Жасөспірім шақта «бетіме безеу шығып» кетті деп ұялып жүретіндер көп. Біздің оқырмандар арасында да бұл проблемамен бетпе-бет келіп жүргендер баршылық. Бет терісінің мінсіз болып, үлбіреп тұрғанын кім қаламайды дейсің. Олай болу мүмкін бе? Дерматолог Қалдыкүл Сайлауқызының бет күтімі жайлы кеңестерін достарымызбен бөлісуді жөн көрдік. Əдемі болу – бояну емес, бетті дұрыс күту екенін əрбір бойжеткен ескерсе дейміз. Қалдыкүл апай ең əуелі күнделікті бет жуатын сабынды пайдалануда мұқият болуды ескертті:

– Терінің иммундық жүйесі болады. Оны адамдар көп жағдайда өзі қолдан бұзып
алады. Қазір сабынның түрлі-түстілері, хош иістілері көп. Мысалы, күніге бірнеше
рет сабынмен жуынсаңыз, иммундық жүйе бұзылады.

– Сонда сабынмен жуынған зиян ба?

– Күніне бірнеше рет жуынуға болмайды.

– Уақытымен сабынды қалай пайдалануға кеңес бересіз?

– Бұрын-соңды біз жұмасына екі мəрте ғана сабын қолдану керек дейтінбіз. Өйткені, қатты сабын теріні құрғатады.

– Косметолог мамандар бетті тазартқанда сабын емес, тазартатын сүт (молочко),
тоник пайдалануды жөн дейді. Ал медицина не дейді?

– Тониктің көбі спирттен жасалынады. Байқайсыз ба, бетіңізді сүрткенде иісінен де бірден білінеді. Тоник – бетті одан сайын құрғатады. Соңы дақтардың, əжімнің түсуіне əкеліп соқтырады. Тоникке қарағанда «молочко» жұмсақтау, тиімді. Сосын бетке арналған сұйық сабындар болады. Бірақ ол сабындардың құрамында иісі, консерванты болмағаны жақсы. Тіпті болмаса, балаларға арналған иіссіз сабындармен жуыныңыз. Ал бетке безеу пайда болса, кір жуатын қара сабыннан артығы жоқ. Бұл сабынның құрамында кептіретін қоспа бар.

– Безеу неге шығады?

– Май бездерінің шамадан тыс бөлінуіне байланысты. Кір сабынмен жуу керек екен деп, күніне бірнеше рет жуынуға болмайды. Олай етсең, əжімнің түсуіне əкеліп соқтырады.

– Жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде беттеріне безеу шықпайтыны кемде-кем.
Əлбетте мұны қалыпты жағдай дейміз. Бірақ неге екенін түсіндірмейміз. Жасөспірімдер үшін бұл үлкен проблема. Сосын бастары қатып небір түрлі крем-майларды өз беттерінше қолданады.

– Иə, олар дəріханалардан, косметологтардан барып түрлі крем сатып алып қолданады. Жасөспірімде безеудің шығуы эндокринді жүйеге байланысты, яғни 11-12 жастан бастап жыныстық гормондар жетіле бастайды. Гормондар қалпына келгенше, май бездері неше түрлі ауытқуларда тұрады. Бұл бірінші жағы. Екінші жағы –бізде жасөспірімдер ет жемейді. Оның орнына ходдог, гамбургер, самса, KFC секілді жылдам дайындалатын астарды жейді. Сұйықтықтың орнына салқындатылған, газдалған сусындар ішеді, олар əртүрлі қалдық консерванттардан жасалған. Мұның бəрі ағзаға зиян. Асқазан-ішек жолдары ауруларының салдарынан да безеу пайда болады.

Кейбіреулерде өт жолдарының дұрыс істемеуінен тамақ қорытылмай қалады. Сосын күш ішекке түседі. Іш қатып, ішек жұмыс істемесе, ол адамның терімен проблемасы туындайды. Жасөспірім қыздар өздерінің етеккірінің келу процесін қадағалау керек. Ол қалыпты жолға түспейінше, безеу шыға береді.

– Бұл тек жасөспірім қызға тəн бе? Бойжеткен қыздарға да етеккір келер
алдында безеу шығады ғой…

– Иə, бұл қалыпты жағдай. Себебі, етеккір келгенде гормондық өзгерістер алмасады. Тек бұл кезде безеуді сықпау керек. Арнайы қоймалжыңдармен немесе тіпті болмаған жағдайда спирттік ерітіндімен тура безеудің үстінен, басқа жерге жайылып кетпейтіндей етіп сүрткен жөн, яғни ары қарай өршімейді. Ал біздің көптеген жас қыздар безеуді шұқылап, оны түрте береді.

Табиғаттың жаратылысына қарсы келе алмайсыз ғой. Шыдасаңыз, өзі-ақ кетіп қалады. Ал егер азқазан-ішек жолдарының ақауларына байланысты безеу шықса, онда мамандарға қаралу керек. Тері дəрігеріне келсе, онда дəрігер оны бақылайды. Қазіргі кезде адамдардың 70 пайызының терісінің бір жері құрғақ, бір жері майлы болып келеді. Мұның бəрі біздің жейтін тамағымызға байланысты. Бұрынғы кезде ата-апаларымыз ауылда бізге еттің шеміршегін, сіңірін беретін. Оны шайнаған сайын ұйқы безінен сөл бөлінеді. Ол асқазанның дұрыс қызмет істеуіне жақсы əсерін тигізеді. Қарынды да көп жеген жақсы. Қарынның құрамында пайдалы ферменттер көп. Неге қазақтар тамақты қолымен жеген? Себебі саусақтың ұшы тамаққа тигенде, ішкі ағзадан сұйықтықтар бөлініп, тамақ жүретін жолдардың тез жұмыс істеуіне көмектеседі екен. Тамақ ішіп-жейтін темірден жасалған құралдардың зияны да жоқ емес. Сосын бізде қимыл аз. Теріге А жəне Е дəрумендері аса қажет, А дəрумені – түлетеді, Е дəрумені – ылғалдандырады.

– Бұл дəрумендер қандай тамақтарда, көкөніс, жеміс-жидектерде мол кездеседі?

– А дəрумені – сəбіз, асқабақ, өрікте, Е дəрумені сұйық майда көп болады.
Қырыққабатта С дəрумені мол. Ол көбіне иммундық жүйені жоғары көтереді. Терідегі негізгі аурулар тамақтан болады. Ауылды жерлерде қалаға қарағанда тері аурулары аз. Өйткені, ауылда айран-сүт, көкөніс, жеміс-жидек мол. Бетінде безеуі барлар кешкісін сегізден кейін тек айран ішетін болса, онда оның терісі жақсы тазарады.

Құрғақ тамақты көп жеудің нəтижесінде қазіргі жастар семіріп барады. Көбі сұйық тамақ ішпейді. Мысалы, самса жейді. Самсаның қамырын маргаринмен илейді. Маргарин – ең соңғы сортты майдың қалдығы. Самсаның ішінде іш май, тоң май салынады. Ол ішекке өтеді де, қатып қалады. Пайдасынан зияны көп. Газдалған суды емес, жай ғана суды ішкен пайдалы.

– Беттегі қара дақтар мен секпілді қалай кетіруге болады?

– Секпілі бар адамдар міндетті түрде күн сəулесінен қорғайтын майларды жағу керек. Кешкісін үйге келген соң, айран жақса, беттегі секпіл ағарады. Бірақ айран жаққасын күнге шығуға болмайды. Күнге шықса, айран құрғатып, бетті түлетеді. Нəтижесінде ала-құла етіп күн сəулесін қабылдап, аңтаңлақ басады. Қияр да теріні ағартады. Күніне 2 мез- гіл қиярдың қабығымен бетті сүрткен пайдалы. Негізі қара дақтары бар адамдар бауыры мен бүйрегін тексерткені абзал. Қара дақтан құтылудың ең басты жолы – бауыр қызметін жақсарту. Бауыр, өт жолдарының қызметін жақсарту үшін айран мен кептірілген өріктен қайнатылған компот пайдалы. Мейлінше, ащы, қуырылған тамақ жемеу керек.

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №2
8 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз