Белгілі балалар ақыны Әбубәкір Қайран 60 жаста

«Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әбубәкір ҚАЙРАН – балалар әдебиетіне көп еңбек сіңірген ақын.
Ол біраз жыл «Балдырған» журналында қызмет істеп, поэзия бөлімін басқарған болатын. «Атбегінің әліппесі» және «Мезгіл-мезет – мектебі» деп аталатын балаларға арналған кітаптары жарық көрген.
Биыл 60 жасқа толып отырған Әбубәкір аталарыңды мерейтойымен құтықтай отырып, сендерге арнап жазған бір топ өлеңдерін назарларыңа ұсынып отырмыз.

Алфавит

Алғыр болсаң алымды,
Әр жақсыдан ал үлгі.
Білімді бол әрі есті,
Витаминдей қажетті.
Гүлдей жайнап күліп жүр,
Ғалам сырын ұғып, біл.
Дана сөзге құмар бол,
Ең биікке шығар бол.
Жазу менен оқуың –
Имандылық тоқуың.
Йод деген дәрі бар,
Керемет бір мәні бар –
Қан аққанда жарадан,
Лып тыюға жараған.
Маңғаз болсаң – елге нұр,
Намысты бол сен де бір.
Ойлы болсаң – кемелсің,
Өжет болсаң – жеңерсің.
Парасатың – пайымың,
Рақымшылдық – қайырың.
Сана-сезім, жан-жүрек,
Тұрсын ылғи елжіреп.
Уақытыңда ер жеткен
Ұлы ойларды тербет сен.
Үміттері көңілдің –
Формасындай өмірдің.
Хал-ахуал, іс, үнің –
Һашиядай пікірің.
Цифрлап қой кей сәтті,
Чемпион бол айбатты.
Шашпай, жина үйіңді,
Щеткалап қой киімді.
Ынталы бол білімге,
Ілтипат қыл ілімге.
Этика, бұл – қағида,
Юристердің заңы да.
«Япыр-ау!» деп таңданба,
Яки, жоққа алданба.

Мұның бәрін ұғып ал,
Алфавитті біліп ал.
Жаттаймын деп талап қой,
Қайта-қайта қарап қой.
СЫПЫРТҚЫ МЕН ШАҢСОРҒЫШ

Сыпыртқы айтты:
– Сырым көп,
Еңбек еттім бұрын көп.
Неге бөстің, Шаңсорғыш,
Даңғойланып дүрілдеп?!

Шаңсорғыш тез күйінді,
Мұрнын көкке шүйірді:
– Мен тұрғанда, сен сөйлеу –
Қиыннан да қиын-ды.
Мендей болам деп енді,
Шірітпеші миыңды!..

… Бір күн қиын іс болды,
Істей алмай түк те енді –
Бұзылып қап Шаңсорғыш,
Ызаланды, тістенді.

Сыпыртқы айтты былай деп:
– Жүрген жақсы-ау «Құдай!» деп.
Бөсіп едің кеп-кеше,
Бұрышқа енді құлай кет!

Сыйламасаң ағаңды,
Тартасың көп жазаңды!
Мен әрқашан Сыпыртқы –
Сыпыратын жаманды.
Қуантамын сондықтан
Күнде барлық адамды.
ҚҰЙМАҚ БАЛА

Ширақ бала –
Сыйлы-ақ бала.
Ширақ бала –
Милы-ақ бала.
Аты Ширақ болғанымен,
Он бір жасқа толғанымен,
Көрмепті өзін қинап бала.

Ширақ бала –
Күйлі-ақ бала.
Ширақ бала –
Шимақ бала.
Оқуы олақ болғанымен,
Жұмысқа жоқ болғанымен,
Жейтіні ылғи құймақ қана.

Ширақ бала!
Ширақ бала!
Ол – бүгінде Құймақ бала!
ҚАЛАЛЫҚ

Осынау бір баланы,
Демеңдерші – саналы.
Келе салып ауылға,
Түсіп кетті қабағы.

Көрген жандай жәбір көп,
Жылағаны-ай… сабыр жоқ.
«Чёртик» деді ол ешкіні,
«Түйе ди-но-заааа-вр» деп.

Бәрін жау деп өзгенің,
Жұмып апты көздерін.
Елестетіп тұр ма екен
Мультиктегі көргенін?

Қалада өскен балалар,
Өстіп санын сабалар.
Үйренсе олар ауылға,
«Нағыз қазақ» саналар.
ЫДЫС ЖӘНЕ ИТАЯҚ

Ішіп алып айранын,
Жумай кетер ыдысын,
Жеп-жеп алып қаймағын,
Жумай кетер ыдысын –
Інісіне апайы:
– Боп кеттің – деп – жабайы –
Қатты-қатты ұрысты.
Інісінің қабағы
Тырысты да бырысты.

Деді тағы апайы:
– Жуа салсаң не етеді,
Жеп жүрсің ғой, ішіп те.
Тап-таза ғып кетеді
Итаяғын күшік те.

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз