Туған жердің түтіні де ыстық. Елдің топырағы мен ауасын, мөлдір суын аңсап, шекара асып келіп жатқан қандастарымыз көп. Бір қызығы, туған жерден жырақта өмір сүріп, Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде бөркін аспанға атқан қазақ жастарының бойында үлкен рух бар. Қытай Халық Республикасының Шәуешек аймағында дүниеге келген Баһаргүл Төлегенқызы жастайынан ұлттың жәдігерлерін жинап, құпияға толы таңбаларды зерттеп, ою-өрнекті өнеге етіп жүрген жан. Жантақтан ине, жаңқадан түйме жасаған ұлттың ұрпағымыз. Ұлыстың ұлы мейрамы қарсаңында көрнекті бұйымдары жастың да, кәрінің де көңілінен шығып жүрген «Әдемі-ай» компаниясының басшысы Баһаргүл Төлегенқызымен сұқбаттастық.

«Төрт ұлдың арасында анам мені алақанына салып, аялап өсірген. Әкем айтқан әңгіме де әлі есімде. Жасымнан ұлтты сүюге тәрбиеледі. Көптің бірі болмай, ерекше миссиямды атқаруға құштар бала күнгі арманым да орындалды», – деп бастады әңгімесін.

БИ БОЛМАСА ДА, БИ ТҮСЕТІН ҮЙ БОЛҒАН…

Әкем банк қызметкері, анам ұстаз. Би болмаса да, би түсетін үй болған. Пекин университетінің биология мамандығын оқып жүрген кезімде сән-салтанаты жарасқан Қытай сарайларын көп аралайтынмын. Бар жиған қаржыма көне жәдігерлерді сатып алуды сол кезде бастадым. 1994 жылы елге оралып, Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Жаһандану заманында қанша елдің технологиясын меңгерсең де, рухың тірі болмаса бәрі бекер. Есімімді «көктем гүлі болсын, көктемдей құлпырып жүрсін» деген ниетпен әкем қойған. Тірісінде анамыздың қадірін білмеген екенбіз. Тірі күнінде айтқан дүниелерінің жартысынан көбін құлаққа ілмеппіз, санаға сақтамаппыз. Тұңғыш қызым Әдемі әжесінің тәрбиесін көрген. Сіңлісі Айжамал да Әдеміге қарап бой түзеп келеді.

 КӨШБАСШЫ ӘЙЕЛ БОЛУДЫ АРМАНДАДЫМ

Жұпыны емес, көргені мен көрері мол, бекзат болмысты, көш бастар әйел болуды армандадым. Сүйген ісіңмен, өзіңе ұнайтын дүниемен айналыссаң ала алмайтын асу болмайды. Бірақ мұның бәріне қажымас қайрат, шыдам мен жігер керек. Бастаған ісіңді аяғына дейін жеткізу маңызды. «Айтар ақыл-кеңесі мен берер бағыт-бағдары бар» деп, Ақселеу Сейдімбек сынды ағаларға студент кезімде жинай бастаған жәдігерлерді көрсеткенімде, кішкентай болса да құнды дүниелер екенін айтты. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап, құндылығын жоймаған зергерлік бұйымдарды да жинай бастадым. Шетелдің заттарына қазақтың затын алмастырып, сатып алып жүрдім. Ескі заттарды сатып алу үшін де біраз қаражат керек екен. Сөйтіп көненің көрнекті бұйымдарын жаңа заманға сай неге шығармасқа деген ой келді. Қытайда жүргенімде бес мың жылдық тарихы бар заттарды жыл сайын жаңа дүние қылып шығарғандарын өз көзіммен көргем. Бизнес жасау идеясы осыдан туындады. Ақша табуды мақсат етпесем де, ұлттық өнімдердің сұраныста болғанын қаладым. Торсық, асық, қамшы, ер-тоқым, киіз үйді сувенир ретінде жасап шығара бастадық.

«ӘДЕМІ-АЙ» ДЕП АҚСЕЛЕУ АҒА ҚОЙДЫ

Осылайша 2001 жылы «Әдемі-ай» компаниясы ашылды. 2002 жылы «Әдемі» дүкенін аштық. Компанияның атауын Ақселеу Сейдімбек ағам қойып, батасын берген. Ескерткіштердің кішірейген нұсқаларынан бастап, сақ-ғұн сияқты көне дәуірдің бұйымдарын жаңғыртып, жаңа дизайнда шығардық. 2011 жылы Алматы қаласында «Әдемі-ай» атты жеке өнер мұражайы ашылды. Бірінші зал – көрме залы, екінші залда сатылуға қойылған бұйымдар тұрды. 1000-нан аса жәдігер қойылды. Бұрын сатып алған дүниелерімді көрме залынан көрген халық мені «жәдігер жинаушы» деп тани бастады. Өздерінің қолындағы антиквариат бұйымдарды да әкеліп берді. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық қаласында компанияның дүкендері ашылған. Мемлекеттік органдардан бастап, жеке ұйымдар, компаниялармен тығыз байланыс орнатып, еліміздің кәдесый нарығында көшбасшы атанып келеді.

Қандай заттарды шығарсақ, қандай жаңа дүние ойлап тапсақ болады деп сәт сайын ойлап жүремін. Ойымдағы идеяны дизайнерлерге айтып, дүниежүзілік деңгейде сувенир шығаратын зауыттармен келісімге отырамыз. Алғашында тек шектеулі санын шығарамыз. Сұранысқа ие болып жатса, тиражын көбейтеміз. Бірегей туынды шығару оңай емес. Сондықтан біздің компанияның бұйымдарына көшірме жасау қиын. Ұзақ жыл тәжірибе жинап, ұшқыр ой мен ерекше шабытты бойына сіңірген талантты дизайнерлер тобы қазақылықтың қаймағын бұзбай, сапалы өнім шығаруды көздейді. Тойбастарға арналған кәдесыйлар арзандау, ал жалпы миллион теңгеге дейінгі бұйымдар бар.

ШЕБЕРХАНАМЫЗ ДА БАР

Тәуелсіздігімізді алып, ұлттық дүниеге деген махаббат сәт сайын артпаса, кемімесі анық. Елбасымыз қолға алған рухани жаңғыру саясаты да соның дәлелі. Ұмыт қалған ұлы мұраларымызға жаңа реңк беріп, ата-бабадан қалған маржан сөздерді, ұлағатты нақылдарды әрлеп жазып, келер ұрпақтың санасына дән себе аламыз деп ойлаймын.

Бүгінде компания қарамағында жұмыс істейтін 40-50 адамның барлығын қолөнер жасауға үйреттік. Жиырма жылдан бері бойларында ұлтқа деген сүйіспеншілігі тасып тұрған жүз шақты адамды тәрбиеледік деуге болады. Алматыдағы «Әдемі-ай» өнер үйінде шеберханамыз бар. Жәдігерлер, суретшілер мен мүсіншілердің туындылары да қойылған. Тұрғындар мен шетелдіктерге арналған бұл танымдық орталықты дайын мектеп деп те айтуға болады.

БАСТАҒАН ІСІМДІ ҚЫЗДАРЫМ ЖАЛҒАСТЫРСА ДЕЙМІН…

Мен үшін қыздың тәрбиесі өте маңызды. Ақылына көркі сай, шеше көріп, тон пішкен әже-апаларымыз өз уақытында бойжеткендерді жақсы тәрбиелеген. Ал бүгінгі күнде қыздарымыз өткен күннің қазақы бояуы мен құпия-сырына қанық болып, санасына сіңіріп өссе деймін. Сол кезде ғана жаһанданудың жамандықтарын еңсере аламыз деп ойлаймын. Қыздарымның өздері сүйген кәсіппен айналысқанын қалаймын. Басқа мамандықты таңдауына қарсы емеспін. Дегенмен «ананың орнын қыз басар» дейді емес пе, бастаған ісімді қыздарым жалғастырса деген тілегім де жоқ емес.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхановтың сөзі санамда сайрап тұр. Бәлкім туған жердің емес, жат жұрттың топырағында дүниеге келіп, балалық дәуренді өзге елден өткізгенімнен болар, ұлтыма адал болғым келеді. Отанға деген махаббатым маған әлі де жұмыс істеу керектігін айтып тұрғандай. Қазіргі жасап жүрген жұмысым түк еместей көрінеді. Бүкіл қазақ халқы тұтынатын, шаңырақтарын шаттыққа бөлейтін кәдесыйлар, әшекейлер, бұйымдар жасағым келеді. Шетелдіктер таңдай қағып қарайтын бұйымдар жасап, бренд өнім болғанын армандаймын. О баста діттеген межеме жетсем де, «Әдемі-айдың» дүниежүзілік деңгейге көтерілгенін көргім келеді. Өзінің сүйікті кәсібін өрге бастырып, айналаға қуаныш сыйлау да үлкен еңбекті қажет етеді. Өмірдегі миссиямызды түсініп, еңбекқорлықпен діттегенімізге жете алсақ, өмірдің ғажайыптары, тосын-сыйлары таусылмайды. Жақсы адам болу, ұлт пен салтқа адал болу – біздің парызымыз.

«Алдыңғы арба қайда жүрсесоңғы арба сонда жүреді». Әр адамның көз алдында үлгі ететін тұлғасы болады. Бала күнімде бағыт-бағдар берген үлкендер болған. Нақты кімге қызыққаным есімде жоқ. Жасөспірімдерге, балаларға айтарым, армандарың шексіз болсын! Арманға жету жолында көп қиындықтың болуы заңды. Сол кедергілерде қайсарлық танытып, көздегенге жеткенше мойымау керек. Өскелең ұрпаққа өнеге бола алатын тұлғаларға еліктеп, өмірбаяндарын оқып, жетістігі мен қиындығын түсініп, тамаша қасиеттерді бойға сіңірсе деген ізгі тілегім бар.

«Арман деген көп белес, біріне шықсаң, бірі бар». Ғабиден Мұстафиннің осы бір нақылы бойымызға қуат береді. Ақын-жазушыларымыз жырына қосып, романдарына арқау болған қазақ әйелдері аз емес. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Баһаргүл Төлегенқызының өз өміріне немқұрайды қарамай, оңтайлы өзгеріс жасағына тәнтіміз. Биология мамандығын меңгерген ол жүрегі қалаған іспен айналысуға ешкімнің кедергі келтіре алмайтынын көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері илеік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» дегені естеріңізде болар?! Сол үлгі болып, еліміздің заманауи келбетін айқындаған «100 жаңа есімнің» іщінде Баһаргүл Төлегенқызы да бар. Ендеше, ерен еңбегінің арқасында «Әдемі-айды» басқарып, айналасына шуағы мен шырайын шашып жүрген Баһаргүл апамыздан үлгі алып, құрметтеп жүруді ұмытпайық.

Ақмарал Ағзамқызы

“Ұлан” (№14, 3 сәуір 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз