УЕФА-ның футболдан тағы бір жаңа жобасының тұсауы кесілді. Осыдан 3 жыл бұрын жобасы бекітілген Ұлттар лигасының шымылдық түрер алғашқы ойыны 6 қыркүйек күні Астана төрінде өтті.

Қазақстан D дивизионындағы төртінші топқа түскен болатын. Бізбен бірге бірінші орынға Грузия, Латвия, Андорра құрамалары таласады. Отандастарымыз бірінші турда Грузиямен кездесті.

Қазақстан – Грузия – 0:2

Голдар: Чакветадзе, 69 (0:1). Малый, 74-автогол (0:2).

Қазақстан: Эрич, Бейсебеков, Постников, Малый, Шомко, Қуат (Тұрысбек, 76), Жуков, Исламхан (Зайнутдинов, 81), Мұжықов, Муртазаев (Сейдахмет, 88), Щеткин.

Грузия: Лория, Какабадзе, Квирквелия, Кашия, Наваловский, Канкава, Квеквескири, Меребашвили, Казаишвили (Хочолава, 84), Чакветадзе (Окриашвили, 75), Квилитая (Гвилия, 65).

Алдымен осы матчқа қатысты бірнеше дерек келтіріп өтсек. Ақпан айында ұлттық құрама тізгінін Станимир Стойлов ұстаған болатын. «Астанамен» толағай табыстарға қол жеткізген болгариялық бапкер осы уақыт аралығында құрамамен үш жолдастық кездесу өткізді. Оның екеуінде Қазақстан футболшылары жеңіске жетіп, жігіттердің өздеріне сенімі арта бастаған. Бірақ жолдастық ойындардың ресми матчтардан айырмашылығы көп. Сондықтан Стойловтың сыналатын кезі де осы болатын. Біз Грузиямен ойынды асыға күттік. Алайда Станимир де сиқыршы емес екен. Өз алаңымызда Кавказдан келген жігіттерден 0:2 есебімен ұтылып қалдық.

Бұл кездесуде Ненад Эрич, Евгений Постников секілді «жаңа қазақтар» Қазақстан құрамасы сапындағы ресми алғашқы ойындарын өткізді.

Кезінде «Қайратты» жаттықтырған Владимир Вайсс алғаш рет Қазақстанға Грузияның бас бапкері ретінде келді. Словакиялық бапкер өзіне жақсы таныс Станимир Стойловтан осы жолы тактикалық тұрғыдан айласын асырып кетті.

Бұл матчта негізгі құрамда тек екі команданың футболшылары ойнады. Алғашқы минуттан алаңға «Астананың» 8, «Қайраттың» 3 футболшысы шықты.

Стойлов сенім артқан футболшылардың көбі өз командаларында қосалқы құрамда отырғандар. Есесіне, Бағдат Қайыров, Жамбыл Көкеев секілді биылғы маусымда жақсы ойнап жүрген қазақ футболшылары ұлттық құрамаға шақырту алған жоқ. «Ордабасының» көшбасшыларының бірі Еркебұлан Тұңғышбаевты да ойнатпады.

Ордабаевтың ізбасарлары жоқ па?

Қазақстан құрамасы сапына шақырылған үш қақпашының екеуі өзге елден келген. Ненад Эрич Сербияда туған. Соңғы 8 жыл көлемінде Қазақстанда доп теуіп жүр. Кейіннен Қазақстан азаматтығын алған. Ал украиналық Дмитрий Непогодов осы жолы алғаш рет шақырту алды. Ол – Қостанайдың «Тобыл» командасының ойыншысы.

Матч алдындағы баспасөз мәжілісінде осы сұрақ Станимир Стойловқа да қойылды. Бас бапкердің жауабы дайын болып шықты.

– Құрамаға не үшін украиналық қақпашы Дмитрий Непогодовты шақырдыңыз?

– Мен ешкімге Қазақстанның көк төлқұжатын таратып берген жоқпын. Ол – Қазақстан азаматы. Маған футболшының ұлты кім екені, қайда туғаны маңызды емес. Егер футболшыда Қазақстанның құжаты болса, құрамада ойнауға себеп бар деген сөз. Дәл солай Эричке де азаматтықты мен берген жоқпын. Сондықтан бұл туралы менен сұрамаңыздар.

Бұл бас бапкердің пікірі. Демек, көк төлқұжатты кім көрінгенге таратып жүрген басшылықтың кінәсі деп түсінеміз.

Алғашқы голдың авторы – Чакветадзе

«Ұлттар лигасының» алғашқы голын грузиялық Георгий Чакветадзе соқты. Бұл футболшы 19 жаста екен. Бельгияның «Гент» командасында ойнайды. Ол сол қаптал арқылы жылдамдығының арқасында шабуылға араласып, 69-минутта Эрич қорғаған қақпаның тоғыздығын дәл көздеді. Жас футболшының соққы жұмсауына қорғаушыларымыз мүмкіндік беріп қойды. Былайша айтқанда, орталық қорғаушыларымыз Чакветадзе тепкен кезде көзбен шығарып салды.

– Георгий ұлттық құрамадағы екінші ойынын ғана өткізіп отыр. Өте жас әрі болашағынан үлкен үміт күттіретін футболшы. Алдағы уақытта шеберлігі жетіліп, жоғары деңгейлі ойыншы болуға мүмкіндігі бар. Қазақстан құрамасының футболшылары Чакветадзеге жиі прессинг жасап, мүмкіндік бермеуге тырысты.  Соған қарамастан өзінің талантының арқасында қарсыластың қақпасына жиі қауіп төндірумен болды. Георгий қолынан келгеннің бәрін жасады, – дейді матчтан кейн Грузия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс.

Автогол құраманы нокаутқа жіберді

Чакветадзенің голынан кейін есепті теңестіреміз деп жүріп, қақпаға екінші допты жіберіп алдық. 74-минутта Грузия құрамасының осы матчағы белсенді футболшыларының бірі Казаишвилидің соққысын Эрич кері қайтарған, алайда сол маңда тұрған қорғаушымыз Сергей Малый абайсызда өз қақпасына кіргізіп алды. Есеп – 0:2.

Белгілі футбол сарапшысы Владимир Гулямхайдаров берген пасты голға айналдыратын шабуылшының жоқтығы қынжылтатынын айтып отыр.

– Матчтың алғашқы 15 минутында біздің жігіттердің қимылы ширақ болды. Сосын ойын тізгінін грузиндердің қолына ұстаптып қойдық. Бұл кездесуде жеңілуімізге қорғаныстағы өрескел қателік пен шабуылда азуымызды байқата алмауымыз басты себеп. Алдыңғы жақта жүрген ойыншылар пас беруге қорықты. Сондықтан қателік жібермеу үшін өздеріне ыңғайлы позиция іздеуге тырысты. Бізде шабуылшы жоқ, әсіресе, осы ойында ондай адамды көрмедім. Доп жартылай қорғаушыларда болған кезде шабуылшы деген бос кеңістік іздеп, ашылу керек. Ал Қазақстан құрамасында бәрі керсінше. Бірінші гол соғылғанда грузиндерге қарсы ешкім қарсылық көрсеткен жоқ. Ал Эричке мұндай допты қайтару қиын. Екінші голды өзіміз соғып алдық. Бізде бірінші таймда жақсы мүмкіндік болды. Ойыншымыздың біреуі баспен ұрған кезде доп қақпаны ішіне кіргендей көрінген, алайда қапталдағы төреші оған мән берген жоқ. Грузия құрамасы қорғаныста сауатты ойнады. Тәжірибелі Квирквелия ешкімді өткізбеді. Матчтағы есеп әділетті емес шығар, бірақ бұл футбол. Сонысымен де, футбол қызықты спорт, – дейді Гулямхайдаров.

«Ойында жеңілсек те, майданда әлі ұтылған жоқпыз»

 

Матчтан кейін баспасөз мәслихатын өткізген бас бапкер Станимир Стойлов алғашқы турда ұтылсақ та, әлі «Ұлттар лигасындағы» бірінші орынға таласатынын айтып отыр.

– Біз өз алаңымызда жеңілдік, бұл өкінішті жағдай. Екі голды да өз қателігімізден жіберіп алдық. Бәлкім, өзімізге сенімді ойнамаған шығармыз. Шынын айту керек, бізге гол соғатын қауіпті сәттер жетіспеді. Маған ойынның 50 пайызы ғана ұнады. Екінші таймды жақсы бастап едік, қақпамызға доп жіберіп алдық. Команданың өздеріне деген сенімі жетіспеді. Грузияның қиын қарсылас екенін білдік. Осыған дейінгі жақсы өткізген 3 ойыннан кейінгі жеңіліс оңайға соқпады. Сондықтан бізге  келесі ойында жеңіске жету аса маңызды. Қолдан келгеннің бәрін жасап, әрбір ойында ұпайға таласамыз. Нәтиженің қандай боларын соңында көреміз, – деді Стойлов.

– Қақпамызға соғылған екінші голға Георгий Жуковты кінәлап жатқандар көп. Соған қарамастан бұл футболшы 90 минут ойнады. Жуков неге алмастырмадыңыз?

 – Мен екінші голға Жуков кінәлі деп айтпас едім. Ол жақсы ойнады. Алаңда барын салып, командаға көмектескісі келіп жүргенін байқадым. Оның үстіне өз позициясында емес, оң қапталдағы жартылай қорғаушының міндетін атқарды. Соған қарамастан Георгийдің ойынына көңілім толады деп айта аламын.

 – Еурокубок бәсекелері де, бүгінгі ойын да шабуылшыларымыздың осалдығын көрсетіп бергендей. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Оларға негізгі құрамдағы орындары үшін барын салулары керек. Көбірек ойын тәжірибесі болса, нәтиже де жақсарады. Сол кезде біз де ұлттық құрама сапында оларға барынша сенім арта аламыз. Ал әзірге осы жігіттермен жарысты жалғастыра береміз.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан газеті», №37
10 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз