Өміршырақ
«…ҰЙЫҚТАЙТЫН  БАР  НЕ СИҚЫҢ?!»
ХІХ ғасыр қазақ халқының рухани тарихында «алтын ғасыр» аталады. «Алтын ғасырдың» өн бойында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин секілді ғұламалар, Біржан сал, Ақан сері, Сегіз сері, Жаяу Мұса, Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Тәттімбет, Қазанғап сынды күйші-әншілер дүниеге келді. Келер ғасырдың басы да Алаш арыстарымен әйгілі. Тұтас буынның төлбасы – ірі ғалым-тілші, түркітанушы, әдебиет зерттеушісі, ақын, дарынды аудармашы, саяси қайраткер Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді. Торғай жерінің тумасы. Ыбырай мектебінің түлегі. Ұлт жанашыры.
Ахаң саналы ғұмырында қазақ қоғамында үш мәселенің – саяси билік, оқу-ағарту және жер мәселесінің шешілмегенін айтып өтті. Оның түп негізін ел арасында оқу-ағарту жүйесінің болмауымен түсіндірді. «Олжалы жерден үлестен қағылғанымыз, жоралы жерден жолдан қағылғанымыз – бәрі надандықтың кесапаты» деп түйді. Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін тек қана білім, ғылым, өнер деп таныды. Туған халқын оқуға, өнерге, білім алуға шақырды.
Жақында Астанада Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» еңбегінің 100 жылдығы атап өтілді. Айтулы ғалымдар, мәжіліс депутаттары мен ұстаздар бас қосқан жиында мемлекеттілігіміздің басты белгісі – ана тіліміздің болашағы сөз болды. Президент атап өткендей, 2017 жылға қарай қазақ тілін білетін қазақстандықтардың саны – 80 пайызға, үш жылдан соң 95 пайызға жету межеленген. Алдағы 10 жылда мектеп түлектерінің барлығы таза қазақша сөйлеуі керек. Сонда ғана ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының арманы орындалады.
«Тіл-құрал» – үш бөлімнен тұратын үш шағын кітап. Еңбек тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың бастауы. Қазіргі қазақ тілі ғылымының іргетасы. Баспадан жарық көргеніне былтыр 100 жыл толған Ахмет аталарыңның «Маса», «Қырық мысал» жинақтары – тамаша рухани дүниелер.
– Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?! – дейді.

Келесі өлеңінде:
– Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жол сілтедім жақын емес, алысқа.
«Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, –
дедім, – сен де қатарыңнан қалыспа! – дейді.
Ахмет шығармаларын оқи отырып, ойға қаласың. «…Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін…» деп жазады. Тағы бір жолдардан: «…Тән көмілер, көмілмес еткен ісің…», – дейді. Ахаң 1930 жылдардағы сұрқия саясаттан құрбан болды.

ҚАДЫР АТА  ҚАЙЫРЫМДАРЫ
Тек жақсылық жасау болса ұраны,
Адам деген – мүмкіндіктің  құралы.
***
Көрмегеннен гөрі,
Көре алмаған жаман.
***
Дарынды адамның жүрегі –
құдірет,
Тірегі – еңбек.
***
Біреуді кішірейткеннен өзің өспейсің.
***
Көпті көрген кемеңгерлер
Көзге жиі түскенді ұната
бермейді.
***
Ұядан ұш!
Қиядан табыл!
***
Өзін жеңе алмаған
өзгені де жеңе алмайды.
***
Есі бар адам ғана есін жоғалтады,
Есі жоқ адам несін жоғалтады?!
***
Ақылды адам үндемей қалардың алдында да көп ойланады.
***
Шеңберден шықпа,
Діттеген жерден шық!
Әйтпесе, күтпеген жерден шық!

АҚШ-ТЫ МОЙЫНДАТҚАН ҚАЗАҚ
Естеріңде болса, балалар, төл газеттеріңде қазақ атын жат жерде асқақтатып жүрген аға-апаларың жайлы талай жазылған. Математигі, химигі бар. «Нобель» сыйлығын иеленген тұңғыш ғалым Достай Раманқұловтың есімі де таныс. Австриядағы әйгілі МАГАТЭ ұйымының  белді қызметкері. Атомды әскери мақсатта пайдалануға үзілді-кесілді тойтарыс берген бір топ ғалымның бірі.
Терең білімі мен ғылыми табысы арқылы ел мерейін үстем еткен тағы бір қандасымыз – Дос Сарбасов. Бүгінде АҚШ-тың Техас штатында қызмет етеді. 1970 жылы Алматыда дүниеге келген. С.Асфендияров атындағы Қазақ Мемлекеттік медицина университетін тамамдаған. Қазақстандық ғалым адам жасушасындағы ақуыз көмегімен оның ғұмырын ұзартудың жаңа әдістер жүйесін ұсынады. Техас Медициналық орталығының айтулы ғалымдарын таң қалдырады.
Арканзас университетінің Медициналық ғылымдар жөніндегі профессоры Роберт Шмуклер Рэйс: «Америкаға алғаш тәжірибе алмасу үшін келген Дос Сарбасовтың білімге ынтасы бірден байқалды. Керемет ізденімпаз. Бізге қояр сауалы да көп. Кеңестерімді тәжірибе жасау арқылы тексереді. Ой бөліседі. Ұдайы пікір алысуы, тәжірибе бөлісуі орталық қызметкерлері түгілі менің де қызығушылығымды оятты», – дейді.
Жақында Дос ағаларың Еуразия Ұлттық университетіне, Қазақ Ұлттық университетіне келіп, студенттерге лекция оқыды. «Астана» телеарнасынан берген сұхбатында:
– Ауызекі тілде ағылшынша сайрағаныммен, ана тілімді де ұмытпауға тырысамын. Үш балама қазақы тәрбие беру үнемі назарымда. Түбі атамекенге оралу ойымда бар, – деген тілекпен мұхиттың арғы жағалауына қайтадан сапар шекті.
Ізденген Алма ҮМБЕТТЕГІ

(«Ұлан», №15. 17.04.2012)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз