның «Өмір» деген кітабын кітапханашының «жасыңа сай келмейді» дегеніне қарамастан оқиды.

– Мектепке барып «Өмірді» алайын десем, кітапханашы бермей қойды. Көндіре алмаған соң, ауыл кітапханасынан жаздырып алдым. Ол кезде колхоз дейміз. Колхоздың қойы егінге түсіп кетпеуіне біз жауаптымыз. Қойды ауыл шетіне апарып, жібере саламын да отыра қалып сыныптастарыма кітап оқимын. Бар қызығымыз – кітап пен радио. Тоғыздар шамасында радиодан ертегі басталатын. Соны тыңдамай ұйықтамайтынбыз.

ЖАРТАСТАҒЫ СУРЕТ, АБАЙ МҮСІНІ ЖӘНЕ ӘКЕ ПОРТРЕТІ

Тоққожа аға топырағы майда, тау-жартасы көп Қаратоған ауылында туып-өскен. Өзінің айтуынша, майда топыраққа бір нəрсені салу оп-оңай. Ойлағаныңдай шыға келеді. Бірақ, оларды лезде өшіріп аласың. Ал жартастарға таспен сурет салсаң, ақ бояу жұғады да, ұзақ тұрады.

– Мектепте оқып жүргенде ұстаздарыма керек деген суреттерін, аудан жиынына қажет афишаларды салып беретінмін. Бір күні Алматыда тұратын туыстарым əкеме келіп: «Бұл баланы бізге бер. Алматыда жүрсін, қалада өссін», – деді. Алматы дегенге елеңдей қалып, қызығып кеттім. Бірақ, əкем көнбей қойды. 9-сыныпта мектебімізге Алматыдан əскери оқуға қабылдайтын комиссия келді. Көп баланың ішінен мені таңдап, оқуға алмақшы болды. Бəрі мақтап жатқанға масаттанып кеткен болуым керек, үйге жүгіріп келіп, əскери оқуға кеткім келетінін айттым. Əкем бірден бетімді қайтарып тастады. Еңсем түсіп кетті. Кейін түсіндім, əкемдікі дұрыс болыпты. Егер туыстарым қолына алғанда, солар секілді кəсіп қуып кетер едім. Əскери адамның өмірі онсыз да түсінікті. Ал мен ауылда онжылдықты бітіріп, 1979 жылы өзім армандаған көркемсурет-графика мамандығына түстім.

Тоққожа ағаларың 6-сыныпта оқып жүргенінде ермексаздан мүсін жасағанды жақсы көріпті. Бір күні ұлы Абайды жасамақ болып, ермексазды қолына алады. Тақия киген ақынды кеудесіне дейін мүсіндеп, ары қарай  төртбұрышты етіп тіреуін жасап отырғанын əкесі көріп, шошып кетіпті. Əкесі де тақия киеді екен.

Мүсінді өзіне ұқсатқан болуы керек: «Немене, мен өлмей жатып басыма көктас орнатып жатсың ба?» – дейді. Тоққожа ағаның қорқып кеткені сонша, «жоқ, əке!» дей беріпті. Мүсінді қалған ермексазбен қосып отқа тастап жібереді. Солайша, мүсіншілік өнері аяқталады. Ал портрет жанрына келуі əкесі дүниеден өткен соң басталыпты. Тоққожа аға əкесінің дүниеден өткенін біраз уақыт қабылдай алмай жүреді. Екінші курста портрет жанрын үйренгенде алғаш əкесінің келбетін салып шығыпты. Ал екі жылдан соң «Ана» портретін аяқтап, бейнелеу өнеріндегі ең қиын жанрға толықтай бет бұрады. Анасының портреті бүкілодақтық, республикалық көрмелерде қойылып жүріп, Мəскеудегі көркемсурет дирекциясына сатылып кетеді. Портрет жөнінде Сахи Романов сынды халық суретшілері өте жақсы пікір айтқан. Суретшіні портрет жанрында танымал еткен де осы сурет.

– «Анадан» соң салғаным – Мұқағали. Ақынды үш рет бейнеледім. Біріншісін «Өмір-өзен» деген кітабынан қарындашпен көшіріп салдым. Оны қазіргі «Балдырғанның» редакторы Дүйсен ағаларыңа сыйладым. Екіншісін ағаштан ойдым. Ал көп жерде жарияланып жүрген картинамды ертең көрмеге қоймақпын. Өткенде музейден алып кеп, бояуы бұзыла бастаған кей жерлерін қайта түзеп, бояп шықтым. Мұқағали ақын дүниеден өткенде мен 7-сыныпта екенмін. Ақынның жары Лашын апайымыз Мұқағалидың портретін көріп: «Сен ағаңды өмірде көргенсің бе?» – деп сұрады. Əрине, көрмегем. «Мұқағалиды тірісінде көргендей салыпсың», – деді. Сол портретке биыл 29 жыл толыпты.

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫ ТҮСІМДЕ ЖИІ КӨРЕМІН

Тоққожа аға Жамбыл ақынды екі рет салған. Алғашқысы – ақынның өз портреті. Оны 1996 жылы Елбасының өзі қалап алыпты. Екіншісі – «Жырдың қызыл жолбарысы» картинасы. Бұл – əр кейіпкердің өз қорғаушысы бар деген сенімнен туған картина. Басты мақсат – образ жасау. Тоққожа аға бір жақсылық боларда түсінде ылғи Жамбыл Жабаевты көреді екен.

– Бір күні түсімде Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында Кеңес заманындағы көлік тұр екен. Ішінде Жамбыл, Ораз Жандосов секілді халыққа белгілі тұлғалар көп. Жамбыл атамыз: «Əй, Тоққожа, бері кел», – деп мені мінгізіп алды. Ішіндегілер «бұл кім, бұл кім?» десіп жатты. «Алатауға тартыңдар. Бұ баланың кім екенін сонда айтамын», – деді. Осы түстен кейін мен «Дарын» мемлекеттік сыйлығына ие болдым. Жақында Жамбылды түсімде тағы көрдім. Табиғат аясында серуендеп жүр екенмін деймін. Қарасам, еңселі, əппақ киіз үй тұр. Оның ішінде ақын еті үйілген палауды ортаға қойып, мені күтіп жатыр. Бұл түсті де жақсылыққа жорыдым.

«Үнсіз музыка» деп аталатын суретшінің көрмесі 5-17 қазан аралығында Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында өтпек. Суретшінің қазір қолда бар барлық туындылары мен еліміздің мұражайларындағы портреттерін, сондай-ақ, жұрт білмейтін картиналарын да көрмеден көре аламыз. Көрмеге қоюға акварельден салынған портреттер сериясы дайындалып жатыр. Серияда қазаққа жанашыр болған тұлғалардың бейнесі салынады. Портреттің фонында да сурет бар. Мəселен, Сағат Əшімбаевтың фонында құлаған жылқының білінер-білінбес бейнесі бар. Сағат Əшімбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Қазақ КСР Телевизия жəне радиохабарын тарату жөніндегі комитет төрағасының орынбасары болып жүреді. Сондағы қазақ жастарының қанға боялғанын көріп, қатты күйініп, ақыры 1991 жылы жүректен қайтыс болған. Жығылған жылқы кейіпкердің өмірінен осылайша хабар беріп тұр. Бұл серия М.Мақатаев, Б.Соқпақбаев, Б.Мұқаи, Ж.Аупбаев, тағы басқа қоғам қайраткерлерінің бейнесімен толығады. Көрмеге барсақ, осының бəрін көзбен көреміз.

– Абай атындағы ҚазҰПУ-да ұстаз болғаныма 30 жыл. Қызметкермін. Сондықтан да қылқаламнан ұзақ уақытқа қол үзіп қалып жатамын. Көрмемнің алғаш рет республикалық деңгейде өтейін деп жатқаны да содан. Өзімнің кəсіби деңгейім қай орында тұрғанын тексеріп қою үшін акварельмен автопортрет саламын. Акварельмен салу –  өте қиын. Бір қателік жібердің екен, салып жатқаның жарамсыз болып қалады. Ал майлы бояуда қателіктің тұзы жеңіл. Кепкеннен кейін үстінен түзей саласың. Суретші болу үшін ми, көз, қол керек. Көзбен көргенді ми қабылдап, қол орындаса адамнан жақсы суретші шығады.

Суретші Гете мен Ньютонның «əлем тек ақ түстен тұрады» деген көзқарасын қолдайды. Ақтан қызыл, көк жəне сары түс пайда болады. Ал осы үшеуінен барлық түстер таралады екен.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №39
26.09.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз