Шиара Құдайбергенованы бұдан бір жыл бұрын көп ешкім білмейтін. Көп ешкім дейміз-ау, білсе, сыныптастары, қатар құрбылары, туған-туыстары ғана білетін. Ал қазір оны бүкіл Қазақстан біледі десек, артық айтқанымыз емес. Ол – өткен оқу жылында ҰБТ-дан ең жоғарғы 140 балды жинаған жалғыз түлек. Шиара Қ.А.Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназияны бітірген. Ал қазір Сүлейман Демирел университетінің экономика факультетінің 1- курс студенті.

Шиара секілді білімді шәкірттің СДУ-ды таңдағанына, шыны керек, қуанып қалдық. Өзін іздеп жүріп тауып алдық. Жаңа ортаға үйреніп қалғанын айтады. «Сабағым да керемет. Студенттік өмірдің қызықты сәттері енді ғана басталып келеді», – дейді ол.

Жаңа өмір басталғалы бір айдан енді ғана асты ғой, Шиара әзірге ешқандай өзгеріс жоқ екенін айтады. «Мектепте қандай болсам, қазір де дәл сондаймын. Тек мақсаттарым мен мақсатқа жету жолдағы әрекеттерім ғана өзгерді. Жаңа орта, жаңа достар таптым. Жаңа адамдармен танысып, жақсы қарым-қатынас орнатуға, барынша өзімді жан-жақты дамытуға тырысып жүрмін. Әсіресе, ағылшын тіліне ерекше көңіл бөліп жатырмын», – дейді білімді бойжеткен.

Шиараның таңдауы тектен-текке СДУ-ға түспеген. Бұл университеттің басқа оқу орындарынан ерекшелігі көп-ақ. Біріншіден, барлық сабақ ағылшын тілінде өтеді. Университет ішінде өтетін шаралардың барлығы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылады, креатив көп. Ағылшын тілін ғана емес, түрік тілін де жетік біліп шығуға мүмкіндік мол. Атмосфера ерекше. Студенттер өте бауырмал. Ұстаздар да ерекше мейірімді, білімді. Шет елдерден тәжірибе алмасуға келген мықты мамандар көп. Ең бастысы, студенттерге еркіндік беріледі. Ойыңды тыңдап, идеяңды жүзеге асыруға атсалысатын адамдар да табылады. Ал Шиара: «СДУ-ды сапалы білім алып, білімді де білікті маман болу үшін таңдадым. Әрі АССА сертификаттарын тек СДУ-да ғана тегін алып шығамын. Төрт тілді жетік меңгеретініме қуанамын. Қаржы саласының маманы боламын», – дейді.

Шиарадан таңдау пәні, ҰБТ-ға қалай дайындалғаны туралы сұрадық. Өйткені «Ұланның» оқырмандарына ең бірінші кезекте осы сұрақ қызық болуы керек. Бұл сұраққа Шиара жан-жақты жауап берді:

– Жаңа формат бойынша таңдау пәніңе қосымша бір пән қосылады. Мен географияны таңдадым, математика пәнін қосып алдым. ҰБТ-ға дайындықты 9-сыныптан бастаған дұрыс деп ойлаймын. Таңдауды да осы кезде жасап қою керек. Пәнді таңдағанда неге назар аудару керек? Ең бастысы, кім болғың келетінін және қабілетің қай мамандыққа жақын екенін білген дұрыс. Өзің қалап, өзің таңда дер едім.

Өзім ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптан бастадым. Мектеп оқулықтарымен, тест кітапшаларымен дайындалған абзал. Тиімді оқыту жүйесі бар білім орталықтарын тауып, ақылы болса да қатысқан дұрыс. Мен «Арай» тест орталығына бардым. Мотивация беретін тренингтерге де көп бардым. Себебі ондай жерде алға қарай ұмтылудың түрлі жолын үйретеді. Өзім ата-анамның үмітін ақтап, грантқа түсуді мақсат еттім.

ҰБТ-ның жаңа форматына көңілім толады. Бұрынғымен салыстырғанда, логикалық тұрғыдан күрделірек. Жаңа форматтағы ҰБТ оқушының логикалық  және сыни тұрғыдағы көзқарасын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сыни ойлау болашақта да керек. Сұрақтар айтарлықтай қиын емес, тек әр сұрақтың астары бар.

Тест тапсырғанда, әрине, қобалжу болды. Тіпті жылап та алдым. «Ата-анамның  және ұстаздарымның сенімін ақтауым керек» деген мақсат алға жетеледі. Тапсырып шыққан соң, мойнымнан жүк түскендей болды. 140 балл алуды мақсат еткеніммен, тест тапсыру барысында 140 балл жинайтыныма нақты сенімді болған жоқпын. Күмәнданған 1-2 сұрағым болды. Бірақ, Аллаға шүкір, мақсатыма жеттім. Депрессияға түсіп, қиналған сәттер көп болған жоқ.

Ендігі мақсат – университетті абыроймен бітіру. Білікті де білімді маман болу. Жақсы жұмысқа орналасу. Қазақстанның экономикасын дамытуға үлес қосу. Ұстазым әрдайым маған: «Тұлпардың алды болғанша, сұңқардың соңы бол», – деп айтатын. Осы сөздің өзі мен үшін үлкен мотивация болды.

Міне, Шиараның айтқаны осы. Яғни, алдымызға мақсат қойсақ, сол мақсатқа қарай әрекет ете білсек, алынбайтын қамал жоқ екен.

Жазып алған Нарқыз ЕРЕС, СДУ студенті

Ұлан газеті», №42
16 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз