Жыл қорытындысы-2017

Жыл аяқталып келеді. Биыл біз үшін табысты жыл болды. «Ұлан» арқалатқан үмітті оқырмандарымыз бен жас тілшілеріміз ақтап шықты. Алдыңғы буын жас тілшілер халықаралық марапаттарға ие болып қуанты. Кейінгілері «Ұланды» насихаттап, белсенді автор болып, байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, жанашырлық танытып жүр. Міне, «Ұланның» жас тілшілерінің қатары көбейетін сəт те келді. «Кім не жазды?» дəстүрлі сұрағына жауап іздеп, шолу жасап көрелік.

«АУЗЫ-МҰРНЫ ЖОҚ ХАТТАР»

Күн өткен сайын конвертпен келетін хаттар азайып барады. Қазір қала түгілі, алыс ауылдағы балалар да электронды поштамызға топ еткізеді. «Ұланның» поштасына күніне белсенді тілшілерімізден он хат келсе, соның үшеуі – өлең. Əңгімені өлеңнен бастап өрбітейік… Бір хаттың соңында қалың оқырман тұрғандықтан, үтір-нүктесіне дейін мұқият тексеруден өтеді. Өтініштер мен талап-тілектерді міндетті түрде орындауға тырысамыз. Өлеңдерді жариялайтын сүйікті айдарларың «Жауқазынды» жарқыратып жіберетін – Асылан ағаларың. Өлеңнің барлығы осы ағаларыңның қолынан өтеді. Қамшы салдырмайтын, мазмұнды, жинақы өлең жолдасаңдар, біз де жариялауға асығамыз. Бірақ, көбінесе өлеңнің құрылысы мен сапасына келгенде сəл жауапкершілік жетпей жатады.

Өлеңнің соңында аты-жөні жазылмаған, келген электронды поштасы ғана белгілі, мекенжайы жоқ хаттар легі əлі де толастамай тұр. «Аузы-мұрны жоқ хаттар» дейсің еріксіз. Осы ескертпелерді дұрыс түсініп, болашақта мұқият болайық, балалар! Бір қайнауы кем нəрсені мейлінше иін қандырып жіберуге тырысайық бұдан былай. Келістік қой?!.

ҚАРСЫ ПІКІР БІЛДІРУ – ҚЫЛМЫС ЕМЕС

Газет бетінен болашақта қандай мақалалар оқығыларың келеді? Қандай айдарлар болса дейсіңдер? Ұсыныстарыңызды бізге жолдаңдар. Газет пен оқырман үнемі бірін-бірі өсіріп отыруы тиіс. Үнсіздіктен қорқу керек. Үнсіздік дегеніміз – келісу немесе ішкі қарсылық. Сондықтан газет бетінде көтерілген мəселелерге бей-жай қарамай, белсене араласып, ортақ пікір қалыптастыруға тырысайық. Қарсы пікір білдіру қылмыс емес екенін естен шығармаған жөн. Мысалы, зайсандық Құндыз Набидолланың «Қазақ балалары неге өзімізден гөрі өзгелерге көбірек жанкүйер болады?» деген футбол туралы мақаласына қатысты пікір жоқтың қасы екеніне таңғаласың. Бүгінгінің басты тақырыбы осы емес пе?! Əлде сендерге бəрібір ме? Қандай оқулықпен сауаттанып жүргеніміз де сендерді ойландырмауы мүмкін емес. «Жеті жұрттың тілін біл» айдарына ағылшын тілін үйренудің оңай жолын беріп жатырмыз, бірақ үй тапсырмасын орындамайтын оқырман көп болып тұр. Пікір білдіремін деп, ақыл айтып, көсемсіп кетуден де аулақ болған жөн. Кері байланысты мейлінше жандандырайық. 88 жылдан бері қазақ балаларының сырласына айналған ата басылымның тамыры əлсіз соқпауы тиіс.

ОҚЫРМАНЫ КӨП АВТОР

Жыл бойы бізбен бірге болған барлық оқырманға, тілшілерімізге мың алғыс! «Өздерің жазған хаттардан» бетінің басты жетістігі – тілшілеріміздің айтары бар. Жазу-сызуға төселгенін көріп, ішің жылып қалады. Кемшілік те жоқ емес. Мұнда да аты-жөні жазылмаған хаттардың келуі азаймай тұр. Əлеуметтік желі арқылы тауып алып, «хат жіберіпсің, аты-жөніңді, мекенжайыңды толық көрсет» деп кері хат жазып жібереміз.

Кейде редакция қызметкерлерінің жеке телефонына хабарласып, «Ұлан» журналына қандай тақырыпта мақала жазсам болады?» деп сұрайтындар да бар. Əрине, кез келген уақытта оқырманмен байланысқа шығуға əзірміз. Дегенмен, бейтаныс тілшіге «Ұланның» журнал емес, сексен сегіз жылдан бері шығып жатқан газет екенін айтып, əбігерге түсетініміз өтірік емес. Сондықтан газет-журналмен дос боламын деп шешсеңдер, оның «аты-жөнін» қандай басылым лым екенін біліп алғандарың дұрыс дер едік.

Арман-мақсат, болашақ, мамандық туралы ойлаған дұрыс, бірақ «арман деген мынау, мақсат деген анау» деп үйреншікті сөздерді тізе берудің қажеті бар ма?! Керісінше, болашақта сауатты маман болу үшін оқу керек кітаптардың тізімін жасап жіберсеңдер, мақала əлдеқайда пайдалырақ болар еді. Осы орайда белсенді хат жазып, жанашыр болған жан-жақтағы тілшілерімізді айта кеткенді жөн көрдік. Зайсандық Құндыз Набидолла, алматылық Мадина Оқас пен Ақерке Қасымбекқызы, оңтүстікқазақстандық Нұрлыхан Жұмахан мен аралдық Көркем Жұмахан, оралдық Аяжан Ғаппар, солтүстіктен Алина Морозова, Қарасай ауданындағы тұрақты тілшіміз Диана Ұбайдолла, сонау батыстан хат жолдайтын Гүлзинат Ибрагимова, Рамазан Əбілдос пен шардаралық Бағила Жоласбекқызы сынды достарымыз оқылымды хат жазған авторлар қатарынан көрінді.

Жүзден жүйрікті анықтау бізге де оңай соқпай тұр. Ойлана келе, «Ұланның» жас тілшісі куəлігін бес белсенді тілшімізге бергенді жөн көрдік. Алматының іргесінен апта сайын хат жазатын Мадина Оқастың мақалалары оқырмандардың есінде. Жас тілшіміздің сыни көзқараста жазатыны қуантады. Одан кейін алақандай ауылындағы жаңалықты бізбен бөлісіп отырады. «Сен білесің бе?» айдарына да ізденіп, үзбей жазып жүр. Мадина осы бағытынан танбаса, болашақта сауатты журналист болатынына сенім бар.

Сегізіншіде оқып жүргенде-ақ «Ұланның» досына айналған Нұрлыхан Жұмаханның есімі жақсы таныс. Ара-тұра өлеңін де жіберіп отырады. Нұрлыханның қаламы спорт тақырыбын жазуға икемділеу. Өйткені, оның материалынан спортта жеңіске жеткен балаларды біліп отырамыз. Жас тілшімізге «жаза түс!» демекпіз. Бұлардың екеуі де қосымша тапсырма алып, тиянақты етіп орындап əкеледі.

Аралдық Көркем Жұмаханға куəлік бермесек, «Ұлан» деген атымызға сын болар. Басқа тілшілерден Көркемнің ерекшелігін айта кетпеуге болмас. Ол газетте жарияланған материалдардың барлығын талдап, үн қосып отырады. Көркем сияқты кері байланыс орнатып жүретін жас тілшілеріміздің қатары көбейсе, нұр үстіне нұр.

 

Аяжан Ғаппардың қаламында сезім бар. Мөлдіретіп жазғандарын оқымау мүмкін емес. Оралдық жанашыр авторлардың қатарынан да Аяжан алдыңғы лекте. Бір жазғанда молынан жазады. Кем-кетіксіз мақала болмайды, бірақ Аяжанның жазғандарын өңдемей жариялайсың. Өйткені, тұнып тұрған сезім мен эмоция.

Қызылорда облысынан тұрақты оқырман əрі тілші таптық. Рамазан Ілімбаев! Рамазан аз жазса да, саз жазады. Оның жіберген мақалаларын елжірей отырып оқисың. Жазар көп болсын деп, «жас тілші» мəртебесін Рамазан батырға да бергенді жөн көрдік!

Биылғы «Ұланның» жас тілшісі атанғандардың тізімі белгілі болды. Тілші куəлігіне əркімнің-ақ бар таласы. Дегенмен, еңбек пен белсенді болуды айта кету керек. Оқырмандарымыздың есепсіз көп болуын қалаймыз. Жазумен қатар жазылуды да ұмытпайық! Дулат Исабеков аталарыңның бала күнінде «газетке жазылмасам, мектепке бармай, қой бағам, тазша бала болам» деп қиғылық салғаны əлі күнге дейін аңыз. Бүгінгі күні ондай қиғылық салатын бала жоқ болғанымен, газеттің жанашыры болып, жазылуды ұйымдастырып жүрсеңдер, соның өзі аз олжа емес. Жаңа жыл жақсылық жаршысы болсын!

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №52
26.12.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз