15970362_1219298071494044_1804226687_n

Күні кеше ғана «Алмас қылыш» фильмін тамашаладық. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген тарихи туынды ғой. Айтайын дегенім, фильмдегі кейіпкерлердің киім киісі, ұстаған құралдарына көз тоярлықтай. Əсіресе, қыз-келіншектердің əшекейі неткен керемет! Қазақтардың қандай жағдайда да əні мен сəні жарасым тапқан халық екенін көрсетіпті. Сол ұлттық нақышымызға қайтадан оралып келе жатқанымыз көз сүйсіндіреді. Аруларымызды оюлы күміс əшекеймен жиі байқайтын болдық. Ұлттық тағамдарымыз да дəмханалар мəзіріне ене бастады.

Мұның бəрін сөз етуімізге «Сапалы қазақ» ұйымы ұйымдастырған блогтур себепші. Ұйымды кəсіпкер Ахметбек Нұрсила ағамыз құрған. «Əр қазақ білімді əрі күшті болуы керек. Ол үшін оқу мен жеке ісің, кəсібіңді бастауың керек» деп, жастарды еңбекке, ұлтқа жанашыр болуға үйретіп жүр. Сөйтіп, Ахметбек аға дəстүрлі əнші Ерлан Төлеутай ағамыз бен Алматыдағы 15 шақты журналисті қолөнерші Алмас Мұстафаның шеберханасына бастап барды. Жас журналистерге ұлттық аспаптар мен ыдыстардың қалай жасайтынын көзбен көрсетпек болған ғой. Көрдік. Тамсандық.

 

АҒАШ ПЕН МЕТАЛДЫ «СӨЙЛЕТКЕН» ШЕБЕРЛЕР

 «Дала сазы» шеберханасында 15 қолөнерші еңбек етіп жүр. Зергерлік шеберханада үш жігіт əшекей жасаумен айналысады екен. Бір жылда кемінде екі халықаралық байқауға қатысуды мақсат етіпті жігіттер. Мұндағы шеберлер негізінен Абай атындағы педагогикалық университеттің Көркемсурет факультетінде қолөнер мамандығы бойынша оқыған. Ағаш пен металдың шеберлері.

– Мына қобызды кореялық азамат тапсырыспен жасатып жатыр. Кейбір шетелдіктер өзге елдің ұлттық аспаптарын меңгеруге қызығады. Домбыра, қобызға да қызығушылықпен қарайтындар аз емес. Біз қазір ұлттық аспаптар оркестріне қажетті аспаптардың барлық түрін жасай аламыз. Əлі де ізденіс үстіндеміз. Музыкатанушыларымыздың зерттеуінше, бір ғана қыштан жасалатын ұлттық аспаптарымыздың 20-дан астам түрі бар екен. Ал біз қазір көп түрін білмейміз, ұмытылып барады. Қолымыздан келгенше ұлттық дүниелерімізді жаңғыртып, қолдана білуіміз қажет. Мысалы, мына домбыраны «тамшы домбыра» деп атайды. Қараңыздаршы, тамшының формасына ұқсайды ғой? Құрманғазы бабаларымыздың домбырасы осындай болған деседі. Ірі қараның сүйегінен де жасаған домбырамыз бар, мінекей, − деп Алмас Мұстафа домбыраның түрлерімен таныстырды.

15942401_1219297941494057_1931897870_n

– Иə, рас айтасың, қазір көптеген аспаптарымыздың түрлері ұмытылып барады. «Алмас қылышты» түсіру барысында дабыл табу қиынға соқты, масқара! – деді Ерлан Төлеутай ағамыз.

– Біз дабылды да, дауылпазды да жасаймыз, аға, − деп жауап берді шеберлер.

Қымбатқа бағаланатын аспаптардың қандай материалдан жасалынатынын, оның қайдан əкелінетінін сұрастырдық. Мысалы, домбыраның ішегін арнайы Түркиядан əкеледі екен. Эбен ағашынан жасалған аспап тіпті қымбатқа түседі. Оны сонау Зимбабведен бөлшектеп қана əкелетін көрінеді. Темірдей қатты ағаштың текше метрінің өзі 100 мың еуроға бағаланады екен. Скрипка негізінен осы эбеннен жасалады дейді. Кəсіби мамандарға арналған аспаптардың сапасына қарай қымбаттай беретіні осыдан екен.

Зергерлік бұйымдар жасайтын бөлмеде ерекше əшекейлерге қызығып та, ойланып та қарадық. Мəселен, арба сүйреген қос өркешті түйесі бар асыл тасты сақинаны көріп, бірден мəнісін сұрадық. Ондай сақинаны бір əулеттің көшін алға сүйреген ару аналарға тарту жасайтын болған екен. Сақина бетіндегі өрнек тастағы петроглифтен алыныпты. «Қос өркешті түйе де – қазақтың бір бренді», − дейді Алмас шебер. Себебі, оның Отаны –  біздің Қазақстан.

 

ҰЛТТЫҚ ДӘМХАНАЛАР ФАСТ-ФУДТАРДАН КӨБІРЕК БОЛСА…

 Айта берсек, бұл шеберханада айтылған əңгіме бір газетке арқау болмақ. Шебер бауырларға сəттілік тілеп, ары қарай «Қуырдақтың көкесі» мейрамханасына бет алдық. Ұлттық тағамдар ұсынатын бұл мейрамхана ашылған кезде біз де тілектестік білдіргенбіз («Еркебұлан «Қуырдақтың көкесін əр қаладан ашпақшы», №7, 16 ақпан, 2016 жыл). Дəмхананың алғашқы иесі Еркебұлан Мəкенов есімді студент жігіт еді. Біраз айдан бері өзге жастар жалғастыра бастады. «Қуырдақтың көкесіне» бұған дейін де бірнеше рет жолымыз түскен еді. Осы ұлттық мейрамхананың ашылуына негізгі ой тастап, жүзеге асырған Ахметбек Нұрсила ағамыздың өзі. Ол қонақтарға ұлттық тағамдарға қатысты біраз жайды əңгімеледі.

15970807_1219297988160719_1654338634_n

– Бал қымызды асқа дейін бір жарым сағат бұрын ішкен дұрыс. Ал хан қымызды ас үстінде ішеді, − дейді ағамыз. Ал қымыздың сапасы мен түрлері, жасалу жолы – жеке жазылар мəселе. Бұл күні қонақтар Ерлан Төлеутай ағамыздың əнін тыңдап, түйе қуырдақ, жылқы қуырдақ, жоңқа қуырдақ, сиыр қуырдақтың дəмін татты.

Дəмхананың қазіргі иесі – Құмар Жұмахан. Құмар бұған дейін көлікке арналған ұлттық нақыштағы жабдықтар жасаумен танылған еді. Негізгі мамандығы – филолог. Қытайдан атажұртқа отбасымен 2004 жылы қоныс аударыпты. Құмардан ұлттық асхана ашудың қиындығы, аспаздардың жетіспеушілігі, сапалы етті таңдау мəселесін сұрастырдық.

15941696_1219298031494048_1745522928_n

– Өзім төрт маусымда түйелі көшті көріп өскен бала болғасын, ұлттық нақышқа жақынмын. Ұлттық дүниелерімізді насихаттап, содан табыс та тауып жүрмін. Ал ұлттық асхана ашудың мəселесі өте көп. Ұмытылып кеткен тағам түрлері қаншама. Оны жасайтын аспаз жоқтың қасы. Абай ауылынан Айжан есімді апайымыз кеңес беруге келіп, ақыры біздің негізгі ұлттық тағамдарымызды əзірлейтін аспазымыз болып қалған жайы бар. Ұлттық асхана ашудың кəсіпкерлер үшін біраз қиындығы бар. Біріншіден, ұлттық тағамдар түгелдей зерттеліп, жасалу жолы жүйеленбеген. Екіншіден, ұлттық асханада спирттік ішімдіктер болмайды. Фаст-фуд өнімдері де – бізге үлкен бəсеке. Сосын қазіргідей қимыл-қозғалыс азайған кезеңде құнарлы тағамдарды қорыту да қиын. Дегенмен, сең қозғалды, іс басталды. Сапасыз, денсаулыққа зиян тағамдардың орнын дəруменге бай, құнарлы тағамдарымыз бірте-бірте басуы тиіс.

15935956_1219298018160716_867510159_n

Ал, қымыздың сапасына келсек, қазір ненің не екенін айыру қиынға түсті. Қала ішінен таза қымыз табу оңай емес. Алматыға елдің əр түкпірінің қазағы жиылған. Талғам мен қалау да əртүрлі. Мен өзім ащы, дөнен мен бесті қымызды сүйсініп ішемін. Жуас қымыз бен ысталған қымыз аузыма татымайды. Меркіде ысталған қымызды жақсы даярлайды, сол жердің халқы да сол қымызды көбірек тұтынады, мысалы. Өзім жылқы бағып өскен үйдің баласы болғандықтан, қымыздың түрлерін жақсы айыра аламын. Қазір бірнеше қымыз жеткізушімен жұмыс жасап жатырмыз. Əр қонағымыздың көңілін табуға тырысамыз. Ұлттықтағамдарды ұсынатын дəмханалардың көбейгенін қалаймын, − дейді Құмар.

 

Қарлығаш ДОСАНОВА

 «Ұлан», №1

3 қаңтар, 2016

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз