Қазір қалалықтарда проблема қалмаған. Жұмысымызға барамыз, келеміз. Сырттан көмір тасып, пеш жағып жатпаймыз. Газбен пісірген тамағымызды жейміз, тоқ шәйнекке бір демде қайнаған шәйімізді ішеміз. Сауып жатқан сиырымыз, айдап жатқан қойымыз жоқ. Қолымыз күстеніп топырақ аударып, егін де екпейміз, топырақ та қопсытпаймыз. Тап-тұйнақтай болып офиске келіп, компьютердің алдына отырып, кешкі алтыда автобусымызға мініп, үйге қайтамыз. Бізде бір-ақ проблема бар. Ол – ұйқы. Ұйқымыз бір қанбайды. Ұйқымызды қандыру үшін тал түске дейін жатуға болатын жексенбіні күтеміз. Ұйықтар алдында сүт ішу керек, пижама киіп жату міндетті, айнасы бар бөлмеде жатпау керек, сол жақпен жатпау керек деген сынды сауалдарымызды невролог Маржан Шеризатқызына қойып көрдік.

– Ұйқы – адамның қажеттілігіне жататын физиология болып есептеледі. Егер адам бірнеше күн ұйықтамаса, есінен танбаса да, оқиғаларды шатастыра бастайды. Үлкендер үшін бекітілген халықаралық дұрыс ұйқы стандарты 12 сағат, алайда 8 сағаттық ұйқы жеткілікті. Жаңа туған сәби күніне 17 сағат ұйықтауы керек. Ай сайын бір сағаттан ұйқысы азаяды. Балалармен жұмыс істегеніме 20 жылдай болды, үлкендермен жұмыс істегеніме төрт жылдан асты. Дұрыс ұйқы кешкі он мен таңғы алтының арасы. Таңғы төртте де тұрып кетсе, ұйқысы қанық болып оянады. Негізі, адам қашан, неше уақыт ұйықтауға үйренсе де оның денсаулығына зияны жоқ.

– Ұйықтар алдында сүт ішу керек. Су ішсең, ертеңгісін бетің ісіп кетеді дейді. Жатар алдында не ішкен жөн?

– Жатар алдын бірнәрсе ішу керек деген заңдылық жоқ. Ағарғанды іш дейтіні ол жақсы қорытылады. Бірақ теледидар, телефон, ноутбук пайдаланбаған жөн. Әсіресе, балаларға. Ол жүйке жүйесін қоздырады. Яғни енді босаңсып, демалғысы келіп тұрған ағазаның жүйке жүйесі қайта оянады. Балаларға кешке теледидар қаратпау керек. Ұйықтар алдында екі сағат бұрын экранға жоламағаны абзал. Мультфильмнің де уақыты бар. Күніне 25 минут қарауға үйретіп қойған дұрыс. Қолына телефонды ұстата салып, ютубты ашып бергеннен баланың денсаулығына тек зиян келтіресіз. Өйткені олар микротолқындар таратады. Ал ол өз кезегінде адамның ерік-жігеріне әсер етеді. Бала өзін-өзі басқармай, өз айтқанын өзіне істеткізе алмайды. Ұялы телефон, уай-фай желісінің бәрі микротолқындар таратады. Олар түнде жатқанда ағзадағы сілекей, қан, лимфа секілді сұйықтықты жылытады. Ал ол ағзаға зиян. Телефонды өшіріп тастау керек.

– Төсек орнының қандай да бір ержелері бар ма? Белгілі бір жаққа қарап жатуға кеңес беріле ме?

Қазір мойныма әжім түседі деп жастықсыз жататын қыздар бар. Бірақ ол дұрыс емес. Жастық болуы керек. Ал төсек-орынның қатты болғаны жөн. Пижама мақтадан тігілген, бос болуы керек. Негізі, өмірде стандарт деген нәрсе жоқ. Адамның ішкі әлемі тыныш болса, ол ешқандай стандартқа қарамай жақсы ұйықтап, жайлы тұрады. Стандартты біз өзіміз қалыптастырып, өзіміз таңдап аламыз. Адам өзіне қалай ыңғайлы, сондай жағдайда өмір сүруі керек. Ал стандарттар ата-ана, мұғалімдер, үлкендер арқылы қалыптасады. Қазір туыла сала баланың міндеттері тізіледі. Үйге кірді ме, сүйретпе киюі керек. Ол сүйретпесіз-ақ жаурамайтын шығар. Оған солай ыңғайлы болар. Ауылда кішкене күнімізде 5-6 баланы бағып, үйдің үш мезгіл ас-суын қамдап отырған, одан қала берді ата-енесін күтетін аналарымызды мысалға алайық. Барлық баласына бірдей көңіл бөліп үлгермейді. Топыраққа аунап, тастай суды ішіп алып жүре беретінбіз. Сонда бір ауырмаймыз. Демек ағзамыз соған үйренген. Көрпеге жатудың да қандай да бір ережесі жоқ. Бірақ сәбилерді етбетінен жатқызбаңыз деп айтамыз. Олар кеше ғана дүниеге келді, тыныс ала алмай қалуы мүмкін. Ал сол жақпен жатса, жүрекке әсер етеді деген сөз әзірге тек гипотеза. Нақты дәлелденбеген.

Ұйқы неден бұзылады? Мен кез келген тықырға оянып кетем. Одан қалай құтылуға болады?

Оның себебі өте көп. Ауырғанда, жүйке жүйесі қажығанда ұйқы бұзылады. Адам ұйқысын зерттейтін сомнология деген медицина саласы бар. Алайда біздің елде ол дамымаған. Сәл тықырға оянып кетуден арылуға болады. Бірақ бәрі өзіңізге байланысты. Жүйке жүйесі тыныш адам жақсы ұйықтайды. Меніңше, адамардың тоқсан пайызында невроз бар. Невроз дегеніміз – орталық жүйке жүйtсінің бұзылуы. Оған қоғам, тәрбие – бәрі әсер етеді. Баламызға «ана жаққа барма, онда «бабай» бар» дейміз. Содан ол «а, ол жаққа баруға болмайды екен, ол жақта жаман нәрсе бар екен» деп түсінеді. Осылайша баланың санасына жоқтан бар жасап, қорқыныш сіңіріп, шектеу қойып тастаймыз. Ұйықтағанда да сықырға оянатыныңыз «шу болса ұйықтай алмаймын» деген өзіңізге қойған шектеуден қалыптасып қалған болуы мүмкін. Ұйықтаудың дизфункциясы бар, демек. Әрқашан жақсы ұйықтауға, ұйқыңыздың қанық болуына жағдай жасаңыз, өзіңізді соған үйретіңіз. Сонан соң аз-аздан бастап спортпен айналысыңыз. Кез келген нәрседе режим сақтаған адамның денсаулығы мықты болады. Адам табиғатқа жақын болуы керек. Жарықты, шамды біз ойлап таптық. Ал табиғи жарық, Күнге шығып жүру адам үшін қалыпты нәрсе болуы керек. Күн батқаны адамның демалатын уақытын білдіріп тұр. Таңертең ауылда таңғы бес-алтылардан бастап әтеш шақырады. Демек сол уақытта оянып, тірлікке кірісу керек. Табиғат заңдылығынан ауытқымасақ болғаны. Таңғы төрттен алтыға дейін адам ағзасында күйзеліс гормоны –кортизол бөлінеді. Ол бізге барлық қауіп-қатер жайында алдын ала сигнал береді. Мәселен, адам өрт болғанын көрсе, ағза оған тезірек жауап беріп, ол жерден кету керегін білдіреді. Әйелдерде қаназдық жиі кездеседі. Қаназдық шайды көп ішкеннен және ағзада йод аздығынан пайда болады. Йодтың аз болуы теңізден алыс тұратындықтан. Ал шайдың құрамындағы танин темірді шайып тастап, ол қаназдыққа әкеледі. Шайды мүлдем ішпеу керек деп оған тыйым салып тастай алмаймыз, әрине. Бірақ шама келсе өте сирек ішкен дұрыс. Шай ішкісі келіп бара жатса, балаға суық шай берген абзал.

Сонан соң ұйқысыздыққа қандай дәрі ішуге болады деп сұрайтындар көп. Ұйықтататын дәрілердің бәрі уақытша. Ол өз әсерін жойғаннан соң сіз оянып кетесіз. Ең дұрысы ұйқысыздыққа алып келген себепті тауып, соны шешу керек. Балаларда ұйқысыздық себебі невроз болуы мүмкін. Соңғы уақытта ата-аналар неврозға шалдыққан балаларын әкеліп жүр. Ал оның түп тамыры ата-аналарында. Өздері уайымшыл, күйгелек болып кеткен. Өйткені басында несиесі, ипотекасы бар, жұмыста қиындық болуы мүмкін. Ал бала бәрін сезеді. Олар күйгелек болған соң, балалары да күйгелектенеді. Егер әке-шешесінің ара қатынасы жақсы болса, балаларының денсаулығы мықты болады. Баланы тамақтандырып, қауіп-қатерден сақтау керек. Ал қалғанын сіздерге қарап жүріп-ақ үйреніп алады.

– Бір демалыста ұйқы қандырайықшы дейтін жандар бар. Ол қаншалықты дұрыс? Өзіңіз жұмыс күніндегі ұйқы, демалыстағы ұйқы деп бөлесіз бе?

– Қай күн екеніне қарамастан мен түнгі онда ұйықтап, таңғы бесте оянамын. Бір сағаттай саябақта денемді жазып, жүгіріп келемін. Он бір жылдан бері таңғы жүгірісті тастаған емеспін. Байқасаңыз балалар демалыс күні де, бала-бақшаға баратын күні де бір уақытта оянады, бір уақытта ұйықтайды. Үлкендер де күнделікті режимінен жаңылмауы қажет. Ол адамның жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

– Айнасы бар бөлмеге ұйықтауға болмайды деп жатады.

– Медицинада ондай түсінік жоқ.

Ұйқыға адам өзін қалай дайындауы керек?

Сағат түнгі оннан кейін ішектер жұмыс істемейді. Асқазанға түскен ас дұрыс қорытылмайды. Сондықтан кешкі сегізден соң тамақ ішпеу керек. Алайда асқазанды қалай үйретіп қойсаң, ол солай жұмыс істеп кетеді. Мәселен, менің жиенім жатар алдында да, таңертең тұрып та ет жей береді. Сонда да асқазаны ауырмайды. Деніңіз сау, ұйқыңыз тыныш, жұмысыңыз нәтижелі болсын десеңіз, жан дүниеңіз тыныш болсын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз