2 қараша күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арзан бағамен қызмет көрсететін әуе компаниясын құруға тапсырма берген болатын. Ал бүгін Алматыда Fly Arystan әуе компаниясының тұсауы кесілді. «Ұшатын арыстанды» Австралияның және Филиппиннің лоукостерлерінде 15 жыл басшылық қызмет атқарған Тим Джордан басқармақ. «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостердің айтуынша, бүгінде компанияның басшылығы ғана емес, тұтас командасы құрылып та қойған. Олар алды 15 жыл, соңы 10 жылдан аса «Эйр Астана» компаниясында жауапты қызмет атқарған мамандар. Мемлекет басшысы өткен жұмада тек «Эйр Астананың» басшылығын ғана емес, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен «Самрұқ-Қазына» акционерлерінің бірі
Ричард Эвансты да қабылдаған болатын.

Егер бәрі жоспардағыдай болса, енді қазақстандықтар арзан бағамен ары-бері ұша алады. «Біз мүлдем жаңа сегментке қызмет көрсеткелі отырмыз. Ешқашан ұшаққа отырып көрмеген, оған мүмкіндігі болмаған жандар ұша алады. Басқаша айтқанда, саяхаттауды қолжетімді етеміз. Ең бірінші мақсат та осы – қолжетімділік», – деді жаңа лоукостердің маркетинг және сату жөніндегі директоры Жанар Жайлауова. Бүгіннен бастап компанияның сайты да іске қосылды. Егер электрондық поштаңызды көрсетіп, тіркеліп қойсаңыз, сайт жаңалықтары поштаңызға келіп тұрады. Компания басшыларының айтуынша, алдағы жылдың көктемінде алғашқы билеттер сатылымға қойылады. Ал одан кейін екі айдан соң, яғни 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығы аяқталар тұста Fly Arystan компаниясының алғашқы ұшағы сапарға шығады.

Әзірге компанияның төрт-ақ ұшағы бар. Олардың төртеуі де 180 орындық Airbus A320 әуе кемелері. Үш жылдың ішінде кемінде 15 ұшаққа жеткіземіз деп отыр. Фостер мырза жаңа компания классикалық үлгідегі лоукостер болатынын баса айтты. Бұл орайда компания Easyjet, Indigo, Cebu Pacific және Air Asia сынды танымал лоукостерлерді үлгі тұтпақ.
Билет бағасы қазіргі нарықтағы бағадан, яғни «Эйр Астананың» қойған құнынан екі есеге дейін арзан болады. Ұшақ бортына бес келіге дейінгі қол сөмкеңізді тегін алып өте аласыз. Егер басқа жүгіңіз болса, ол үшін ақша төлеуге тура келеді.

Компания басшылары «ұшатын арыстанның» лоукостерге тән барлық сипаты болатынын айтты. Ал билет бағасы, әдеттегідей, екі ай бұрын алғанда арзан болғанмен, екі күн бұрын қымбатқа түсуі мүмкін. Егер жұмыс ойдағыдай жүріп жатса, бұл алдағы сапарын алдын ала жоспарлайтындар үшін тиімді болмақ.

Жұлдыз ӘБДІЛДА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз