Ізінен аңыз ерген

Жадыра НАРМАХАНОВА

ӘЛІМҚҰЛОВ ӘЛЕМІНЕ ЕНСЕМ ДЕП ЕМ…

«Орыс қызға ғашық болған Тәкен Әлімқұлов көкеміздей-ақ болсын. Көп жылдар Мәскеуде тұрды. Біздің Жазушылар одағының Мәскеудегі өкілі болды. Өте беделді адам болатын. Бір күні домбыра тартып отырғанда: «Тарт әрі, андағы жабайылардың аспабын», – депті әйелі. Сонда Тәкең домбырасын алып, әйелін тастап кете барыпты».

Осы әңгімені жақында Дулат Исабековпен әңгімелесіп отырғанда естіп қалдық. Осыған дейін де «Тәкен Әлімқұлов туралы жазамыз» деген ойымыз бар еді. Дулат ағамыздың осы сөзі «құланның қасуына мылтықтың басуындай» болды. Тірісінде елден ерек ғұмыр кешкен, ешкімге ұқсамаған Тәкен Әлімқұловтың аңызға бергісіз тағдыры туралы зерттеумізді сөйтіп бастап кеттік. Әлімқұловтың әлеміне кіргіміз-ақ келді. Бірақ бізге дейін де қазақ әдебиетінде мүйізі қарағайдай қаламгерлеріміз Тәкен ағаның тұйықталған әлеміне ене алмапты. Осы мақаланы жазу барысында біз сөйлескен Қалихан Ысқақ та, Аян Нысаналин де, Сейфолла Оспанов та, Есенғали Раушанов та, Құлбек Ергөбек те, тіпті Тәкен ағамыздың жары Есімгүл апамыз да жазушының «жұмбақ» жанына бойлай алмапты. Жә, мұны айтып мақаламыздың құнын арттырайын деп отырғамыз жоқ. Керісінше, Тәкен Әлімқұловтай классиктің дәурені алда екеніне, ол кісінің жұмбағына ұмтылатын жас ұрпақтың енді бой көтеретініне іштей сенгендей болдық.

Алдағы қыркүйекте тоқсанның төртеуіне толғандай екен, тірі болса. Осы жолды жазып отырған автор – мына мен туылған жылы дүниеден өтіпті. Өмірден өткеніне ширек ғасыр болса да, ол жазушы «ескіріп» қалған жоқ. Қайта менің Әлімқұловтың әлеміне деген әуестігім жазушынының «жасарып» келе жатқанын аңғартса керек.

Тәкеннің руы қалай тексерілді?

Оңтүстіктің айдалада жатқан Созағының аты Алты Алашқа мәшһүр. Жер астынан қарпып алар байлығымен аты шыққан жоқ бұл Созақтың. Табиғаты да бір көрген жанға ұнай кетеді деу қиын. Дулат Исабековше айтсақ: «қарғаның миы қайнайтын ыстық», Қалихан Ысқақша айтсақ: «Қаратау балқып, күн көзінен шөгіп кететіндей» жер. Бірақ соған қарамай бұл Созақ – жай Созақ емес. Қасиет қонған мекен. Қазақ әдебиетінің қайталанбас дара тұлғалары – біз әңгіме етіп отырған Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменов үшін де бұл өлке жайлы мақтау-мадағымызды тоқтамай жаза беруге бар едім. Бір жағы мақаланың көлеміне обал. Бір жағы Асағамыз (Асқар Сүлейменов) туралы жазғанымызда осыған дейін де оқырманымызға жер құдіретін жіте айтқандай болғанбыз. Имандай шыным, өз басым адамның болмысы туған жердің табиғатымен астасып жатады дегенге сенем. Сондықтан ғой, «Созақшыл қазақ – қазақшыл қазақ» деп тобықтай түйін жасай салатынымыз.

Жоғарыда осы мақаланы жазуға көмектескен, Тәкен ағамызды көздері көрген, тонның ішкі бауындай араласқан ағаларымыз бен Есімгүл апамыздың айтқандарынан жазушының Мәскеуге дейінгі өмірінен мынандай қорытынды жасадық: Тәкен ағамыздың әкесі ат үстінде жүрген, ел қамын жеген азамат болыпты. 1932 жылдың аштығында өмірден өтіпті. Оны өлтірген аштық емес, ел басына түскен тауқымет. Сол заманның запыранына жүрегі қан жылапты. Өксігі ықылыққа ұласып, ішегі түйіліп дүниеден қайтыпты. Қалихан аға айтқан осы деректен соң тектің тегін емес екенін көкірек көзі ояу жан бірден аңғарар.

Әлімқұлов жүзшілдіктен жүдә қашып жүріпті. Есімгүл апамыз: «Мәскеуде тұрғанымызда елден інілері мен қатар құрбылары көп келеді. Сонда Тәкеннен «Қай рудансыз?» деп сұраса, біресе Ұлы жүз, біресе Орта жүз, біресе Кіші жүз бола салатын. Содан олар елге келгенде: «Тәкен біздің жүзден екен» деп желпініп жүреді. Мен ылғи Тәкенге «Румен ойнауыңды қойшы» дейтінмін. Айтқанымдай ең соңында жүзге бөлінген орта Тәкенді жалғыз қалдырды», – десе, Құлбек Ергөбек: «Бірде Тәкеңнің үйіне барғанда «бозаның» қызуымен Тәкеңнің руын тексергенбіз. Ақын Аян Нысаналин «Тәкең Ысты», – деді. Ауылдасы сыншы Сайлаубек Жұмабеков «Сүлгетай» десті. Тәкең салалы саусағымен мұрнын сауды. «Е-е, қазақтар» – деді содан соң, – Ал, мен ноғаймын!» Неге бұлай дегені маған жұмбақ», – дейді.

Жүзшілдіктен қашқанмен, Тәкенде туған жерге деген махаббат сұмдық болыпты. Есенғали Раушанов үлкен жазушының Өтежан Нұрғалиевтің туған жер туралы мына бір екі шумағын жақсы көріп, жатқа оқығанын айтады:

Күн батады бір айнымай,

Қырда қызыл қырғауылдан.

Жан жүрегім жылай-жылай,

Кеткенмін мен бұл ауылдан.

Тілге биік тиек керек,

Жазу үшін биік өлең.

Бұл ауылға жиі өкпелеп,

Бұл ауылға жиі келем.

Тәкен Әлімқұлов ауылында жүргенде де, азапты аз көрмеген. Ол кісінің заманында әліпті таяқ деп білсе, алғырлығы болса, қызмет қолдың кіріндей болған ғой. Ешқандай жоғары оқу орнын тауыспай-ақ ауылда есепші болған. Тіпті, сол есепшілігінен қате жіберіп алып, сотталып кете де жаздаған. Сол кезде жастайынан қосылған қосағымен ауылда жүріп, екіге айырыласады. Одан Шымкентке келіп, облыстық газетте журналист болып істейді. Өзіне білім керек екенін түсініп, көп ұзамай Алматыға келеді. Мұнда да көп тұрақтамай, Мұхтар Әуезовтің тілдей қолхатымен Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтынан бір-ақ шығады. Айтпақшы, Аян Нысаналин айтқан мына бір дерек те Тәкенқұмарларға қажет деп ойлаймын. Әлімқұлов Алматыға аялдағанда Қасым Аманжоловтың қарындасымен көңіл қосқан екен. Ақынның «Т… мен Х-ға» деген өлеңі екеуіне арналыпты.

Бірің дос, бірің жақын

қарындасым,

Аямас сендер келсең барын Қасым, – деп басталады Қасымның сол жыры. Бірақ ақынның қарындасымен көңілі жараспайды.

Тәкеннің Музасы

Мәскеуге барғанда Муза Григорьевнамен табысады. Сөз басында Дулат ағамыз айтқан орыс әйелі – осы. Әсілінде Муза Григорьевна орыс емес, еврей деседі. Құлбек аға: «Созаққа келін қылып түсірген Музаны Төлеген Тоқбергенов аузының суы құрып әңгімелейтін. «Әйел біткенде мұндай ажарлы, сұлу жанды көрген емен, – дейтін Төлеген марқұм. – Таңертең ертемен Тәкен екеуі бұлақ басына барып жуынып, қайтып келе жатқанын көруге көз керек!» Біз ол сәтті көрген емеспіз. Естіген құлақта жазық жоқ. Муза Григорьевнаны Мәскеу суретшілері көбірек төңіректеп, суретін салған деседі», – дейді. Есімгүл апамыз да: «Муза сұмдық сұлу әйел болған», – деп ажарына тамсанды. Аян ағамыз: «Сендерден сұлу емес. Мұрны сорайған әйел болатын. Ал қазақ қыздары жыл өткен сайын сұлулана түседі. Ал, олар жасы келгенде, ажарсызданып кетеді ғой. Бәлкім, мен жасы келгенде көргендіктен, маған сұлу көрінбеген болар», – дейді. Қалай десек те, Муза Григорьевна Әлімқұловтың өмірінде ерекше орны бар әйел. Әйтпесе Марияны Муза деп атамас еді ғой. Мүмкін ол Тәкеннің қасіреті, мүмкін шын мәнінде Музасы болды… Кім білсін?..

Муза Григорьевнадан Тәкен ағамыздың Жаннета есімді бір қызы бар. Бүгінде Мәскеуде тұрады екен. Жасы елуден асқан. Есімгүл апайымыздың айтуынша, тұрмыс құрмаған. Әке сүйегі шыққан шаңырақпен араласпайды. Оған кінәлі жалғыз – «Муза Григорьевна!» «Әкесінің сүйегін шығарарда Жаннетаны күттік. Бірақ шешесі жібермеді. Одан кейін де араласуға тырыстық. Ол өзін бізден алшақ ұстады», – дейді Есімгүл апай.

Тәкеннің ұрпағы

Есімгүл апамыз бен Тәкен ағамыздың жас айырмашылығы 30 жас! Жиырмадан енді асқан қыз елуді еңсерген азаматты көре сала жүрегі шым етіпті. Есімгүл апамыз жазушы Бек Тоғысбаевтың немере қарындасы. Мектепті сол кісінің үйінде жатып оқыған. Ал Тәкен Әлімқұлов Бек Тоғысбаевпен заманқұрбы. Есімгүл апамыз: «Мектеп бітіретін жылы алғаш рет Тәкенді көрдім. Аққұба, қыр мұрынды, қалың қасты, ұзын бойлы (2 метрге жуық), өзі ескерткіш сияқты екен. Ол уақытта Олжас Сүлейменовтің поэзиясын бәріміз жапатармағай оқитынбыз. Олжаста: «Поэт красивым должен быть как бог» деген жолдар бар болатын. Мен соны Тәкенді көрген кезде сезіндім. 1967 жылдың жазында Мәскеуге мединститутқа түсуге бардым. Тәкен күтіп алды. Солай араласып жүріп, алты айдан кейін шаңырақ көтердік. Қызық адам болатын. Ұсынысты төтесінен бір-ақ қойды. «Сен маған тұрмысқа шық. Ата-анаңның, Бектің алдынан өтейін. Маған қояр шартың болса айт. Көнсең, келісіміңді осы жолы бер. Көнбесең, екінші қайталап сөз салмаймын!» – деді. Мен келістім. Бірақ ол: «Туған күн, 8-наурыз, Жаңа жыл мейрамдарында сыйлық күтпе. Менің өзім саған сыйлықпын!» – деп әу баста ашып айтты. Біз отбасылық өмірде тату-тәтті күн кештік деп айта алмаймын. Оның табиғаты балажан емес еді. Балабақшадан балаларды алып кел десең, ылғи әріптес інілерін жұмсайды. Бірде маған тәрбиеші: «Балаңызды әр күні әркім алып кетеді, бере берейік пе?» – дейді. Тәкен Жазушылар одағында шахмат ойнап отырып, кез келген інісін жұмсай салатын. Баланы бақшадан әкелгесін маған телефон шалып, «Балаларды әкелді, алып кет», – дейтін. Оны қазір «неге ел сияқты өмір сүрмеді?» деп жазғыра алмаймын. Оның табиғаты кәдуілгі адамдар сияқты болып жүруді көтермейтін», – дейді отбасылық өмірлері жайында. Тәкен ағамыздың Есімгүл апайдан Алма, Рауан есімді қызы мен ұлы бар. Алма дипломат, ал Рауан қаржыгер-экономист. Рауаннан Наиль, Алмадан Алтынай есімді немерелері өсіп келеді. Осымен Тәкен Әлімқұловтың отбасылық өмірі тәмам ғой деймін.

Ала мысық кесіп өткенде…

27 жылға жуық ғұмырын Мәскеуде өткізген оңтүстіктің қазағы қақаған аязда желең жүреді екен. Аян Нысаналин әуежай кассасынан билет алып келе жатқанда, көшеде Тәкен көкесімен ұшырасып қалады. Ағасының мынадай сықпытын көріп Аян Нысаналинді ашу қысады. Сонда Тәкеннің үстінде көнетоз макентош, басы жалаңбас, жазғы жеңіл туфлиден сирағы сидиып көрініп тұрыпты.

50 жылдығының қарсаңында Мәскеуден қайтпақшы болған Тәкен ағамыздың қасында өкшелес інісі Қалихан Ысқақ болыпты. Сол кезде таксидің алдынан ала мысық кесіп өтіпті. Кейде ырымшыл, жоққа сенгіш, кейде ырым-жырымды қаперіне де алмай жүре беретін Тәкен аға сол жолы таксиді тоқтатып, кері қайтыпты. Сөйтіп ала мысықтың кесірінен елде асығып күтіп отырған ағайынға бір күн кешігіп келіпті. Есесіне, Созақта жүргенде қанша мысық алдынан өтсе де, аттап-бұттап өтіп кете беріпті.

«Бекер-ақ

болды-ау…»

Тәкен Әлімқұловтың өмірдегі бір өкінішін Қалихан Ысқақ былай айтушы еді. Әкесінің замандасы Жүсіп деген кісі кесек мінезді қазақ болса керек. 50-ден асып бара жатқан Тәкенге 18-дегі қызын бермек болыпты. Жасауына қосымша ақ «Волганы» да тарту етіпті. Мұның бәрі асылдың тұяғына әруақ алдындағы борышкерлік деп біліпті сол Жүкең.

Тәкен ағамыз туралы осы мақаламызды жазар кезде: «Ол кісі әйел халқын жаратпаған немесе қыз көрсе қызыға кетіп, сол қызығы әп-сәтте басыла кететін сері болған-ау», – деген ойға қалғаным бар, жасырары жоқ. Жазуға ынғайсыздау болды, әйтпесе талай қызға жасаған серілігі жөніндегі сырды көп естідім. Бірақ Қалихан аға айтып отырған әлгі әңгімеде бұл күдік сейілгендей болады. Жүкеңнің қызын да, «ақбоз атын» да алмапты Тәкен аға сол жолы. «Баланың бағын байламайын, өз теңі табылар», – депті. «Сонда қыз қоштасуға шықпады. Мен қимай-қимай үйге кірдім. «Қарындас, біз қайтып барамыз», – дедім. «Сау болыңыздар!» – деп, терезеге қарап тұра берді. Жылап тұрды. Сол қыз екі жыл күтіпті. «Тәкен үйленді» дегенді естіген кезде кенеттен ауырып, қайтыс болыпты. Ағама ренжіген болдым. Бәлкім, ол қыз махаббаттың құсасынан кетті… Ағамыз өмірден өтерден сәл бұрын «Кетік бала, сонымыз бекер-ақ болды-ау?! Кім білсін, өлмейтін бе еді… мен де өлмей жүре тұратын ба едім…» – деп қажыды. Жанымызда бірге отырған Асқар (Сүлейменов), Әкімдер (Тарази): «Мына шал не деп отыр?» – деп маған қарады. Жауапты Тәкеңнің өзі берді: «Енді он бес күн, сосын бітті! Қой, мен тамыма барайын…» – деп орнынан тұрып кетті. Сол кеткеннен он бес күннен кейін ағамыз жарық дүниемен қоштасты…» – деп аяқтады Қалихан ағамыз бізге айтқан бастапқы әңгімесінің соңын. Тәлейлі тағдырда әйелден жолы болмаған бір Әлімқұлов емес қой. Бірақ Тәкеннің әйелі болу ерекше өмірді қажет еткендей.

«Кекс деген болады, оны шаймен жеген дұрыс»

Тәкен Әлімқұлов тілге келгенде кірпияз жазушы. Ол турасында ақын інісі Есенғали Раушанов былай дейді: «Жазу мәнерінің өзгелерден айрықша нақыштарына тоқталғанда ең алдымен ауызға ілігетін ерекшеліктің бірі сөйлем құрауда емес, сөйлемді аяқтаудағы тосын ізденістері еді. Тәкенге дейін (қазір де) қазақ жазушыларының сөйлемдері көбінесе етістікпен (әсіресе «еді» формасында, мысалы, Жадыра келіп еді дегендей) аяқталатын. Бірнеше сөйлем бірінен соң бірі “едімен” біткенде шығарманың өңі қуқыл тартып жүре берері анық. Тәкен сөйлем аяқтауда «ған», «ген» есімшелерін молырақ пайдаланды. «Сол түні ай тұтылған…» («Қараой»). «Ақан атқа мініп, серілік құрған шақта талай ұлықпен дәмдес-тұздас болған» («Көк қаршыға»). «Сәкен елтіп қалған. Музыка сазын сыршыл өлеңнің тіліндей қабылдап отыр» («Көкейкесті»)…

Жұрт жиналған жерлерде сіз бен біз әулиедей көретін аға буын қаламгерлерді «ол жазушы емес, философ, әрі кеткенде этнограф, шын жазушы деген мына менмін» немесе «қазақтың кәсіби көркем прозасы менен басталады, ал маған дейінгілер қара сөзбен жазылған поэмалар болатын» және «проза менімен бітеді, мыналардың жазып жүргені қыртымбайский шалдыр- шатпақтар» деген секілді ойларын түк қысылмай айта салатын. «Ертең мен өлген соң қазақ сөзіне ие болатын ешкім жоқ», – дегенді де Тәкен көкем айтқан. Содан кейін оны кім жақсы көрсін?»

Ал Қалихан Ысқақ: «Тәкеңнің қолы қазымыр еді. Оның мінезіне, тіліне бітпеген қазымырлық қолы мен қаламында болған. Олпы-солпы дүниелерді қара сиямен сызып отырып редакциялайтын әдеті. Бірде «Абай жолының» оншақты бетін шиедей етіп шимайлап тастапты. Оны көрген Әбу Сәрсенбаев шалқасынан түсе жаздады. Ол кезде Әуезовке қол тигізу күнәһарлық болатын. «Қазақ әдебиеті» тұтас бір бетіне «Қан мен терден» үзінді беріпті. Оның сау-тамтығын қалдырмай редакциялап, Әбдіжәміл Мәскеуге келгенде қолына ұстатып жіберген. Сол Тәкеңнің тілге кірпияздығы маған да сіңіп кеткен», – дейді.

Қарапайым кез келген ел білетін жайттерді Америка ашқандай жаңалық етіп көрсететін де Тәкен Әлімқұлов екен. Ол туралы Есағамыз мысалдарды тізбелеп берді. Мәселен, Тәкен аға ашқан «жаңалықтар» мынадай болып өріледі: «Кекс деген болады, оны шәймен жеген дұрыс», немесе «Мәскеуде сәтен деген мата болады, еркекке ішкиімді, асылы қара сәтеннен киген жөн, денеге жұмсақ, сусылдап тұрады және асыққанда сып етіп тез сыпырылады», немесе «қарның ашса пирожки же, тоқ тамақ, өзегің талмайды», «тырнақты қайшымен алған дұрыс», «мен руымды айтпаймын, айтсам машина басып кетеді». Тағы бірде бір талантты жазушы інісі туралы пікірін бірден өзгертті: «Сол үйге келген күні менің жазу жазғанда киіп отыратын қара шұлығым жоғалды. Ұрлап кеткен соның өзі», – дейді.

Тағы бірде башпайының тырнағы сойдиып өсіп кетіпті. Жүргенде еденге тиіп, тық-тық етеді. Мен оған ызыланып: «Көке-ау, анау тырнағыңыз не?» деймін. Сонда: «Өткір, әдемі қайшым бар еді, соны пәленше ұрлап кетіпті. Содан тырнақ алмай қойдым» деп шымкентшелеп боқтап алды. Шымкентше боқтаудың талай «шебері» бар шығар, бірақ тап Тәкендей сөз басындағы «ш» әрпімен өзі қосып алатын сөз ортасындағы «ш» әрпіне ерекше екпін түсіре, дауыссыз дыбысты дауыстыға айналдыра боқтай алатын қазақты әлі кездестірмедім. Бұл қазіргі қазақ тілінің жылдар бойы зерттеліп, қалыпқа түскен сингармонизм (үндестік) заңын бір-ақ сәтте жоққа шығара салатын екпін еді. Өзіне біртүрлі жарасатын. «Бір боқтаса» деп тұратынбыз. Көкеме күлмеске шараң жоқ. Осы тақылеттес «жаңалықтарын» былай қойғанда, кейде ол кісінің мүлде қисынсыз әңгімелерін естіп жағамызды ұстайтынбыз. Мұның көбі заманға қарны ашқаннан, ішкі наразылықтан, қырсықтықтан, қиқарлықтан шыққан сөздер болар деп ойлаймын. Әсіресе, Созақ туралы кісінің қиялына келмейтін бір жайттарды әңгімелей бастағанда, қатар отырған қыздар мен жас балалардың сыртқа шығып кеткенін қалар едік. Меніңше, ол Созақ туралы осындай «хикаяларды» жек көргеннен емес, керісінше алыста ұзақ жүріп сағынғаннан, жақсы көргеннен ойлап тауып жүрді». Бұл қазіргі көзі тірі классик ақынымыз Есенғали Раушановтың жылдар бойы Тәкен ағаның жанында жүріп түйген ойларының, естеліктерінің бір парасы ғана.

«Жүрегіме ине тығып алды ғой»

Тәкен Әлімқұлов Есенғали ағамыз айтпақшы, қазақ прозасына биіктен қараған. Кез келген классикпін деп жүрген жазушыны тас-талқанын шығарып сынау тек осы Әлімқұловтың қолынан келген шығар. Аты бар жазушы деп елпең қағып, құлай кету табиғатында болмапты. Тіпті, Мәскеуге келіп қонақүйде жатқан Ғабеңе (Ғабит Мүсіреповке) амандасайық дегенге: «Менің Ғабит ауруым жоқ!» – деп сөзін бір-ақ қайырыпты. Бұл оның Ғабеңді менсінбей қойғаны емес, гәптің бәрі сол мінезінің иіліп көрпе, жайылып жастық болмайтындығында.

Сейфолла Оспанов ағамыздан мынадай әңгіме естідім. «Тәкен аға Мәскеуде тұрса да, салт-дәстүрді керемет білетін. Ат жайында Тәкеннен артық мағлұматты ешкім білмейтін шығар. Жазғанда, екінші қайталап жазбайтын. Мен өзім сол бір жазғанын түземейді-ау деп ойлаймын. Алматыға келгенде, өмірінің көбі жазушылардың шағармашылық үйінде өтті. Мен сонда ол кісінің «бозасын» тасып жүретінмін. Сәнқой адам болмаған. Қарапайым киінетін. Трикосын асқазан тұсына дейін көтеріп киіп алатын. Тәкен аға Тахауи Ахтанов ағамызды жоққа шығарып мақала жазды. Оған Тахауи жауап бермеді. Сонда мен Тәкеңе: «Тахауи аға жауап қатпады ғой. Бұл қалай?» деп едім, «Мен 1:0 болып Тахауиға ұтылдым. Мен оны жазбауым керек еді. Тахауи мен туралы айтса, түбін түсіріп мақтар еді», – деді. Міне, хас талант қана өз қателігін мойындай алады!» Бұл да тек Тәкенге тән мойындау болса керек.

Шахмат ойнап, футбол көргенді тәуір көріпті. «Спартакка» жанкүйер болғаны соншалық, сүйікті командасы қайда ойнаса, сонда барып ойынын тамашалайды екен. Жазған шығармаларынан-ақ өнерге ғашық екенін білеміз. Әдетте елді сағынғанда немесе жаңа шығарма туар алдында Тәкен ағамыз отырған жерде күй шарықтап кетеді екен.

Тәкен Әлімқұлов өзін ақын сезінген жан. Поэзияны керемет жақсы көрген. Қазақта Абайға, орыста Лермонтовқа «өлердей ғашық» болған. Өзінің де бірді-екілі поэзиялық жинағы шыққан. Бірде сыншы, жерлес інісі Құлбек Ергөбек: «Классикалық прозаңыз тұрғанда, өлең жазып қайтесіз, Тәке?!» – депті оңаша бір сұхбатта. Үндемепті. Жақтыртпағанын осылай білдіріпті.

Ендігі Тәкен ағамыздың қырсықтау мінезін одан әрі ашу үшін айналып келіп Есенғали ағамды төңіректейін. «Асқар Сүлейменов «Тәкеннің шаңқанбоздары» деген керемет талдау мақала жазды. Ол шыққан соң Асекеңнің көзінше «Қалай екен?» деп сұрадық. Бәрімізге ұнаған мақала болған соң, пікірін білгіміз келді. Шымкентшелеп бір боқтады да: «түк те түсінгем жоқ», – деп қолын бір сілтеп кетіп қалды», – дейді. Тағы бірде Есенғали аға курстас тілші қыз қолқалап қоймаған соң Әлімқұловты сұхбат беруге келістіреді. Әсілінде, Тәкен ешкімге сұхбат бермеген жан. Әлгі тілшіні: «Оның мінезі қиямпұрыс. Боқтап жіберуі мүмкін», – деп қорқытыпты. «Өй, Шымкенттің қызымыз. Ондай боқтықтың талайын естігенбіз. Тек бір сұрағыма жауап алсам болды, кетем», – деп бой бермепті. Заманқұрбының қиылған көңілін қисын ба? Межелі уақыт та келіпті. Сұрақ: «Көк қаршығадағы» Ақан өзіңіз емессіз бе?» Жауап жоқ. Сырасын сыздықтатып отыра беріпті Әлімқұлов. 15 минут өтеді, жарты сағат… бір сағат… бір жарым сағат күтеді. Ләм-мим деген жауап болмайды. Тағы да үндемей қойған. Не ұнады, не ұнаған жоқ. Тілші де, Есағамыз да орнынан тұрып кетіп қалады. Ертесіне көкесіне Есенғали аға: «Неге жауап бермедіңіз? Жауап бермейтін болсаңыз, сұхбатқа келісіп неңіз бар еді?» – деп ренішін білдіреді. Сонда Әлімқұлов: «Сұрағымен жүрегіме ине тығып алды ғой менің!» – депті.

Ол солай елеске айналды

Есенғали аға куә болған тағы бір жайт. Жазушылар одағында Тәкен Әлімқұловты көріп қалған кем талант інісі ебелектеп келіп амандасыпты. Өзі қызулау екен. Сонда Тәкен: «Не по-таланту пьешь!» – депті.

Тәкен аға «тек таланттылар ғана ішуге болады» деген қағиданы ұстаныпты. Өзі оңашада ғана «бозасын боздатыпты». Ешкімнің қалтасына салмақ салып, масыл болмапты. «Тәкен көкемді «ішімдік ішті» демеу керек, ол күйік басты, өзін-өзі жұбатты. Ол жұрттың ығырын шығаратын әңгімені әдейі айтатын. Әдебиет жайында ешкімге ашылғысы келмейтін. Мен оны керемет түсінемін. Ол өзін аяды. Өйткені, оның әдебиеттегі әлемі тап-таза еді. Соны сырттан келгендер былғайтын сияқты көрінді. Әдебиет деген қалы кілем төселген мешіт болса, оны анау есіктен кіретіндер былғап тастайды деп ойлады. Сол үшін ыңғайсыз әңгіме айтып, табалдырықтан таза әлеміне ешкімді аттатқызбай қоятын», – дейді Есенғали аға. Осылай деп әңгімелеп отырған Есағамның бойына тәкаппарлықтың ұшқыны осы Тәкеннен келген-ау деп қалдым, бір сәт…

Тәкеннің сүйегі өз өтініші бойынша Қаратаудың етегіндегі өзі туған Бабата ауылына жерленген. «Тәкеннің қазасы қабырғамды қайыстырды. 1987 жылдың 15 сәуірі тап қазіргі сәтімдей көз алдымда. Қаратаудың қара суық желі қарпып барады. Көзімде жас. Өмірдің бәрі бітіп қалғандай. Тәкенді жерлеп жатқанда, басымды төменнен жоғары көтеріп едім, саған өтірік, маған шын – ақбоз ат бастаған бір үйір жылқы Қаратаудың етегінде жосып барады екен. Тәкеннің жақсы көрген жылқылары қоштасуға келгенін қарашы сонда…» Бұл Есімгүл апамыздың көргені.

Ақбоз ат бастаған жылқылар Қаратаудың етегінде әлі де жосып жүргендей… Мен солай сезіндім!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз