Армысыңдар,  достар! Араларыңда 11-сыныпты енді аяқтайын деп жатқан түлектер бар шығар. Солай ма? ҰБТ-ны уайымдап жүрген шығарсыңдар? Ендеше, бұл мақала сендерге арналады,  жас түлек!

Аида ҚҰМАРБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және Бизнес жоғары мектебінің І курс студенті:

– Өзімнің ҰБТ-ға қалай дайындалғаным жөнінде айтып өтейін. Жалпы, мен мектепті аяқтайтын жылы ҰБТ-ның жаңа форматы енгізілген еді. Жаңа форматтан жүрексінген жоқпын. Жеке-жеке тоқталып өтейін.

Оқу сауаттылығы. Аса ауырлық туғызбады. Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) жаңа кітапшаларды дайындап шығарғанша, «Арай» секілді тест орталықтарының кітапшаларымен дайындалып жүрдім. ҰТО-ның жаңа жинақтарын алуға тырыстым. Бұл пәнге логика мен байқампаздық керек.

Математикалық сауаттылық. Алғашқыда түсінбегенім рас. Себебі жаңа формат бізден басталғасын оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықты онша түсінбедік. Алайда екеуіне де дайындықты қаңтар айынан бастадым. Бұл пәннен де басында «Арай» тестімен дайындалдым. Көктемге қарай ҰТО-да жаңа жинақтар шыққасын соны шешіп, шатасамын-ау дегендерін жаттап та алдым. Ал  кей шығара алмаған есептерді репетитормен талдап, шештім.

Қазақстан тарихы. Тарихты 10-сынып оқып жүрген кезде қолға алдым. 10-сыныпта құр оқып шыққанның пайдасы аз екенін түсіндім. Қосымша ретінде Берік Жұбанышовтың кітабын пайдаландым. Әр тақырыпты қайта оқып, кітаптағы кейбір жоқ жерлерін өзім тест құрап жаттадым. Тарихты құр жаттай бермей, оқиғаларды бір-бірімен сабақтастырып түсіну керек.

География. Географияны да дәл тарих сияқты дайындалдым. Оқулықты оқып, одан кейін оқыған тақырып бойынша тест құрап жаттадым. Астаналарды жаттау онша қиындық тудыра қоймады. Оны ҰБТ-ға жақын қалғанда жаттадым. Ал географиялық белдеулерді картаға қарап отырып жаттадым. Өсімдіктер мен жануарларды жаттау қиынға соқты. Алайда мақсатты түрде өсімдіктер мен жануарларды да жаттап алдым.

Математика. Математикадан ғана репетитормен дайындалдым. Ақпан мен сәуір аралығында мектеп директорынан сұранып, үйден дайындалдым. Маған ең оңтайлысы сол болды. Математикадан  басынан бастап барлық есептерді тақырып бойынша деңгей-деңгеймен шығарып қайталап жаттыққан да дұрыс. Үйде де «5+»-пен тест шешіп отырдым. Сол бағдарлама маған көп көмектесті. Математикалық сауаттылыққа жақсы екен. ҰБТ-да содан біраз сұрақтар келді.

Осындай еңбектің арқасында ҰБТ-дан 133 балл еншіледім. Биылғы түлектерге сәттілік тілеймін!

Ақыл бұрышы

НЕ ІСТЕП, НЕ ІСТЕМЕУ КЕРЕК?

ҰБТ бұрышы. Тест материалдары, қалам-қағаз секілді заттарды жинамас бұрын дайындық бұрышын белгілеп алу керек. Шулы, назарыңды аударатын бөлме саған жақсылық әкелмейді. Бөлме тыныш, қатты ыстық немесе қатты суық емес болсын. Психологтар күлгін және сары түстер адамның интеллектуалды белсенділігін арттыратынын жиі айтып жатады. Осы түстердің болғаны да дұрыс деп ойлаймын. Үстеліңнің қандай болатыны өзіңе байланысты. Мысалы, мен жерге отырып, үстелімді шашып қойып оқығанды ұнататынмын. Осы қалыпта дайындығым өнімді болып шығатынын байқадым.

Жүйе. Біріншіден, өзіңнің биологиялық ритміңді анықта. Яғни ерте жатасың ба, әлде кеш ұйықтайсың ба? Осыған сәйкес кесте құр. Әр күні қандай тақырыптарды дайындайтыныңды нақты анықтап ал. ҰБТ-ның алдында бір күн бұрын жақсылап демалып, таза ауада серуенде.  Әлгі «екі кеменің басын ұстаған суға кетер» деген аталы сөз еске түсіп отыр. Бір пәнді жарты сағат оқып, екінші пәнге көшіп немесе Қазан революциясын оқып отырып, тас дәуіріндегі Қазақстанды бастап кетуге мүлде болмайды. Белгілі бір жүйе бекітіп алу керек. Дүйсенбі – математикалық сауаттылық (2 сағат), сонан кейін өзің қиналатын пәнге, химияға немесе физикаға – 1 сағат. Сейсенбі – Қазақстан тарихы (2 сағат), Оқу сауаттылығына – 1 сағат… Осындай кесте жасап көр. Күндізгі уақытың мектепте өтетіндіктен, әдетте дайындық кешке жүреді. Білім алу барысында маужырап отырмас үшін күндіз шаршамауға тырыс, уақытың болса жарты сағат ұйықтап алған дұрыс. Тамақтан кейін 10-15 минут серуендеп, миды тынықтырған да әсерін береді. Ал тағы бір адамдар ҰБТ үшін таңды пайдалануға тырысады. Екеуін де байқа, өзіңе қайсысы тиімді? Бұл әрине үйде дайындалуға арналған кеңестер. ҰБТ-ға дейін қалған уақытты (апта, ай, жыл) 3 бөлікке бөл. Мысалы, өзіңде бар 15 күнді бес-бестен бөл. Алғашқы 5 күні барлық материалды «3» деген бағаға меңгердің. Екінші 5 күнде ең нашар білетін тақырыптарыңды жақсылап меңгеріп алдың. Ал соңғы 5 күннің ішінде біліміңді тест көмегімен тексер. ҰБТ кезінде есте сақтау қабілеті жақсаратын мезгілді де ескергенің жөн. Таңертеңгі сағат 8-12 арасында адамның материалдарды меңгеру мүмкіндіктері артады. Бұдан кейінгі жақсы мезгіл – сағат кешкі бес пен жетінің арасы. Бәрібір оқыған сабақтарың есте қалмайтындықтан, сағат түскі бір мен үштің арасында дайындалмаған абзал.  Дайындықты әрдайым өзің нашар білетін сабақты оқудан баста. Дайындық пен демалысты кезектестіріп отыр: 40 минут дайындық, 10 минут үзіліс. Демалыс кезінде белсенді қозғалуға тырыс. Үйдегі гүлдерге су құй, жаттығу жаса, душқа түс және 1 стақан су немесе көк шәй ішіп ал. Сусын мидың жұмысын жақсартады. ҰБТ-ның алдында ең қиын сұрақтарды тағы да бір рет қайталап шығу үшін 1 күн қалдыр.

Оқулықпен жұмыс. ҰБТ-да келетін сұрақтың барлығы сенің 11 жыл бойы оқыған оқулықтарыңның негізінде жасалады. Алыстағы айға қол созбастан, өткен кітаптарыңды жатпай-тұрмай қайтала. Әсіресе, тарих, әдебиет, қазақ тілі, биология, география сынды пәндердің сұрақтарының жауаптарын осы кітаптардан тауып ала аласың. Бұл үдерісті 10-сыныптың аяғынан, яғни жазғы каникулда бастаған дұрыс деп ойлаймын. Кей адамдар жазу арқылы есте сақтайды. Солардың қатарында болсаң, оқулықтан конспект жаса. Кезінде дұрыс меңгермеген тақырыбыңды бірнеше қайталап оқып, жаттап алу керек немесе пән мұғалімінің көмегіне жүгін. Өз шамаңды тексер. Сұрақ кітапшаларын көп етіп жинауға тырыс. Жоғарыдағы 3 сағат дайындықтан кейін сол пән бойынша ешбір оқулықсыз тест тапсыр. Қолдан белгілеу парақшасын жасап алғаның абзал. Мұғаліміңнің көмегімен тексеріп, қате сұрақтарға арналған арнайы дәптер арнап, түсіріп жүр. Бос уақытың болғанда осы дәптерді жиі оқып тұру керек.

Қатемен жұмыс. Әрбір дайындық тестілеуі немесе өзің тапсырған тесттердегі сұрақтармен қызу жұмыс жаса. Байқадың ба, сен осы сұрақтан бірнеше рет қате жібересің. Яғни жаттап алған жеткіліксіз. Пән мұғалімінің көмегімен осы тақырып төңірегінде арнайы сабақ өтуге тырыс.

Сұрақ қою. Мектептегі дайындық сабақтарын ұтымды пайдаланып қалу керек. Түсініксіз сұрақтарыңды сұраудан ешқашан ұялма. Жауап естігеннің өзінде түсінбесең, қайтадан нақтыла. Сен бұл арқылы өзге сыныптастарыңа да көмектесесің. Үйде болмасаң да, қалтаңда шағын кітапшалар, шпаргалкалар жүрсін. Оларды үнемі қайталаумен бол. Оқу-жазудан жалықсаң, бауырларыңа сұрақ кітапшасын беріп, сұрақ қоюын өтін. Бұл жолғы қателерді де жазып қой.

 

Алмабек ИБРАЙЫМОВ,

«Ұланның» жас тілшісі,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың І курс студенті

«Ұлан» газеті, №20
15 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз