Оның жасында әкесі де киноға түскен. «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильміндегі Саматты білесіңдер ғой. Қасқырдың апанына қорықпай кіріп, бөлтірігін асырап алатын. Бөлтірігінен айырылып, егіле жылағаны естеріңде болар. Саматты ойнаған Айқын Халықовтың баласы Махамбет те актер ретінде танылып жүр. «Аңшы балада» – Абылай, «Қарашаңырақта» – Жексен, «Өмір сынағында» – Әліби, «Қарияда» – Аян…

Ол Алматы қаласындағы №182 мектептің 6-сыныбында оқиды. Әдетте, балаларды сөйлету қиынға соғатын. Ал Махамбет олай емес тілі тастай, үлкен адамдай сөйлейді. Оны әңгімесін оқығанда байқайсыңдар.

МАХАМБЕТ ДЕП САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ ҚОЙҒАН

Менің есімімді белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов қойған. Сатыбалды атамыз «Махамбет» фильмін түсіріп жатқан кезде өмірге келген екенмін.

Алғаш рет 3 жасымда «Ойпырмай» деген комедиялық фильмге түстім. «Киноға бала керек» дегесін мені алып барыпты. Туған əкем кинода əкемнің рөлінде ойнады. Бір сəттік бейнеде ойыншықтарды шашып, қайта жинаймын. Ол жерде не деп айтқаным есімде жоқ. Ағай-апайларға тəтті қылығыммен ұнасам керек, «мына балаңда əртістік қабілет бар, өнерге апар, мүмкін жолы боп кетер» депті. Кейін «Аңшы бала» фильміне кастингке барып, өтіп кеттім. Бұл фильмде ағаммен бірге ойнадым. «Сен өзі қызсың ба, ұлсың ба?» деп айтатын жерім бар. Тілім əлі шықпаған, дұрыс сөйлей алмаймын. Əлгі сөйлемді айтамын деп, əбден қиналдым. Өзімді «Қарашаңырақ» сериалында көрсеттім. Ол кезде 5 жаста едім. Менің сөздерімді қырқып алып, əлеуметтік желі арқылы таратып жіберіпті. Сүндетке отырғызатын кезде қашып кетемін. Ізімнен жүгіріп келген анама: «Тфу, мə, піштіресіңдер!» деген сөзім интернетте көп қаралымға ие болды. Осы бейнероликтен кейін көшедегі жұрт: «Əй, сен əлгі Жексенсің бе?» – деп сұрайтын болды.  «Айналайын», «Əпке», «Өмір сынағы», «16 қыз», «Қыз мұңы», «Q-елі»  сынды 30 шақты кино мен телесериалға түстім.

«Q-елі» комедиялық мазмұндағы қойылым болатын. Ауылда өскен, орысша сөйлей алмайтын баланың рөлін ойнадым. Менің сөздерім тағы да əлеуметтік желі арқылы жұртқа тарап кетті. «Сенің ата-анаң орыс па?», «Сериал Павлодар қаласында түсірілді ме?» деп көпшілік сұрайтын болды. Сұрақтарға күліп əрі қуана отырып жауап беремін.

САМАТТЫ ӘКЕМ СЕКІЛДІ ОЙНАЙ АЛМАС ЕДІМ…

Əкем Айқын бала кезінде фильмге түсем деп ойламаған екен. «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмінің режиссері Талғат Теменов ағамызбен ауылдас. Талғат аға ауылға келіп, балалар арасында кастинг ұйымдастырыпты. Əкем көп баланың ішінен өтіп кетіпті. Əкеме бірінші, екінші күн қызық болыпты. Үшінші күні шаршай бастапты. Əрине, бала үшін басты рөлде ойнау оңай емес. Бір жылдан кейін кино көрерменге жол тартады. Ауыл-аймақ əкемді танып, атам мен əжем ерекше қуаныпты. Əкем «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қайдасың сен, Чапай?», «Торо» фильмдерінде басты рөлде ойнады. Кино көбіне қалада түсіріледі ғой. Əкемнің ауылдан қалаға баруы қиын болып, кинодан қол үзіп қалады. Бірақ, мектепті бітірген соң өнер саласын оқиды. Алайда, киноға түспейді. Əкем өзін киноның басқа саласында сынап көреді. Түсіру тобындағы барлық қызметті істеді десем, артық айтқаным емес. Қазір режиссерлер киноға түсуге ұсыныс жасаса, бас тартпайды. Соңғы рет əкем екеуміз «Біздің ағай» деген киноға түстік. Ауылдағы аузы дуалы ақсақалдың немересін ойнадым. Тұрғындар атамнан кеңес сұрайды. Əкемнің ойнағанына қарап, күлкім келетін. Бала кезінде бұзық балақайдың рөлінде, ал бүгін абыз атаның бейнесінде. Егер əкемнің орнында Саматты ойнасам, əкемдей əдемі ойнай алмас едім. Өйткені, бөлтірікті ұстауға да үлкен жүрек керек. Киноға түсу үшін кастингтен өту де оңай емес. Режиссер əртүрлі сұрақтар қояды. «Анаң жұмыстан кешігіп жатыр. Қандай көңіл-күйде боласың?», «Жақсы көретін қызың сабаққа келмей қалды. Не істейсің?», «Сабақты оқымай келдің. Бірақ, журналда бірінші болып тұрасың. Апай сені шақырып жатыр…». Осы сауалдарға шын өмірдегідей жауап берсең, рөлге бекітілесің.

«Қарашаңырақтағы» «Тфу, мə, піштіресің!» деген эпизодты түсіру қиын болды. Қамыстың арасында зыр жүгіремін. Бірақ, межелі жерден өтіп кете беремін. Режиссер шөпті үйіп қойып, «осы жерге келгенде тоқтай қал» деді. Өзім шаршап кеттім. Жерге қарап жүгіріп келемін. Ойым əлгі шөпті тауып алу. Абырой болғанда, жерге қарап, бір нəрсені іздеп жүгіргенім білінбей қалыпты (күліп).

Рөлді сəтті алып шығудың жолдарын əкем үйретеді. Дастарқан басында: «Шын өмірдегідей ойна, ештеңені жасырмауға тырыс. Жаттанды ойнама, көрерменді  сендіре алмайсың», – дейді əкем. Рөлді сезініп ойнасаң, халық та, режиссер де жақсы көреді. «Актерді тағы да көрсек» деп күтетін болады. Режиссер Қанағат, Мұрат ағаларымнан көп нəрсені үйрендім. Олар «мына жерің дұрыс емес» деп бірден айтады. «Е, бұлай істегенім дұрыс емес, осылай жасау керек екен» деп қателікті қайталамауға тырысамын.

САБАҚ КЕЗІНДЕ КИНОҒА ТҮСКІМ КЕЛМЕЙДІ

Өйткені, сабақты достарыммен бірге отырып оқығым келеді. Қосымшада оқыған бір бөлек, сынаптастарыммен отырған бір бөлек. Мектеп директоры Əсет Нұрғазыұлына зор алғыс айтамын. Ұстаздарым маған уақыт бөліп, өткізіп алған сабақтарымды қайта түсіндіреді.

«Досы көпті – жау алмас» дейді. Футбол ойнайтын достарым бар. Кейде сабаққа бара алмай, қосымшаға да қатыса алмайтын кездерім болады. Сондай сəтте сабақты достарым түсіндіріп береді.

Есімім де, тегім де өзіме ұнайды. «Мырза деп өзің қойып алдың ба?» деп сұрайтындар бар. Жоқ, бұл – атамның есімі. Əртүрлі адамдар болады. Біреуі танып өтіп кетеді, енді бірі қолыңнан тартып болсын, суретке түседі. «Сен Серікбол емессің бе? Сен Жексен емессің бе?» деп кинодағы есімдерімді айтып, суретке түсуге асығады. Кейде бір адам он түрлі сұрақ қояды. Ырымға сенетін апайлардың қылығы тіпті қызық. Көшеде кетіп бара жатсаң, «балама өнерің жұғысты болсын» деп өзің тұтынып жүрген затыңды сұрайды. Киіміңді шешіп бере алмайсың. Қалтамды ақтарып, құлаққап болса да сыйға беремін.  Көрермендерді көріп, қуанамын. Қолымнан зат алып, оған баласы қуанып жатса, керемет емес пе?!

Ешбір ата-ана баласының бұзық болғанын қаламайды. Менің анам да солай. Бұзықтық жасасам, екі рет ескерту жасайды. Домбыра үйірмесіне бара алмай қалсам, анам «жұрттың балалары…» деп бастайды (күліп).

Маған ақша маңызды емес. Қаражат жағын ата-анам шешеді. Ең бастысы, тамағым тоқ, көңілім көтеріңкі болса жетеді. Əйгілі актер Джеки Чанды үлгі тұтам. Қытай халқына, ата-анасына көп жақсылық жасады. Мен де халқымның мерейін асырып, ата-анамды Меккеге апарсам деген аяулы арманым бар. Əкем «кітап оқы» деп айта беретін. Сабақты оқып жүрмін ғой дейтінмін. Əкем бір күні: «Ертең елдің алдында сөйлейсің, сол кезде сенің тіл байлығың керек», – деді. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Ыбырай Алтынсариннің əңгімелерін оқыдым.

МӘНЕРЛЕП ОҚУДЫҢ ШЕБЕРІМІН

«Балапан» арнасындағы «Қуыр, қуыр, қуырмаш» əзіл-сықақ бағдарламасына  Қазақстан КВН Одағының бас редакторы Рүстем Елжанов ағай таңдап алды. Сценарийді редакторлар жазады. Біз оқимыз. Кейде өз ойымыздан қосып жіберетін де кезіміз болады. Кішкентай көрермендердің көңілінен шықсақ болды. Ермек Арманұлы деген ағайым бар. Ол кісінің мен үшін еңбегі ерекше. Сахна тілін, өзін-өзі ұстау,сөйлеу мəдениетін үйретті. «Жайдары Жасұлан» республикалық сайысында екі дүркін чемпион болдық. Қараша айында тағы сайысқа түсеміз. Қатарынан екі рет1-орын алдық. Ұйымдастырушылар: «Басқаларға да мүмкіндік берсеңдерші», – дейді. Басқа командаға берейін десе, біздің жақсы ойнап тұрғанымызды көріп тұр. Халық наразы болады. Ернар Айдар, Төреғали Төреəлі сынды əнші ағалардың əндерін орындаймын. Мен үшін əртістік мансап емес, хобби. Болашақта мықты кəсіпкер болсам деп армандаймын.

Кейде əлеуметтік желіден тікелей эфирге шығамын. 200-300-ге жуық адам қосылады. Көп адам руымды сұрайды. «Мен қазақпын» деп жауап беремін. Кішкене кезімде «Қазақстан» телеарнасына сұхбат бердім. «Жақсы көретін қызым бар. Оның есімі А-дан басталады. Ағама көрсетіп едім, əдемі емес қой деді. Содан кейін біртүрлі болып қалдым», – дедім. Үйге қайтқым келіп, шаршап отырғам. Журналистер қыспаққа алғасын, шынымды айтып қойыппын. Сұқбатымды бүкіл сынып болып көрдік. Балалардың бəрі күліп жіберді. Ал қазір басым бос, бойдақпын.

Өлеңді тез жаттап, шығарманы жақсы жазамын. Сабақта мазмұндама жазуға 40 минут берілсе, мен 20 минутта жазып тастаймын. Өйткені, киноға түскенде жиі мəтін жаттаймын. Жақында мектебімізге ақын Маралтай Райымбекұлы келді. Ақынның «Бір қыз» деген өлеңін оқып бердім.  Маралтай аға риза болып, ағалық батасын беріп, құшағына қысты.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №41
10.10.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз