Сәлем, «Ұланым!» Бүгін журналистер күні ғой. Ағай-апайларды шын жүректен мерекемен құттықтағым келеді. Мені журналистикаға жетелеген, білгенін үйретіп, бетімнен қақпаған сіздердің еңбектеріңіз орасан. Алдағы уақытта да сіздердің аттарыңызға кір келтірмей, мен «Ұланның» жас тілшісі болғанмын деп мақтанышпен айта аламын. Өйткені, сіздердің берген ғибратты бағыттарыңыз әр балаға ерекше демеу, болашағына бағдар. Мейлі, олар кейіннен газетке жазылмай, мақала жазбай кетсе де, «Ұланмен» дос болғанына ешқашан өкінбейді. Журналистер күні тек жылына бір рет қана тойлау аздап аздық ететін сияқты. Себебі, қағаз бен қаламды серік ете жүріп, журналистер көп іске себепкер, ал кей кезде байланыстырушы алтын көпір. Сондықтан да, әр адам журналистер қауымын құрметтеуі тиіс деп білемін. Әңгімені басқа арнаға бұрмай, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! «Ақ желкен» мен «Ұландай» ата басылымның жанашыр журналистері көбейе берсін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бай-қуатты болыңыздар!

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» 2017 жылғы жас тілшісі
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультетінің
2-курс студенті

 

***

Міне, баспасөз және байланыс қызыметкерлерінің мерекесі де келіп қалды. Бұл күні барлық БАҚ қызыметкерлерінің еңбегі еленіп, қошеметке бөленеді. Сондай қошеметке лайық жандардың бірі – өзіміздің сүйікті досымызға айналған «Ұлан» газетінің ұжымы.
Ұлағатты басылымның бар баланың жүрегін жаулап, республика жұртына одан әрмен кеңінен тарауына сеп болған бірден-бір жандар болса, ол – «Ұландық» журналист аға-әпкелер. Ұландай абыз газеттің тіршілігіне нәр беріп, оқырмандары үшін аянбай тер төгетін аға-әпкелеріміздің еңбегін айтпай кетуге болмас. Газеттің әр санын қызықты етіп, оқырманның көңіліне жеткізуге тырысатын журналист мамандардың еңбегі орасан зор. Одан бөлек басылым жұмысының ілгері жылжып, оқырманға келісті әрі көркем түрде жетуі көркемдеуші- дизайнер, корректор, веб-редактор және фототілші аға-әпкелерімнің арқасы.
Ұзақ жылдар бойы бар баланың ең жақын досына айналған «Ұлан» газетінің әрбір саны мен үшін әсте қымбат. «Елінің ұлағатты үнпарағы» деп аталып кеткен Ұландай абыз газеттің бетіндегі әр мақала, әр өлең, әр сурет бар қазақ баласының жүрегін жауламай қоймайды. Пошташы есікті қаққанда,« «Ұланым» келді!» деп газеттің әр бетін парақтай оқитын жас өрендер үшін бұл басылым көненің көзіндей, асылдың сөзіндей. Ата-әжелерімізбен жасты Ұландай досымыз өз ұясынан бүгінде есімі елге таныс қаншама қарлығаштарды ұшырды. Бір кездегі аға буынның сырлас досына айналған елінің үнпарағы бүгінде біздей жас ұрпақтың сенімді серігі, ақылшы досы.
Қымбатты «Ұландық» аға-әпкелер, сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жүректеріңізден шыққан әрбір ой болашақ журналисттер мен жас тілшілерге үлгі. Ұландай шоқтығы биік газеттің әр өңірдегі жас тілшілері сіздердің жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық һәм қажымас қайрат тілейді. Әрбір күндеріңіз сәтті, қолға алған бастамларыңыз жемісті болғай! Сүйікті газетіміздің мерейін одан әрмен асқақтатар жас тілшілер мен оқырмандардың саны көбейе берсін!

Аяжан ҒАППАР.
«Ұланның» 2018 жылғы жас тілшісі
Білік орта мектебінің
9-сынып оқушысы.
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

***

Менің бұл аяулы ортадан үйренгенім де, үйренерім де мол. Шаңырақтың астына қосылғалы бері жанашыр жандар деген ұғымның жетесін түсіндім. Үнемі жүздерінен мейірім шуағы азаймаған жандар. Оларға қарап өн бойыңды шығармашылыққа деген шабыт кернейді. Сіздерден жырақта болғаныма кейде қапаланамын. Өйткені сіздер берген бағыт-бағдар тура жолдан адастырмасы анық. Әрбіріңіздің бойға жігер бере айтқан сөздеріңіз – біздің қанатты кеңге қомдап ұшуымызға ықпал.

Құрметті Сүйікті Жас Өркен ұжымы!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Оқырмандар сапы азаймасын! Ұлағатты ұрпақ игілігіне қосып жатқан еңбектеріңіз еселенсін! Қалам ұстаған жас буынға жөн сілтеп, мақсаттарының жүзеге асуына үнемі бастамашы бола беріңіздер! Сіздерді сағынамыз, жақсы көреміз! «Ұлан» әркез жүрек төрінде!

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ!
М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің студенті.
Орал қаласы,
Батыс Қазақстан облысы

***

Адамзат тарихында атышулы ғаламтор ұмытылуы мүмкін, ал газет мəңгі азық. «Газет халықтың көзі, құлағы һəм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай əлемдегі, айналадағы оқиғаларды хабарлап отыратын, қоғам мен үкіметті байланыстаратын сала – журналистика.
Ақпарат майданында иықтаса, қатар шайқасып жүрген жауынгер ретінде, қолдарына қалам атты қару алған журналисттерді (ағай-апайларды) кəсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін. Жазарларыңыз көп болсын. Сіздерге шабыт пен шығармашылық табыс тілейміз!
«Ұлан» – сүйіп оқитын газеттерімнің бірі. Ең алғашқы рухани досым, сенімді сырласым «Ұлан» газеті десем қателеспегенім. Күнен-күнге іздеп оқитын оқырмандардың саны біртіндеп артып келеді, олардың қатарында мен де бармын.
Мен бүгінде оқушымын. «Ұланмен» достасқаныма бір жыл болды. Алғаш ағам өзінің үйіне шақырып алып, «Ұлан» газетін естелікке сыйлыққа берді. Үйге барғанан соң ішіндегі қызықты мақалаларды түгел оқып шықтым. Газетті одан əрі қарай оқуға қызығушылығым артып, оқу жылынан бастап жазылып қойдым. Газетке мақала шығаруды қолға алдым. Алғашында мақалам мүлде шықпады. Бірақ мен жазуды тоқтатпадым. Алғаш мақалам жарияланған күні қуанышымда шек болмады. Одан сайын жазуға құлшынысымды артырып, ізденіс деген үлкен теңізге, өмір тарихы мен тасыған мол мұхитына бір кеме беріп, адами қасиет аралына жол көрсеткен – Ардақты «Ұланым» өзіңсің!
Өмірімдегі ең жарқын сәттерімнің бірі – осы жылы «Ұлан» газетінің ұйымдастыруымен болған «жас тілшілер» форумына қатысуым. Көгілдір шəшіктен көріп жүрген тележүргізуші Бейсен Құранбек ағаны көріп ерекше əсерлендім. Ең бастысы – еліміздің түкпір-түкпірінен рухани тілегі бір достар таптым.
Мектеп оқушыларының «Ұлан» газетімен достасуын қалаймын. Оқушыларға газетпен танысу шараларын өткізу ойымда бар. Себебі, менде басқа балалар ақылдарына ақыл қосып, рухани жаңғырып, жетілсе деймін. «Ақылсыз достан – ақылды дұшпан артық» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қазірге ақылшыл досымыз – «Ұлан» газеті.

Алмас БОРИС,
Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептің
10-сынып оқушысы.
Құрманғазы селосы,
Атырау облысы

***

Сәлем, «Ұланым!»

Бүгінгі айтулы мерекеңмен сені құттықтағым келеді. Біздің алғашқы таныстығымыз әлі есімде, тіпті саған алғаш мақала жазғаным да. «Ұланым», сен талайдың қаламының ұшталуына және көптеген достардың табысуына себепкер бола білдің. Мен сені өте қатты жақсы көремін, «Ұланым». «Ұланды» оқитын ұлы жастар көп болсын!

Ақбота ТІЛЕУЖАН,
СДУ-дың журналистика факультетінің
2-курс студенті

***

Қаламы мен қарымы ұштасқан қадірлі журналист аға-әпкелер!

Төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, істеріңізге береке тілеймін! Билік пен халықтың арасындағы алтын көпір бола білген ақпарат саласының мамандары – бүгінгі Қазақстанның бетке ұстар тұлғалары. Біздей бала шәкірттерді жазуға баулып, еліміздің болашағы жарқын болуына тікелей атсалысып жүрсіздер. Мейірімге толы жүздеріңізден қуаныштың жарық сәулесі кетпей, бақыттың бал дәмін татыңыздар. Қадамын жаңа басқан жас тілшілердің тұсбағдары бола біліп, шалыс бассақ, қатемізді түзеп, қамқорлық танытып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамыз!

Арман-тілектеріңіз, мақсат-мұраттарыңыз жүзеге ассын, қаламдарыңыздан қасиет кетпесін, шабыттың шарықтау шегіне ұшқан құс жетпесін. Жақсылықтың ең жақсысын, тілектің ең ізгісін, табыстың ең көбін, өмірдің ең тәттісін тілеймін!

Ерекше ықыласпен: Мәдина ОҚАС,
«Ұланның» 2018 жылғы жас тілшісі,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің түлегі.
Шелек ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы,
Алматы облысы

***

«Ұлан» газетімен ең алғаш алтыншы сыныбымда таныстым. Газетті алғаш алып қарағанымда, мұндай керемет газеттің бар екенін білмегеніме қатты ұялдым. Шынында да балаларға арналған түрлі жазбалалар, айдарлар тіпті соңғы бетінде сөзжұмбақтар бар екен. Біз секілді балалардың жазған мақала, өлеңдері газет бетінде жарық көреді екен. Осы кезеңдерде менің əпкем де «Ұлан» газетінің жас тілшісі атанған еді. Жылына екі рет ұйымдастырылатын форумға барып жүрді. Мен де сол форумға барғым келіп, газет бетінен өз мақаламды көргім келді. Жəймен мақала жаза бастадым. Кем-кетік жерлерін əпкем түзеп беріп жүрді. Дегенмен мақаламды газетке жібермеген едім. Білмеймін, сол кезде өз мақаламнан ұялдым ба, əйтеуір жібермейтінмін. 6-сыныптан бастап, «Ұлан» газетімен достастым. 8-9 сыныптардан бастап мақаламды жібердім. Ал ол газет бетіне шыққанда қатты қуанған едім. Əлеуметтік желіде апай-ағайларымыз ұйымдастырған жарыстарға қатыстым. Форумға барып, «Ұлан» газетінің ұжымымен таныстым. Ағай-апайларымды көргенде, ерекше бір жылулықты байқадым. Бұл біз үшін бір мектеп, бір отбасы болды.

28 маусым – Журналисттер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Менің ардақтыларым, үлгі тұтар, аға-əпкелерім! Бізге жылы қабақ танытып, өз ақылдарыңызды айтып отырдыңыздар. Әр мақала жазған сайын бізді шабыттандырып, мақтан тұтып отырдыңыздар. Барлығы үшін алғысымыз шексіз! Жұмыстарыңыз жемісті, еңбектеріңіз табысты болсын!

Жаңыл БЕГАЛЫҚЫЗЫ,
С.Əшіров атындағы жалпы орта мектептің 
11-сынып оқушысы.
Қоғам ауылы,
Отырар ауданы,
Түркістан облысы

 ***

Құрметті журналистер, сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Осындай айтулы күнде сіздерге жəне елімізге бірінші денсаулық пен амандық, ал кейін таусылмас шабыт пен шығармашылық табыс тілеймін! Жазарларыңыз таусылмай, журналисттер қауымы жылдан жылға көбейе береді деп сенеміз! Халықты жаңамен таныстыруға, жаңалықпен бөлісуге асығатын бұл мамандық иесі мен үшің ең жақсысы болып қалмақ! Сонымен қатар өзім секілді көп жастарға жол ашқан, нұсқау көрсеткен «Ұланыма», сол жерде қызмет көрсетіп жүрген əр қызметкерге үлкен рахмет айтамын! Журналистика саласы мен журналисттер əлі де өз тарихын жазады деп сенемін жəне мен де осы салаға өз үлесімді қосып, еліміздің үлгілі азаматшасы болуға бар күшімді саламын!

Аяжан КƏРІМ,
Ақжайық жалпы орта мектебінің
11-сынып оқушысы.
Ақжайық ауыл,
Теректі ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

***

Құрметті «Ұлан» газетінің тілшілері!
Сіздерді төл мерекелеріңіз – Баспасөз, телевизия жəне радио күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Журналистика – сапалы жұмысты, көп ізденісті талап ететін, зор жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Қиындығы мен қызығы мол кəсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз, болып жатқан жаңалықтарды халыққа жеткізіп, қоғамды толғандырып жүрген өткір мәселелердің ортасында жүріп, маңызды мәселелерді шешуге зор үлес қосып келе жатқандарыңызға алғысым шексіз!
Қаламдарыңызға қызықты тақырыптар ілінсін! Сіздерге зор денсаулық, кəсіптеріңізге сәттілік, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Ақжүніс ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
Абай атындағы ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы.
Сарыкөл ауылы,
Жаңақала ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

***

Құрметтілерім! Барлық мадақ сөздерге лайықтысыздар! Дүние тұрғанша тұрыңыздар! Мерекелеріңіз құтты болсын! Нағыз журналист сіздердей болсын! Журналистиканың даңғыл жолына бастау салып берген сіздерге мың мадақ!

Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ,
«Ұланның» 2017 жылғы жас тілшісі,
77 телеарнасының журналисті,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың
Журналистика факультетінің 2-курс студенті
Тараз қаласы,
Жамбыл облысы

 

 ***

Барлық қаламдастарды төл мерекемен құттықтаймын!

«Журналистика – бұл миссия» – дейді жазушы, журналист Дебора Кемпбелл.
Халық пен билік арасындағы жауапкершілікті жолда қаламдарыңыз таймай, осы сенімді бірге ақтайық!
Шығармашылық табыстар тілеймін!

Ақжан АМАНЖОЛ,
Физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы.
Алматы қаласы

***

Журналист боламын деп шешкен күннен бастап телевизия саласын таңдайтыныма нық сенімді болатынмын. Ал, газет-журналға мақала жазуды суқаным сүймейтін. Жəне ол салаға ешқашан бармаспын дегенмін.
Бір күні «Журналистика жанрлары мен пішіндері» пәнінен газетке материал шығаруға тапсырма берілді жəне ол жұмыс жасалмаса қорытынды баға қойылмайтын болды. Амал жоқ, жазу керек. Жазуға бел буып едім. Енді басқа сұрақтар туындады «Қайда жазам? Не жазам? Қалай жазам? Менің мақалам кімге керек?» Бір əпкемнен көмек сұрап едім, ол «Ұланға» баруыма кеңес берді. Редакцияға келдім. Жұлдыз апайды іздеп жүрмін, санамда «қазір маған не дейді екен, жоқ десе ше?» деген сұрақтар айналып жатыр. Міне, апайдың алдында тұрмын. Сөйлестік. Қай бағытта жазғым келетінімді сұрады. Спорт саласын өзім ұнатқан соң, соны таңдадым. Екі тақырып беріп, екеуінің біріне мақала жазуыма болатынын айтты. Тақырыптар бір-біріне жақын болған соң, əрі өзім спортпен айналысқан соң қиындыққа соқпады. Есесіне қызық болып екеуін де демде жазып тастадым. Қызығып кеткенім, қасына тағы бір мақала қосып жаздым. Сөйткенде жұмысым газеттің бір бетін алыпты. Қателіктер болмады емес, болды. Жұлдыз апай қателерімді түзеп, дұрыс емес жерлерін айтып түсіндірді. Газет бетінен өз мақаламды көргенде ерекше сезімге бөлендім. Бұл маған шабыт беріп, келесі санға да мақала жазуға итермеледі. Мұғалім берген тапсырманы мезгілінен ерте орындап тастадым. Ал группаластарым болса əлі де қайда, қалай жазатынын білмейтін. Мен «Ұланға» баруға кеңес бердім. Енді біздікілер «Ұланға» ағыла бастады. Оларды Жадыра апай өзінің күндегі позитивке толы көңіл-күйімен қарсы алып, газетпен таныстырды. Менің группаластарыма Жадыра апай мені жақсылап мақтап жіберіп жүрді. Ал ол тіптен газетке деген құлшынысымды арттыра бастады. Осылайша мен газетке деген көзқарасымды түбегейлі өзгерттім.
Бүгінгі төл мерекемен «Ұланның» редакциясындағы барлық журналист ағай- апайларымды құттықтағым келеді. Ол кісілердің маған берері көп болды. Жақсыны үйреніп, санама білім түйдім.
Аға-əпкелеріме тек шығармашылық табыс, қаламдары қарыштамауын тілеймін. «Ұлан» тек республикалық емес, жалпы түркі тілдес халықтарына, Азия еліне тарайтын деңгейге жетсе екен деймін!

Бейбарыс БАҚТАЕВ,
Халықаралық ІТ университеті
Электронды журналистика мамандығының
2-курс студенті

 

***

Экрандарға –
көздердің қараттың бəрін,
Эфирлерден –
өмірдің тараттың əнін.
Жүректерге жол тартқан Журналистерім,
Журналистерім – қанаттыларым!!
Мен күндерімді сендерсіз аз өткеріп ем,
Жылы жүрексіңдер жандарды жаз еткеніңмен
Көңілдерге көктем боп жетесіңдер,
Экран,
Эфир,
Журнал,
Газеттеріңмен.
(Ш.Сариев)

Құрметті «Жасөркендік» ағай-апайлар, жастілшілер, «төртінші билік өкілдері» атанған барша журналистер қауымын кəсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – ұстаз бен дəрігер мамандығынан кейінгі ең ардақты мамандық. Қиыны мен қызығы қатар жүретін осы сала қызметкерлері ең аяулы жандар. Халықтың игілігі үшін ақпарат таратып, ізденіс үстінде жүретін жандарға əрдайым құрметпен қараймын. Тілші – ең мықты психолог, педагог жəне фотограф. Иə, барлық мамандықты түйістіре отырып, «тілші» деген ұлы есімді иеленеді.
Жұмыстарыңыз алға баса берсін демекпін! Елді «əттеген-ай» емес, «Бəрекелді!» деген жаңалықпен қуанта беріңіздер.

Көркем ЖҰМАХАНОВА,
«Ұланның» 2018 жылғы жас тілшісі
№19 орта мектептің түлегі.
Жақсықылыш кенті,
Арал ауданы,
Қызылорда облысы

***

Үкілеген үмітімен өмір бойғы ғұмырын ақпапат саласына арнаған ардақты жандар! Төл мерекелеріңізбен! Сіздердің, болашақ менің таңдаған жолым ол – халық жолы. Сіздер халыңтың жанашырысыздар, күні-түні солар үшін тер төгіп, барына қуанып, жоғын жырлайтында сіздер! Сондықтан да сол жолда аянбай еңбек етіңіздер! Алла сіздерге мықты денсаулық нəсіп етсін! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!

Жаңалықтың жаршысы,
Өзгеден ерек бар тұсы.
Қорғаны халық – тілшілер,
Асықтың түссін алшысы.
Керемет көңіл тілеймін,
Соқпасын басқа дүлей күн.
Ақпарат – көлдің айдыны,
Мекені болсын жыр-үйдің.

Рысгүл ДАУТАНОВА,
Қарабұлақ орта мектебінің түлегі.
Қарабұлақ ауылы,
Үржар ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы

***

Ұлағатты «Ұлан» ұжымын кəсіби журналисттер мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ тілей отырып, Жаратушыдан бір өздеріңіздің амандықтарыңызды сұраймыз! Бала арманның қанатын қатайтқан, ізгі тілек-лебіздеріңізбен алға жетелеп, демеп, қолдап, бізді қажетті ақпараттармен сусындатып, ақпарат білімімен қамтамасыз етіп, рухани өсуіміз бен дамуымызға жəрдемші болғандарыңыз қуантады! Біз сіздердей аға-əпкелерге қарап бой түзейміз! Арттарыңызға ерген бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге, жалпы қазақ еліне үлгі болып жүре беріңіздер! Мерекелеріңізбен!

Ақмарал КАНАЛ,
Нұр-Мүбәрак Египет Исламтану университеті
Дінтану мамандығының 2-курс студенті

 

 ***

Таңмен таласа оянып, күн ұясына батқанша елдің түкпір-түкпіріне хабар жеткізіп, жаңалықтың жаршысына айналған – телевезия, тыңдармандарымен сырлы сұхбат жүргізіп, жүрекке жағымды үн сыйлайтын – радио, өзекті мәселелер мен қызықты тақырыптарды қаламына арқау еткен – баспасөз. Осыларды бір тудың астына жинағандай біріктіретін – журналистика саласы. Қазақ елінің көзі, құлағы һәм тілі болып табылатын төртінші билік өкілдері мерекелеріңіз құтты болсын! Еліміздің мұңын мұқтап, жоғын жоқтап, ұлттық дүниелерімізді түгендеп, тілімізді көркейтуде сіздердің үлестеріңіз ұлан-ғайыр.

Қаламдарыңыз қарышты болып, шабыттарыңыз сарқылмай, журналистика көгінде қанаттарыңызды кең жая қалықтаңыздар!

 

Гүлбаршын АМАНКЕЛДІ,
«Ұланның» 2017 жылғы жас тілшісі,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
Орыс тілі және әдебиеті мамандығының 2-курс студенті.
Қызылорда қаласы

***

Мен осы Журналистика саласына мектеп қабырғасынан бері келе жатырмын. Мектепте боп жатқан түрлі іс-шараларды жазып газет бетінде шыққанда қатты қуанатынмын. Шығарма, эссе, мақала жазудан үнемі бірінші орын алып жүретінмін. Мұнын барлығы өзімнің еңбегімнің, ізденімпаздылығымнын арқасы деп білемін. Журалистика саласында менің жеткен жетістіктерім мен алған курстық тəжірбиелерім өте көп. Оның бірі Қазақстан Ұлттық арнасынын журналисті Мейіржан Əлібектің «журналистикалық курсын» оқыдым. Жəне республикалық газеттерге мақалаларым шығып, қаламақы алып жүрмін.

 

 Мадияр МЕҢДІБАЕВ,
Қайнар университетінің студенті

***

Сәлем достар! «Ұланның» барша жас тілшілері мен редакция қауымын журналистер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қаламдарыңыз мұқалмасын, жазарларыңыз таусылмасын!
Мен «Ұланмен» 5-6 сынып оқитын кезімде танысып едім. Бірақ, ол кезде жай оқырман едім. Бірақ, бірнеше жылдан соң мен де өз мақалаларымды жазып, «Жас тілші» атандым. Сол үшін құрметті оқырман, сен де ойыңда жүрген шығармалар мен туындыларды қағаз бетіне түсіріп, республикалық баспасөз бетіне шығарып, барша қазақ еліне өз туындыңды көрсетуге мүмкіндігің бар. Сол үшін дәл қазір қолыңа қаламыңды ал да, жұмысты баста. Іске сәт, жас дос!

 

Нұрбол ШЫНЫБАЙ,
«Ұланның» 2017 жылғы жас тілшісі,
Халықаралық ІТ университеті
Электронды журналистика мамандығының
2-курс студенті

***

Қатар шапсын мансабыңда бақ пен бабың,
Жана берсін мәңгілік жұлдыздарың.
Кәсіби мерекемен құттықтаймын,
«Ұланымның» ұлағатты ұл-қыздарын!
деген өлең шумақтарымен «Жас өркендік» барлық журналисттерді, жас тілшілерді шын жүректен кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. «Газет-xалықтың көзі, һәм құлағы» деген Аxмет бабамыздың сөзін ұмытпай, арзан танымалдылыққа ұмтылмай, тұғыры биік тұлғалар қызмет еткен кешегі «Қазақстан Пионері», бүгінгі сүйікті «Ұланымызды» ұлықтап, xалық үшін аянбай тер төгіп жүрсіздер. Мамандықтарыңыздың майталманы болып, билік пен xалық арасында алтын көпір бола алатын, ең бастысы тек шындықты жаза алатын білікті төртінші билік өкілі болуларыңызға тілектеспін. Бір үйдің баласындай етіп, басымызды қосқан «Ұлан» газетінің қара шаңырағының құлашы кеңейе түсіп, әр бетінде xалық сүйсініп оқитындай жақсы жаңалық көбейе берсін!

Саяжан СОВЕТ,
«Ұланның» 2013 жылғы жас тілшісі,
Жамбыл атындағы мамандандырылған
Мектеп-интернаттың түлегі.
Қарағанды қаласы

 

***

Құрметті, достар! Журналисттік жолын «Ұланнан» бастап, дарабоздылық шыңға дейін қайсарлықпен қайтпай, елінің өрені, халқының қалаулысы болуға ұмтылған жас тілшілерім! Сіздерді бүгінгі 28-інші маусым, яғни «журналисттер күнімен» салтанатты түрде шын жүректен құттықтаймын! Бастарыңызға амандық, отбасыларыңызға саулық, жасап жатқан еңбектеріңіздің жемісін жеп, алдағы уақытта биік-биік белес пен асу-асу қыраттардан асуларыңызды тілеймін!

 

Құрметпен, Болашақ ҚР Білім және Ғылым министрі:
Ернар ОРЫНБАСАРҰЛЫ
Шымкент қаласы 

***

Әр жылдың маусым айының 28-жұлдызында еліміздің журналистері күні атап өтілетіні белгілі. Міне, дәл бүгінгі журналистер күнімен «ЖАС ӨРКЕН» балалар мен жасөспірімдер газет-журналдары серіктестігі мен оның қызметкерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сонымен қатар «Ұландық» жас тілшілерді де кәсіби мерекелерімен құттықтап өткім келеді. «Ұланның» жас журналистерге бергені көп тіпті, берері де көп. Алғаш рет қалам ұстап, мақаламды «Ұлан» газетінің электронды почтасына жіберіп, редакцияға дейін барғаным әлі есімде. «Ұланның» редакция мүшелері, журналистері де өте қарапайым. Ең бірінші шыққан мақаламның тақырыбы: «Журналист пен қасқырды аяқ асырайды» деген тақырыппен газет бетіне шықты. Одан кейін тоқтамай әр түрлі тақырыпта мақалалар жаздым. Шыңдалдым, көрдім, білдім. Біраз мақалам газетке шығып, «Жас тілші» куәлігін қолыма ұстадым. Әрине, бұл мен үшін үлкен жетістік! Мұның бәрі сондағы Жадыра, Қарлығаш апайларымыздың арқасы деп білемін. Балаларды түсінетін, оларды көтеріп жүретін де біздің аға-әпкелеріміз! Сіздерге алғысым шексіз! Сіздердің ұжымдарыңыздың арқасында қаншама жастар журналистік жолын бастап, шыңдалып келеді! Өсе беріңіздер! Өркендей беріңіздер! Еліміздің жастарын көтеретін бірден-бір ұлттық газет болыңыздар!

Жансая СЕБЕПОВА,
«Ұланның» 2016 жылғы жас тілшісі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультетінің
3-курс студенті.

***

Басқалар үшін жаңалық, жаңалық шығар, бірақ журналистер үшін ол жұмыс, нан. Естіген, көрген, болған оқиғаға таңғалуға, таңдануға, қуануға, мұңаюға құқық та, уақыт та жоқ. Құқық соның себебін, салдарын, нәтижесін анықтауға ғана берілген. Мақсат – ол нанды адалынан табу. «Журналистің арқалағаны  алтын болғанымен, жегені жантақ» деген сөзді xалық бекер айтпаса керек. Өзгенің жыртысын жыртып жүріп, өзің ұмытып кететін, осылай аянбай тер төгіп, күні-түні жұмыс істеп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер мен журналистерді бүгінгі төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Жазарларыңыз таусылмасын!
Қанат бітсін сөзіңе ғаламға өрлер,
Ілесе алмай жүйткісең саған желдер.
Алтын болсын әр дәні жантағыңның,
Халқың білсін бағаңды, қаламгерлер!

Әсем МАМЕЖАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультетінің
2-курс студенті

 

***

Журналист болу оңай жұмыс емес. «Ұланның» жас тілшілері әрқашан қызықты мақалаларды жазып, өзінің күшін сүйікті іске береді. Түні бойы ұйықтамай, ойларын жинақтып, мақалаларды жазады. Журналистерге әрқашан шабыт пен идеялар қажет, оларды табу да қиын. Бірақ күшті материал жазу керек қой, сол себептен жас тілшілер фильмдерді көріп, мақалаларды, кітаптарды оқып, шабыт алады. Журналисттердің жұмысы қызықты және қиын жұмыстың бірі. Көптеген салада жұмыс істеуге болады. Әр саласының ерекшіліктерін білу керек. Сол себептен «Журналистер күнімен» барлық жас тілшілерді шын жүректен құттықтаймын. Ең бастысы, денсаулық тілеймін. Әрқашан көңіл-күйілеріңіз көңілді болсын. Әрқашан шабытты болыңыздар. «Ұланға» қызықты материалдарды жазыңыздар. Болашақта журналист мамандығының иесі болсыздар!

Алина МОРОЗ,
Садовый орта мектебінің
11-сынып оқушысы.
Зеренді ауданы,
Ақмола облысы

***

Құрметті журналистер! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Жазарларыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болсын! Шабыт пен шығармашылық табыс тілеймін!

Қаламдарыңызға қызықты тақырыптар ілінсін, ал сіздердің жарияланымдарыңыздағы әр сөз адамдарды жақсылық жасауға, жарық әлемді нұрландыруға жетелесін! Зор денсаулық, өздеріңіз бен жақындарыңызға бақыт тілеймін! Жұлдыз апай, Жадыра апай, Гуфа апай, Таңшолпан апай, Гүлдана апай, сіздерді қатты жақсы көремін! 

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» 2017 жылғы жас тілшісі,
№147 мектеп-гимназиясының түлегі.
Алматы қаласы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз