Біздің сынып өте ұйымшыл. Жеті ұл, жеті қыз бармыз. Сәуір айында бізге 210 келі темір-терсек жинау тапсырылды. Әрбір оқушыға 15 келіден. Бірақ шаруаны тек ұлдар ғана мойнына алды. Қыздарға темір-терсек көтерткен ұят. Алайда осынша металл сынықтарын қайдан табамыз? Енді сыныпта отырып осыны ақылдаса бастадық.

– Не істейміз? Осынша металл сынықтарын табамыз? – деді Төлеби.

– Оны мен білем, – деді Әбілқайыр орнынан тұрып.

Барлығымыз оған жалт қарадық. Тығыншықтай келген қара бала сұқ саусағымен құбыла жақты меңзеп:

– Көшенің басындағы сайдан жинаймыз, – деді ттығырықтан жол тапқанына мәз болып.

– Біз үнемі сонда ойнаймыз. Онда шашылып жатқан темір-терсек көп, – деп қостады Мақсат оны.

– Жинайтын темір табылды. Жақсы. Енді оны мектепке қалай жеткіземіз? – деді Айдын.

– Оның не қиындығы бар? Ауылда не көп, бос жүрген есек көп. Соған жегетін арба тапсақ болды, – деді Төлеби балаларға жағалай қарап.

– Менде төрт доңғалақты арба бар. Соған есегін жегейік, – деді Әбілқайыр.

Сонымен барлығымыз демалыс күні таңнан тұрып, темір-терсек жинайтын болып тарқастық.

Ертесі Өмірбектен басқамыз түгел жиналдық. Есек арбаны жегіп, улап-шулап сайға келдік. Сай ішінде кеңшардың биік тас қорықпен қоршалған қорасы қаңырап бос тұр. Одан сәл арыда бұрын құм алған, қазір күл-қоқыс тастайтын орын. Сонда қоқыс деген төбе-төбе болып үйіліп жатыр. Шашылып жатқан темір-терсектің үлкен-кіші неше түрін көресің.

Балалар білек сыбана іске кірісті. Тұс-тұстан қолдарына іліккен темірді арбаға әкеліп салып жатыр. Ауыр темірге бәрі жабылады.

Арбаның үсті мотоциклдің люлкісі, трактордың жарамсыз бөлшектері, доңғалақ дискілері, кір жуатын машина мен газ плитасы, заттармен қауқайып шыға келді бір демде.

– Әне, Өмірбек келе жатыр, – дедім мен бір кезде.

– Өмірі кешігесің де жүресің, ұялмайсың ба? – деп бұрқылдап,  ұрысып алды оған сынып бастығы.

Артынан арбадағы темір-терсекті мектепке апарып, шаруашылық меңгерушісіне өткіздік. Міндет орындалуға әлі бар. Жұмыс қайта қызды. Келесі арба толуға айналған бір кезде қасымызға кеңшар төрағасы мінген «Уазик» келіп тоқтады.

– Иә, балалар, не істеп жатырсыңдар, – деді етжеңді, елуді еңсерген жігіт ағасы көлігінен түсіп.

– Ассалаумағаләйкүм!– деп қол беріп, амандасқан соң, біз мектепке  өткізу үшін темір жинап жүргенімізді айттық.

– А, жарайды онда. Мына арбаны көріп, «күл-қоқыс төгіп жүрген біреу ме» деп ұрысқалы бұрылсам,– деді төраға жөнін айтып. – Бұларың құптарлық іс екен. Әр адам туған жерінің тазалығын сақтауға тиіс. Күл-қоқысты көрінген жерге төгуге болмайды. Осыны ауылдың кейбір тұрғындарына түсіндіре алмай-ақ қойдым. Бір жағы тазалыққа жұмыс істеп, екінші жағы темір жинап, қоғамға үлес қосып жүрген сендерге көп-көп рақмет!

Мұны естіп біз қуанып қалдық. Жұмысқа тіпті де жігерлене кірістік. Сол күні біз кешке дейін 250 келі темір-терсек жинадық. Апайымыз біз жинаған темір-терсектен үкіметтің тұрмысқа қажетті зат жасайтынын айтып, арқамыздан қақты. Біз еліміз үшін титтей де болса іс атқарғанымызға марқайдық.

Мектеп ауласында біз әкелген темір-терсек тау болып үйіліп жатты. Ал кеңшар төрағасы бізден кейін трактор жіберіп, сай ішіндегі күл-қоқысты шұңқырға сырғызып, тазартып тастады. Артынан ол араға ескерту тақтасын іліп қойды.

 

Марат ҚҰЛИБАЙҰЛЫ
Жуалы ауданы,
Жамбыл облысы

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз